АЯҚТАЛМАҒАН ТӨБЕЛЕС ТУРАЛЫ ХИКАЯ...
2014 ж. 08 ақпан
4377
1
КЕНТАВР-ТАҒДЫР.
АЯҚТАЛМАҒАН ТӨБЕЛЕС ТУРАЛЫ ХИКАЯ...
Өткен ХХ ғасырдың 70-ші жылдарының бас кезі болуы керек, Асқар Егеубай, Несіпбек Айтұлы, Айтуған Шәйім және мен сияқты төрт отбасылы, қаулап өсіп келе жатқан жас құрақтай жас ақындар - «Таулы қырат» жақтағы бір қазақ апайының үйінде бірге бір пәтерде тұрып жаттық. Айтпақшы, ішіміздегі Айтуған - нағыз сүрбойдақтың өзі еді. Бойдақтың - аты бойдақ, үй иесі, ана қазақ апайымыздың өзі жиі айтатын «қасиетті бөлмесінің» қасиетін кетіріңкіреп жүргені, оның сал-серілігі мына біздердің де көздерімізді қызықтырып қоятыны - өз алдына бөлек әңгіме... Бұл жердегі біздің пәтеріміз– кішігірім Жазушылар Одағы сияқты еді. Күнде кешкісін кілең "сен тұр, мен атайын" ақындар жарыса өлең оқимыз. Біздің бұл «поэзия кешіміз» түннің бір уағына шейін созылатын. Ол үйде Несіпбек Айтұлы ( дарынды қазақ ақыны, кейін ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды), Асқар Егеубай (көз жұмғанша барша Түрік халықтарының ұлы ғұламалары: Махмұт Қашқари мен Жүсіп Баласағұнды тұңғыш рет қазақ тіліне тәржімелеген және олар жөнінде толымды ғылыми еңбектр жазған ғұлама ғалым болды), Айтуған Шәйім (бұл жігіт кейін нағыз суырып салма айтыс ақыны болған еді, өкінішке қарай, ерте көз жұмды) - анда-санда Тұрсын Жұртбай (кейін Алаштанушы ғұлама ғалым әрі танымал жазушы болды) және мен(ақын, публицист, саясаттанушы дегендей...) - осы бесеуіміздің басымыздан неше түрлі қызық оқиғалар өткені рас еді. Бүгінде соларды ойлап, оңашада жынды кісіше күліп алатыным бар. Иә, сол біздің «Жазушылар Одағымызға» бір күні бір жігіт келіп қосылды. Өзі Асқар Егеубайдың жерлесі екен. Біз сол күні де әдеттегідей жаңадан ғана жазылған «шедеврлерімізді» жарыса оқи бастадық. Әлгі Марат Қабанбай есімді жігіт, үн-түнсіз бізді сырттай бақылап отыр. Ол анда-санда бізді мазақтағандай, мырс етіп күліп қоятын сияқты. Ал, осыны байқап қалған табиғатынан аңғарымпаз Асқар досымыз болса: -Бұл Марат Қабанбай деген дарынды жазушы. Өзі менің жерлесім, сабыр етіңдер, кейін дос болып кетесіңдер,-деп, бұрқ-сарқ қайнағалы тұрған бізді сабамызға қояды. Осы «поэзия кештері» ол жылдары «анаусыз» өтпейтін. Анда-санда алдымыздағы қызылдан сораптап қоямыз. Ана жаңа досымыз Марат Қабанбай да алып қойып отырды. Бірақ, оның ана езуіндегі жымысқы күлкісі азаймаса, қайта көбейіп бара жатқандай ма, қалай? Таяуда ғана, шамасы 1974 жылы, бүгінде марқұм Тұманбай Молдағалиев бас редакторы болып отырған жастардың «Жалын» журналына «Аққулар жүрек жасайды» деген бір топ өлеңім жарияланып, ол шығармаларым әдеби ортаға, әсіресе, студенттерге қатты ұнап, олар жатқа айтып, өзім болсам ісіп-кеуіп, онсыз да жарылардай болып жүрген бір керемет шағым болатын. Әрі ішімде қызылдың қыз-қыз қайнатқан қоламтасы бар. Ана жынды кісі сияқты ыржыңдап отырған Марат Қабанбай деген жазушыға алая қарап, бірден шарт кеттім: -Ей, сен, кімді келеке етіп отырсың?-деймін, екі көзім шатынап. Ал, Марат болса, оған айылын жиятын емес. Керісінше, ол маған ажырая қарап: -Мына сені! - демесі барма, сұқ саусағымен менің көзімді шұқып алардай болып, сумаң еткізіп. -Кімді?-дедім, мен де ежірейіп. Ол: - Мына сен көккөзді!-дейді міз бақпай. Енді бұған төзсем, Жұмаш атым өшсін! Шап беріп, жағадан ала кеттім. Ұмар-жұмар болып, жерде алысып жатырмыз. Несіпбек пен Айтуған «шоқ-шоқ, бірің өліп, бірің қал...»» дегендей, анадай жерде талтайып, талтайып тұр. Бізді арашалап жүрген жалғыз ақын Асқар Егеубай ғана. Байқаймын, Маратым қарулы екен. Егер, Асқар ажыратып жібермегенде, менің одан таяқ жеп қалуым даусыз еді. Бірақ, онымды ешкімге сездірмеген болып, ана Маратқа қарап, өзімше қоразданып, айбат шегіп қоямын: -Шық, жаныңның барында! Мен саған не деп тұрмын!?