Қазақ режиссерінің «Мағжан» фильмін Түркия жұрты көзіне жас алып тамашалады

image6594 Өткен жылдың соңғы айы қазақ кино өнері үшін жағымды жаңалықпен аяқталды деуге толық негіз бар. 28 желтоқсан күні Түркияның Стамбул қаласында Марат Қоңыровтың режиссерлік етуімен түсірілген қазақтың ақиық ақыны туралы «Мағжан» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Еске салсақ, «Мағжан» фильмінің тұсаукесері өткен жылдың тамыз айында Алматы қаласындағы «Арман» кинотеатрында өткен болатын. Ал қыркүйек айында ақынның өзі туып өскеен мекені Қызылжарда (Петропавлск) өтті. Түрік көрермендерінің назарына қазақ киносын ұсынуға атсалысқан – түріктің «Исткляль» басылымы. Түрік жұрты Мағжан Жұмабаевты күллі түркі ұлтының ақыны ретінде жақсы көреді. Бұл игі іс шараға мұрындық болған баспасөз орталығы Қазақстанда «Мағжан» атты фильмнің түсірілгені туралы біліп, режиссері Марат Қоңыровқа байланысқа шығады. Стамбулда фильмінің тұсаукесерінің өтуі туралы ұсынысты күтпеген режиссерді ойландырған алғашқы сұрақ «фильмді көруге кімдер келеді?» болса керек. Түркияда өмір сүретін қандас бауырларымыз болар?! Алайда, ұйымдастырушылар фильмге қызығушылық танытып отырған тек Түркия қазақтары емес, жалпы түрік халқы екенін айтады. Мағжан ақын түрік пен қазақты қалай байланыстырып тұр деп ойлап отырған боларсыз?! Мағжан Жұмабаев жазған «Алыстағы бауырыма» өлеңінің шығу тарихын біреу білсе, біреу білмейді. Түріктер қазақ ақынын осы өлең арқылы танып, біліп, тіпті ұлы ақынына айналдырса керек. 1921жылы Мұстафа Ататүрік ұлттық көретіліс бастап, ағылшын және француз әскерлерінің Түркия коллонизациясынан босату күресін жүргізеді. Түрік елінің тарихындағы ұлы нәубет жылдары осы кез болса керек. Қиын шақта Мағжан Жұмабаев «Алыстағы бауырыма» арнауын түрік ағайындыларға арнайды. Бұл кезең қазақ халқы үшін де оңай бола қоймағаны тарих беттерінен белгілі. Мағжан ақынның осы саяси жағдайларға күйінішінен талай шығармалар дүниеге келді. Түрік бауырларымыздың қантөгістеріне алаңдап, қайғыларына ортақтасып «Алыстағы бауырыма» өлеңін жазады. 1991 жылы арада 70 жыл уақыт өткен соң сол кезде  Қазақ Түрік университетінің проректоры болып жүрген, түрік ақыны Фейзуллах Будак «Мағжанға жауап» өлеңін жазады. Осы екі өлеңді оқи отырып, қазақ пен түрік арасындағы байланысты сезінуге болады. Мағжан және оның «Алашорда» партиясындағы серіктері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышпаев, Міржақып Дулатовтар түрік ағайындарды бауыр санап, олардың саяси жағдайларына бей-жай қарамаған. Түрік халқының қазақ ақыны мен қазақ әдебиетіне деген құрметін олар арнайы өткізген салтанатты жиынынан байқауға болады. 1 500 орындық үлкен опера театрында ине шаншар орын болмады. Төбеден көрінетін балкондарда да лық толы адам. Қазақстаннан арнайы барған режиссер өз жерінде «Мағжаннын» тұсаукесеріне мұншалықты адам жиналмай, кісінің жерінде зор ықылас танытып жатқанына қайран қалады... Жұрт жиылып, орындарына отырған соң, кеш жүргізушісі сахнаға шығып Мағжан Жұмабаевтың өмірінен деректер оқып, қазақ халқының қысқаша тарихы мен түріктермен байланысы туралы баяндайды. Баяндама жасалғаннан кейін жүргізуші кешке келген қонақтармен таныстырды. Олардың ішінде қоғам және өнер қайраткерлері, ақын, жазушылар, ғалымдар мен түрік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бар. Халық орнынан тұрып, ерекше ықыласпен зиялы қауымға қол соқты. Сонда, Түркияның зиялы адамдары «Мағжан» фильмін тамашалауға келген. Уақыттары тығыз болып келетін мәдениет өкілдерінің Қазақстанда қазақ режиссері түсірген қазақ ақыны туралы фильмін тамашалауға келгені сол жерде отырған режиссер Қоңыровты толқытты... Сахнаға Мағжан өлеңдерін қазақ тілінен түрік тіліне аударып, түрік халқына оны «сүйікті» еткен ақын аудармашы Фейзуллах Будан шықты. Ол алдымен Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» өлеңін, кейін өзінің «Мағжанға жауап» өлеңін оқыды. Оның сөйлеу мәнері, дауысы отырған жұртшылықты ұйытып жіберді. Бар жанын салып оқығаны соншалық, түрік тілін аса меңгере қоймаған қазақ режиссерінің де бойы шымырлайды. «Алыстағы бауырыма» өлеңі жүз жылға жуық уақыт бұрын жазылса да, түрік ақынының оқуы Мағжаннын сол сәттеге ішкі жан күйзелісін дәл бергендей болды. Өлең оқылып болған соң, зал орнынан тұрып, ұзақ қол соқты. Түрік халқының әдебиетке сүйіспеншілігі осы сәтте көрінді.

