ЖАҚСЫ АДАМДАРДЫ, ЖАҚСЫЛЫҚТЫ КӨП КӨРДІМ
2014 ж. 28 тамыз
6504
1
– Баяғыда студенттік кезде бір жолы жатақхана ала алмай қалып, үш қыз біраз уақыт Горный гигантта пәтер жалдап тұрғанымыз бар. Қожайынымыз орыс әйел еді, барғаннан бастап бізге діни кітаптар беріп, өз дініне тарта бастады. Сабақтан келсек, тамақ істеп қояды, рақмет айтып, бас тартсақ, жатып кеп ренжиді. Сосын қыстың бір аязды күні сабақтан келсек, үшеумізге де мойынға тағатын крест алып келіпті. Онымен қоймай, паспортымызды сұрайды. «Біз мұсылманбыз» деп түсіндіріп жатырмыз. Сосын ол «мен сендерге пәленше рет тамақ істеп бердім, сендер мені алдап жүрдіңдер» деп ашуға мінді. Ақыры киім-кешегімізді де ала алмай, түн ішінде әзер дегенде қашып шығып, вокзалға түнедік. Бірнеше күннен кейін балаларды алып барып заттарымызды әзер алдық. Қарасақ, әлгі діндар апайымыз бірнеше көйлегімізді алып қалыпты. Арада бір жыл өткенде көшеде трамвайға отырғалы жатсақ, біздің киімімізді киіп алған әлгі әйел келе жатыр екен, тұра қаштық. Шындығында, біз емес, ол қашуы керек еді ғой. Сондағы қорыққанымды көрсең... Тіпті неге қорыққанымды да түсінбеймін. Сол кісі маған өте қорқынышты адам боп көрінді. Бір жағынан аядым...
Өмірде неше түрлі жағдайлар болады. Кейде саған қателігіңнің өзі дұрыс боп көрінеді. Жалпы, қандай қателіктің де белгілі бір дәрежеде дұрыс екенін дәлелдеп, ақталуға да болады. Кейде сенің дұрыс деп жүргенің қате, ал қателестім деп ойлаған нәрсең дұрыс болып шығады. Бәрі де салыстырмалы дүние. Кейде тіпті бір қатты қиналған адамға көмектесуге дәрменің жетпесе де өзіңді кінәлі сезінетін кездер болады. Солай ғой? Айналып келгенде, ненің қате, ненің дұрыс екенін бір Алла біледі... Әркім өмірге өзінің терезесінен қарайды. Сондықтан қателесуге әркімнің-ақ қақысы бар.
Адам болғасын қателесеміз. Ол қателігімізді кезінде мойындамай, адасуымыз да мүмкін. Сондықтан өлеңдегі лирикалық кейіпкер деп жатамыз ғой, соның мінсіз, жасанды болмай, сіз бен біз сияқты ет пен сүйектен жаралған адам ретінде сөйлегені дұрыс деп ойлаймын. Өйткені өлеңді құрастыра салу біреулерге оңай боп көрінгенмен, ондағы соғып тұрған жүректің лүпілін қолдан жасау мүмкін емес. Жүрексіз өлең соғып қана өтіп кеткен бір қаңғыбас жел сияқты. Өлеңді әркім әрқалай түсінеді. Ал егер «өмірде болғаныма» риза оқырмандар болса, мен үшін одан артық қандай бақыт бар!
– «Жаза алмай кеткен кезде, бірдеңені жоғалтып алғандай, бір нәрсе жетіспей тұрғандай, қарадай алаңдап жүресің». Жоғалтып алған ойларыңызды табасыз ба, табысасыз ба? Тапқаннан кейін қағазға тізіле қала ма ол ой?
