ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлықтары берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру,гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау туралы Өкімге қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады. Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру  және Алғысын жариялау туралы   1. Бұқаралық ақпарат құралдарының елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси жаңғыруын ақпараттық қамтамасыз етудегі зор рөлін ескере отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау жөніндегі қоғамдық комиссияның ұсынымын қарай келіп:

Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары берілсін:

Срайыл Смайылға - «Жас қазақ» газетінің бас редакторына отандық журналистиканы және ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қосқан      елеулі үлесі үшін; Лев Юрьевич Тараковқа - «Время» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторына тәуелсіз Қазақстанның ақпараттық кеңістігін дамытуға бағытталған белсенді қызметі үшін;

Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы гранттары тапсырылсын:

 Ярослав Юрьевич Красиенкоға - «КТК» телеарнасының Астанадағы тілшілер бюросының жетекшісіне елдегі экономикалық, әлеуметтік және саяси реформалар барысын белсенді түрде жариялап-көрсеткені үшін; Жайнагүл Ұзақбайқызы Төлемісоваға - «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тілшісіне Қазақстан Республикасы Президентінің қызметі аясында елдің сыртқы және ішкі саясатын ақпараттық тұрғыдан жариялап-көрсеткені үшін;

 Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысы жариялансын:

 «Айғақ» телерадиокомпаниясының шығармашылық ұжымына -  өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қосқан үлесі, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды кеңінен жариялап-көрсеткені үшін; «Қазконтент» акционерлік қоғамының шығармашылық ұжымына - ұлттық контентті қалыптастырып, ілгерілеткені, Интернет желісінің қазақстандық сегментін дамытқаны үшін; «Коре ильбо» газетінің шығармашылық ұжымына - Қазақстан халқының ұлтаралық келісімін, ұлттық бірлігін нығайтуға қосқан үлесі үшін; «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының Қазақстан Республикасындағы ұлттық филиалының шығармашылық ұжымына -  мемлекетаралық бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қосқан үлесі үшін. 2. Осы өкім бұқаралық ақпарат құралдарында жариялансын. Қазақстан Республикасының Президенті                  Н.Назарбаев