Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, профессор: "ТІЛ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРМАЙ, ҰЛТ ОҢАЛМАЙДЫ"

Дандай Ыскак – Қазақстанның Еура­зиялық одаққа кіргеніне байланысты қоғамда түрлі көзқарас туып, зиялы қауым өкілдері біраз шулады. Ал, сіздің ойыңызша қалай, бұл шынымен де тәуелсіздігімізге төнген үлкен қауіп емес пе? – Алдымен «зиялы» деген атаудың өзін нақты анықтап алуымыз керек сияқты. Көпшіліктің ұғымында зиялы деген жоғары білімді, белгілі бір қызмет атқаратын адамды меңзейтін секілді. Ал, шындығында олай емес. «Зиялы» дегеніміз жоғары білімді, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, өмірді жан-жақты пайымдай білетін, ұлттың мүддесі үшін, ұлт үшін қызмет ететін азаматты зиялы деуімізге болады. Міне, осы тұрғыдан келген кезде, қазіргі зиялы атын жамылып жүрген адамдардың барлығын зиялы деуге аузым бармайды. Екіншіден, қазір қоғамда жалпы жаһандық тұрғыдан үлкен уақиғалар болып жатыр. Бұрын кеңестік жүйе тұсында болашақта жер жүзінде дерлік социализм, коммунизм орнайды деуші едік. Қоғамдық өзгерістердің барлығы сол бағытта жүреді деп ойлаушы едік. Ал, бұрын әлем социализм-капитализм болып жарысып дамыған болса, қазір мүлдем басқаша болып кетті. Қазірдің өзінде, әсіресе, Қырым уақиғасынан кейін, әлем екіге бөлінген сияқты. Соның кесірінен әлемдік қарама-қайшылықтар барынша шиеленісе түсуде. Жалпы, өмірде жүз пайыз жақсы, жүз пайыз жаман нәрсе жоқ. Менің ойымша, бұл мың рет өлшеніп барып қабылданған шешім деп ойлаймын. Мұның енді пайдалы жақтары Ресеймен, Беларусьпен экономикалық қарым-қатынастарымыз барынша жақсарады деген үміттеміз. Әсіресе, қазіргі жаһандану дәуірінде эко­номиканың бәсекелесуі күшейе түскен шақта экономиканы қыспаққа алмау үшін керекті нәрсе болып отыр. Одан соң шекарада адамдардың еркін жүріп-тұруы мәселесі, оның ішінде, ғалымдардың өзара қоян-қолтық араласуына пайдалы болып отыр. Ал, зиялы қауымның айтып жүргені Еуразиялық экономикалық одақтастық саяси одақтастыққа, оның ішінде, баяғы КСРО-ны қалпына келтіруге апарып соқпай ма деген қауіп. Негізгі күдік осында. Бұл тұрғыдан келген кезде, егер мақсаты КСРО-ны қайта құру болатын болса, мен де қолдамас ем. Біз о заманнан өттік, қазір енді тәуелсіздігіміз бар. Жалпы, адам үшін, ұлт үшін еркіндік деген ең негізгі құндылық, ең негізгі байлық болуы да керек деп ойлаймын. Осынау Дербестік жолында қаншама қан мен тер төксе де, еркіндікке қол жеткізе алмай жүргендер көп. Мысалы үшін, алпыс миллион күрдтердің әлі күнге дейін мемлекеттігі жоқ. Ұлттың ұйып отыратын ордасы жоқ. Ал, біз ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған қастерлі Тәуелсіздікті қалайда сақтауға міндеттіміз. – Сіздің ойыңызша, ел Тәуелсіздігін сақтаудың жолдары қандай? – Тәуелсіздікті сақтап қалудың жолдары көп. Оның негізгісі – Ұлтқа қалтқысыз қызмет ету керек. Ұлтты күшейту керек. Қазақ халқы үш жүз жылға жуық Ресейдің отары болды. Осы үш ғасырдың ішінде қазақ халқының ұлттық иммунитеті барынша әлсіреді. Иммунитет әлсіреген кезде, ол ұлт түрлі жағымсыз нәрселерді бойына көп сіңіре береді. Яғни, бұл ұлттық сана-сезімі төмендеген деген сөз. Міне, тәуелсіздік алған соң, біз әлсіреп жатқан иммунитетті қалпына келтіре алмадық. Бізде, отарсыздану саясаты, ұлттық сана-сезім қалыптастыру саясаты жүрген жоқ. Ал, орыстану бағытынан құтыла алмай жатқан кезде, ағылшындану саясаты басып кетті. Қазір ұлттық саясатымызды батыстық, орыстық кереғар дүниетаным басып тұр. Кейде біздің басшылар ойланбай, балабақшаларда үш тілді оқытуды қолға алып отыр. Осы тұрғыдан келгенде, ұлт мықты болуы үшін, ең алдымен, оның тілі мықты болу керек, сол тілі арқылы қалыптасатын дүниетанымы мықты болуы керек! Бізде қазір екі үлкен қауіп бар. Біріншісі – тіліміздің шубарлануынан құтыла алмай келеміз. Қазақ тілінің үндестік заңы барынша бұзылған, орысша көп сөйлегендіктен қазақ тілінде жоқ дыбыстар пайда болған. Тіпті, қазақ тілінің өзіндік дыбысы, өзіндік ырғағына дейін