Ұлы қайраткерді ұлықтаған сапар

1 С Сейфуллин

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Сәкен мұрасының жанашыры Оралбай Әбдікәрімовтың бастамасымен таяуда С.Сейфуллиннің туғанына 120 жыл толуына орай Арқа өңіріндегі, соның ішінде, Сәкеннің өзі туған жерлері арқылы «С.Сейфуллин жолымен» атты экспедиция ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат ұлтының жоқшысы бола білген Сәкен ақынның туған халқына сіңірген ұлан-ғайыр қайраткерлік жолының бір саласын саралау. Әрі «Тар жол – тайғақ кешу» романындағы осы өңірге қатысты оқиғалардың орнын көріп, роман кейіпкерлерінің бүгінгі үрім-бұтағымен жолығу, оны келер ұрпаққа нәсихаттау еді. Бұл экспедицияға елімізге танымал ғалымдар, сәкентанушылар, Сәкеннің өз ұрпақтары мен кейіпкерлерінің ұрпақтары және Сәкен мұрасының жанашырлары қатысты. Атап айтар болсақ, Астанадағы С.Сейфуллин мұражайының ұйымдастырумен құрылған экспедиция мүшелерінің құрамында Экспедиция жетекшісі – ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Астанадағы Сәкен мұражайының директоры Несіпбек Айтұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Тұрғынбеков, жазушы, сәкентанушы журналист Амантай Кәкен, әнші, Сәкен әндерін насихаттаушы Серік Оспанов және Дауылбай Құсайынов, Әбілхакім Ақмурзин, Сәкеннің немере інісі Сәкен Сейфуллин, Еркін Сүлейменов және БАҚ өкілдері болды. Астанадағы ақын мұражайы­нан аттанған экспедиция, ең алдымен, Арқа өңіріндегі алғаш ашылған мектептердің бірі орналасқан Ахмет ауылына жетті. Жайық Бектұровтың айтуы бойынша 1916-1917 жылдары Сәкен ашқан мектеп орнында бүгінде ескерткіш тақта орнатылып, айналасын қоршап қойған екен. Экспедиция мүшелері гүл шоқтарын қойып, Сәкен атындағы мектеп оқушыларының дайындаған шағын еске алу рәсімін тамашалаған соң, Ахмет ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп мұражайын аралап, көпшілікпен кездесу өтті. Бұл үрдіс бұдан кейінгі жүрген жерлерімізде де жалғасын тауып отырды. Ахмет ауылында Сәкен мұрасы­на жанашыр болып, осы бір ұлы тұлғаның өміріне, шығармашылығына, қайраткер­лігіне өз өмірлерін арнап жүрген азаматтарды көрдік. Арқа даласындағы Сәкенге қатысы бар қай ауылға барсаңыз да қазақтың біртуар ұлына деген ерекше құрметті, айрықша ізетті байқайсың. Ахмет ауылынан кейін ақын атпен жүріп өткен жолдармен ғана жүріп, Киевка, Ақмешіт (Шахан), Жаңарқа, Атасу, Өспен, Қарашілік, Қарағанды қатарлы өңірлерге арнайы тоқталдық. Халықпен кездескен сәттерде Несіпбек Айтұлы, Амантай Кәкен, Серік Тұрғынбекұлы және Оралбай Әбдікәрімов қатарлы ел ағалары сөз сөйлеп, әнші Серік Оспанов Сәкен әндерін орындады. Кездесу соңында ақындар, ғалымдар өз кітаптарын аудандық, ауылдық мәдениет орындарына табыс етті. Соның ішінде, Астанадағы ақын мұражайының құрастыруымен жарық көрген «Сұңқар Сәкен» атты Сәкенге арнаған ақындардың өлең-жырлары мен поэмаларының жинағы және С.Оспанов пен жары Нәзигүл Ібікенқызы бірлесіп шығарған «С.