Өскеменде жас суретшілер байқауы өз мәресіне жетті
2014 ж. 02 шілде
6899
2
Шығыс Қазақстан өнер мұражайында орыстың ұлы ақынының туғанына 215 жыл толуына арналған «Менің Пушкинім» атты балалар шығармашылығының облыстық көрме-байқауы болып өтті. Дәл осы тақырыппен Шығыс Қазақстанның жас дарындарына мұражай өз есігін биыл он бесінші рет айқара ашты.
Байқауға Өскемен, Семей, Риддер, Зырян, Шемонаиха қалаларынан, Аягөз, Көкпекті, Бородулиха, Глубокое, Ұлан аудандарынан 7-18 жас аралығындағы авторлардан 300-ден аса жұмыс ұсынылды. Олар – кескіндеме, графика, алуан түрлі техникалар – майлы бояу, гуашь, акварель, тушь, қаламұш, балауыз борлар, пастель, батик, инсталляциялар сәндік-қолданбалы өнердің алуан түрлері. Бүкілхалықтық ақын атанған А.С.Пушкиннің поэтикалық аса жоғары сападағы нәзік те, көркем туындылары жас суретшілерге шабыт беріп, олар көрме – байқауға ақынның поэзиясы мен прозаларының желісі бойынша – портреттер, сюжеттік композициялар, пейзаждар және иллюстрациялар жасаған. Көрме – балалардың тек компьютермен ғана әуестенбей, кітап оқып, қарындаш-қылқаламмен жұмыс істей білетіндікгерінің, қиялдай алатындықтарының, Пушкин шығармаларын терең түсініп-түйсінетіндерінің, оның ертегілері мен өлеңдері балалардың есінде екендігінің куәсі. Қуантатын жайт – алыс аудандарда да студиялар мен үйірмелердің жұмыс істеп жатуы, онда балалардың бейнелеу өнерінен кәсіби білім алулары.
Бұл жұмыстарды қарастыра отырып, Пушкин шығармаларының балалар арасында ең көп тарағаны «Руслан мен Людмила» поэмасына жазылған «Лукоморья» кіріспесі 1 орында екенін көруге болады. Ондағы кейіпкерлер оқымысты мысық пен су перісіне арнап жеке көрме ұйымдастыруға болушы еді. Пушкин шығармаларына сурет салу оңай да, қиын да. Бір жағынан ақынның шеберлігі сол – өлең шумақтарындағы алғашқы екі-үш жолды оқығаннан-ақ ондағы бейнені, оның мінез-құлқын көз алдыңа елестетуге болады, ал қиындығы – көптеген алдыңғы буын кәсіби суретшілер Пушкин шығармаларына иллюстрациялар салған және бұлар кеңінен тараған, жас суретшілерді оларға еліктеп, дайын образдан қайтсе де бір нәрсесін қабылдап көшірмелеп алуға, өз суретіңде еркінен тыс пайдаланып кетуге итермелейді. Кез келген байқауда, әрине, пластикада, композициялық құрылымда, негізгі ойды білдіруде – ең бірінші жұмыстың өзіндік сонылығы, ешкімдікіне ұқсамауы бағаланады. Өкінішке орай, техника жағынан алып қарастырғанда тамаша, мүлтіксіз орындалған деуге тұратын көшірмеленген талай жұмыс бағаланбай, иесіне кері қайтарылды.
Ертегі – Пушкиннің сүйікті жанрларының бірі. Ақын ертегілеріндегі қайран қалдыратын ғажап оқиғалар өзіне үлкен-кішіні елітіп әкетеді. Екінші орында балалар арасында аса танымал Пушкиннің ертегілер кейіпкерлерінің бейнелері, оның ішіндегі көшбасында тұрғандары – алтын балық, алтын әтеш, аққу ханшайым.
