55 жылдан соң Мәскеуде шыққан жыр антологиясы немесе Әлімбаевтан – Әлібекке дейін...
2014 ж. 02 шілде
3768
1
Қазақ поэзиясының антологиясы орыс тілінде Мәскеуде бұған дейін өткен ғасырдың ортасында, 1958 жылы Мұхтар Әуезов пен Тәкен Әлімқұловтың ұйымдастыруымен шыққан екен. Содан кейін енді, міне, Тәуелсіз Қазақстан кезінде 2013 жылы Мәскеудің «Художественная литература» баспасы «Тәуелсіз Қазақстан: қазіргі заман әдебиетінің антологиясы» аталатын үш томдық кітапты жарыққа шығарды.
30-маусымда Алматыда Ұлттық кітапханада мәдени өміріміздегі мәні зор осы кітаптың тұсаукесері болып өтті. Кітаптың Қазақстан Жазушылар одағы, «Тәржіман» әдеби аудармашылар одағы және Ресей Жазушылар одағының қатысуымен дайындалған басылымның «Домбыра мен бесік» («Домбра и колыбель») деп аталатын алғашқы томы балалар әдебиетіне арналған. Ал «Жусан иісті жұмақ өлке» («Моих степей полынная звезда») атты екініші томға прозашылардың шығармалары енген. Поэзияға арналған «Ғасырларға жол тартқан жақұт жырлар» («Дорог небесных вехи») деп аталатын үшінші томда ақындарының жырлары қамтылады. Ұлттық кітапхана директоры Әлібек Асқаров жүргізіп отырған жиында Мәскеудегі «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхин, белгілі қаламгерлер Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Сұлтан Сартаев, Қайрат Бақбергенов, Бақытжан Қанапиянов, Шөмішбай Сариев, Иран-Ғайып, Маралтай Ыбырайымұлы, т.б. сөз сөйлеп, өз ойларын айтты. Үш томнан тұратын аталмыш жобаның жетекшісі – Қайрат Келімбетов осы тұсаукесерде сөйлеген сөзінде бұл жоба жалғасын табатынын жеткізді. «Ғасырларға жол тартқан жақұт жырлар – Дорог небесных вехи», «Жақұт жырлар – Жемжужная поэзия» деп аталатын жыр антологиясына Мұзафар Әлімбаевтан бастап Әлібек Шегебайға дейінгі ақындар қамтылған. Қадыр Мырза-Әли, Тұманбай Молдағалиев, Марфуға, Фариза, Мұхтар Шаханов, Жарасқан Әбдірашұлы,Темірхан Медетбек, Ибрагим Исаев, Иран-Ғайып, Жәркен Бөдешұлы, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Серік Ақсұңқарұлы, Байбота Қошым-Ноғай, Ғалым Жайлыбай, Қазыбек Иса, Қадірбек Құныпияұлы, Бауыржан Жақып, Жанат Әскербекқызы, Маралтай, Дәурен Берікқажыұлы, Танакөз Толқынқызы сынды сексенге тарта ақынның өлең-жыры бар. Сонымен қатар, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдік, Софы Сматайдан бастап Асқар Алтай, Айгүл Кемелбаеваларға дейінгі қырықтай прозашының повестері мен әңгімелері, сондай-ақ Әдібай Табылды, Сұлтан Қалиұлы сияқты белгілі балалар жазушыларының шығармалары қамтылады. Аталған маңызды жобаға енген шығармаларды іріктеуде, оларды орыс тіліне аударып, көркем әрі сапалы етіп шығаруда қазақстандық танымал түркітанушы ғалым, жазушы Немат Келімбетов атындағы қор зор қолдау көрсеткенін айрықша атау ләзім. Кітаптың құрастырушысы – Райхан Мәженқызы бұл үштомдық Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан және т.б. қалаларындағы кітапханаларға таратылатынын мәлімдеді.
- Несіпбек Айтұлы
- Ғалым Жайлыбай
- Есенғали Раушанов
- Иран-Ғайып
- темірхан медетбек
- Шерхан Мұртаза
- Мұхтар Мағауин
- Бауыржан Жақып
- Төлен Әбдік
- Жәркен Бөдешұлы
- Ибрагим Исаев
- Фариза
- Мұхтар Шаханов
- Қадыр Мырза-Әли
- Байбота Қошым-Ноғай
- Дулат Исабеков
- Маралтай
- Ұлықбек Есдәулет
- Серік Ақсұңқарұлы
- Қазыбек Иса
- Тұманбай Молдағалиев
- Әбдіжәміл Нұрпейісов