Суретшілер десанты – Абай ауданында
2014 ж. 18 тамыз
4269
0
(Жолжазба)
2010 жылдан бастап Шығыс Қазақстан өнер мұражайы «Менің Қазақстаным» атты тұрақты көрме-конкурс өткізіп келеді. Сол дәстүр биыл да жалғасын тауып, ұлы Абайдың 170 жылдығы қарсаңында өнер мұражайы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен бірлесе отырып, қылқалам шеберлері арасында «Абайды танып, біл!» атты облыстық байқау өткізуді жоспарлап отыр.
Бұл байқауға әзірлікті облыстың танымал суретшілері қасиетті Абай елімен, киелі жерімен танысуды жөн көріп, Ұлы ақынның туған күні - 10 тамызда Абай ауданына ат басын тіреді. Осында Өскеменнен, Семейден келген және Қарауылдан қосылған он бір суретші бір апта жұмыс істеп, Жидебайдағы қорық-мұражай, Кеңгірбай би мазары, Шыңғыстау-Қарашоқы, Еңлік-Кебек үйтасы, Кіші Орда және Үлкен Орда таулары, Оспан көлі, Әйгерім бұлағы сияқты Абайға қатысты тарихи орындарда болып, алпысқа жуық этюдтер салды.
11- тамыз
Қылқалам шеберлері сапарларын Жидебайдағы Абай - Шәкәрім кесенесіне барып, ұлылар рухына тағзым етіп, оларға құран бағыштаудан бастады. Қорық-мұражайдың жиырма жылдан бергі меңгерушісі Ерғали Икеновтың кешен туралы толық та қызғылықты әңгімесінен кейін қылқалам шеберлері жан-жаққа тарыдай шашырап, өз жұмыстарына кірісті. Олардың жұмыстары - өздері таңдаған әр нүктеден осы кешенді қағаз бетіне бейнелеу болса, менің міндетім – оларды әңгімеге тарту болды.
- Абайдың қайтыс болғанына 100 жыл толған 2004 жылы Семейдегі Абай мұражайы көрме-байқау ұйымдастырды,- дейді педагог суретші, Шәкәрім атындағы Семей университетінің профессоры Ғұмар Макаров, - оған мен Мұхаңның «Қорғансыздың күні» әңгімесіне жасаған бір иллюстрация және «Еңлік-Кебек» кесенесінің суреттерімен қатысып, бірінші орын алған едім. Абай тақырыбы, Абай мұрасы маған жақсы таныс та, жақын. Ал енді суретшілер үшін дәл осындай плэнерлердің берері өте көп. Өйткені оқу, сырттай танысу мен көзбен көрудің екеуі екі басқа. Ал өзімнің байқауға қандай суретпен қатысатыным осы плэнер аяқталғанда белгілі болар, өйткені әлі біраз жерді аралайтын сияқтымыз ғой...
Қазақстан Суретшілер одағының, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, Шәкәрім атындағы Семей университетінің ұстазы Тілеуғазы Жұбанышевтың аталары осы ауданның Көкбай ауылынан екен. Өңірге сыйлы, үлкен молда болған атасы Жұбанышты ел-жұрты ардақтап, Ақмолда деп атапты. Ашаршылық жылдары әке-шешесі Семейге көшіп, сонда тұрақтап қалыпты. Өзі Көкбай ақынның портретін, Көкбай ауылының көріністерін біраз бейнелеген екен, ал тікелей Абай тақырыбына қылқалам сілтеп отырғаны – осы сапар.
Семей педагогика институтының суретшілер ұстаханасына айналған көркемсурет-графика факультетінің түлегі Гүлнар Бекбердинова біраз жылдар Абай қорық-мұражайында қызмет істеп, бұл өңірді көп аралаған екен. «Абай бейнесі – бейнелеу өнерінде» деген тақырыпта ғылыми мақалалар жазған, абайтанушы Төкен Ибрагимовтың кітаптарына, ұлы ақынның туғанына 165 жыл толғанда жарық көрген «Абай» жинағына иллюстрациялар салып, көркемдеген екен.
- Қазақстанның Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің Алматыда отырып салған Абайдың суреттері мен 1947 жылы Шыңғыстауда экспедицияда болғаннан кейін салған Абай бейнелерінде көп айырма бар. Өйткені суретші Абай елін, Абай жерін аралап, елмен әңгімелесіп, ұлы ақынды ішкі жан-дүниесімен сезінген соң салған суреттері әлдеқайда ойлы, қанық, тартымды, шынайы болып шыққан. Ақын шығармаларына көбірек үңіліп, ғұламаның мекеніне сан рет келіп, ол жырлаған жерлерді көрген соң өзім де дүниеге Абайдың көзқарасымен қарай бастағандаймын...
