Астана мүшәйрасының жеңімпазы, ақиық ақынға Ақ жол!

«ЖАРҚЫРА, ЖАЙНА, АСТАНА!» АТТЫ МҮШАЙРАДА

 СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКОВ БАС БӘЙГЕНІ ИЕЛЕНДІ

         Елорда әкімдігінің қолдауымен Астана қаласының 15 жылдық мерекесі құрметіне орай Сәкен Сейфуллин мұражайы және Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы жариялаған республикалық жыр бәйгесіне еліміздің әр өңірінен, алыс-жақын шетелдегі қандастарымыздан – жиыны 70-ке тарта шығарма келіп түсті. Астанада осымен үшінші мәрте өтіп отырған бұл мүшайраға өлең өнерінің небір өрелі жүйріктері қатысты. Бәйгенің басты мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның азат Астанасын жан-жақты жарқырата жырлау болғандықтан, көптеген ақындарымыздың бәйгеге үкілеп қосқан жырларының көркемдік кестесі құлпырып тұрғанымен, мүшайра қойған тақырыптық талаптың биігінен көріне алмады. Әйгілі ақындарымыздың осынау мерекелік шараға қатысқанына рахмет айта отырып, алдағы жыр жарыстарында жұлдыздары жарқырауына тілектестік білдіреміз. Алаш сыйлығының иегері, ақтангер ақынымыз Серік Ақсұңқарұлы төрағалық еткен, белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы бәйгеге түскен шығармалардың барлығын талғам таразысынан өткізді. Соның ішіндегі ең бір сүбелісі Серік Тұрғынбековтың «Астана – Дастан» атты өлеңдер циклі болды. Бұдан бұрын да талай мүшайралардың жүлдесін қанжығасына байлаған Серік ақын бұл жолы тіпті көсіле түсіпті. Көркіне әлем жұрты тамсанып отырған Елордамыздың болымыс-бітімін жыр тілімен әдемі айшықтапты: «Жиегі жасыл құрақ, жас қарағай, Әлемде қала бар ма Астанадай. Жүргінші көшедегі біз түгілі, Қарайды тебіреніп тастағы Абай» - деп тұғырда тұрған тұлғалардың өзіне жан бітіргендей әсер қалдырады. Екінші бір жан сүйсінткен шығармалар арынды ақын Бауыржан Жақыптың «Астанамен сырласу» өлеңдер топтамасы мен бізге бейтаныс автор, таяуда Қарақалпақстаннан көшіп келген қандасымыз Махсет Алсейтовтың  «Астана жырлары» болды. Қазақ жырының тарланбозы, ардагер ақынымыз Кәкімбек Салықов та мүшайра күткен биіктен көріне білді. Ақын ағамыз Астана тойына арнап тұтас бір кітап жазып бітіріпті. Сол еңбегінен бәйгеге таңдап ұсынған бір топ өлеңі Астана ажарын жарқырата ашқандығымен көңілден шықты. Сондай-ақ, талантты ақын қызымыз Сәуле Досжанова да Астана тақырыбын әдемі игере біліпті. Сонымен, қазылар алқасы ақылдаса келе, бас бәйгені (жеңіл автокөлік) Серік Тұрғынбековтың «Астана – Дастан» өлеңдер топтамасына беруді жөн көрді. Бірінші орынды «Астанамен сырласу» өлеңдерімен оза шапқан Бауыржан Жақып қанжығасына байлады. Екі екінші жүлдені «Мерей тойың құтты болсын, Астана!» және «Астана суреттері» өлеңдер топтамалары үшін Кәкімбек Салықов пен Сәуле Досжанова еншіледі. Үшінші үш сыйлыққа Махсет Алсейтов, Жанат Әскербекқызы, Ерлан Жүніс лайық деп табылды. Сондай-ақ, ынталандыру сыйлықтарын Абылай Толыбаев, Мағиза Құнапияқызы, Ауыт Мұқибек, Роза Сейілхан, Қайрат Сабырбай иеленді. Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 2013 жылдың 1 шілдесі күні Астана қаласы Конгресс-Холл сарайында өтеді.  

С.Сабырбеков

Қазылар алқасының

жауапты хатшысы

 

АҚИЫҚ АҚЫНҒА АҚ ЖОЛ!

 

Ақиық ақын, «Ақ жол» партиясы Ақылдастар алқасы мүшесі  Серік Тұрғынбеков ағамызды «Жарқыра, жайна, Астана!» атты республикалық мүшәйрада топ жарып жеңімпаз атануымен құттықтаймыз! Серік Тұрғынбекұлы партиямыздың бастауынан бері бірге келе жатқан, қиын-қыстауда да  қайсарлығын танытып, қарсы тұра білген, «Ақ жолдың» жолы ақ болсын деп жүрген ақиық ақын, атпал азамат, қарымды қайраткер. Ақынның талай ақжарма мақалалары  мен ақмаржан жырлары республикалық «Қазақ үні» газетінде қалың қазаққа ой тастап келеді. Біз Серік ағамызға аламан бәйгедегі Бас жүлдеңіз құтты болсын деп, шығармашылық жеміс, шалқар шабыт, зор денсаулық, мол бақыт тілейміз. Жұлдызыңыз жарқырай берсін, серке ақын Серік аға! Ақ жол!  

«Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесі Президиумы,

Республикалық «Қазақ үні» газеті ұжымы.

www.qazaquni.kz