– Жас кезімде ылғи «үзбей жазып жүру керек шығар» деп ойлайтынмын. Сәл ғана қол үзіп қалсам алаңдап, енді қайтып ештеңе жаза алмай қалатын сияқты болатынмын. Кейін заман өзгеріп кетті, жанталасып жұмыс істемесек, жан баға алмайтын болдық. Менің бір жаман әдетім, бір нәрсеге кіріссем, өзгенің бәрін қойып, барымды салатыным бар. Жұмыстан қалсам, бір нәрсені дұрыс істей алмасам, ұят болады дейсің ғой баяғы. Азын-аулақ болса да табыс тауып жүрген соң, «нанымды адал жейін» дейсің. Одан қалды, арасында қосымша жұмыстар істейміз. Ең қызығы, осындай қапылып жатқан кезде тұманда адасып жүрген бір сәуле сияқты болып бір нәрселер келеді. Одан да айырылып қалғың келмейді, ана жұмысты істемесең, тағы қиын. Сөйтіп жүріп айырылып қаласың. Кейде бір жерлерге түртіп қоям, бірақ біраз уақыт өткен соң тура сол күйге қайта түсе алмайсың, сондықтан жалғаспай, әр жерде шашырап қала береді. Кейде үзілген ойдың жалғанатын кезі де болады, бірақ өте сирек.
– «Өмірді қайта басынан бастасам, тағы өстермін». Неге? Есеңіз кеткен жоқ па?
– Жалпы, біз адамды, өмірді жақсы болған соң жақсы көреміз бе? «Жақсы» деген немене, «мінсіз» деген сөз бе сонда? Мінсіз нәрсе бола ма? Болмайды. Меніңше, жақсы адам деп біз айналасына жанашыр, өзімізге тартымды, жанымызға жақын адамды айтамыз. Ондай жақсы адамдарды, жақсылықты көп көрдім. Тіпті тек қана жақсылық көрдім десем де артық болмайтын шығар. Оқу бітірген соң, Жазушылар одағына жұмысқа тұрдым. Қазір арамызда жоқ, аттары аңызға айналған ағалардың көзін көрдім. Әдебиет қорын басқарған марқұм Сәкен (Жүнісов) ағамыз бен Сәбит (Досанов) ағалар «қиналып қаласың» деп, сұрамасам да жылына бірнеше рет қордан көмек бергізетін. Марқұм Оралхан, Қалихан, Сайын ағалар, Шерхан аға мен Төлен аға да көп қамқорлық жасады. «Бір жұтым ауа, қызыл күн» деген алғашқы кітабымды баспасөз бетінде шыққан өлеңдерімді оқып, Сейдахмет аға (Бердіқұлов) «Жалын» баспасында директор боп отырған кезде ешқандай кезексіз шығарып берді. Ең алғаш «Қазақ әдебиетінде» корректор боп жұмыс істеп жүрген кезімде мен кезекші болған күні «Қайта құрудың белестері» деген газет шапкасы «Қайта құрыдық белестері» болып кетіпті. Бәрі «енді құрыдың» деді. Өзім Татаркада пәтер жалдап тұрам. Сосын «масқара болдым, енді өзім барып арыз жазып, жұмыстан шығып кетейін» деп ойладым. Арызымды қолыма алып, қабылдау бөлмесінің жанында кіруге бата алмай тұр едім, Шерхан ағаның өзі шығып қалды. Мені «молодая» деп атайтын. «Қалың қалай, молодая?» деді. Мен «жұмыстан шығайын деп, арыз алып келіп едім» деп міңгірледім. «Неге?» деді. «Қате жібергенім үшін» деймін. «Қате жібермесең, ақын боласың ба?» деді ол. Сонда таңғалып, басымды жерден көтеріп алып, ақырын бетіне қарасам, мейірлене күліп сөйлеп тұр екен. Сосын «арыз дегенді қой, молодая, одан да өлеңіңді жаз, сенен мықты ақын шығады!» деді. Шерхан аға менің өлеңдер топтамамды жылына екі рет шығаратын.
