Ұлы Жібек жолының бір бөлігі ЮНЕСКО тізіміне енді

Ұлы Жібек жолының Қытай, Қазақстан және Қырғызстан арқылы өтетін үлкен бөлігі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді.

ЮНЕСКО-ның ресми вебсайтының хабарлауынша, 22 маусымда ұйымның Дүниежүзілік мұралар комитетінің жиынында Ұлы Жібек жолының Қытайдың Сиань және Лоян қалаларынан Қазақстанның Жетісу аймағына дейін созылатын ұзақтығы 5 мың километрге жететін бөлігі мәдени мұралар тізіміне енгізілген.

Ұлы Жібек жолының бұл бөлігі біздің заманымызға дейінгі 2 ғасыр мен біздің заманымыздың бірінші ғасырларында қалыптасқан.

Мәдени мұралар тізімен Ұлы Жібек жолының бір бөлігінен өзге Оңтүстік Корея астанасы Сеулдің түбіндегі орта ғасырларда салынған Намхансансон қамалы, Қытайдағы ірі су жолдары жүйесі мен Үндістанның Гуджарат штатындағы көне Рани-ки-вав құдығы да енгізілген.