Абылайдың ордасынан қазақ мектебіне қарыс сүйем жер бұйырмағаны ма?!

кокшетау Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асса да, жанымызды жегідей жеген қазақ тілінің мәселесі түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Әлі де өзгенің қабағына қарап, соның ыңғайына қарай жығылушылық пиғылдан толық арылып кете алмай жүрміз. Әкімдіктерде өтетін жиналыстардың дені «Сәлеметсіздер ме?» деп бас­талып, «Сау болыңыздармен» аяқталатыны еш жасырын емес. Осыдан бірсыдырғы уақыт бұрын Қазақстан Респуб­ликасы Парламентінен бір топ депутаттар жергілікті жерге мемлекет шаруасымен келіп, алқалы жиын өткізді.  Басынан аяғына дейін ресми тілде шүлдірлеп, алма-кезек сөйлеген депутаттардың біреуі ғана өзге ұлттың өкілі еді. Ал, әлгілердің әңгімелерін тыңдап отырғандардың ортасында қазақтан басқа бір ұлттың өкілі болса ғой. Жоқ, тоқсан тоғыз пайыз өз қаракөздеріміз екенін де ескерген халық қалаулылары болмады. «Айтылмаса сөздің атасы өледі» дейді дана халқымыз. Елордадан келген ағайындарға өз өкпемізді айтпай қала алмадық. Сонда бұл сынды аса ауыр қабылдаған депутаттың бірі: «Бұл мемлекеттік саясат, өзге ұлт өкілдерін де сыйлауымыз керек. Сендер, журналистер «бүйректен сирақ шығарғанды» қашан қоясыңдар, осы» деді. Өзге ұлттың бір өкілін құрметтеймін деп, өзіңді-өзің өзектен тебуге бола ма екен?! Әлде Елбасы қазақ қазақпен ресми тілде сөйлессін деп пе еді. Орыс тілінде көсіліп сөйлеп, қазақ тіліне келгенде тосылған депутаттардың өзі осылай қам-қаракет жасаса, басқаға не жорық. Қазір қай жерге барсаң да, алдыңнан осындай көрініс­тер шығады. Оны айтасыз, қазақ­стандықтарды мем­лекеттік тілге үйретуді мектеп жасынан бастаймыз деп жатқанда, білім жүйесінде де қазақ тіліне деген салғырттық басым екенін көреміз. Қазақ мектептерінің саны артып, есесіне орысша оқытатын білім ордалары азайып келе жатқанын айтып жиі даурығамыз. Бірақ ең іргелі облыс орталықтарының бірі – Көкшетау қаласында таза қазақ тілінде оқытатын екі-ақ мектеп бар екенін біреу білер, біреу білмес. Демек, қаладағы қалған мектептер не орыс, не аралас білім ошақтары деген сөз. Бәлкім, білім бөліміндегілер қазақша оқитындар саны артып келеді деп те уәж айтуы мүмкін. Солай-ақ болсын дейік, бірақ неге қазақ балалары осы күнге дейін, яғни, азаттық алғанымызға ширек ғасыр өтсе де, жаңағы екі қазақ мектебіне қаланың түпкір-түпкірінен шаршап, шалдығып келіп оқуы керек. Бұған бір ата-ананың жағдайы келер, қаланың басқа жағындағы мектепке баласын сүйреп апаруға қауқары жоқтар да бар ғой. Осыдан кейін біз қалай ғана қазақ тілінің өрісі кеңіп, өресі биіктеп келе жатыр деп айта аламыз. Әлде бұл баяғы кеңестік солақай саясаттың ошағы кетсе де, оты сөнбеген, өзгені емес-ау, өз қазағымызды өзектен итерген бір көрінісі ме екен?! Әрине, шенді-шекпенділер қарапайым халықтың өз балаларын әлгіндей қиындықпен оқытып жүргенін білмейді емес, біледі. Бірақ, басшысымақтар өз балалары қоғамдық көліктің не екенін білмегесін, басқаның басындағы тауқыметті қайтып түсінсін. Ақмола облысы әкімінің сайтына қаламен іргелес шағын аудан тұрғындары шағымданып, жолаушылардың көптігінен бұл ауданның аялдамаларына таңертеңгі мезгілде автобустардың тоқтамайтындығын айтқан еді.