Төлен ағаның да қоластында қызмет істедім. Ол кісі сондай мейірімді, біреу қиналды дегенді естісе, екі есе жаны күйзеліп отыратын. Өмір бойы сөзімен де, ағалық қамқорлығымен де қолдап келе жатыр. Менің қиын кездерде де өмірден түңіліп кетпеуіме үлкен әсер етіп, жарық түсіріп жүретін де осы ағам. Сырбай ағаны, Хамит аға мен Ғафу ағаларды, Сафуан ағамды көріп қалдым. Олардың бір-бірін қалай сыйлайтынын, қалай еркелететінін көрдім. Жазушылар одағында жұмыс істеген кезімде, біреулер ұмытып кетіп, бір жиналысқа Хамит аға мен Ғафу аға шақырылмай қалыпты. Жиын басталар кезде бастығым: «Сен барып сол кісілерді алып кел», – деді. Телефон соғып, «осылай да осылай, маған тапсырылып еді, ұмытып кетіппін» деп кешірім сұрап жатырмын. Алдын ала шақырылмағанына екеуі де қатты өкпелеп қалыпты. Сосын болмаған соң, «сіздер жиналысқа келмесеңіздер, мені жұмыстан шығарып жібереді» деп едім, «ой, айналайын, сені жұмыстан шығартып, қалай тірі жүреміз?» деп екеуінің де келісе кеткені. Алдымен Хамит ағаны алуға бардық. Хамит ағаны көлікке отырғызып алып, Ғафу ағаға тарттық. Жиналыс басталатын уақыт болып қалған, асығыспыз. Бірақ Ғафу ағаның асығатын түрі жоқ. Үйінен шықты да, таяғына сүйеніп, басын шалқайтып, бір қырынан алысқа көз тастап тұрып алды. Сонда Хамит аға: «Құлыным-ау, мен көліктен шықпады деп өкпелеп, еркелеп тұрғаны ғой мынау», – деп көліктен түсіп, «қырыңнан айналайын!» деп (Ғафу аға қырын қарап тұр ғой) құшақтасып көрісіп, көлікке алып келген еді. Ол ағалардың бір-біріне деген сыйластығы да ерекше еді ғой. Осындай адамдардың көзін көрдім. «Пайдасы тиер, түбінде бір керек болар» деп әркімнің көңілін тауып, жақындасуды ойлаған жоқпын. Қанша қиналсам да өзімді аяп, «мен осындай керемет едім, осылай өмір сүріп жатырмын» деп міндетсіп, қайғыдан қан түкірген жоқпын. Себебі мен сияқты адамдар толып жатыр ғой. Менің олардан қандай артықшылығым бар, көп болса, бірдеңе жазатын шығармын... Біреулер жамандық жасаса, ұмытып кетуге тырыстым. Кекшіл емеспін. Өйткені ішіне кек тұнған адамның көзі байланады. Кейде көптен бері кездеспей кеткен бір адамдарды көргенде, соның бұрын маған әйтеуір бір жамандық жасағаны еміс-еміс есіме түседі, нақтылы не екенін ұмытып қалам. Жазғым келген нәрсені жаздым. Ақылым жеткен нәрсені ғана айтам, қолымнан келетін нәрсемен ғана айналысамын. Өкініш жоқ. Сондықтан неге есем кетуге тиіс?
– «Өтірік өлең жазсаң, білініп қалады». Қазақ поэзиясында «өтірік» өлеңдер көп пе? Өзіңізде қаншалықты бар немесе жоқ?
– Өтірік өлең көп. Оны бірден біліп қоямын. Менде де бар, бірақ мен оларды кітапқа қосып, газеттерге жариялатпаймын. Мысалы, кейде сценарий жазған кезде өлең қосу керек болады. Сол кезде сахнадан оқуға лайықтап, белгілі бір тақырыпқа жазып жіберуге тура келеді. Бірақ менің өтірік өлең деп жүргенім – әйтеуір ақын болғасын бірдеңе жазуым керек деп зорлана қиыстырған, жасанды дүниелер. Ол қаншама әдемі сөздермен безендірілгенмен, айтқыштыққа құрылғанмен, жансыз – ар жағы үңірейіп тұрады.