- Байқауға қандай сурет салмақсыз?
- Тереңірек жатқан арғы санамда «Ақынның Жидебайдағы толысқан, ой тоқтатқан кездері жазған лирикаларынан бір дүние шығарсам» деген ой біраздан бері мазалап жүр. Алайда, ол – уақыттың еншісіндегі дүние...
Түске дейін жиделі, жусанды дала теңізінде жүзіп келе жатқан алып кемедей ұлылар кешенін бейнелеген қылқалам шеберлері түстен кейін осындағы Абай мұражайымен танысып,Тобықты руының көсемі - Кеңгірбай би кесенесіне жол тартты. Ол жерде де алдымен Би атаның басына құран оқытып, содан соң тарыдай шашыраған суретшілер Би атаның мазарын әр қырынан бейнелеуге кірісті.
- Осы суретшілердің ішіндегі арнайы сауаты жоқ мен ғана шығармын,- деп жетпісті алқымдап қалған өскемендік қылқалам шебері Анатолий Васильевич Бердюгин әңгімесін әзілмен бастады,- бала кезімнен суретке деген әуестгім болғанымен, оқудың реті келмеді. Менің өмірлік сурет Академиям – классик суретші, өмірден ерте озған Леонид Агейкин болды.Оның шеберханасына жиі барып жүріп, көп үйрендім.Ал мені Абай әлемімен жақынырақ таныстырған екінші бір ұстазым – ақын, суретші, қолданбалы өнердің хас шебері –марқұм Евгений Курдаков. Мен оның өз шығармаларына, ол аударған Абай өлеңдеріне көп иллюстрациялар жасадым. Ұстазым Абай шығармаларының философиялық тереңдігін, зор тәрбиелік мәнін түсіндіргенде Абайдың ұлылығына тәнті болдым. Содан соң ақынның өз өлеңдері арқылы айтпақ болған ойларын дәл бейнелеуге, оның рухынан ұят болмаса екен деп жанымды салдым...
Суреттері кезінде Мәскеудегі бүкілодақтық көрмелерден, кейін республикалық, облыстық көрмелерден орын алып жүрген табиғи талант иесі осы сапар жайлы өзінің ойын да білдірді:
- Өте жақсы ұйымдастырылған, тақырып ауқымды да, аса маңызды.Этюдтер көрмесі алдынала өткізіле берсін, ал енді негізгі көрме-байқауды алдағы жылы, ұлы Абайдың 170 жылдығына өткізген дұрыс. Өйткені, мына этюдтермен әлі көп жұмыс істеу керек...
Плэнер сапарының алғашқы күні жергілікті халықтың әжептәуір демалыс орнына айналған «Оспан көліне» суға түсумен аяқталды. Ия, айтпақшы, көлден қайтар жолда автобусты Ерғали Төлеуғалиұлы тоқтатып, «Сіздер көлге кетті деген соң қуып келіп едім,сәл кешігіп қалдым. Міне, Астанадан немеремді алып, қыз-күйеуім келіп қалды»,- деп, жол бойындағы көгалға дастарханын жасап жіберіп, тіл үйірер тәтті қымызын тосты алдымызға.
Қайран, ауылдың Ерекең сияқты аңқылдаған ақпейіл азаматтары-ай. Суретшілер де таза ауада шөлдерін қандырып, алғыстарын жаудырып жатты.
12 – тамыз
Бүгінгі күнді Құнанбайдың Шыңғыстау сілемінің Текше тауының баурайындағы Қарашоқы қонысынан бастадық. «Қосымызды», бір кезде бәлкім бозбала Абай мен Тоғжан ару қыдырған ну тоғай мен жағасындағы шоқ - шоқ қалың қайыңды «билетіп», сарқырай ағып жатқан Шыңғыс өзенінің бойына тіктік. Суретшілер этюдниктерін арқалап, тағы да жан-жаққа бытырап кетті. Шырмауығы мен шәңгіші мол, сиыр бүлдірген де өседі екен.
- Әсем - ақ жер екен, мен осы өзен бойын салғым келеді,- деп өскемендік суретші Наталья Володькина өзінің этюднигін жасыл көйлектерін малына киіп, ырғала «билеген» бір шоқ ақ балтырлы қайыңдардың түбіне құрды.