-деп, қоямын өзімше қожаңдаған болып. Ал, Марат болса, сол қалпы, езуінде жымысқы да жаман күлкі. Тап бір мені табалап тұрғандай. Қайта жыным қоза бастады. Дәл осы сәтті күткендей, әлгі Марат Қабанбай: -Әй, көккөз, сабаңа түс. Сен, шынында да мықты ақынсың. Кел, достасайық?-деп, қолын созды. Мақтау кімге жаман болсын, мен оның қолын қалай ала қойғанымды өзім де сезбей қалдым. Екеуміз құшақтасып, төс түйістіріп жатырмыз. Асқар болса, мәз. Ол маған қарап: -Жұмаш, көрдің бе, менің Маратым қандай? Байқа, одан таяқ жеп қаласың. Одан да екеуің дос болыңдар. Соның құрметіне менің есебімнен бір жарты!-деп, өзі көп шашыла бермейтің әдетінен аяқ-асты айнып, ол үстелге ұзын мойын екілитрлік қызыл шарапты қоя салғаны. Біз болсақ, түк болмағандай, мәз болып, жаңағы Асқар қойған сыйды паршалап жаттық. Ал, менің Несіпбек досым болса: -Әй көккөз, өзің мына бізге ғана мықты екенсің ғой. Міне, сенің жыныңды қағып алатын нағыз мықты жігіт келіп, енді жанымыз қалатын шығар,-деп, әзілдеп жатыр. «Ер, шекіспей, бекіспейді» деген рас болса керек. Содан кейін Марат Қабанбай екеуміз сыйлас адамдар болдық. Сол жылдары ол Асқарды сылтауратып, бізбен ұзақ, ұзақ әңгімелесіп кетуді әдетке айналдырған. Мараттың әңгімелерінен бір байқағаным, бұл жігіттің жағдайы тым қиын көрінеді. Өзі жетімдікті де, жоқтықты да көп көрген, тағдыры ауыр азамат еді. Асқар Егеубай, Несіпбек Айтұлы, Айтуған Шәйім,Тұрсын Жұртбай және мен, қолымыздан келгенше, осы Маратқа қол ұшымызды беруге тырысатынбыз.Бірақ, жасыратыны не, ол кезде біздің өзіміз де ештемеге жарымай жүрген болатынбыз. Марат Қабанбай- нағыз дарынды балалар жазушы еді. Ол «Жалын» баспасында қызметте жүргенде, талай рет маған: -Әй, Жұмаш, неге қолжазбаңды баспаға тапсырмайсың? Ана Несіпбек құрдасың екі кітабын шығарып үлгерді. Сенің ақындығың сол досыңнан кем емес сияқты еді. Ал, сен болсаң, сол баяғыдағы жайбасарлығыңнан арылмадың-ау. Әйтпесе, қазақ боласың ба,-деп, мені жанып, жанып қоятын. Марат досым «Жалын» баспасында отырғанда қолжазбамды өткізуге қолым тимей қойған еді. Кейін, сол Мараттың орнына «Жалын» баспасына мен қызметке бардым. Кітаптарым бірінен кейін, бірі жарық көре бастады. Ал, Марат Қабанбай болса, менің кебімді киіп, баспаға қолжазба тапсыруды сиретіп кеткен. Енді мен оған: -Марат, бауырым-ау, қайда жүрсің? Мен отырғанда қолжазбаларыңды тапсырмаймысың?-деп, енді мен оған «кіжіңдейтін» болғамын. Ал, Марат болса: -Жұмаш, баяғыны еске түсіріп, осы бір дұрыстап төбелесіп алмаймыз ба?-деп, маған телефон шалатын. Мен де қайтпай: -Өткенде Асқар болмағанда, мен сенің сазайыңды берер едім. Қорықпасаң, кел!-деп, телефонның ар жағынан айбат шегетінмін. Марат болса: -Дайын бол, сазайыңды беремін,-деп, телефон құлағын тастай салған. Ол бір күні уәдесінде тұрып, маған телефон шалып: -Жұмаш, далаға шық. Төбелесеміз. Менің қасымда Жарасқан Әбдірәш, Кеңшілік Мырзабек және Тұрсын Жұртбай бар. Олар біздің төбелеске куә болады. Жылдам!-дейді. Сыртқа шықсам, Марат айтқан азаматтардың төрт көзі түгел тұр. Мен жағдайды бірден түсініп, тез жоғарыға шығып, бір танысымнан молдау ақша алып, қайтадан жерге түстім. -Міне, біздің Жұмаш, бәрін айтқызбай түсінеді,-деп, Жарасқан досым күледі. Кеңшілік болса: -Жұмаш, менің шәкіртім. Ол мен үшін бәрін жасайды және Жұмаш бес минутсыз ақын,- десе, бұлардан қалыспаған Тұрсын Жұртбай: -Бұл хайуаннан бәрін күтуге болады. Марат, бүгін мұның сазайын дұрыстап берші?