Балалар көркем мектебінің оқушысы 9 жасар Дмитриев Иванның«Алтын әтеш туралы ертегі» атты қағаз, фломастермен салынған суретінде әтештің сыртқы пішіні сызықпен берілген жазық, көлем деген жоқ болып шыққан. Көлемді қалай жасау керек екенін бала әлі біле қоймаған. Әйтсе де, бірде қалың қою етіп штрихтап, бірде сиретіп, әтешті әрлеп әшекейлеп бейнелеуге тырысқан. Нағыз алтын әтеш болып шыққан. Ал, Өскемен қаласының № 38 мектебінің оқушысы – 9 жастағы Сизова Дарьяның гуашьпен салған суреті ірі монументальді, колористік шешім – жарқын түстер үйлесімді, нәзік қызылдау түстің басымдылығы нағыз ертегідегідей әтеш болып шығуымен ерекшеленеді. Қуаныштысы сол, біздің жас суретші авторлар ертегінің сипаты мен ондағы бейнелердің мінез-құлқын тамаша сезінеді.Аққу ханшайымкөпшілік жұмыстарда лирикалық арнада берілген, көгілдір ақшыл реңдерде, әтеш қарама-қарсы түстер палитрасында – үш негізгі түстермен – сары, қызыл, көкпен берілген.
Ертегісінде Пушкин тамаша сөзбен сипаттаған аққу-ханшайымын балалар суретте беруге тырысып баққан.
Теңізде бір хан қызы бар,
Көз ала алмай, жан қызығар.
Күндіз көркі күннен асқан
Түнде жерге нұрын шашқан.
Бұрымынан ай көрінген,
Маңдайында жұлдыз жанған.
Тоты құсқа сай керілген
Аққу ханшайымды ұлттық тұрғыда орыс халқының ұлттық киімінде: бас киімі (кокошник), бұрымынан ай қөрінген, ою-өрнекті сарафанда, өне бойы әшекейге малынған көз ала алмай жан біткен қызығатын сұлу қыздың бейнесін тамылжыта жасауға тырысқан. Ал енді біреулері – жартылай құс, жартылай адам бейнесінде берген. «Ертегілер – неткен ғажап, әрқайсысы бір-бір поэма!» – деген ақын сөздері ойға еріксіз оралады.
Аягөз ауданы Қызылқия мектебінің оқушысы Жилысов Диасты «Руслан мен Людмила» поэмасындағы жаужүрек Русланның Баспен жекпе–жегі шабыттандырған. Фантастикалық кейіпкер – денесі жоқ алып бас бар екпінімен демін шығарып үрлеп жатыр, ал Руслан болса найзасы қолында дауылға қарсы тайынбай жауына шауып келе жатқанын бейнелеген. Картинадан біз қимыл-қозғалыс динамикасын сезінеміз. Аспанда көшкен бұлттар, дауылдан иілген ағаштар, желмен ұшқан саудыраған сүйектер, айнала үрейлі, түнере алабұртқан. Жас автор нағыз кескіндемеші суретшідей негізгі түстерді пайдаланбайды, оның реңктерін ашық қылып суық түстер жасайды.
«Пушкин – орыс поэзиясының күні» Пушкин қазасынан кейін замандастары айтқан екен мұны. Әдебиетте Пушкиннің игермеген саласы жоқ. «Сараң сері», «Моцарт пен Сальери» драмалары балаларға лайық түсінікті, жатық, шұрайлы тілде жазылған балалар назарынан бұл шығармалар да тыс қалмаған. Пушкин шығармаларын оқып терең ұғып, одан алған әсерін, жеке басының қарым-қатынасын көркемдік қуаттылықпен жеткізе алған.
Өскемен қаласы №19 балалар көркем мектебінің 13 жастағы оқушысы Харламова Мария «Қарға мәткесінің жазасы» (қағаз, түрлі-түсті қарындаштар) атты жұмысында Пушкиннің шығармасы «Пиковая дама» повесінің басты идеясын түсініп, оны суретте өзіндік дарынымен астарлы терең ойды тапқырлықпен тамаша көрініс етіп берген. Повесте үш картаның құпиясы туралы әңгімені естіген басты кейіпкері Германды, оны қалайда біліп алу, тез байып кету ойы басын әбден торлап алады. Күндіз-түні ойын іске асыру құмарлығы билеп, оқиғалар құйыны шыр айналдырып, соның салдарынан бақытсыздыққа ұшырап, есінен адасады. Мария басты кейіпкердің басындағы трагедияны шебер көрсете білген: қара қарға мәткесінің бір жақ бет әлпеті – әжім-әжім сексендегі графиняның беті, ал екінші жағында көзін сығырайта кекесінмен күліп қараған қара мәткенің жүзі берілген. Ал Германн болса, ауға түскендей, қызыл түсті торға шырмалып қарсыласуға дәрмені жоқ күйде бейнеленген. Аласұрған үрейлі көңіл-күйді көреміз суреттен. Түрлі-түсті қарындашты пайдаланып, бірде майда ғып бояп, бірде қарындашты батыра алуан түстер қолданылып және әрқайсысы орынды пайдаланылып образды ашуға көмектеседі, екі түстің қосындысынан әдемі ерекше реңді жасап шығара алған. Бұл жұмыстың ерекшелігі сонда – шығарманың түйінін таба білген, композиция құрастыруда, кейіпкерлер сомдауда автордың өзіндік дарынын, шеберлігін танытады, қазіргі заманның жасөспірім стилистикасын қолданған (Германның сыртқы түрі көрші ауладағы қазіргі заман жастарынан еш айнымайды).
