ЖҰЛДЫЗ БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ...

Біз бүгіннен бастап белгілі мәдениеттанушы,  журналист Бердалы Оспанның өнердегі жұлдыздар өмірінен жазылған "Жұлдыз болғың келсе..." атты көп жылғы  зерттеуін жариялай бастаймыз.  1987 жылы «МУЗЕЙ» атты топ құрып, жеті жылдан соң Англиядағы «БИТЛЗ» тобының әндерін орындаушылардың Бүкілдүниежүзілік фестиваліне КСРО-дан  тұңғыш рет қатысқан Бердалының бұл терең зерттеуінде еліміздің ән  дүлдүлдерімен қатар, әлемнің өнер жұлдыздарының да тарихы түгел қамтылып, талданады. Яғни, өнер көгінде  жұлдыз болып, жарқырасам  дегендерге жақсы бағдаршам болады деп үміттенеміз.

 

       АЛҒЫСӨЗ

Жиырмасыншы ғасырда әлемді аузына қаратқан әнші Элвис Преслидің танымал болғаны соншалык, ол ән шырқаған сахнаның шаңын сатып алушылар да табылған. 

       Адамзат тарихындағы ең әйгілі адамдар елбасылар не саясаткерлер, яки дүниелері асып-тасыған байлар емес, білмейтіні жоқ ғалымдар да емес, бүкіл дүниені жаулап алуды армандаған қолбасшылар да емес. Ең атақты адамдар суретші, ақын, жазушылар да емес. Бүкіл әлемге аты шыққандардың ішінде бірінші орында әншілер мен сазгерлер тұр.

    Жұлдыздар. Күләш  Атақты әнші Күләш Жасынқызы Байсейітті халықтың жақсы көргені соншалық, ол гастрольдік сапармен жүргенде әр поезд станциясында өнерсүйер қауым көптеп жиналатын. Алдарына шыққан сүйікті әншісіне қошемет көрсетіп, жақсы тілектерін айтатын. Күміс көмей әнші жұрт алдына шыға-шыға әбден шаршаған кезде, оның орнына Қаукен Кенжетайұлы ағамыз жұбайы әнші Шабал Бейсекқызын Күләшша киіндіріп шығаратын болған. Ол кезде теледидар жоқ, сондықтан атақты әншінің нақты бет-келбетін көрмеген халық басқа әншіні Күләш екен деп тамашалап қарсы алады екен. Бұндай кызық жағдайлар басқа елдердің тарихында да болған. Берлин қаласынын тұрғындары сазгер әрі пианиношы Ференц Лист отырған күйменің аттарын босатып, орнына өздері жегіліп, күймені ұлы сазгерді көруге жиналған қала тұрғындарының арасымен сүйреп өткен. Оны өздерінің пірі санайтын әйелдер сазгердің соңынан қаладан қалаға еріп жүрді. Олардың дарын иесіне табынғаны сонша, қолдарына Ференц Листтің келбеті салынған қолғап киюді әдетке айналдырды. Дәл осындай құрмет атақты скрипкашы Никколо Паганинидің өмірінде де орын алды. Ал жиырмасыншы ғасырда әлемді аузына қаратқан әнші Элвис Преслидің танымал болғаны соншалык, ол ән шырқаған сахнаның шаңын сатып алушылар да табылған. Гиннес рекордтар кітабы әлемнің ең үздік деп таныған «БИТЛЗ» тобының өнеріне тәнті болғандардың шектен шыққан әрекеттері «битломания» деген атқа ие болды. Ал оларға табынушылар Жұлдыздар. пресли«битломандар» деп аталды. Битломандардың «БИТЛЗ» тобының концерттеріндегі айөай-шуынан әншілердің дауысы да, ойнаған аспаптарының дыбысы да естілмейтіндей дәрежеге жеткен. Әншілерге сәл де болса жақындамақ болған табынушыларды тежеу үшін концерт ұйымдастырушылар сахна алдына темір тор орнатып, көп полиция жалдайтын. Ал топ мүшелері кейде стадиондағы сахнаға тікұшақпен конуға мәжбүр болған. Олардың концерттерінде есі шыққан қыздардың талып қалуы жиі орын алды. Топ мүшелері орналасқан қонақүйлерді қоршаған көремендердің көптігі соншалық. олар концерт басталғанша тек өз бөлмелерінде отыратын. «БИТЛЗ» тобының күйтабақтары мен суреттері, олар туралы мақалалар мен кітаптар бүкіл әлемде әлі де көптеп басылуда, ал олардың туған қаласы Ливерпульдегі әуежайға топ жетекшісі Джон Леннонның есімі берілді. Осы топ мүшелері – Джон Леннон, Пол Мак-Картни, Джордж Харрисон мен Ринго Стардың әндері алғаш тыңдағанда маған өте қатты әсер етті. Содан мен де Ливерпульден шыққан төрт жігіт сияқты болғым келді. Бірақ ойымды калай іске асырудың жолын білмедім. Дегенмен 1987 жылы «МУЗЕЙ» атты топ құрып, жеті жылдан соң Англиядағы «БИТЛЗ» тобының әндерін орындаушылардың Бүкілдүниежүзілік фестиваліне қатыстым. КСРО тарихында ешкім қатыспаған, осы бір Бүкілдүниежүзілік өнер мерекесіне біз егемен Қазақстаннан бірінші болып қатыстық. Бұл әрине оңай болған жоқ. Себебі, мақсатыма жету үшін не істеу керек екенін білмейтін едім. Ол кезде елімізде шоу-бизнестің бүгінгідей дамымаған кезі, сондықтан іздене жүріп үйренуге тура келді. Сол кезде туындаған көптеген сұрактарымның жауабы жазылған бір кітап болса ғой деп ойлайтынмын. Бірақ Қазақстанда ондай кітап жазылмаған екен. Сондықтан осы кітабымды жұлдыз болғысы келгендерге көмектескім келгендіктен жаздым.

