Сарбас АҚТАЕВ, ардагер журналист: "ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ЕРТЕҢІ АЛАҢДАТАДЫ"

1 Актаев

– Сарбас аға, журналистер күні келе жатыр. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Әдетте, журналист қауымның «арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп жатамыз. Сіздің ойыңызша, осы сөз қаншалықты қисынды? – Қаламгерлер қауымын жазушы, журналист деп бөлеміз ғой. Жазушылар қиял қамшылап, ойдан оқиға құрастырып, кейіпкер сомдаса, журналистер – дерек пен дәйекке сүйеніп, ізденіп, шынайы өмірдің ақиқатын жазады. Бұлар әрдайым идеология майданының алғы сапында жүреді. Қоғамның саясатын, тұрмыс-тіршілігін бірінші болып билікке жеткізетін де – осы журналистер. Ол дерекпен сөйлейді, әліптен аспайды, сондықтан да, ешқандай ағаттық жібермеуі керек. шындықты шыңғыртып бетіне басқандықтан, публицистер қауымын көбінесе «Сыбайлас жемқорлар мен өзге де қылмыстық әлем «серкелері» онша ұнатпайтыны түсінікті. Осының салдарынан олар кейде сотқа да тартылып, соққыға да жығылып жатады. Айлыққа күн көретін сол журналистерге кейде «миллиондаған айыппұл төлесін» деп жағдайын қиындатады. Демек, «жегені – жантақ, арқалағаны алтын» деген осы емес пе. Ол күндіз-түні ізденумен уақытын өткізеді, ізбасарларын даярлайды. Бірақ қаншама тер төксе де, кейде сол еңбек торыларының аттары да аталмай қалады. Сондай азаматтардың бірі, әрі менің ұстазым Өміржан Оспанов болатын. Ол кісі тірі болса, бүгінде жүзге толар еді. Қазір сол маманның есімі еш аталмайды. Оны жас ұрпақ былай тұрсын, аға буын да әлдеқашан ұмытты. Кейде осындай әділетсіздік көңіл жабырқатады. Өте қиын кездерде облыстық, республикалық газеттерде басшылық қызметтер атқарған ақберен азамат елі. Оның соңынан қазақ еліне еңбегі сіңген қаншама азаматтар өсіп шықты. Алайда, сол Ұстаздың есімін ешкім атағысы жоқ. Жалпы, журналист деген күрделі мамандық. Кезінде, газет ісіне тісі батпағандар біреулердің ғылым жолына түскенін жақсы білеміз. Өйткені, күні-түні жұмыс істеу керек, дерек жинау, дәйек алу дегеннің өзі бір қиямет-қайым. Екінің бірі журналистке қолын ашып бере қоймайды. Журналистика факультетін бітіріп келген жастардың өзі ауыр жұмысқа шыдамай тайқып кетеді. Мысалы үшін, мен журналистика факультетін бітірген жоқпын. Педагогикалық институттың «орыс тілі мен әдебиеті» деген мамандығы бойынша оқыдым. Алайда, әдебиетке жақын болғандығымның арқасында, журналистиканы тез игергендеймін. Мектепті бітіре салып, аудандық газетке жауапты хатшы болып орналасқанмын. Міне, сол жағдай менің журналист болып кетуіме үлкен септігін тигізді. Бүгінде телевизия мен радионың дамыған заманында баспасөздің беделі сәл түсіп қалғандай көрінеді. Алайда, бұл дұрыс емес. Баспасөзге бір шыққан дүние мәңгі қалып қоюы мүмкін. Бүгінде қазақ басылымдарының жағдайы мәз емес. Әсіресе, қазақ басылымдарының тиражы да, оқырманы да аз. Атқамінерлер, шенеуніктер қазақ басылымдарын оқи ма, білмеймін. Көзін бір сүзіп те шықпайтын шығар-ау. Өйткені, көбі орыстілді. Ана тілінен ада. Тіпті, бүгіндері өз тілін білмегенін мақтан тұтатын шенеуніктің көбейгені де жасырын емес. Мені, қазақ басылымдарының ертеңі қалай болар екен деген ой қатты мазалайды. Бұрын газет басшыларын Орталық партия комитетінің бюросы тағайындайтын. Сонымен қатар, Жоғары Кеңестің сессиялары бекітетін. Біз сондай сүзгіден өткенбіз. Ал, қазір кез келген адам газет ашып алады да, өзін редактор санайды. Оның газетін жұрт оқи ма, оқымай ма, оның жазғанына жауап беріле ме, жоқ па, әйтеуір, күнкөрістің қамы сияқты. Міне, осының салдарынан журналист болам, журналистикаға барамын деген жастар азайып барады. Ал, журналистика факультетін бітіріп алып, базарда арба сүйреп жүрген жастар да жоқ емес. Бұрындары журналистерді бір ғана оқу орны – әл-Фараби атындағы Ұлттық университет дайындайтын. Қазір кез келген университет журналистика факультетін ашып алды да, өз бетінше маман даярлап жатыр. Оларға