Харламова Мария Пушкиннің юморға толы «Барышня-крестьянка» жарқын шығармасымен де біздерді өзінің суреті арқылы жүздестіреді. Басты кейіпкер – Лизаны, оның шаруа ұста қызы Акулина кейпіне кірген бейнесін де, өзінің бір картинасында екі алуан түрлі образды бір композицияда ұтымды орналастырып, қызықты көрсете білген. Көркем шығарманың аса жарқын беттеріндегідей езу тартқызар кейіпкердің сипаты: әкесінің қараторы қызы Лиза, құлағына дейін ақ опа жағып сүрмеленген; өз шашына қарағанда түсі ашықтау бұйраланған жалған шаштары 14-Людовиктің паригіндей қампайтылған; көйлегінің тар жеңі иық тұсында үрпиген, белінің қатты ғып тартылғаны сонша, икс әрпіндей, сән-салтанаты ебедейсіз. Сөйтіп кездесуге адам танымастай өзгеріп келген кейіпкер байбатша қыздың бейнесін жасаған, қиялы ұшқыр жас суретші қыз тамаша дизайнерлік өнерге бейімін көрсеткен. Түстер гаммасын таңдауда да талғамы жоғары. Композицияның көпшілік бөлімін алып жатқан басты кейіпкеріміздің көйлегінің түсінде қызылдау реңк, көгілдірлеу түске, бір түс екінші түске жайлап ауысады; қосымша,үстінен нәзіктікпен орындалған ою-өрнек берілген. Оның етегінде табиғат аясында жүрген Акулина образын көрсету шешімі – суретші қиялының ұшқырлығы. Қазылар алқасы Харламова Мария қалалықтар арасындағы көрме-байқаудың Бас жүлдесіне әбден лайық деп бірауыздан шешім қабылдады.
Ересек жоғары сынып оқушысы 16 жастағы Нугуманова Амина қағаз, жай қарындаш, балауыз борларды қолданып Пушкиннің «Белкин хикаяттарындағы» «Боран» повесі бойынша мазмұны да көркемдігі тамаша графикалық туынды жасаған. Повестегі оқиға кездейсоқтық екі жас кейіпкердің тағдырын мүлдем басқа арнаға бұрған, оған табиғаттың дүлей күші боран себеп болған сәтті жас автор көрсеткен. Пушкиннің осы шығармасындағы мына бір жолдарды аса бір сезімталдықпен қабылдап суретінде көрсеткен.
«...Владимир деревня шетіне егістікке шығуы мұң екен, қатты жел көтеріліп, қатты боран басталды, тіптен ештеңе көрінбей кетті. Әп-сәтте жолды қар алып қалды; айнала мұнартып жапалақтап жауған қар желмен араласып ұйтқиды, аспан мен жер тұтасып кеткендей. Аттың аяғы қалың қарға батып қозғала алар емес. Тұтас торлап алған қарауытқан аспан қар теңізімен араласып айналадағының барын жұтып алғандай»... Адам табиғат апатының қысымында қалып үрейлі күйін көреміз суреттен. Ұлыған желдің үнін естігендейміз. Қыстың боранды күнінің барлық атмосферасы тамаша берілген.