Сейфуллиннің музыкалық мұрасы» атты жақында ғана шыққан кітапты ерекше атауға болады. Осы орайда, Сәкенге қатысты арнайы ат басын бұрған екі өңірді айта кеткен жөн. Оның бірі Киевкаға барған кез-келген Сәкенге қатысы бар адамдардың аудан орталығынан 7-8 шақы­рымдай жердегі Көкмөлдір ауылына ат басын бұрмай кетуі мүмкін емес. Бұл Сәкеннің қайын жұрты, яғни, Гүлбаһрам анамыздың өмірге келген, балдәурен балалығы өткен орын. Бізде Көкмөлдір ауылына баруы көңілде үлкен әсер қалдырды. Енді бірі – қазақ тарихына түскен қара дақ – ҚарЛаг түрмесі. Талайдың тұқымын тұздай құртып, тірлігін үзген бұл жерде Сәкеннің әкесі Сейфолла атылған. 1937 жылы ҚарЛагта әкесінің атылғаны жайлы өзі де абақтыда отырған Сәкен естіген де жоқ еді. Тарих мұңы мен қайғысынан үзіліп түскен бір тамшы қан аралас жас – ҚарЛаг талай қасіреттің куәсі болып үнсіз тұр. Сондай-ақ, жол бойы «Тар жол – тайғақ кешу» романының желісімен Сәкеннің табаны тиген, ерекше атап көрсетіп, тоқталып өткен әрбір жерлерге біз де тоқтап, сол жерлерде болған оқиғаларды ой елегінен өткіздік. Нұра мен Жаңаарқаның ортасындағы Балықтыкөл, Қосқопа (Қосқора), Бает, Құланөтпес, т.б. жерлерде болған оқиғаларды Сәкеннің жазуы бойынша еске түсірдік. Қосқопа – Сәкен өмірінің «тар жол – тайғақ кешуі басталған өңір. Осында ақынды қудалау басталған болатын. Ол жайлы Сәкен өз еңбегінде толықтай жазып кетті. Экспедиция 1906-1909 жылдары Сәкен оқыған мектеп орналасқан Өспен ауылына жол тартты. Өспенде Сәкен мұражайын ара­лап, мектепте ауыл тұрғында­рымен кездесу өткізген экспедиция мүшелері сапар барысынан түйген ойларын ортаға салып, ақындар Сәкенге арналған өлеңдерін оқыды. Осы орайда Сәкен атасына арнап, жалынды жыр оқыған жас ақын Құдайберген Өркеннің өлеңі көпшілікке ерекше әсер етті. Бұл Сәкен салған жолдың үзілмегенін, ақынның жырларымен сусындап өскен ізбасар ұрпақтың ата дәстүрді жалғап келе жатқандығын көрсетті. Өспеннен аттанған автошеру қатысушылары ақынның туған жері, кіндік қаны тамған Қарашілік қыстағының орнына келді. Алдағы уақытта осы жұрттың қалпына келтіріліп, көпшілік көптеп келіп тамашалайтындай орын болғанын келгендердің барлығы айтысып жатты. Дегенмен, бұл тұрғыда да елеулі іс атқарылып жатқанын, осы қыстақты қалпына келтіру мақсатында облыстан қаржы қарастырылғанын ескерте кетті Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Еркебұлан Ағыбаев. Қарашілік қыстағынан кейін Қарағандыға келген экспедиция мүшелерін бұрынғы облыс әкімі арнайы қабылдап, қоғам қайраткері, қазақтың біртуар ұлының 120 жылдық тойына орай облыс көлемінде атқарылатын шаралармен таныстырды. Бауыржан Түйтеұлы өз сөзінде осы игі істің аясында 40-қа жуық әдеби-мәдени шаралар қолға алынғандығын, оның алды наурыз айынан басталып та кеткенін айтты. Осылайша ұлты сүйген ақынын ұрпағы ұлықтау мерекесі басталып кетті. Төрт күнге созылған автошеру өз діттеген мақсатына жетіп, ұлы қайреткерді ұлықтаған ерекше сапар болып аяқталды. Жаубай ЕРЖАН, С. Сейфуллин атындағы мұражайдың ғылыми-ағарту бөлімінің меңгерушісі