– «Маған өлеңді түсінетін адамдар мөлдіреп қараса, сол жетеді». Мөлдіреп қарайтындар қазір көп пе?
– Өлең оқырмандары қашанда көп болған емес. Қазір де солай. Бірақ олар да әртүрлі. Біреулері шығарманың сыртқы көрінісіне көбірек мән береді, енді бір азғанасы ішіне үңілуге бейіл. Олардың ішінде егде адамдар да, өзіміз қатарлы орта жастағылар, жастар да бар. Мен оларды көп тани бермеймін. Таныған күннің өзінде, аса жақын араласып көрген емеспін.
Мектепте оқып жүргенде бір мұғалімім болды. Өте білімді, парасатты адам. Ол мұғалім маған адам емес сияқты көрінетін. Бірде сабақта отырып терезеге қарап қалсам, әлгі мұғалім әжетханаға кіріп бара жатыр екен. Осыдан кейін мұғалімімнің кәдімгі жер басып жүрген адамдардың бірі ғана екенін түсініп, қатты қайғырдым. Тіпті солай болғаны үшін кінә таққандай, біраз уақыт сабағына да қатыспай қойғаным бар.
Өз басымда да бар, жастау кезімде өзім қатты құрметтейтін бірді-екілі қаламгер аға-апаларды жақыннан көріп, тілдесіп қалғанда, жаңағы мұғалімге қатысты күйді қайта бастан кешкем. Оның бір жаманы, кейін шығармасын оқығанда да, бұрынғыдай сене алмай, қиналып қаласың. Сондықтан қаламгердің шығармасын ғана оқып, әншінің әнін ғана тыңдау керек сияқты.
– Өте оптимист адам екеніңізді айтасыз. «Жақсылық барына сенбесең, өмір сүріп қажеті не?» дейсіз. Бұл ойға жүре бекідіңіз бе? Өмірдің қандай сабағын жадыңыздан шығармайсыз?
– Бұл – қанмен берілетін мінез. Әкем Сейітжан 1898 жылы туған. Мен ол кісінің 65 жасында дүниеге келгем. Өзі көп жылдар партиялық қызметтерде болған адам. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде колхоз басқарған. Кітаптарда соғыс кезіндегі колхоз бастықтары көбінесе жағымсыз болып сипатталады ғой, «ата, соғысқа неге бармадыңыз?» деп ренжитінмін. Кейін оның әйелдерге «қалған масақтарды көрсетпей алып кетіңдер» деп жанашырлық танытқаны үшін халық жауы ретінде ұсталып кетіп, көп қиындық көргенін естігеннен кейін, ондай сұрақтармен мазасын алмайтын болдым. Әкем де, шешем де өте сабырлы болатын. Бізге олардай болу қайда?!. Екеуі де кітапты көп оқитын. Шешем орыс, татар арасында өскен, дүниежүзінің классиктерін түгел білетін, кино көрсе, «мынаның кітабын оқығам, өзгертіп жіберіпті ғой» деп отыратын. Бәрін жас кезінде орысша оқыған. Татардың әндерін керемет айтатын. Әкемнің қолынан да қашан көрсең кітап түспейтін. Сосын біздің үйде бір адам туралы жаман сөз айтылмайтын. Бәрі жақсы, өмір керемет, жаман адам деген болмайды! Тек кемшілігі болуы мүмкін. Кейде көрші әйелдердің бірі келіп, ел болған соң әртүрлі адамдар болады ғой, шешеме тиісіп, бір ауыр сөздер айтып қалатын. Сонда оның үндемегеніне іштей ыза болатынмын, «неге осындай болды екен?» деп. Үлкен ағамның балалары біздің үйде өсті, әкем бізге «бір-біріңді сіз деп сыйлаңдар» дейтін. Бір-екі жас үлкен болса болды «сен» десек, ескерту алатынбыз. «Жаман деп айтпа, «жоқ деп айтпа» дейтін.