-деп, жымың-жымың етеді. Осы кезде домаланып, біздің қасымызға бірдеңені айтқызбай сезгендей, Несіпбек Айтұлы келді: -Мына Жұмаштан қусаң құмалақ түспейді. Бүгін өзін бір сынап көрейікші?-деп, әзілдеген болып жатыр. Абай мен Гагарин көшелерінің қилысындағы атақты «Баспалар үйінің» төменгі жағында белгілі «суатымыз» бар еді, шөлдеп келген біз соған бас қойдық. Алды - сырадан басталып, аяғы - «ақаңа» ұласып, біраз жерге барып қалыппыз. Бір қарасам, қасымда жалғыз Марат қана қалыпты. Ана Жарасқан да, Кеңшілік те, Несіпбек те, Тұрсын да жоқ. Қатты қызу Марат екеуміз бір-бірімізді «классиксің» деп мақтап, қайта-қайта құшақтасып, әзер айрылысқан едік. Бұдан кейін мен Алматы қалалық әкішілігіне қызметке ауыстым. Кейін, осы Марат Қабанбай «Дат» газетінің бас редакторы болды. Бірде оған мен қалжыңдап: -Екі классик - бір жерде жұмыс істемейміз бе?-деп едім, ол жұлып алғандай: -Болмайды! Енді жетіспегені сен едің! Одан да Заманбек ағаңнан айрылма! «Оппозицияға» әлі тойған жоқсың ба?!-деп, (ол азамат бұл арада менің 1986 жылғы Алматыдағы әйгілі Желтоқсан көтерілісіне қатысқанымды, 1990-жылы құрылған Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысында және оның тәуелсіз саяси «Азат» газетінде қызмет істегенімді және тағы басқа қиқар мінездерімді меңзеп отырса керек...) шындап айтса да, әйтеуір сол жолы ол менің бетімді қайтарып тастаған болатын. Сол жылдары менің Аягөздегі Амангелді Керімтаев ағам бір күні маған Алматы қалалық әкімдігіне келіп: -Жұмаш, Марат досың қызметтен кеткелі жатыр, Сен сол газетке келмейсің бе?-деп, шындап өтінгенде мен: -Аға, соны қайтесіз. Оппозицияға тойдым, бармаймын. Ана Марат Қабанбай сол жерден дұрыс кетті. Мені қинамаңыз,-деп, аға бетін қайтарып тастаған болатынмын. Арада үш жыл өткенде 2005 жылы Амангелді ағаның өте жақсы көретін бір інісі - Ермұрат Бапи мен сол кісінің қарындасы Бақытгүл Мәкімбайдың өтінуімен оппозициялық «Жұма-таймс» газетін шығарып, ит тірлікпен күн кешетінімді онда қайдан білейін?.. Сол, қайран Марат Қабанбай кенеттен қайтыс болды. Соңында аяқталмаған «Кентавр» романы қалды. Осы күнге дейін бір өкінетінім, Марат Қабанбай марқұммен неге шындап төбелеспегенім еді. Жоғарыда баяндаған «төбелес» оқиғасының куәгерлері: Асқар Егеубай, Жарасқан Әбдірәш, Айтуған Шәйім, Кеңшілік Мырзабек, оқиғаның басты кейіпкері - Марат Қабанбай да бүгінде марқұм болған. Асыл боздақтардың жатқан жерлері жәннәтта болсын!-деймін, мен бүгінде. Иә, біздің қолдан басқа не келеді?.. Жасыратыны жоқ, егер Марат Қабанбай екеуміз сол жолы шындап төбелесе қалсақ, ол мені жеңіп кететін бе еді, кім білсін. Бірақ, мен де «осал жау» емеспін ғой. Марат - мен сияқты еркетотай, мол дүниенің ішінде өскен емес, нағыз қиындықты көп көріп, шыңдалып өскен азамат еді ғой. Иә, бір жағынан, сол Марат екеуміздің төбелеспегеніміз де дұрыс болған шығар деп ойлап қоямын кейде. Иә, бәріміз де пендеміз ғой... Айтпақшы, халықаралық Ханс Андерсен атындағы сыйлықтың иегері болған қазақтан шыққан жалғыз дарынды жазушы - Марат Қабанбай қайтыс болғанымен, оның соңында: «Қала мен қызбала», «Бақбақ басы толған күн», «Пысық болдым, мінеки», «ЖаҺанкез Тити», «Кермек дәм», «Айшылық алыс жол», «Се ля ви», т.б. кітаптары қалды.Сонымен бірге Мараттың ішінен шыққан «шұбар жыланы», аяқталмаған кесек көркем туындысы - «Кентавр» қалды жетімсіреп. Құдай өзі кешірсін, бүгінде Марат Қабанбайсыз - қазақ балалар әдебиетінің орны үңірейіп, бос тұрған сияқты болып көрінеді маған... Жұмаш КЕНЕБАЙ DAT Жобасы, «Общественная позиция» газеті, 19.03 2013 жыл.