Мүмкін бұл кітап саған арналған шығар?!

 

1-ТАРАУ

НЕДЕН БАСТАУ КЕРЕК

Қазір Пол Мак-Картнидің ХХ ғасырдың ең танымал деп танылған 1965 жылы шығарған «Yesterday-Күні кеше» аталатын әні тек Америка Құрама Штаттарында ғана жылына 212000 рет радиодан беріледі.

  Барлық адамдар атақты болғысы келеді. Бірақ онысын ашық айта алмайды. Ал сен ән сахнасының жұлдызы болып атағым жер жарсын десең, ең алдымен оны өзіңе дауыстап айт. Ол үшін айнаның алдына барып тұрып өз көзіңе өзің тура қара. Содан соң дауыстап мен жұлдыз болғым келеді деп бірнеше рет қайтала. Егерде сен осылай ете алсаң онда жаңа жұлдыздың жолы басталды деп есептеуіңе болады. Бірақ бір нәрсені есіңе жақсылап сақта. Бұл қиыншылығы мол өте ауыр жол. Және де бұл жолды жүріп өту үшін көп күш керек. Несін жасырайын бұл жолды жүруге көп адам шыдай бермейді. Сондықтан әбден ойланып алғаның дұрыс. Егер өзіңе сенімді болсаң іске кірісуіңе болады. Жұлдыздар. леннонӘрине енді не істеу керек деген сұрақтың туындауы заңды. Болашақ жұлдыз үшін ең бастысы ән айтумен қатар бір немесе бірнеше аспапта ойнай алу. Бүгінгі танымал эстрада музыкасында кеңінен қолданылатын аспап гитара екеніне ешкімнің таласы жоқ. Гитара болғанда да әшейін  гитара емес электрогитара. Менің сөзімнің дұрыс екеніне күмәндансаң теледидардан күніге көрсетіліп жатқан эстрадалық концерттің бірін қарай қой. Ал Қазақстанда өзінің даңққа жету жолын бастаған әрбір болашақ жұлдыз ең кемі домбырада ойнай алса, тіптен жақсы. Домбыраға қоса тағы бірнеше халық аспаптарын меңгерген болсаң онда ойға алған мақсатыңа тезірек жететініңе сенуіңе болады. Саған ең алдымен бір арзан гитара тауып бірнеше қарапайым аккордтарды үйрену керек. Көп жұлдыздар дәл осылай бастаған. Олардың қатарында Эсвис Пресли, Чак Бэрри, Джон Леннон, Джордж Харрисон, Эрик Клэптон, Мик Джаггер, Кейт Ричардс сынды көптеген әлемге танымал жұлдыздар бар. Гитара жайлы «БИТЛЗ» тобының мүшесі, атақты әнші Пол Мак-Картни былай дейді: Гитара-ойнауға қарапайымдылығымен, әрі ыңғайлылығымен маған өте ұнады. Бірнеше аккордты жаттап алсаң болды қалағаныңша ойнай бер, әрі ән салуыңа да болады. Пол Мак-Картнидің айтқанына сен, себебі ол да өзінің өнердегі жолын гитараның үш аккордынан бастаған. Қазір оның ХХ ғасырдың ең танымал деп танылған 1965 жылы шығарған «Yesterday-Күні кеше» аталатын әні тек Америка Құрама Штаттарында ғана жылына 212000 рет радиодан беріледі. Ал енді саған керек гитара аккордтарын кім көрсетеді деген сұраққа келейік. Сенің таныстарыңның арасынан сол бірнеше аккордты көрсете алатын бір адам әрқашан табылады. Егерде ондай адам