Шәмші Қалдаяқовтың елу жыл бұрын жазылып, жоғалып кеткен тағы бір әні табылды
2014 ж. 15 тамыз
6797
0
Қазақ вальсінің падишасы атанған Шәмші Қалдаяқовтың осыдан елу жылдай бұрын жазылып, жоғалып кеткен тағы бір әні халқымен қайта қауышты.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының Мәдени ауылында 1968 жылы дүниеге келген осы бір әнге арналған фестивальді жергілікті халық ерекше ықыласпен қарсы алды.
Ал Мұхтар Шахановтың айтуынша, Шәмшінің халыққа кең таралмаған әлі талай әні бар. Осыдан 46 жыл бұрын шымкенттік студент Серікжан Сейітжанов Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың сұрауы бойынша облыстық телерадио кешені студиясында әнді таспаға басып, эфирден алғаш орындап шыққан көрінеді.
Осылайша әннің алғаш тұсауы кесіліп, бірнеше жыл қатарынан облыс тыңдармандарына жеткенімен, республикаға таралмай, ұмыт болыпты. Арада жарты ғасырдай уақыт өткенде ән халқымен қайта қауышты.
Шәмшінің осыдан елу жылдай бұрын жазған "Ақсудан шыққан аққулар" әнін сайысқа қатысқан жиырмаға жуық өнерпаз қайталап орындаса да, халық бұл әннен бүгін жалықпады.
Бұл - осы бір әннің халық жүрегінен орын алғандығын көрсетсе керек. Сол кезде Төлеби ауданында колхоз басшысы Әбдіхалық Байдәулетов деген азамат қос саңлақты қазіргі Сарқырама ауылына қонаққа шақырады.
Үй иесінің анасы орыс ұлтынан болса да, Шәмшінің әндерін жақсы көреді екен. Қонақтармен әңгіме арасында ол сазгерге түсінде көрген аққулар туралы айтады. Бұл түс сазгерге де ой салған болса керек.
Өлеңнің авторы Мұхтар Шаханов: "Жалпы, әннің тағдыры да адамның тағдырына ұқсас. Міне, көптеген әндер әлі белгісіз. Шәмші екеуміз жазған біраз әндер әлі де жұртқа белгісіз", - деді ол.
"Ақсудан ұшқан аққулар" әні Мәдени ауылында жазылғанын растау үшін аталмыш елдімекенде арнайы ән байқауы ұйымдастырылды. Сайысқа түскен он тоғыз үміткер бақтарын сынады.