Image (1)

Үлкен экраннан фильм көрсетілімі басталды. Режиссер Марат Қоңыров үшін қобалжитын сәт туды. Режиисердің айтуынша, оның назары экранда емес, кино көріп отырған көрермендерде болыпты. Мың жарым көрерменнің ішінен фильм аяқталғанша бір дыбыс естілмеді. Түрік актерлері қазақ тілінде түсірілген фильмді керемет дубляждапты! Түркиялық көрерменнің көңіл-күйі экранда көрсетіліп жатқан Мағжанның көңіл күйімен астасып жатты. Ақынның абақтыда «айдан, күннен жаңылған» сәттерінде көрермен де налыды, бостандыққа шығып сүйіктісімен қауышқан сәттерде көрерменнің көзінен қуаныш көрінді. Фильмнің соңғы кадрлері көрсетіліп жатқанда, көрермен көзіне жас үйірілді. Көрсетілім біткен соң Қазақстаннан арнайы шақыртылған режиссер Марат Қоңыровқа сөз беріледі. Көрермен зор құрметпен фильм режиссеріне қол соқты. Режиссердің алғыстан басқа айтары болмады. Кейін сахнаға Мағжан рөлдерін сомдаған актерлер Дулыға Ақмолда мен Дарын Қалиев шықты. Халық қазақ актерлеріне де зор ілтипатпен қол соқты. Сахнада тағы сөз алған Фейзуллах бей «Алашорда» үкіметі туралы тағы айтады. Ол «Алашорданы» насихаттады! 1545143_1375115612753170_875574460_n  

"Мағжан"

1551743_1375114866086578_1316583028_n

Фейзуллах Будак

551273_1375114792753252_667968905_n

Мағжан рөлін сомдаған актерлер

1522198_1375113992753332_896553667_n  

Түркиялық көрермен

image-10-01-14-21-14-10

 (Түркияның ұлттық телеарнасына сұхбат беру сәтінен)

Сценарий авторы мен режиссер Марат Қоңыров: «Өзге ұлттың қазақ ақынына деген махаббаты мені таң қалдырды. Тұсаукесерде зиялы қауымның бірі «Мағжан тірі» деген ұран тастады. Мағжан туралы фильм түсірген режиссер мен фильм кейіпкерлеріне шексіз құрмет білдірген түрік бауырларға риза болып елге оралдым. Режиссер үшін бұдан асқан бақыт бар ма?!»

Фильм режиссерімен әңгімелескен: Айнара Байжан

«Қазақ үні» газеті