кім дәріс оқиды, кім сабақ береді? Өздері республикалық деңгейдегі білікті маман дайындай ала ма? Міне, осындай күмәнді мәселелер де жоқ емес. Журналистер күні «Түркістан уалаятының газеті» алғаш шыққан күн немесе «Дала уалаяты», «Айқаптың» шыққан күнімен байланысты болуы керек деп ойлаймын. Жоғарыда айтқанымдай, журналистика – қиын мамандық. Ең аз жасайтын мамандық иелері біріншісі – аспаз, екіншісі – журналистер екен. Бұл – кәсібіміздің қиындығы шығар. – Сіз еңбек еткен жылдары журналистердің жағдайы қандай еді? – Кеңес заманында идеология қызметкерлері партияның бір қанаты сияқты еді. Орталық Комитеттің бюросының шешімімен әрбір редакцияға билік орындары тарапынан пәтер бөлініп отыратын. Арамызда пәтерсіз жүрген журналист болмайтын. Тағы бір ғажабы – облыстағы тілшілеріміздің облыстық газет редакторынан беделі жоғары болды. Оның астында көлігі де бар еді, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс». Оны қабылдамайтын партия өкілі жоқ еді. Баспасөзге деген құрмет өте жоғары-тын. Өйткені, ол қоғамның ұйымдастырушы ұйытқысы еді ғой. Сосын баспасөзде сыналған адам, ертеңіне жұмыстан кететін. Сынға қатты мән берілуші еді. Кеңес өкіметін ылғи мақтай беру деген де жоқ еді. Ал, қазір ше, сынға ешкім мән бермейді. Қайта сынағаның үшін сені сотқа тартады. Бас мақала деген бар-ды. Мысалы үшін, мен өз өмірімде 600-ге жуық бас мақала жаздым. Бұрын фактінің отыз пайызы шындық болса, оған шара қолданушы еді. Ал, бүгінде жүз пайыз факті талап етеді ғой. Бас редакторлар министрлермен бірдей жалақы алатын. Журналистердің жалақысы өз алдына әңгіме. Оның үстіне қаламақыны қосыңыз. Мен әдеби шығармаларды көп аударған адаммын. Он үш роман, жиырмадан астам повесть тәржімалаппын. Аударма үшін де қаламақы алдым. Ол кездегі жағдайға ешкім өкпе айта алмайды. – Қазіргі баспасөзде сынның болмағаны ма сонда? – Бүгінде сын дегенді мансұқтау деп біледі. Яғни, жамандау ғана. Ал, ол кездегі сынау, ол кәдімгі түзеу дегенге келеді. Біз қазір осы екі ақиқатты шатастырып алдық. Үкіметті сынасақ, сол дұрыс деп ойлаймыз. Бұл, әрине, жаңсақ ұғым. Ағаттыққа жол бермеуіміз қажет. Еліміздегі еркін, тәуелсіз газеттерде сондай ұстаным бар сияқты. Бұл да теріс ұстаным. Одан соң соңғы кезде қазақ баспасөзінің тілі нашарлап кетті. Әбес сөздер көп айтылады. Мақалды қолданудың өзінде көп кемшіліктер бар. Телевизия біздің тіл үйренетін құралымызға айналуы керек. «Көкөніс» деп айтады, «көгөніс» емес пе, «дәрігерлермен ұсынылды» деп айтады, «дәрігерлер ұсынды» демейді. Орысша тікелей аудара салған. Айта берсең, мұндай кемшілік көп. Ащы сөз бен қатты сөзді ажырата алмай келеміз. Қазақ сөзге бай халық қой. «Мақтамен бауыздағандай» етіп ойын білдірген ғой. Біз сондай кезеңде тәрбиелендік. Біз жұмыс істегенде, артық сөзге ермейтінбіз. Ал, редактор түзеу үшін, тәрбиелеу үшін басшы болатын. – Қазақ журналис­ти­касының бағыты туралы ойыңызды білсек. Дұрыс кетіп барамыз ба, жоқ па? – Бүгінгі беталысымызды теріс деуге болмайды. Қазір құр мақтау емес, талдау бар. Дәлелдеу бар. Сол жағына келгенде, біз орыс газеттерінен ешбір кем түспейміз. Бір ғана кемшілігіміз бар. Ол – біздің оқырманымыз, қолдаушымыз, қуаттаушымыздың жоқты­ғында деп ойлаймын. Ең жаманы – сол. Қолдаушысы болмаса, «Құлагер де бәйге алмайды» деген сөз бар. Қазір газеттер танымдық мақалаларға көбірек орын беріп жүр. Бұл жағынан алғанда, орыс газеттерінен әлдеқайда артықпыз. Орыс газеттерінің оқырманы көп. Ең сорақысы, елімізде орыс тілінде шығатын газеттерді бюджетке енгізіп қойғанымызды түсіне қоймаймын. Олар біздің жақсылығымызды насихаттайды дегенге сене алмаймын. Бізді «қай жерде сүрінер екен» деп аңдып отырған жоқ па? Ал, олар не үшін Қазақстанның бюджетінен ақша алады? Ресейдің арналары да қаптап кетті. Бізде өзі он шақты арна бар. Соның жартысынан көбі орыс тілінде. Сондықтан, мықтап ойланатын кез жетті деп есептеймін.

Сұхбаттасқан: Сейілбек АСАН