ХАФИЗДЕН ЕШБІР КЕМ ЕМЕС

нарымбетов Белгілі жазушы, танымал кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов немен әуестенеді екен?! Иә, ұлт өнеріне талай олжа салып, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Француз Кино өнері академиясы сыйлығының иегері атанған Сәкең жастайынан неге құмартқан; қолтаңбасы айшықты шығармашылық иесінің жүрегін тербейтін не нәрсе деген жәйттер бізді де елегзітті. Кез келген автор туындысында оның өз бейнесі жүретіндігі анық. Әсіресе, «Созақтан шық­қан Гамлет» немесе «Жас аккор­деоншының өмірбаяны» аталатын фильмдерінде байқа­латынындай, бала Сатыбалды өте бірбеткей болған секілді. Бірдеңеге құмартса, соған қол жеткізбей қоймағанын Сәкең өзі де айтады: – Бозбала кезде қытайдың «Қоңыз» деп аталған қол фонарына қатты қызыққаным есімде. Өте қат дүниенің бірі. Қоярда-қоймай жүріп соны таптым. Уысқа сыйып кететін ыңғайлы нәрсе. Серіппелі тұтқасы бар. Қысқан кезде дауысы дыз-дыз етіп, қуат алып тұрады. Жарығы алысқа ұрады. Жейденің жағасын көтеріп алып, көзге түрткісіз қараңғы түнді қақ жарып келе жатқанда, ой бір, рахат еді-ау! Әрине, ойшыл, ізденімпаз жеткіншектің қаршадайдан-ақ кітапқұмар болғаны түсінікті. Оның үстіне Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев сынды тұлғалардың қасында ұзақ жүрген дарынды жастың осынау рухани ағаларынан үйренгені көп сияқты. – Үйлеріне барғанда, сықаған кітап өз алдына, ылғи Бах, Бетховен, Моцарт, Скарлет, Корелли, Мольер, Григ, Чайковскийдің күйтабақтарын көремін. Еліктеу деген де бір қызық нәрсе ғой, кейін әлгі көкелерімше мен де сонау әлем классиктерінің біраз пассион, кантата, ораторияларын алып тыңдап жүрдім. Расында да, сиқырлы дүние көрінеді. Кәдуілгідей елтуші едім... куйтабак Сөйтіп, студент Сатыбалды стипендия қолға тиген сайын бір кітап және бір күйтабақ алуды алдына мақсат етіп қояды. – Әйткенмен, кейінірек күйтабақ жинау біртіндеп доғарылды. Себебі, Мәскеуден оқу бітіріп келген соң алты-жеті жылдай пәтерден-пәтерге көшіп, көп сандалған екенбіз. Үй алғаннан кейін санап көрсем, тура жиырма үш баспана ауыстырыппыз ғой. Әуежай жақтан бастап – анау Боралдай, мына жағы Ұзынағашқа шығатын жол жаққа шейін... Талай қиырды шарлаппыз. Сонда күйтабақтарым да көшкен сайын сынып, майысып бітіпті... Мұны да түсінуге болады. Заман оза келе күйтабақтың да күні өткені мәлім. Бірақ Сәкеңнің кітапқа деген көзқарасы да өзгергені аздап таңырқатқаны рас. – Жинаған кітап саны үш жарым мыңнан асты-ау. Бірақ бертінде бұларды да таратуға кірістім. Келген қонақтар қалап жатады, дос-жаран қызығады. Содан, өзіме айрықша жақын бес-алты автордың дүниелерінен басқасын қиналмай-ақ үлестіруді ұйғардым. Мұным, әлбетте, кітап жинау мүлде тиылды деген сөз емес. Тәуір шығармаларды әлі де алып тұрамын... Сонда Сәкең бос уақытта не істейді? – Қол қалт етсе, Чжан Имоу, Ким Ки Дук сияқты шеберлердің жаңа дүниелерін көруге тырысамын. Ресейдің де ең таңдаулы деген туындыларын алып көремін. Шәкірттеріме де соларды ұсынамын. Мұның бәрі, енді, кәсіби тұрғыда керекті нәрселер. Сонау Мольер жұмыс істеп отырып, күн сайын елу шәшкедей кофе ішеді екен. Агата Кристи үйіне шірік алмаларды үйіп қойып отырып жазған. Осыдан рахаттаныпты. Сәкеңнің де шылым түтінін шиырып, түндерде жазатынынан хабардар едік. – Қазір ол жұмыс кестесі өзгерді ғой. Жалқаулық басатын кезеңдер болады. Әлдеқашан бастап қойған бірнеше прозалық кітапты әлі аяқтай алмай жүрген жайым бар. Жазбауға сылтау іздеген сәттерде жолдастарымды шақырып алып, палау немесе долма, домлама пісіруге кірісемін...(Мұны айтқанда, Сатыбалды Нарымбетовтің атақты Георгий Данелияның шәкірті екені еске түседі. Көз алдымызға «Мимино» кинофильмінің көріністері келеді. «Татра» жүк көлігінің ішінде келе жатқан Вахтанг Кикабидзе мен Фрунзик Мкртчян кейіпкерлерінің диалогі ойға оралады). Соңырақ аңғардық, әдетте, көптеген шығармашылық адамдары секілді Сәкеңнің де шабытын шақыратын көрікті де, ақылды қыздар сияқты. – Иә, арулармен сырласуды ұнатамын. Әдемі қарындас­тарымды жақсы көремін. Олармен әңгімелесудің өзі бір ғанибет қой. Өлең жазғың келеді. Кітап арнап, кино түсіруге ниеттенесің... Бұл, әрине, айтуға ғана жеңіл. Жаныңды тербеген әрбір сұлу үшін бір-бір шығарма туғызу екінің бірінің қолынан келе қоятын ерлік емес. Ал біздің Сәкең, мәселен, «Омпа» кинофильмін француздың Натали Гровен деген қызын көрген соң түсіріпті. Олай болса, қазақтың осы режиссері «Бір меңіңе Бұқара мен Самарқанды берер ем» деп жырлайтын әйгілі Хафиз шайырдан еш кем емес-ау. Құлтөлеу МҰҚАШ