ӘН ПАТШАСЫ ТУРАЛЫ ӘН
2014 ж. 17 шілде
7276
4
Мен сөз еткелі отырған бұл «Түсіме Шәмші кірді» атты әсем ән Алтайдың ар жағынан жетіп отыр. Авторы - Қытай елінде тұрып жатқан қандасымыз, Алтай қалалық мәдениет мекемесінің бастығы, әнші- композитор Жалын Қайсаұлы.
-Шипажайдың тар төсегінде қызуым көтеріліп, дөңбекшіп шыр айналдым, -дейді Жалын. -Өзім ұйқылы-ояу жатырмын. Аспан күркірегендей дауыс шықты, жалт қарасам, көктен нұр төгіліп тұр екен. Мен қуана таңырқап тұрмын. Кенет әлгі төгіліп тұрған сәуле жақындап, анық көріне бастады. Ғажап-ау, жүзінен нұр тамып, сәуле шашып, қазақтың ұлы сазгері Шәмші Қалдаяқов «... Бойында Арыстың,...» деп тәтті, құлаққа жағымды қоңыр дауыспен әуелетіп ән салып тұр. «Өңін анықтап көріп алайыншы» деп үңіле қараймын. «Өң-әлпеті мынадай кісі екен ғой, түсі неткен жылы еды» деп, түр-тұлғасына разы болып, көргеніме қуанып тұрмын. Түс көріп жатқанымды сезіп, оянып кетпесем екен деп өзіме-өзім ұйықтап жатып күбірлеп қоямын. Бірақ, ән бітті де, ұлы композитор Шәмші жылы жүзімен маған қарап: «ЖАСАСЫН, ҚАЗАҚ ӘНІ!!!» деп, ән әулиесі ақырын-ақырын ғайып болды...
Ояна келсем, талай әнімнің жарыққа шығуына арқау болған жарым Жайна есіктен кіріп келеді екен.
- Тез, қалам-қағаз берші?-дедім. Жан дүниемді айтқызбай түсінетін құдай қосқан қосағым, ширақ қимылдап, сұрағанымды қолыма ұстатты. Сонымен, ең алдымен әннің мәтіні жарық көрді, түсімде не көрсем, ән мәтінінде соны жаздым. Төрт-бес күннен кейін шипаханадан шығатын күні нотасын қағаз бетіне түсірдім.
Жалын әсерлі әңгімесін бітірген соң:
- Әнің өте сәтті шығыпты. Осы әніңе қазақстандық әншілердің бірі қолқа салса, берер ме едің?
- Неге бермеске?! Әннің бағын ашатын әнші кезігіп жатса, қуана-қуана келісер едім.
- Қазір бұл әнді кім орындап жүр?
- Ең алғаш сахнаға алып шыққан өзім. Кейін осы Алтайдың «Қыздар» тобы орындап жүр. Ел жақсы қабылдап жатыр. Мен соған қуанамын.
«Ән патшасына арнаған әнің көкке әуелей берсін, Жалын!»- деп, сазгерге сәт-сапар тілеп, қоштастым.
Ерлан КӨБЕНҰЛЫ,
qazaquni.kz
Біз бүгін Жалын Қайсаұлының осы «Түсіме Шәмші кірді» атты әсем әнін өзінің келісімі бойынша нотасымен жариялап отырмыз.
ТҮСІМЕ ШӘМШІ КІРДІ Сөзі мен әні: Жалын Қайсаұлы Отырар қаласында, Арыстың жағасында, Ән пірі ән салып жүр, Ақ бұлттар арасында. Қайырма Ән асып алты қырды, Тербетті халқымызды. Келбеті алтын нұрлы, Түсіме Шәмші кірді . «Кешікпей келем деп ең», «Сыр сұлу» елеңдеген. «Қайықта» әнін салып, Жол тарттың кемеңменен. Түс екен бір ғажайып, Уақыт тұр ма азайып... «Жасасын қазақ әні!», Дедің де болдың ғайып.