Ермек Тұрсынов "Тоқал" фильмін түсіру үшін шенеуніктермен кеңеседі
2014 ж. 14 наурыз
4398
5
Режиссер Ермек Тұрсыновтың "Кемпір" комедиясы журналистерге көрсетілді.
Өткен жылдың жазында түсірілген бұл көркем фильм 19 наурыздан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрерменге ұсынылмақ. Бұған дейін "Келін", "Шал" секілді фильмдер түсірген режиссердің айтуынша, "Кемпір" комедиясының алдыңғы триллогияларға еш қатысы жоқ. "Келін" мен "Шал" фильмдерінің соңғы нүктесі "Кенже" деген фильм болу керек еді. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты уақытша "Кенже" фильмінің түсірілімі тоқтатылған болатын" – дейді Ермек Тұрсынов. "Кемпір" комедиясы Алматы облысында Ұзынағаш пен Үшқоңырдың арасында таудың етегінде орналасқан кішкентай ғана ауылда түсірілген. Режиссер фильмді өзі туып-өскен өңірде түсірген екен. Кейбір эпизодтар Іленің бойында түсірілген. Ермек Тұрсыновтың ерекшелігі деуге болатын шығар, ол өз киноларында табиғаттың сұлу көріністерін өте шебер суреттейді. «Кемпір» картинасы жастайынан қосылып, қартайған шақтарына дейін өмірдің ащы-тұщысын бірге көріп келе жатқан Қайырғали мен Күлпәш туралы. Бәйбет, Сәрсембай атты достары Қортық деп атап кеткен Қайырғали өзінің достарынан кемпірін қызғанғаны, шамданғаны өте қызық суреттеледі. Әзілдері жарасқан достар, ауылдың тіршілігі көрерменге көтерңікі көңіл күй сыйлайды. Немере сүйіп ата мен әже болып отырған Қайырғали мен Күлпәш апа немересіне ертегі айтып бермейді, керісінше, қалада өскен немерелері атасы мен апасына жаңа ғасырдың технологиясын, өмір сүру заңдарын жақсы үйретеді. Ал "Кемпір" фильмінің негізгі айтары, өмірлерінің қоңыр күзінде қоңыр қозыны бауырға басқан шал пен кемпірдің хикаясы. Ал фильмнің толық сюжетін көрермен өздері көріп баға бере жатар. Ең бастысы, картинада актерлер шынайы ойнап шыққандығы тілге тиек етерлік жетістік деуге болады. "Кемпір" фильмінде басты рөлдерді Ғазиза Әбдінәбиева, Қадырбек Демесіновтар ойнайды. Эпизодтарға Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова, Ерболат Тоғызақов, т.б. актерлер түскен. Ғазиза Әбдінәбиева, актриса: – Өздеріңізге белгілі біз Қадырбек екеуміз театр актерлеріміз. Алайда осы уақытқа дейін бірнеше комедиялық фильмдерге түстік. «Кемпір» фильмінің түсірілімі өте қызық болды. Ермектің нағыз кәсіби режиссер екеніне көзім жете түсті. Біздің әрбір қимыл-қозғалысымызды жіті бақылап, дұрыс бағыт беріп отырды. Театр мен киноның айырмашылығы да сол, кинода импровизацияға ерік берілмейді. Мен үшін бұл фильм үлкен мектеп болды. Қадірбек Демесінов, актер: – Бұған дейін телесериалдарда, фильмдерде түсіп жүргеніммен, осы алпыстан асқан шағымда «Кемпір» фильмінде алғаш рет басты рөлді ойнау бақыты бұйырды. Өзім бүгінге дейін картинаны көрген жоқпын, Жақында экрандардан көрсетіледі деген сайын қатты толқып жүрдім. Көрермен қандай пікір айтатыны мен үшін үлкен маңызға ие. Мен былтыр басқа бір телесериалға түсіп жатқанымда Ермек Тұрсынов маған сізді «Кемпір» фильміндегі басты рөлге бекіттік деді. Тіпті келісімімді сұраған да жоқ десем болады. Алайда режиссер осы рөлге мені лайық деп тапқан соң келістім. Ермектен осы уақытқа дейін өзім білмей, түсінбей келген киноның қыр-сырына қанық болдым. Ермек Тұрсынов, режиссер: – Біздің өмірімізді нағыз күлкі жетіспей жатады. Меніңше, қазіргі таңда әзілдің табиғаты қатты өзгерді. Біз жанымызға жақын, жылы әзілді сағындық. Ұлттың өзіне-өзі күле бүлуі, демек емделіп келе жатқандығы. Қазақ әзілді түсіне білген, әдемі әзілдей білген халық. Қазір аздап әзілден алыстап қалғанымыз рас. "Кемпір" фильмінде осы олқылықты толтырғым келді. Фильмді әр көрермен өзінше қабылдайды. Мен бұл картинада махаббатты арқау еттім. Менің әжем Ғазиза апайға қатты ұқсайды. Ол кісінің қасында ылғи тоқ, көңілім көтеріңкі болатын. Мен жалпы өзіме етене таныс, өзім білетін жағдайларды ғана киноға арқау етемін. Маған кейбіреулер қазақтың тусқандық атауларын түгендейтін болдың, енді «Күйеубала», «Бажа» секілді фильмдер түсіретін шығарсмың деп әзілдеп жатады. Мен де оларға әзілмен жауап беремін. Болашақта «Тоқал» дейтін фильм түсірмекпін, қазір осы тақырыпта қызықты оқиғалар жинастырып жүрмін. Меніңше, біздің кейбір шенеуніктеріміз маған жақсы кеңесші бола алады деп ойлаймын. Фильмнің сценрийін өзі жазып, өзі түсіретін режиссер Ермек Тұрсыновтың негізі мамандығы кинодраматург екені белгілі. Оның жазған сценариийі бойынша Қазақстанда және шетелдерде 30-дан астам картина түсірілген. Режиссердің айтуынша, ол режиссерлікке кездейсоқ келген. Кейбір режиссерлер түсірген фильмдерде өзінің сценарийін танымай қалып, көңілінен шықпай қалғандықтан да режиссерлікті өз қолына алған Ермек Тұрсынов өзі қалаған, өзіне ұнайтын дүниені ғана түсіретінін ылғи айтып отырады. «Әрине, ұнаған дүниеңді түсіру өте қымбатқа түседі, дегенмен менің өмірлік ұстанымым осы», дейді режиссер. "Кемпір" комедиясының продюссері Қанат Төребаевтың айтуынша фильмге кеткен қаражат өте аз көрінеді. Яғни, режиссер шағын қаржыға да жақсы фильм түсіруге болатынын көрсеткісі келгендей. Болашақта Ермек Тұрсынов әзіл-шыны аралас "Тоқал" деген тақырыпта фильм түсіру ойында бар екенін айтып қалды. Демек, қызықтың бәрі алда...."Алаш айнасы"