Мектеп оқушысы өзіне қол жұмсады
2014 ж. 27 мамыр
2210
0
Оңтүстік Қазақстанда мектеп оқушысы өз-өзіне қол салды. Қайғылы оқиға Төле би ауданы Екпінді ауылында орын алды. Бұл туралы мектеп директоры Ғани Сейдаев хабарлады.
10-сынып оқушысы соңғы қоңыраудан кейін үйіне келген. Тұратын үйі мектептің жанында еді. Сынып жетекшісі Майя Жүнісованың айтуынша, қыздың денесін әкесі қорадан тауып алған. Әкесі қызын көріп кетуге келген екен.
"Әке-шешесі ажырасқан, қызы әжесімен бірге тұратын. Сабақты жақсы оқыды. Төрт "үші" бар, қалғаны "төрт" пен "бес", - дейді Мая Жүнісова. - Ол биязы, жаны нәзік еді, сыныптастарымен тату жүріп, ұстаздарын құрмет тұтатын. Мен оны кеше ғана көрген болатынмын. Кешке қарай меңгеруші телефонмен хабарласып, қыздың қайтыс болғаны туралы суық хабар айтты".
Енді оқытушылар оның мұндай әрекетке неге барғанын түсіне алмай әлек. Бұл қадамға отбасындағы жағдай себеп болды ма деп күдіктенеді. Ата-аналары ажырасып кетіп, қызын әжесінің үйіне қалдырған.
"Бәлкім, анасының махаббаты жетіспеген болар. Оны сағынды ма екен. Не себепті бұлай істегенін білмеймін", - деді мектеп психологы Құрманғали Медетов.
Психологтың айтуынша, мектепте тестілеу жүргізген кезде марқұм қыз өмірге құштар екенін, асқақ арманы бар екенін жеткізген.
"Өмірге құштармын, өйткені менің арман-тілектерім көп. Күндердің күнінде мен дәрігер боламын, талай балаларды ауруынан емдеп жазамын", - деген қыздың эссесін мектеп психологы оқып берді.
Ауыл-аймақ, туған-туыс оны соңғы сапарға шығарып салды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауданда осы айдың ішінде 3 адам өз-өзіне қол салуға әрекеттенген. Абырой болғанда, олар дәрігерге қаралып, қазір айықты.
Қазақпарат