Кейде ренжіп, біреулерді жек көріп жүрсем, еңсемді көтере алмай, ауырып қалам. Бірақ әке-шешемнің деңгейіне жете алған жоқпын. Жете алмайтын да шығармын. Айналаңды жек көре салу оңай. Ал жақсы көру үшін үлкен жүрек, бір өзгеше сенім керек сияқты. Аяу керек. Өзіңе де, өзгеге де кешіріммен қарай алу керек. Бұл қиын нәрсе. Өмірдің өзі оңай емес қой. Жамандық, әрине, көп. Ал жақсылықты көру үшін көз керек.
– Неге қуанасыз, неден қорқасыз?
– Қуанатын нәрсе көп қой. Үйде баланың бір ісіне риза болсаң да, бірнеше күн екі аяғың жерге тимей қуанып жүресің. Жақын адамдарыңның өмірінде жақсылық болатынын естісең, ол бір қуаныш. Жұмыста балалар жақсы бір сценарий жазып әкелсе де, бірнеше күн бойы мәз болып жүремін. Кейде бұрыннан білетін бір адамды өзің күтпеген, жақсы бір қырынан танып қалсаң, оған да қуанасың. Тіпті көшедегі бейтаныс адамның бір қылығына риза боп қалсаң да қуанасың. Біреу адамгершілік көрсетіп, біреуге қол ұшын беріпті десе де мәз боламыз. Шындығында, адам болғаннан кейін солай болуы заңды ғой. Бірақ қазір біреу біреуге қарайласа бермейтіндіктен, оны да қуанышқа айналдырып алдық. Жалпы, бақыт деген осындай ұсақ-түйек қуаныштардың жиынтық атауы ғой деймін. Осыдан бірнеше жыл бұрын балам ақша сұрады. 9 мамырдың қарсаңы болатын. «Оны не істейсің?» десем, «сыныптағы балалар ақылдасып, көп гүл алатын болдық. Ертең Панфилов паркіне барып, ардагерлерді құттықтаймыз» дейді. Қалай қуанбайсың? Табыс табуым керек деп, адамшылықтан безіп кететіндерден қорқам. Үлкендерді қойшы, өтірік айтып, әйтіп-бүйтіп күн көруді ғана ойлайтын, ұраншыл, таяз жастардан қорқам. Жас кезінен сондай болса, кейін кім болады? Сосын... судан және күн күркіреп, найзағай ойнағанда қорқам.
– Соңғы 20 жылда ұлтқа жұққан жағымсыз мінез қайсы? Жақсы мінез ше?
– Жалпы, адам қай кезде жиі ауырғыш келеді? Иммунитеті әлсіреген кезде. Түп-тамырынан, дәстүрінен ажырай бастаған халыққа да жаман нәрсе жұққыш келеді. Бірақ оның қай кезде жұққанын тап басып айту мүмкін емес. Бәлкім, бұрыннан бар аурулар шығар, соларды соңғы кезде асқындырып алған болармыз. Енді оны емдеу қиын. Ал жақсы мінез жұқпайды, ол не бар, не жоқ.
– Жұматай Жақыпбаевтың жыр қағанатындағы нояндардың бірісіз. Нояндық роліңіз қандай болды?