таныс немесе жора-жолдастарыңның арасынан табылмаса өзің тұратын жердің өзінде саған көмектесе алатындар табылуы әбден мүмкін. Егерде бір үйдің ауласында гитара тартып отырған бейтаныс жасөспірімдерді көрсең қасына барып гитара аккордтарын көрсетуін өтін. Ұялудың еш қажеті жоқ. Тек өтінішіңді қайтарып тастамайтындай етіп айтуға тырыс. Әрі саған сол аккордтарды көрсеткен адамның кім екенін есіңде сақтап күнделігіңе жазып қой. Себебі күні ертең-ақ атағың жер жарып, эстрада жұлдызы болғаныңда рахмет айтарсың, және барлық жұлдыздар болашақта өз өнер жолдары туралы кітап жазады. Сенде өзіңнің өнер жолың туралы кітап жазғанда, саған гитара үйренуде қол үшін берген адамның атын есіңе түсіре алмасаң ыңғайсыз болар. Және сен оның атын есіңнен шығармасаң, өнеріңді бағалаушылар сенің адамгершілік ықыласыңды бағалайды. Күнделіктің тағы бір пайдасы, ол саған кейін кітап жазғаныңда көптеген оқиғаларды есіңе түсіруіңе көмектеседі. Бірақ оны жоғалтып алма. Жоғарыда аты аталған Ференц Листтің күнделігі болғаны тарихтан белгілі, бірақ жоғалып кеткен. Егер ол күнделік жоғалмағанда біз ол туралы көбірек білер едік. Солай емес пе? Гитара үйренуге оралайық. «БИТЛЗ» тобының жетекшісі Джон Леннонға алғашқы гмтараны анасы Джулия Стэнли сатып әперген. 10 фунт тұратын осы бір арзанқол гитараның ішіне жапсырылған қағазда «Жарылған жері жоқ екеніне кепілдік етеміз» деген жазуы бар екен. Джон алғашқы сабақты бір белгісіз жас жігіттен алған. Бірақ өкінішке орай оның атын біз ешқашан біле алмаймыз. Себебі оның есімі Джон Леннонның өзінің де есінде қалмапты. Түк үйрене алмаған Джонға анасы Джулия банджоның бірнеше аккордтарын көрсетеді. Сонда ғана Джонның әрекеті алға басады. Кім білсін ол сол күйінше гитарада банджоның аккордтарын қолданып ойнай берер ме еді... егер Пол атты баламен кездеспегенде. Өзінің Джон Леннонмен алғашқы кездесуін Пол Мак-Картни былай деп еске алады: – Джон гитарада банджоның аккордтарымен ойнайды екен, Жұлдыздар. маккартнишамасы басқа еш нәрсе білмейтін болса керек. Оның жасы он алтыда, ал менің жасым он төртте еді. Мен оған гитараның өзім білетін бірнеше аккордтарын көрсеттім. Ал Полдың гитарада ойнауды қалай үйренгені жөнінде оның інісі Майкл былай дейді: – Пол қолына гитара алған сәттен бастап ол үшін бүкіл дүние керек болмай қалды. Оның өзі де басқалар үшін жоқ болды десек те болады. Оның ойлауға немесе тамақ ішуге де уақыты қалмады. Ол барлық жерде гитара ойнайтын, жуынатын бөлмеде, дәретханада. Барлық жерде. Ал енді дүние жүзіндегі көптеген танымал әндерді шығарған Пол Мак-Картнидің қазір көптеген жылдар өткен