ТҮРКІ ҒҰЛАМАСЫ

ТҮРКІ ҒҰЛАМАСЫ

 Кезінде қазақ ғұламасы, түркі әлемінің ортақ перзенті Рахманқұл Бердібайдың қасиетті Түркістанға ерекше мәртебе беру жөнінде Мемлекет басшысына, билік тізгінін ұстағандарға әлденеше рет хат жазғанынан хабардар едік. Бұл марқұмның ізгі арманы болатын. Бәлкім жанына тыншу бермеген осы арманның аясында жүріп жасы жетпіске таяғанда Алматыдан киелі мекенде шаңырақ көтерген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне келіп, ту тікті. Содан бері қаншама жылдар өтті... Осы киелі топырақта мәңгілік мекеніне аттанғанына да он екі жылдан асып барады. 

 Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіңде академик Рахманқұл Бердібай атындағы аудитория ашылды. Осы орайда оқырмандар назарына Рахманқұл Бердібайдың ғылымдағы сара жолына тағы бір үңіле түссек дейміз.  

Тағылымы мол ғалым

Рахманқұл Бердібай – тағылымы мол, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ғалым. Оның жанкешті еңбексүйгіштігі мен табандылығы ғылыми шығармашылығының өзегіне айналды. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы тынымсыз еңбек еткен ғалым әдебиет сыны, тарихы мен теориясы саласында мыңнан астам мақала жазып, қырыққа жуық кітап шығарды. Солардың ішінде «Әдебиет және өнер», «Қазақ прозасындағы замандас бейнесі», «Дәстүр тағылымы», «Қазақ тарихи романы», «Ғасырлар толғауы», «Қазақ эпосы», «Сарқылмас қазына», «Кәусар бұлақ», «Эпос – ел қазынасы», «Байкалдан Балқанға», «Ел боламыз десек» сияқты іргелі еңбектері қазақ ғылымының алтын қорынан ойып орын алады.

Рахманқұл Бердібайдың ғылымдағы табандылығы мен адалдығы, кеңес дәуірінің идеологиялық қысымына мойынсұнбаған батылдығы – оның ғалымдық болмысының басты ерекшелігі. Ол қандай кезеңде де ғылымдағы ақиқаттың ақ жолынан айнымай, ұлттық мүддені қорғады. Бұл қасиет оның алғашқы еңбектерінен-ақ анық байқалады. Мәселен, «Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері» мен «Ең үлкен байлық» атты мақалаларында ғалым сол замандағы идеологиялық біржақтылыққа сын көзбен қарап, әдебиет мұраларын әділ бағалау қажеттігін көтереді.

Қуғын-сүргін саясаттың қатаң шеңберінде еркін ой айту үлкен тәуекел болғанын ескерсек, Рахманқұл Бердібайдың батыл пікір білдіруі – нағыз азаматтық пен күрескерліктің көрінісі еді. Ол: «Бір де бір азамат өз халқының мәдени мұрасына енжар қарай алмайды. Әсіресе, жазылып қалған тарихи деректері көп емес қазақ халқының жағдайында әдеби шығармалардың танытқыштық ролі аса зор», – деп жазған.

Ғалымның өмірдегі ақиқатқа сүйенген күрескерлік мінезі мен сөзі мен ісінің бірлігі өз замандастары мен кейінгі буын зерттеушілерге үлгі болды. Қазақ тілі мен әдебиетінің өзекті мәселелерін батыл көтерген мақалалары кезінде қоғамда үлкен пікірталас тудырып, ғылыми ойдың өрісін кеңейтті. Елуінші және алпысыншы жылдары қазақ жастары Рахманқұл Бердібайдың баспасөз беттерінен түспейтін өткір, ойлы мақалаларын оқып, тағылым алып өсті. Бұл – ұлт руханияты тарихындағы бұлтартпас ақиқат.

