Құрманғазы мен Пушкиннің сүйісі театр қойылымына өзек болады
2014 ж. 09 қыркүйек
2131
0
АРТиШОК театры "Құрманғазы-Пушкин. КОНТЕКСТЕН ТЫС" атты арнайы жоба ұсынады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Қойылым қыркүйектің 26-сына жоспарланған.
"Біз деректі театр жанрында көп жұмыс істейміз, АРТиШОК қоғамда болып жатқан оқиғаларды елеусіз қалдырмайды. Біз бұл тақырыпты (Құрманғазы мен Пушкиннің сүйісіп тұрғаны бейнеленген атышулы постер) алмай қоймадық, өйткені ол өнер мен шығармашылыққа тікелей қатысты. Біз ешқандай ой білдірмейміз, біз бар болғаны музыка мен поэзияны тыңдағымыз келеді", - дейді актриса әрі театр менеджері Анастасия Тарасова.
Театр қойылымға марокколық музыкант, пианист Джавад Айдауиді шақырған. Ол Құрманғазының күйлерін фортепианода ойнайтын болады. Айдауидың келіншегі - алматылық, олар Қазақстанда тұрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, пианист ұрмалы аспаптарда ойнайтын қазақстандық BugaraBu тобының альбомын жазуға қатысқан. Былтыр ол АРТиШОК сахнасында концерт берді.
Еске салайық, тамыздың соңында жарнама агенттігінің гей-клубқа арнап жасаған принті төңірегінде дау туған еді. Жарнамашылар постерде Құрманғазы мен Пушкиннің сүйісіп тұрғанын бейнеледі. Агенттік қызметкерлерінің айтуынша, принт Red Jolbors Fest орталықазиялық жарнама фестивалі үшін ғана жасалған. Бірақ Құрманғазының ұрпағы - белгілі PR-маман Нұркен Халықберген мұндай жауапқа қанағаттанбады, ол бір топ азаматпен бірге сотқа шағымданды. Атышулы постер авторлары полицияға шақырылғанымен, кейін босатылды. Жұртшылық наразылығынан соң жарнама агенттігінің қызметкерлері бұл "креатив" үшін кешірім сұрады. kaz.tengrinews.kz