– Светқали, қос Бауыржан, Қайрат, Есжан бәріміз ҚазМУ-да оқып жүргенде, поэзия кештері көп болатын. Солардың ішіндегі өлең оқуға, өлең жариялауға келгенде ең ұялшағы, ең жасқаншағы мен болатынмын. Олар мені «Гүлнәш» деп қатты сыйлайтын. Өздері шетінен дарынды, өлеңді қалай оқиды! Олардың қасында менің өлеңім де бір түрлі, не өзім жөндеп оқи да алмаймын. Сондай бір кештерге Есенғали ағамыз, тағы біраз ақындар келіп қатысты. «Аудитория» деген жас ақындар жинағы құрастырылғалы жатыр екен. Жігіттер қоймай өлең оқуға көндірді. Кейін ол өлеңім Есенғали ағама ұнап, жинаққа кірдім. Сонымен тоқтар ма едім, ол кісі «Жалын» журналына сұраттырып алып, тағы жариялады. «Аудитория» шыққан соң бір топ жастар, Жұматай, Жарасқан ағалар сияқты аты белгілі ағаларымыз бар, осы кітапты «жуып», «Алматы» қонақүйінде бас қостық. Жұматай ағаны алғаш сол күні көрдім.
Ол кісі жастардың арасында жүргенді жақсы көретін. Қасында Мейірхан (Ақдәулетов), Әбіш (Қайран) ағаларымыз, Есенқұл (Жақыпбек) бар, ҚазМУ-ға жиі келетін. Солай араласып кеттік. Светқали Нұржанов, Бауыржан Үсенов, Бауыржан Жақыпов, Қайрат Әлімбек, Есжан Айнабеков, Нүсіп, Табыл Досымов бар... ҚазПИ жақтан «дударбас Нұрлан» (Нұрлан Әбдібек) мен Қазыбек (Иса) келеді. Бұрқыратып өлең оқиды бәрі. Бір керемет кездер еді ғой. Аздап ұрттап алып жүретін кездері бар, сау жүретін кездері бар, бірақ бірде- біреуі мені ренжітпейтін. Кейде ақыл үйретіп, мазаларын ала беретін болсам керек, Есжан марқұм маған «аға пионервожатый» деген ат та қойған. Қазір осылардың көбісі жоқ ... Ал енді менің нояндық «қызметіме» келсек, Жұмағаңның қағанатына ноян болу үшін жалғыз шарт – жақсы ақын болу керек болатын. Мені қабылдағанына қарағанда, сол кезде жазып жүрген өлеңдерім ол кісіге ұнаған болуы керек...
– Телевидение саласында көп еңбектендіңіз. Осы саланың бүгі мен шігі өте көп. Қандай үрдісі сізді алаңдатады?
– Оқу бітірген соң, көбінесе Жазушылар одағында, басқа да қоғамдарда, баспаларда жұмыс істедім. Газетте жұмыс істей алмаймын, телевидение мен радио туралы да солай ойлайтынмын. 2000 жылдардың басында Дидахмет ағаның «Алаш» баспасында қызмет істеп жүргем. Өзімнің 30 жылға жуық бірге келе жатқан ең жақын ағаларым Ғалым ағам (Доскен) мен Түкемсал (Тұрсынжан Шапай) телевидениеге келді. Сосын Ғалым аға жұмысқа шақыра бастады. «Сенің қолыңнан келеді» дейді. «Мен өмірі телевидениеде жұмыс істеп көрген жоқпын ғой» деп азар да безер боламын. Ақыры келдім. Ағаларым күн-түн демей жұмыс істейді. Біз де қалыспауға тырысамыз. Ермек, Қасым, Нәзира, Мархабат, Сержандар бар... Алғаш телевидениемен «ауырып» қалған кезім сол кез болды. Сосын біраз нәрсені үйреніп алған соң, қызыға бастадым. Кейін кеттік қой... Бірақ енді қолдан келетін нәрсе болған соң, бала-шағаны асырау керек, қайта келдім.