соң бір сәтке болса да жуынатын бөлмеде немесе дәретханада гитара ойнап отырғанын көзіңе елестетіп көрші... Бірақ бұл шындық. Осы жерде Пол-Маккартнидің «Yesterday-Күні кеше» аталатын әні тек Америка Құрама Штаттарында ған жылына 212000 рет радиодан берілетінін тағы бір еске алған дұрыс деп ойлаймын. Джон мен Пол есімді жасөспірім балаларға гитарада ойнауды тастап кетпеуіне әсер еткен нендей күш? Оның себебі біреу-ақ, олар әлемге танымал жұлдыз болғысы келді. Әрі солай болатынына сенді. Олар кейін даңқты музыкант болған кездерінде сол бір балғын шақтарында атақты да бай болғылары келгенін армандаған күндерін жиі еске алатын. Сондықтан арманыңа қол жеткізетініңде сенде сен, және қандай қиыншылықтарға кезіксеңде алған бетіңнен қайтпа. Сенің көкейіңде қандай қиыншылықтар болуы мүмкін деген сұрақ тұрған шығар.  Қиыншылықтар түрлі-түрлі болады. Мысалы гитараның ішектері темірден жасалған, ал саусақтардың ұштары жұмсақ әрі нәзік. Сондықтан алғашқы кезде сым ішектерді саусақпен басқан кезде қолдың терісі ауырады. Ауырғанымен қоймай ашыйды, әрі терсі жырылып кетуі әбден мүмкін. Бірақ сен мойыма, бұның бәрі уақытша қиыншылық. Күннен күнге саусақтарыңның ұшы қатайып, ауыратыны да есіңнен шығатын кез де алыс емес, тек сен қолыңды бір сілтеп бәрін тастап кетпеуге тырыс. Әрине, кейбірде сенің әрекеттеріңнен ештеңе шықпайтындай көрінуі де мүмкін. Мұндай жағдайда сені қолдайтын жақын адамдарың. Бір жасөспірім бала гитара үйренуге бел байлайды. Бірақ әбден қиналады. Менің қолымнан ештеңе келмейді деген жасөспірімге «сенің қолыңнан бәрі келеді» деп анасы Луиза қолдап отырған. Сондықтан бала гитараны қолына қайта алады екен. Өсе келе сол бала «БИТЛЗ» тобының музыканты ретінде әлемге танылды. Ол баланың аты Джордж Харрисон. Ал Ливерпуль қаласынан шыққан төрт жігіттің қандай нәтижелерге қол жеткізгенін бүгінде бүкіл әлем біледі. Сондықтан алдыңнан қандай қиыншылықтыр шықса да арманыңнан бас тартпа. Себебі бұл дүниеде арманыңнан бас тартатын ешқандай себеп жоқ.

Өзіңе сен, сонда ойлағаныңның бәріне қол жеткізесің. Тек жедел нәтижелерді күтпе. Асықпа. «Асықпаған арбамен қоянды қуып жетеді» деген қазақ халқының даналық сөзін ұмытпағаның жөн. Ең бастысы тоқтамай мақсатыңа жету үшін қолыңнан келгеннің бәрін жасауға тырыс. «Барлық адамның  арманына қол жеткізуге мүмкіншілігі мол, Тек мен мақсатыма жетемін деп қайталап айта беру керек». Бұл сөзді ХХ ғасырдың ең танымал музыканттарының бірі Джон Леннон айтқан. Ал мен оған сенемін. Сен де сен, сонда бәріне де өзің көз жеткізесің.

 

 бердалы Бердалы ОСПАН

  (жалғасы бар)

  juldizdar.kz