Аида Кауменова: СӘН ӘЙЕЛДЕРДІ ЖАБЫҚ КИІНДІРІП,БАСТАРЫ ЖАБУЛЫ БОЛАДЫ

gddLxtzcmoc Аида ҚАУМЕНОВА, дизайнер: Әйелдер алдағы уақытта жабық киіне бастайды. Мен бұл жерде хиджабты меңзеп тұрғаным жоқ. Бірақ қыз-келіншектердің ашық-шашық, тырысқан киімдері ескіліктің ұшқыны болып қалмақ. Тым қысқа немесе дене сымбатын айқын көрсететін киімдер сәннен шығып, кең көйлектер сәнге оралуда. Сән әлеміндегі тағы бір жаңа үрдіс – бастың жабылуы. Ол сәнді тағылған орамал, я болмаса ободок, түрлі аксессуарлар мен бас киімдер болуы мүмкін. Бұл – ислам әлемінің дүниежүзілік сән индустриясына әсері. Келер жылы қызғылтым, көк, жасыл түстер сәнді болмақ. Әрбір сән үйінің өзіндік қолтаңбасы болады. Біздің қолтаңбамыз – нәзік, сезімге толы шығыс әйелі. Топтамамды жасауда шығыс ертегілерінен шабыт алдым. Сондықтан болар, көбіне шығыстық бағытта тігілген – шапандар, ханшайымның тәжі, ұзын, нәзік көйлектер басым. Қыз-келіншектің сәнді болуы тек талғаммен киінуімен ғана шектелмейді. Сәнді әйел – ол түр-келбеті келіскен, шашынан бастап тырнағының ұшына дейін күтілген әйел. Көп жағдайда киімнің құны сапасына пара-пар келеді. Менің тіккен көйлектерім тек байларға ғана қолжетімді деп айта алмаймын. Бізде тұтынушының ыңғайына барлық жағдай жасалған. Мысалы, көйлекке ақшаңыз жетпей жатса, бөліп төлесеңіз болады. Өкінішке қарай, көпшілігі дизайнерлік бутиктерден сырт айналып жүреді. Ішіне кірмей жатып бағасынан шошитындар бар. Бізде киімнің бағасы 50 мың теңгеден басталады. Тағы бір айта кететін мәселе – сатып алынған киімнің тігісі сөгіліп жатса біз тегін жаңартып, тігіп береміз.

"Жұлдыздар отбасы" 

*Тақырып өзгертілді