«Тіл бұзылып бара жатыр» дейміз. Қазіргі жастар кітап оқымайды, әдебиетті білмеген адамнан қандай тіл күтуге болады? Алғаш келгенімде, бір қыз бала сценарий алып келіпті. Жүргізушінің аузына «Шіркін, қуырдақтың көкесі түйенің еті ғой!» деген сөз салып қойыпты. Сосын «дұрыс емес» деп белгілеп қайтарып жіберіп ем, ертеңінде тепсініп жетіпті. «Сонда қалай болуы керек? Қазақтың сөзі сол бұрынғы күйі қатып қалмауы керек, бәрін өзгертіп, жаңартуымыз керек!» дейді. Енді бір басқа ұлттың өкілі «дұп-дұрыс қой, «сапарға сәт» деген сөздің қай жері қате?» деп ренжиді. «Сіздіңше «свидания до» деген дұрыс па? Бұл да тура сол сияқты» деп дәлелдеп, шыр-пыр боламыз. Осылай алысып отырған жайымыз бар. Бірақ қазір алғашқыдай емес, жақсы редакторлар, сценаристер жинақталып қалды.
Қай телеарнаны ашып қалсаң, қатеге тұнып тұрады. Ылғи да бір тепсініп, ашынған жүргізушілер. Егер бір тәуір сөз айта қалса, онысы жалған пафосқа құрылады немесе келсін-келмесін дыбыс қуалап, қайдағыны айтып кетеді. Енді бірінің бастауышы балағына кетіп, баяндауышы басына шығып кеткен. Біздің балалар осы сөздермен тәрбиеленіп жатыр. Ертең олар да «баруымыз керекпіз», «болады ма» деп осылай сөйлейді. Түкемсал «енді бір отыз-қырық жылдан кейін біздің балалар қазақша кітап оқыса, түсінбейтін шығар» деп еді. Шынымен де солай бола ма деп қорқамын. Телевидение деген құр бейне ғана емес, ең алдымен, мағына, сөз. Мағынасыз нәрсені қалай жарқылдатсаң да ғұмыры ұзаққа бармайды. Онымен қоймай, өсіп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесін, талғамын бұзады.
– Ұлыңыздан заманның қандай жаңалығын байқайсыз? Оның өмір сүру жылдамдығына ілесе алып жүрсіз бе?
– Қазіргі балалар мүлде басқа ғой. Компьютер заманының балалары. Олар көп біледі, біз сияқты «осылай десем қалай болар екен?» деп қысылып-қымтырылмайды. Бірақ шамам келгенше ақша дегеннің басты нәрсе емес екенін сіңіріп келем. Бай болсам деп армандамайды, бірақ атаққұмарлау. «Атақты адам болсам» дейді. Жас кезде атаққұмар болған да дұрыс шығар, егер шектен шығып кетпесе. Өзімнің де кезінде «шпион ұстап, батыр деген даңқым шықса» деп талай нәрсені бүлдіргенім бар. Бір сыныптасымның әжесі ауылдан алыстау жерде өзенде теріс қарап жуынып отырса, мен учаскелік милиционерді, ауылсоветті, бәрін «өзенде бір шпион рациямен хабар беріп отыр» деп алып барғам. Сондықтан баламның ондай мінездерін жақсы түсінем.
Ұлым музыкамен айналысады, өлең жазады, бірақ ағылшын тілінде. Оған мақтанып отырған жоқпын, бірақ қазақша оқып, үйде де тек қазақша тәрбие алса да ағылшын тілі жеңіп бара жатқаны рас. Маған тек өз тілін ұмытпаса болды. Өзі биыл физика-математика мектебін бітірді. Биге қатысты, модельдің курсын да оқып тастады, суға жүзуге, тренажерға барады. Бүгінгінің балалары біз сияқты бір нәрсемен айналысып, қарап отырғысы келмейді екен. Қасындағы жолдастарының да көбісі сондай. Кейде мен ақыл айтам, кейде ол маған ақыл үйретеді, сөйтіп, жүріп жатырмыз. Жалпы, мен үлкен адамдардан гөрі балалармен жақсы тіл табысамын.