Қалпына келтірілген «Алтын ханшайым» Ұлттық мұражайға табыс етілді

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Алтын ханшайым» атты көрме ашылды. Қала күні мейрамының құрметіне орайластырылған бұл көрмеде 2012 жылы Теректі ауданындағы Тақсай қорғанынан табылған ежелгі сармат ақсүйек әйелдің қалпына келтірілген бейнесі аса бай әшекей бұйымдарымен және тарихи маңызы өте зор тұрмыстық бұйымдарымен бірге қойылған, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі Жайық Пресс ақпарат орталығына сілтеме жасап.

Көрменің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов, облыстық тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыдықов, ардагерлер, қала жұртшылығы қатысты.

«Тақсай обасы 2012 жылы жазда табылды, БҚО тарих және археология орталығы археологтары оба-кешенді үш ай бойы қолмен қазып зерттеді. Нәтижесінде біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларға тиесілі ақсүйек сармат әйелінің тоналмаған қабірін таптық. Обадан табылған артефакттардың, әсіресе соғыс көрінісі бейнеленген тарақтың дүниежізілік тарих ғылымы үшін маңызы үлкен», – дейді орталықтың қызметкері, Тақсай кешенін зерттеген археологиялық топ жетекшісі Яна Лұқпанова.

«Алтын ханшайым» экспозициясын жасаған, обадан табылған заттарды, сармат әйелінің киім-кешегін қалпына келтірген – белгілі реставратор Қырым Алтынбеков. Ол Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адам» бейнесін қалпына келтірген ғалым ретінде көпке танымал маман. «Алтын ханшайым» көрмесінің екі данасы жасалып, бірі Астана қаласындағы Ұлттық музейге, екіншісі Орал қаласына қойылған. Енді Орал қаласының тұрғындары және қала қонақтары 7-8 мың жылдық тарих қойнауына тартатын осы бір көрмені облыстық музейден тұрақты тамашалай алады.

http://bnews.kz/kk/news/post/226995/