- Табиғатты жанымдай жақсы көрем, суретшінің салған кезкелген дүниесіне «жан бітіретін» осы табиғат емес пе. Өзім жақсы салынған суреттен шөптің, өсімдік пен гүлдің хош иісін иіскеп, қолыма ұстағандай әсер аламын. Кешегі сияқты кесенені салғанда ол тақырып-нысаннан еш ауытқу мүмкін емес, ал мына сияқты табиғатта өзіңнің сезімің мен қиялыңа еркіндік беріп қоюға әбден болады. Негізінен гуашьпен жұмыс істегенді ұнатамын. Оны араластырып, өзіңе қажетті бояу түсін жасау оңайырақ...
Наталья Алексеевна Мәскеудің сырттай оқытатын көркемсурет институтында оқыған екен. Бір кездері еңбек еткен орман шаруашылығының ағаштан түрлі кәдесыйлар жасайтын көркемсурет цехы болыпты. Сол жерде қарағай мен қайыңдарды сыртқы қабығымен бірге жұқа етіп тілгізіп, соған Алтай табиғатының әсем суреттерін салуды өзі бастаған екен.Тұтынушылар тарапынан ондай суреттерге деген сұраныс ересен болған еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Кенді Алтайға келген бір сапарында осы Натальяның суреттеріне қызығып, риза болып, бір туындысын қалап алып кетіпті. Ол, әрине, суретші үшін естен кетпес мәртебе болған еді...
-Осы плэнерге келгеніме өте қуаныштымын. Қызым да суретші, алайда осы жолы мұнда келудің сәті маған бұйырды. Дәл осы жұмақтай жерден бір сәтті туындының салынатынын ішкі түйсігім сездіріп тұрғандай,- дейді суретші ару.
Түске таман суретшілердің жанына таяу бір жеңіл машина келіп тоқтады. Оның ішінен шашын тақырлап қырғызған, екі иығына екі кісі мінгендей, батыр тұлғалы бір азамат түсіп, әркімнің жанына жақындап барып,суреттеріне қызыға тамсанып, біраз жүрді. Таныстық, осы Қарашоқының бүгінгі иесі, фермер-кәсіпкер Тілеубай деген азамат екен.
- Кеше ғана осы арада бір жарым ай жатып, Құнанбай туралы кино түсірген Досхан Жолжақсынов ағамыз бастаған киногерлер аттанып еді,- деп олар жайында біраз қызғылықты эпизодтарды әңгімелеп берді.
- Мына жазыққа 150 киіз үй тігіп, Құнанбайдың әкесі Өскенбайға ас берген эпизодты түсірді. Сұмдық!.. Аламан бәйгеде өзгелерінен оқ бойы алда келе жатқан сәйгүлік көмбеге жақын қалғанда «омақаса» құлап, сол жерде мерт болады.Атпен бірге жығылғн шабандоз бала жандәрмен атының жүгенін басынан сыпырып алып, көмбеге өзі жүгіріп жетіп,бас бәйгеге ие болады. Каскадер бала екен, өзінің ролін керемет ойнап шықты.
Қодар мен Қамқаны (ролін қарауылдық өнерпаз ойнаған екен) түйеге таңып жазалаған, казактардың Құнанбайды тас қораға қамап, Семейге алып кететін эпизодтары да осы арада түсіріліпті. Киношылардың алдына малын салып беріп, жігіттерінің астына аттарын мінгізіп, декорацияларына қажетті материалдарын тауып беріп, Тілеубай да болашақ киноға елеулі үлес қосқан екен.
- Өзім Тобықтының Жігітек руынанмын. Атты кісінің арасында жаяу тұрғанда еркін көрінетін Базаралы алыпты «Абай жолынан» оқыдыңыздар ғой, білесіздер. Мен сол Базаралы, Бөжейлердің ұрпағымын. Кеңгірбай бидің немересі Бөжей атамыздың бейіті анау жотаның үстіндегі зиратта,- деп, Тілеубай ініміз аса бір құрметпен сонау жердегі ескі қорымды иегімен нұсқады.
«Ол кездегі батырлар да сендей-ақ болған болар» деген оймен оның қақпақ жауырынды сымбатына сүйсіне тағы бір көз тастадым мен.
Суретшілер тобына осы Қарауылдан қосылған қылқалам шебері, әрі сазгер, әрі ақын – аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Елдар Кәменұлы Оразалының ұлылар тақырыбына арналған біраз графикалық туындылары бар екен. Оның ішінде «Қорғансыздың күні» әңгімесіне салған жұмыс, «Абай» пьесасындағы Айдар мен Ажар бейнесі, Шәкәрім туралы, «Ұлылыққа тағзым» сияқты жұмыстарының біразы - түрлі деңгейдегі басылымдарда жарық көрген еңбектер.
