ОРАЗАНЫҢ САУАБЫ КІМГЕ БҰЙЫРАДЫ?

3F1F4710-776D-4865-9EB1-1BF739377F3E_mw1024_s_n Ораза басталғалы барша жұрттан дамыл кетті. Біреу ауыз бекітіп, тамақтан тыйылса, енді біреу қызмет бабын сылтау етіп, ораза ұстай алмайтынын айтып, ақталады. Алланың ғибадатын орындауға келгенде  қауымның екіге жарылып, шіңілтір шілденің аптап ыстығы ми қайнатып, жанды шырқырататынын желеу еткендер мұсылмандық парыздарынан оп-оңай құтылғандарына мәз. Себебі, олар ораза ұстамай-ақ ауыз бекіткендерді тамақтандырып, мол сауап алатындарына шүбәсіз сенетін сияқты. Олар: «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір жарлының тамағын төлесін» деген аятты басты нысана етеді. Шынымен, ораза ұстамай-ақ осындай мол сауапқа кенелуге бола ма? Біз осы сауал төңірегінде ой қозғап көрген едік. Көкшетаудағы бай адамдардың бірінің ауызашарында отырмыз. Жайылған дастархан мәзірі келген адамды тәнті етті. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Семіз қойдың жамбас майы да ақ шұбарланып, жалпайып жатыр. Жеміс-жидектің неше атасы көздің жауын алады. Күні бойы тамақтан тыйылған адамға осынша майлы асты жеудің өзі қиындық келтіретіндей. Айтайын дегенім, дастархандағы ас мәзірінің жайы да  емес. Барын құдайы қонағына тосқан үй иелерін қалай ғана күстаналай аларсың. Бізді ойландырғаны–ауызашарға жиналған меймандардың басым бөлігі мүлде ораза ұстамайтындар екендігі еді. Үстел басындағы әңгіме ауаны да шариғат жайлы өрби бастап еді, әлгі ораза ұстамайтын жандарды бұл уағыз еш қызықтырмады. Керісінше, олар молдаларды жамандады, мешітке тиісті. Хиджаб киген мұсылман қыздарды қаралап, тырнақ астынан кір іздеді. Тіпті, хиджаб киген бір әйелді: «Денеңе жарылғыш зат жасырып алған шығарсың» деп қоғамдық көлікке мінгізбеген қайдағы бір жүргізушіні құптай сөйлегені шектен шыққандық деп түсіндім. Олармен сөз таластырудың қисынсыз екенін де ұқтық. Аз ақшаға мешітте қызмет істеп, жұртты қалай иманды етсем деген молдаларға рахмет айтудың орнына, осылай жер-жегберіне жетіп, тиісе сөйлеу орынсыз екенін қаперге алмайтыны өкінішті. Ал, хиджаб киіп, басына орамал тартқандарды кінәлағанша, көшеде кіндігін ашып, ашық-тесік жүрген қыздарымызды түзу жолға салуға үн қосса етті. Иә, санасында шаңның тозаңындай иман болса, бұлай арсыздың сөзін сөйлемес еді ғой. Әйтпесе, жаңағы хиджаб оранған әйел адамның да сенім-нанымына ешкім қол сұға алмайтынын білер еді-ау. Одан да сырттан келіп, төрімізге озып, қандастарымызды өз қармауына түсіріп жатқан батыстық жат ағымдардың зардабын айтып, дабыл қақпас па?! Жоқ, аталарымыз айтпақшы, қазақтың жауы қазақ болып тұр. Енді мұсылмандығымызға сызат салып, исламды жау көрген өз ағайындарымыздың мұнысын қалай түсінсек екен. Бұл осы дастарханның басындағы ғана оқиға емес. Қазір қай ауызашарға барсаң да, осындай жағдайлар алдыңнан кезігеді. Ауызашарға қатысушылардың үштен бірі ғана ауызы беріктер, қалғаны әлгіндей ораза ұстауға «шамасы» келмейтіндер. Сонда біз кімнің ауызын аштырып жүрміз? Ауызы беріктердің бе, әлде ауызы ашықтардың ба?! Біз еліктегіш халықпыз. Сосын да болар, ауызашар рәсімін науқаншылдыққа айналдырып барамыз. Баяғы замандарда ата-бабаларымыз ауызы беріктің ауызын ашып, шариғаттың шынайы тағылымын орындайтын. Бүгінде біз ауызашар өткізсек болды, ораза ұстағандардың сауабындай сауап аламыз деп өз жолымыздан өзіміз адасып барамыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-ның бір хадисінде: «Ораза ұстағанды тамақтандырған ораза ұстағанның сауабындай сауап алады» делінеді. Бұл жерде «ораза ұстамайтын адам тамақтандырса» деген ой тумайтын сияқты. Бір риуятта Алла елшісіне бір сахабасы ауыз ашуға тамақ ұсынатыны айтылады. Пайғамбар (с.ғ.с.) оның өзінің де жеуін сұрайды, сонда сахаба оразада екенін айтады. Ал Алланың елшісі: «Расында ораза ұстағанның қолынан біреулер тамақтанып жатқан уақытта оған періштелер игілік тілеп тұрады» деген екен. Меніңше, қазіргі біздің бауырларымыз шариғаттағы ораза ұстай алмайтындардың жағдайын еске алмайтын сияқты көрінеді. Олар науқастарынан айығуға үміті үзілген жандар мен ораза ұстауға шамасы келмейтін қарт адамдар екенін ұмытпасақ керек. Осы адамдар оразаның орнына күніне бір адамды тамақтандырып немесе садақаны ақшалай береді. Жақында Татарстан мүфтиятыәр мұсылман адам 50 рубль фітір садақа және ораза ұстай алмаған адамның бір кісіні тамақтандыруға беретін садақасы 150 рубль болсын деп пәтуә шығарыпты. Бізде фітір садақа 200 теңге көлемінде болса, ораза айы бойы ауыз бекіте алмағандар 500-600 теңге садақа беруге тиіс. Ал әлгіндей ауызашар беріп, бұл сауапты бір-ақ күні аламын дейтіндер ең алдымен шариғаттың басты талабын да назарға алса дейміз. Біздің тағы бір адасып жүрген жеріміз–өлген әруақтың ауызын аштырамыз дейтініміз. Қалай өлген адамды тамақтандыруға болады екен. Өлген адам тамақты қажет ете ме? Тән мен жанның ара-жігін ажыра алмауымыз себепті осылай тірінің, яғни, ораза ұстағанның ауызын аштырамыз деудің орнына өлі әруақты айтып, шариғаттан алыстаймыз. Иә, ауыз аштыру сауабы мол іс. Ең бастысы, ауызашар берген адам өзіне де сауап алады, өзгенің де ризашылығына бөленеді. Ас үстінде Жаратушы иемізге ғибадаттар жасалып, Пайғамбарымызға салауаттар айтылады. Сондықтан ауыз аштырудың да, ораза ұстаудың да тағылымын ұмытпайықшы, ағайын. Бақыт СМАҒҰЛ