Пушкиннің 1833 жылы Қазақстанда Орынбор, Орал қаласында болғанын білеміз. Халық шығармашылығын жақсы көретін ақын Пушкин осы бір сапарында жыршы-жыраулардың аузынан естіген қазақ халқының асыл мұрасы «Қозы-Көрпеш пен Баян Сұлу» поэмасына қызығушылық танытып, жолсеріктеріне жазып алуды сұрайды. Пушкиннің қағаздарының арасынан табылған бұл поэма – ақын үшін кез келген елдің мәдениеті ол үшін жат емес, қаншалықты қымбат екенінің куәсіндей. Егер Пушкиннің мезгілсіз қазасы болмаса, бәлкім, осы Қозы Көрпеш пен Баян сұлу сюжеті бойынша тамаша бір поэма орыс тілінде туындар ма еді, кім білсін? Жас суретші Қызырбеков Думан сол бір сәтті, орыс ақынының киіз үйдің ішінде, дастархан басында жырау-ақындармен сұхбат-әңгіме үстінде отырған кезін бейнелейді. Картинада мен мұндалаған әлем-жәлем түстер жоқ, бояулар гаммасы байсалды.
Тарихи тың тақырыпты қозғап, оны картинасына арқау етіп алып, екі елдің рухани байланысын, мәдениетінің бір-бірімен араласып кірігіп жатқанын, терең мазмұнды көрсеткені үшін, Думан да облыстық көрменің Бас жүлдесін олжалады.
Қазақ оқырмандарына бүкіл шетел, дәлірек айтсақ, күллі батыс әдебиетінен ең алғаш таныс болған, Абай аудармаларының арқасында осы Александр Сергеевич Пушкин. Екі алып ақын байланысы туралы айтсақ, біздің ойымызға «Евгений Онегин» романы ойымызға түседі. Абай Татьяна бейнесінен қазақ қыздарына тән мінез-құлық сипатын көреді. Ол Татьяна бейнесіндегі ұяңдық, қиялшылдық, нәзіктік.
Өскемен қаласы «Штрих» студиясының оқушысы Коваль Виктория «Амал жоқ – қайттім білдірмей» аттас жұмысында шынайы ғашық жас қыз Татьяна махаббатын білдіру үшін Онегинге хат жазу үстінде отырған кезін бейнелеген. Жас суретші кейіпкердің қасиеттерін көрсетуге өзінше көркемдік шешімін табуға ұмтылып, толқу ой үстінде отырған, көзіне жас іркілген, жаны нәзік Татьянаны бейнелеген.
Абайдан бергі үлкенді-кішілі қазақ ақындары, аудармашылары өздерінің тырнақалды кіріспесін осы Пушкиннен бастайды. Қазақ тіліне ең әріден, ең көп және толыққа жуық аударылған шетел ақыны да осы Пушкин болып отыр. Күні бүгінге дейін әлі аударылуда. Жарыса, бәсекелесе, әр ұрпақ, әр буын ақындары әлі күнге дейін өзінше аударумен келеді.
Пушкин портретін көптеген замандас суретшілердің салғаны белгілі. Жас суретшілер де қиын да, күрделі міндетті орындауға еш қорғанбай қолға алған батылдықтарын мойындау керек.Абдрахманова Асия, 14 жас«А.С. Пушкин – мәңгілікке»жұмысында Пушкин айналасында оның әдеби кейіпкерлері, ал ағаш бұтақтары ширатылып оратылған қағаз ретінде көрсетілген. Кудрина Александра, 12 жас, ақынның салтанатты портретін балға жиналғандай киімде, Филатова Дарина жас Пушкиннің портретін жасаған. Риддерлік жас суретші Гарифулина Маргарита «Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес» ақын өлеңіне ақ пен қара түсті графикалық жұмысында қоладан құйған мүсіндей, алға нық қадам басып келе жатқан, адамзат жанының жыршысы асқақтаған Пушкинді салған.
Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес,
Ел ізі оған салған суый білмес.
Асқақтап Александр мұнарасынан
Жоғары, оқшау шығып тұр ол дербес.
Ақын жастардың рухани дүниесіне жаңа рухани азық берді, көркемдік сезімдерін оятты, ләззат, шапағат берді.
Ақынның сәуегейлікпен жазған «ардақтап қасиеттер мені әр күнде» деген жыр жолдарын осы көрме тағы бір мәрте мойындатып, әйгілеп тұрғандай. Өйткені осы көрмеде әрбір бала өзінің Пушкинін аша алған...
Шығыс Қазақстан өнер мұражайы, мұражай педагогикасы секторының қызметкері Мырзабаева А.Б.