Тіпті, жаңағы өздерінің тұратын жерлерінен шалғайдағы қазақ мектептерінің төменгі сыныптарында оқитын балаларына қиын болып тұр. Қыстың аяз суығында осындай қиындықпен білім алу­дың өзі оңай емес қой. Қазақ бай­ғұс­тың тағдырына жазғаны осы ма әлде. Бұл сауалға әкімдіктегілер өз адамдарын арнайы жіберіп, тексерттіріп, әлгі ауданда ешқан­дай жол проблемасының орын алғаны қисынға келмейді деп құтыл­ған сияқты. Мұның сыл­тауға сынық екенін білсе де, тұрғын­дар «бұларға дауа болмас» деп билік­тегілерге сөздерін өткізе алмай әуреге түсті. Бұл Көкшетау қаласындағы қазақ тіліне қатысты жалғыз мәселе емес. Ал осындағы тарихын тереңнен алатын қазақ педагогика колледжінің тағдыры да осыған ұқсас. Ол қаладан екі-үш шақырым сырттау орналасқан. Мұнда негізінен білім алатындар да ауылдан келген өзіміздің қаракөздер. Аядай жатақханасы аздық еткендіктен, студенттердің негізгі бөлігі қалада пәтер жалдап, тұрып оқиды. Қазақ колледжін қалаға көшіру жайлы мәселе талай рет көтерілді. Бірақ шешімін әлі күнге дейін табар емес. Бәлкім, бұл оқу орны да «қазақ байғұсқа солда жарайды» дейтін пиғылдың бір кереғар көрінісі ме екен?! Көкшетаудағы жапа шеккен қазақ білім ордаларының жанайқайы осымен бітсе ғой. Осы жақында Бурабайдың баурайына салынар жаңа қазақ мектебіне Щучинск қаласының қақ төрінен орын бұйырмай, қаладан оң­түстікке қарай бір жарым шақы­рым жерден орын бергенін естідік. Ірі курортты аймақтың бас қаласында да жалғыз қазақ мектебі бар екен. Бұл білім ошағында бүгінде 900-ге тарта бала оқиды. Ал бұл мектеп 300 орынға лайықталып салынғанын ескерсек, екі ауысымда оқыса да, жүктеме өте жоғары екенін көреміз. Жергілікті әкімдік қазақ тіліне ынта-ықыластың артып отырғанын байқап жаңа мектеп салуға талпынғаны қуантады. Бір өкініштісі, жаңағы басшылардың жаңа қазақ мектебін қаланың сырт жағына салмақшы болып отырғаны дер едік. Мектеп салынатын маңайда тұрғын үйлер жоқ. Тек, оқшаулау жерде бір қабатты отыз-қырық үй көрінеді. Бір жақ қанаты гараждар кооперативі орналасқан. Қаладағы қарбалас өмір мұнда жоқ. Осы жайсыз көріністер кешегі патша заманындағы келімсектерге табиғаттың сұлу төрінен орын ұсынып, ал қазаққа қу медиен даланы нұсқаған сыңаржақ саясатты көз алдыңа келтіреді. Әлде өзгенің қабағына қарайлаған құлдық санадан әлі арылып болмағанымыз ба?! Жаңа мектеп салынатын жер қоршалып, құрылыс та басталып кеткенге ұқсайды. Бурабай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Сәулет Марамов дегенге хабарласқанымызда, бұл жер телімінің өзіне дейін бөлінгенін айтып ат-тонын ала қашты. Қаланы дамытудың бас жоспарына да еніп кеткенін айтады ол. Біздің мектеп салынса, бұл жер кісі танымастай өзгеріп, автобус та жүретінін алға тартып, жылы шығарып салғысы келгенін байқадық. Бас жоспарды енді бұзу мүмкін де емес шығар. Иә, жаңа мектепке жолаушылар көлігін де жүргізер. Бірақ Көкшетау қаласындағыдай қазақ балаларының тағдыр - тауқыметі мұндағы қара­көздердің де пешенесіне бұйы­ратыны жаны­мызды жабырқатты. Сонда қай­мана қазағым деп, болашақ ұрпағы үшін қылышын қолы­нан тастамаған Кенесары бабамыздың тұлпарының тұя­ғының ізі қалған қасиетті жер­ден жаңа мектепке қарыс сүйем орын бұйырмағаны өкінішті-ақ. Бақыт СМАҒҰЛ, Ақмола облысы