бұзылған. Мұның басты себебі, орыстың ырғағымен, екпінімен сөйлейтін жағдайдамыз. Міне, тәуелсіздік алғаннан кейін, орфоэпия, орфография мәселелерін шешіп алуымыз керек еді. Екінші мәселе, батыстық ықпалдың күшеюі арқасында күн сайын ағылшындану саясаты жүргізіліп жатыр. Батыс қуатты экономикаға, ауыр индустрияға арқа сүйеп, үлкен корпорациялардың демеушілігімен бүкіл әлемнің ақпараттық жүйесін жасаған. Бүкіл әлемді қазір осы батыстық электронды тораптар қоршап алып, бұғаулап, қысып келе жатқан сияқты көрінеді. Осы жерде мен бір мәлімет айта кетейін. Бұдан тура бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдулилла, алты миллион қазақпыз!» деген екен. Сол кезде Англияда алты миллион ағылшын тұрған көрінеді. Қазір Англияда – алпыс миллион, Қазақстанда он жеті миллион адам тұрады. Қазақтың тілі Қазақстанда ғана мемлекеттік тіл, ал, ресми тіл орыс тілі мемлекеттік салада көбірек қолданылып жүр. Ал, ағылшын тілі қазіргі таңда алпыс бір елде мемлекеттік тіл статусын иеленіпті. Әлем халқының миллиардқа жуық тұрғыны ағылшын тілінде сөйлей­ді. Келесі жылы әлем хал­қының тең жартысы ағылшын тілінде сөйлейді деп күтілуде. Міне, осындайда не істеуге болады? Менің ойымша, ең алдымен, тіліміздің жағдайын көтеруіміз керек. Тіл жағдайы жақсармай, ұлт оңалмайды. Бізде кейде, «алдымен экономика, сосын барып руханият» деген ой бар. Жоқ. Екеуі де қатар жүру керек. Екеуі қатар жүрмесе, бір-біріне кереғар әсер етеді. Біз материалдық құндылықтарға көбірек назар аударып кеттік те, тіл, руханият жағы артта қалып қойды. Соның кесірінен, өмірдің мәні байлық болу болып кетті, ал, ұлтқа қызмет ету мәселесі аяққа тапталып жатыр. Ұлтты күшейту ұлттық идеология арқылы жүзеге асады емес пе? Кейде біздің басшылық ұлттық идеологияны ескермейтіндей әсер билейді. Себебі, тұрғылықты халықтың идеологиясына жіті мән берілсе, елдегі басқа да ұлт өкілдеріне қысым жасалатындай көрінеді. Тіпті, еліміздегі кейбір мемлекеттік қайраткерлер қазаққа қызмет етпек түгілі, орыс мүддесін қорғап кеткен жайы жасырын емес қой. Ахмет Байтұрсынов: «Ұлттық тәрбие алмаған, ұлт тілінде білім алмаған адам, ұлтына қызмет қыла алмайды» дегендейін, өз ұлтының тіліне қарсы шыққандардың енді «жемісін» көріп жүрміз. Мысалы, кейбір әлемге танымал қайраткерлеріміз, ақындарымыз, аузына жұрт қараған азаматтар «орыс тілі мемлекеттік тілмен бірдей болуы керек» деп, сол үшін күресіп, сол елдің сойылын соғып жүрген жоқ па! – Иә, бірталай жақтан әлі де ақсап жатқанымыз рас... – Өзге елдерде тәуел­сіздік алғаннан соң, бірден отарсыздану саясаты жүрді. Олар ұлттық мүддені алдыға шығарды. Бізде олай бола қойған жоқ. Оның, әрине, бірнеше себептері болды. Оның басты себебі ретінде, қазақ ұлты санының аз болуы сол ділгірліктердің шешілуіне қолбайлау жасады. Екіншіден, биліктің басында отырған азаматтардың көпшілігі орысша білім алғандығында еді. Адам қай тілде білім алса, сол ұлттың тілінде қызмет етеді. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асты. Бұл, тіпті, «аюға» да тіл үйретуге болатын уақыт емес пе. Әрине, ілгерілеу бар. Алайда, қарқын күшті емес. Мәселен, жақында Қытайда болдым. Оқушылардың барлығы бір формада киінеді екен. Ол жақта жекеменшік мектеп, анау-мынау деген әңгіме мүлдем жоқ. Міне, біздің билікте ұлтжанды азаматтардың отырмауынан, басқа тілде тәрбие алғандардың кесірінен осындай кедергілерге ұрынып отырмыз. Сырт мемлекеттерде шетел қазақтарымен көп кездесемін. Олар Қазақстанда орнығып кетудің қиындығын айтады. Өйткені, жемқорлық жайлаған, жұмыс істейін десең, пара бермесең жұмысың алға жүрмейді. Әрине, бізден өзге елдерде жемқорлық жоқ десек, болмас. Ал, қазақ жұртында бұл жағынан «гүлденіп» тұрғанымыз жасырын емес. Сондай «қомағайлыққа» жол беріп отырған кімдер? Әрине, сол билік маңайында жүргендер ғой. Ел боламыз десек, заңды күшейту керек, әділеттілікті қолға алғанымыз жөн. Халықтың қазынасын жымқырып жатқандарды қалайда тоқтатуға күш салуымыз керек. Әңгімелескен Сейілбек АСАН