- Кезінде Мұхтар Әуезовтың кеңесі бойынша шығарыла бастаған «Абай ұрпақтары» атты қолжазба журналының шыға бастағанына 75 жыл болды. Оған кезінде біздің әкейдің де, өзімнің де қолым тиген еді.Қазір ол журнал Қарауыл мектеп-лицейінде Айжан Имантаеваның жетекшілігімен шығып келеді,- дейді Елдар Кәменұлы.
13 - тамыз
Бүгінгі бағыт – «ұлға бұғау, қызға тұсау» болған зар заманда билер үкімімен өлімге қиылған қос ғашық Еңлік пен Кебектің паналаған үйтасы.
Облыстың шығысының таулары қалың жыныс, ну орманды болып келетін еді, мына жақтағы таулар – шоқ-шоқ бұталар мен жатаған шөптермен көмкерілген, қолмен қаланғандай жартасы мол, төбесіне дейін тастақ болады екен. Сайын даламен астасып жатқан іркес-тіркес шоғырлы таулардың әр төбесі, әр қойнауы, тіпті әр тасы - тұнып тұрған тарих, қазақтың ұлыларының тарихы.
Міне, Үлкен Орда мен Кіші Орда тауларын жарып өтетін асфальт жолмен зулап келеміз. Бұл өңірдің кәсібі негізінен мал шаруашылығы болғандықтан, тау етектерінде табын-табын қой, сиыр, беткейлерінде – шағын үйірлі жылқылар. Тәкаппар таулар мен шилі даланы шола отырып, баяғы Абай заманына ойша оралғандай сәттер де болып қалады ара-тұра.
Абайлықтардың ұлылар есімін аса қастерлейтіні сезіліп те, көрініп те тұр. Үлкен Орда тауының беткейіне кісі бойы әріптермен «Абай, Шәкәрім, Мұхтар» деп жазылған киелі есімдер жолаушы көңіліне ерекше бір жылылық пен мақтаныш сезімін ұялатып, алыстан көрініп тұр. Шағын ғана Қарауылды бүкіл әлемге танытып отырған да осы ұлылар ғой...
Десек те, Еңлік – Кебек үйтасына келгенде халқының тарихын аяқасты ететіндердің де кездесетінін көріп, көңіліміз пәс тартып қалды. Оның іші-сыртындағы ақ сырмен айпарадай етіп жазылған «Айдана, Гүлдана, Арай, Ұлан, Әмір, Мақта ...» деген жазулары, тағы бір санасыздардың қаптаған қолтаңбалары, салған суреттері тарихи ескерткіштің берекесін ұшырып-ақ тұр...
Бүгінгі ауа райы тым жайлы блған жоқ. Түске дейін төбеден түнерген бұлт қорқытса, түстен кейін Үлкен Орда тауын салуға келгенде ызғырық самал мазаны алды. Дегенмен, суретшілердің біразы автобустың ығында, біразы ішінде отырып, енді бірі жел болса да кенеп, қатырма қағаздарын мықтырақ бекітіп, жотаның үстіне шықты. Қылқалам шеберлерін сонау Өскемен мен Семейден аяқтарын жерге тигізбей алып келіп, аудан ішіндегі күнделікті сапарларына да автобусын желдей естіріп жүрген майталман жүргізуші Қазбек Алмабаев та «қол қусырып отыра бергенше, сендерге шай қойып берейін» деп, ықтау жерге отын жағып, Фаридтың Семейден бері ерінбей сүйреп жүрген көлемді бақырашына шай қайната бастады. Шәкрім атындағы Семей университеті көркемсурет-графика факультетінің оқытушысы Фарид Арғынұлы Хасенов қанша жыл Семейде тұрғанымен Абай ауданына жолы түспеген екен. Енесін еміп тұрған құлынды көрсетіп:
- Ананың бізден бұрын қымызды сіміріп тұрғанын қараңдаршы, - деп, елді күлкіге қарқ қылып, Абай елінің ерекше табиғатына тәнті болып жүрді.
-Мына жақтың табиғаты, әсіресе сортаңды топырағы мен жатаған өсімдіктері біздің Борандікіне ұқсайды екен, - дейді Марқакөл өңірінде туып-өскен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, кескіндеме мен графика шебері Ержан Сабырбекұлы Тұрғанбаев, - Абайдың замандастары көшіп-қонып жүрген осынау асқақ таулардан бір жақсы дүние тудырсам...
Плэнерде кәнігі де кәсіби суретшілердің жанына еріп келген екі бозбала – Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті Ернұр Қасымханов пен суретшілер әулетінен шыққан Есбол Нұрсадықов осы сапарда тәжірибелі қылқалам шеберлерінен көп нәрсеге үйренгендерін айтып, ризалықтарын білдірді.
