ӘН ӘЛЕМІНДЕ, ЭФИРЛЕРДЕ ТАЛҒАМ ДЕГЕН БАР МА?!.

*Бірайтар

"Бірлік болсын әлемде, аман бол, халқым!"-дегенді жүз рет қайталайтын, одан басқа бір сөзі жоқ бір әнші бар екен КЕНТАЛ деген, СОНЫ КІМ ЭФИРГЕ ЖІБЕРІП ЖҮРГЕН?

кентал халқым

7 шілдеде  теледидарда, “Астана” арнасынан Астанаға арналған “”Ән мен әзіл” деген жап-жақсы концерт беріп жатыр еді… Кеше ғана “Астана жұлдызы” болған дарынды әнші Жұбанышты, “Жігіттерді” көріп қалдым. Әне бір “Бірлік болсын әлемде, аман бол, халқым!”-дегенді жүз рет қайталайтын, одан басқа бір сөзі жоқ бір әнші бар екен ғой, Кентал  деді ме, сол шыққанда амалсыздан арнаны ауыстыруға тура келді… СОНЫ КІМ ЭФИРГЕ ЖІБЕРІП ЖҮРГЕН? Сонда бұл қандай ән? Қандай сөз? Оу, ән әлемінің айналасында жүргендерде талғам деген бар ма, жоқ нөлге түскен бе? Мынадай “әнсымақты”, ал мәтінін айтсаң, ақындар ғана емес, қазақша білетін кез-келген адам инфаркт болатын бұндай “өлең мәтінін” кім эфирге жіберіп жүр? Құдай-ау, мынадай “әнді” тыңдап отыру, “әншінің” бар бітіргені залды шапқылап, көрерменмен ербеңдеп билеуін көріп отыру не деген қорлық еді?!.  Жазығы жоқ, бірақ талғамы бар көрерменді аяп кетесің… Біздің ауылда, шалғайдағы Шардараның қиырдағы Қызылқұмында ғана емес, еліміздің  кез-келген ауылында   бұдан жүз есе әдемі ән жазатын, жүз есе сөз жазатын, жүз есе орындай алатын әншілер толып жатыр. Одан да, соларды шақырайық та? Өнерді қорламайық! Өнерге талантсыз, талғамсыз құр жанкешті өлермендік жүрмейді! Мен барлық жұмысымды жиып қойып, ән мәтіні не екенінен хабары жоқтарға түсіндірме жұмысын жасап көрейін: "Бiрлik болсын әлемде
Бірлік болсын елімізде!
Аман бол халқым! Халқым менің!!!" деген ән мәтініне үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ол жай бір адамның жақсы тілегі. Ән мәтіні кемінде екі-үш шумақтан тұруы тиіс. бір шумақ төрт жолдан тұрады. Ол төрт жолдың үш қатарында (а-а-б-а болып белгіленеді) немесе өлгенде екі қатарында (а-б-в-б) ұйқас деген нәрсе болуы заңдылық. Әйтпесе ол өлең болмайды, кемінде екі дөңгелегі болмаса арбаның жүрмейтіні сияқты. Іргетас (фундамент) болса, үйді түзеуге болады. Ал Кенталда фундамент те, түк те жоқ қой, екі жол тілектен басқа... Ауылдағы болсын, қаладағы болсын, кез-келген адам ондай тілектің он есе жақсысын айтып береді ғой. Ал солардың бәрі тілектерін "ән" деп жариялап қойып, сахнада секіре берсе не болады? Одан соң өлең қаншама ағымға түскенмен, оның өзгермейтін шарты - "ұйқасы" бар болуы тиіс. Сондықтан ол өлең, қарасөз емес. Ұйқассыз тек ақ өлең бар. Ол әнге келмейді. Онда ұйқастың орнына ұйқасқа бағынбай кететін ойлар болуы тиіс... Шамасы, бірінші сыныптың баласына түсіндіргендей түсіндірдім деп үміттенемін. Ән мәтінінен хабары жоқтардың ән мәтіні туралы бірдеңе білетіндей сөйлеуі адамның аяушылығын тудырады, басқа ешнәрсе емес... Ал Кенталдың "атақты" үш жолында (ең болмаса төрт жол да емес) бір де бір ұйқас емге жоқ!!! Яғни, ән мәтіні деген аузына не келсе,соны айта салып, секіріп билей беру емес! Әркім өз орнын, айтар сөзін, араласатын жерін білуі керек. Кентал сияқты базар аралап , той аралап ән айта берсін, екі жыл болыпты ғой... Мен бұған араласпас едім, бұл "ән" елдің эфиріне, киелі сахнаға шығып отыр ғой,!..Сондықтан араласамын, әрі бұл мәселе майда-шүйде деп ойламаймын, мәдениетіміздің мәні - қазақтың әні деп білемін. Сөз ұғатын, өлеңнің мән-мағынасын түйсінетін адам болса, түсінерліктей айттым ғой деп ойлаймын. Бұндай кемшілік, яғни, ән мәтінідегі ұйқастан жұрдайлық жалғыз Кенталда емес, өкінішке орай көптеген әншілерде бар... Соның ішінде атақты, әйгілі әншілерде де кездеседі. Мен Шымкентте облыстың 80 жылдығында болғанымда ҚР халық әртісі Лаки Кесоглуға: "Сіздердің Жеңіс Ысқақова екеуіңіз айтатын дарынды әнші-сазгер, марқұм Ержан Серікбаевтың тамаша әнінің сөзінде бір де бір ұйқас жоқ. Ән мәтіні деген талапқа жауап бере алмайды"-дедім. Ол кісі ыңғайсызданып, "Неге оны маған осы уақытқа дейін ешкім айтқан емес, тіпті Жеңіс те ешнәрсе демеді "-деді. Міне, көрдіңіз бе, атақты, үлкен әнші ыңғайсызданды. Ал біздің кенталдар, ыңғайсызданбайды, ышқынып тұрып, тарта береді секеңдеп... Сейфуллин Жолбарыстың да осындай ән мәтінін өзі жазып, быт-шыт қылатыны талай эфирден де, біздің "Қазақ үні" газетінде де айтылды. Соның әсері болар, кейінгі кезде әнге өлең жазатын "ақындығын" қойып кетті... Бұны мен айтпасам, кім айтады? Жоғарыдағы Лаки Кесоглудың: ""Неге оны маған осы уақытқа дейін ешкім айтқан емес"-дегеніндей, өнердің, өлеңнің бір пұшпағын илеп жүрген соң, білгенімізді, көргенімізді айтып, кемшіліктерден сақтандыру міндетіміз болмаса да, парызымыз ғой. Алтын уақытымызды қиып, бұның бәрін сабақ болсын деп айтып жатырмыз.  Кезінде "Қазақ үні" газетінде, "Жұлдыздар құпиясы" журналында "Мәнсіз мәтін" атты айдарымызда да талай көтергеміз бұл мәселені. Бұл арам шөптей қаулап кетті қазір. Уақытында жұлып отырмағанның кесірі.. Бұл туралы белгілі ақындар Ибрагим Исаев, Исраил Сапарбаевтар да талай жазды. айтты да. Біз сол  "Мәнсіз мәтін" айдарын жоғарыда айтқан  екі редакция мен qazaquni.kz пен  juldizdar.kz сайттарында жалғастырамыз. Яғни, мәнсіз мәтіндерге соғыс жариялаймыз! Қысқасы, эфирдің бәрінде көркемдік кеңес болып, мұндай шалажансар "әнсымақтарды" жібермеу керек!  

Қазыбек ИСА

qazaquni.kz