Біржыныстылардың махаббаты туралы ертегіні балаларға оқытқан
2014 ж. 19 наурыз
4485
17
Оралдағы бастауыш сынып оқушыларына біржыныстылар арасындағы махаббат туралы ертегі кітабы сыныптан тыс оқулық ретінде ұсынылған. Мұндай бұйрықты қалалық білім бөлімі беріпті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сионелла Петрова дейтін автордың "еңбегінің" ішіндегі шикілікті бірден аңғарған ата-аналар мынадай сұмдыққа жағаларын ұстап отыр. Сыныптан тыс оқуға берілген екі ертегі де біржынысты махабатты дәріптеп, дәстүрден тыс жыныстық қатынасты насихаттайтын көрінеді.
"Ұлым үшінші сыныпта оқитын еді. Бірер күн бұрын мұғалімі ұлыма "Ханзада, ханша және рыцарь туралы ертегі" деген кітапты оқуға берген екен. Балам ауырып жатты да бұл не кітап деп ашып, оқып шығып, төбе шашым тік тұрды. Оқиға желісі бойынша ханшаны айттыра келген ханзада ауладан рыцарьды көріп қалып, соған ғашық болады. Көп өтпей екеуі бір-бірімен қосылып тату-тәтті тірлік кешеді-мыс. Бұл не деген масқара!" - дейді ата-аналардың бірі.
Қалалық білім бөлімі тарапынан С.Петрованың кітабын сыныптан тыс оқытуға тапсырма болғанын мектеп директорлары да мойындап отыр. "Иә рас, бұл шығарманы біздің мұғалімдер оқушыларға таратып берді. Білім бөлімі тарапынан осындай нұсқау түсті. Жоспар бойынша шәкірттер бұл шығарманы үш күн ішінде оқып тауысулары тиесі еді", - дейді Оралдағы №16 мектептің директоры Василий Каренских.
Бізге белгілі болғаны Сионелла Петрова ересектерге арналған эротикалық жанрдағы бірнеше кітаптың авторы екен. Әзірге қалалық білім бөлімі аталған жағдайға байланысты түсінік бермей отыр.
tengrinews.kz