14 - тамыз
Бүгін түске дейін суретшлер Қарауыл жотасына барып, ауыл маңында жұмыс істеді. Ал осы топты бастап келген Шығыс Қазақстан өнер мұражайының маманы Лариса Ивановна Мартынова мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Қайырғазы Нұрлыбекұлы Дүрмекбай екеуі түстен кейін осы Қарауыл ауылында өткізілетін этюдтер көрмесіне әзірлік жұмыстарымен айналысты.
Сонымен, суретшілердің бір апталық жұмысының нәтижесі ретінде Қарауыл ауылындағы аудандық кітапхана ғимаратында этюдтер көрмесі ашылды. Көрменің ашылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы Төлеубек Аманғазы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Әсет Мырзақасым, Қарауыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Несіпбаев, Абайдың інісі Ысқақтың шөбересі – Төлеген Шағатайұлы сөз сөйлеп, суретшілердің өнеріне, жұмыстарына өздерінің ризалықтарын білдірді.
Аудандық өлкетану мұражайының директоры Малғаждар Жүнісжанов суретшілерді бастап келген облыстық өнер мұражайының қызметкері Лариса Мартыноваға Алғыс хат тапсырды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Қайырғазы Дүрмекбай осы маңызды шараны ұйымдастыруға мұрындық болып отырған Шығыс Қазақстан өнер мұражайына (директоры – Нұржази Қалиева) партия төрағасы, Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтың Алғыс хатын табыс етті.
Аудан жұртшылығының жылы қабылдауларына ризалық білдірген қылқалам шеберлері өздерінің он екі суретін ауданға сыйлап, бұл көрме қыркүйек айына дейін осы Қарауылда қалдырылатынын айтты. Ал облыстық «Абайды танып, біл!» көрме-байқауы ұлы ақынның мерейтойы қарсаңында облыс орталығында, Шығыс Қазақстан өнер мұражайында өткізілмек.
Тобықтай түйін:Абайдың 170 жылдық мерейтойына тым көп уақыт қалған жоқ, ал атқарылса екен деген шаруа көп екен. Ұлы Абайды әлемнің әр жерінен келіп жатқан туристерді қойып, өз халқымызға таныту үшін осы аудан көлеміндегі ескерткіштер кешенді түрде қаралуы тиіс қой. Ең алдымен Жидебайдағы Абай – Шәкәрім кесенесінің кітапхана-жәдігерлерге арналған, төбесінен жауын ағып, ойдым-ойдым тесіліп тұрған төменгі қабатын жөндеу жұмыстарын жеделдетпесе болмайды. Мәдениет министрлігінің «Казреставрация» мекемесінің «ақша бөлінеді» деген уәделерінің қаншаға созылары Аллаға ғана аян. Ал енді келімді-кетімді кісілер үшін деп салынып, аяқталмаған қонақ үй – мейрамхана кешенінің дау дамаймен қаңырап бос тұрғанына неше жылдың жүзі болды. Бос тұрып-ақ тозуға айналған бұл ғимаратты кешеннің бір кәдесіне жаратса жөн-ақ болар еді.
Аудандағы 35 мемлекеттік трихи-мәдени ескерткіштер тізіміне «Еңлік –Кебек» үйтасы енгізілмеген екен, сондықтн да ол - қараусыз. Тізімге енгізілсе, ол үйтас өзі тұрған Архат ауылдық округінің қарамағына беріліп, ондағы бейбастақ жазулар өшіріліп, тыйым салатын ескерту бағандары орнатылып, маңайы мал кірмейтіндей қоршалып қояр ма еді?!..
Оспан көлінің маңындағы суға түсетін жерге аздап құм төгіп, реттеп, жаз маусымында сусын сататындай бір дүңгіршек орнатып қойса, тарихи ескерткіш қана емес, жақсы демалыс орнына да айналар еді. Дәл күре жол бойындағы «Әйгерім бұлағы» да мүмкіндгінше қалпына келтіруді қажет етіп тұр...
Айтмұхамбет Қасымов, журналист,
Шығыс Қазақстан өнер мұражайының қызметкері
Өскемен – Семей – Қарауыл – Өскемен.
Суреттерде: Суретшілер Үлкен Орда тауында (0027); Гүлнар Бекбердинова (0084); Еңлік-Кебек үйтасын салуда (0002); Шыңғыстаудың Қарашоқысына келгенде (0104); Наталья Володькина (0052); Этюдте – Елдар Оразалы (0049); Кеңгірбай би мешітінде (4198);
Суреттер автордікі.