Жас ғалымдарға қанат берген хас ғалым

Рахманқұл Бердібай – жас ғалымдарға бағыт-бағдар беріп, талай дарынды қанаттандырған хас тұлға. Ақтөбе жерінен шыққан көптеген ақын-жазушылар мен зерттеушілердің ғылым мен әдебиетке келуіне, елге танылуына Рақаңның ерекше ықпалы болды. Оның сын-зерттеулері мен ғылыми пікірлері осыны айғақтайды.

Ғалымның сын мақалалары І.Мәмбетов, Т.Ахтанов, А.Жұбанов, Т.Жармағанбетов, Н.Байғанин сынды қаламгерлердің шығармашылығын талдап, олардың көркемдік ізденістерін бағалауға арналды. «Қаһарлы күндер шындығы», «Ғасырлар пернесі», «Сарқылмас қазына», «Боран туралы бірер сөз», «Ұлы жырау өнегесі» секілді мақалалары арқылы ол әдеби сынның биік үлгісін көрсетті. Бұл еңбектер – тек жеке авторларды танытумен шектелмей, тұтас өңірдің рухани келбетін айқындаған еңбектер еді.

Рахманқұл Бердібайдың ұлтжандылығы мен азаматтық ұстанымы оны кей кезеңдерде қиын сынға да ұшыратты. Елуінші жылдардың соңында ұлт мүддесін ашық қорғап сөйлегені үшін ол «ұлтшыл» атанып, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі қызметінен босатылып, партия қатарынан шығарылды. Бірақ ғалым рухы мұқалмай, ел мен тіл үшін күресін жалғастырды.

Профессор Бердібайдың бүкіл өмір жолының өзегі – ұлт мүддесі, елдік пен тәуелсіздік мұраттары. Ол осы идеяға адал болып, әдебиет пен ғылымды сол жолға арнады. 1973 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімін басқаруға тағайындалғаннан кейін бұл салада жаңа серпіліс басталды. Бұған дейін бұл бөлімді М.Әуезов, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин сияқты көрнекті ғалымдар басқарған еді. Р.Бердібай олардың дәстүрін жалғастырып қана қоймай, оны жаңа ғылыми деңгейге көтерді. Оның басшылығымен бөлім қызметкерлері заманауи методологияға негізделген ұжымдық еңбектер жазып, қазақ фольклористикасын жаңа арнаға бұрды.

Рахманқұл Бердібайдың еңбегі – тек ғылымның емес, тұтас ұлт руханиятының өркендеуіне арналған өмірлік миссия. Ол өсіп келе жатқан жас ғалымдарға шабыт беріп, ұлттық идеяны ғылым тілімен сөйлеткен ұлы ұстаз болды.

Рахманқұл Бердібай – фольклортанушы

Рахманқұл Бердібай – қазақ фольклортану ғылымының көшбасшысы, эпостану саласының негізін қалаушылардың бірі. Оның ғылыми ізденістері мен зерттеу еңбектері тек Қазақстан аясында ғана емес, күллі Орта Азия деңгейінде жаңа бағыттың бастауына айналды.

Мәселен, ғалымның «Қазақ фольклорының типологиясы», «Қазақ фольклорының тарихилығы», «Қазақ фольклорының поэтикасы», «Қазақтың архаикалық фольклоры», «Фольклор және оның этнографиялық негіздері» атты еңбектері тұңғыш рет жарық көріп, ғылымда жаңа белес ашты. Ал оның редакторлығымен жарық көрген «Қазақ фольклористикасының тарихы» (1988) атты ұжымдық еңбек қазақ фольклор ғылымындағы ірі жаңалықтардың бірі саналады. Бұл еңбегі үшін Р.Бердібай бастаған авторлар тобына Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлық берілді.

Соңғы жарты ғасырға жуық уақыт ішінде ғалым белгілі фольклоршы әрі фольклортану ғылымын ұйымдастырушы ретінде кеңінен танылды. Ұжымдық еңбектерге жетекшілік ете жүріп, ол өз қолынан көптеген маңызды ғылыми зерттеулер шығарды. «Жыршылық дәстүр», «Сарқылмас қазына», «Аңыздан романға», «Кәусар бұлақ», «Эпос мұраты» сияқты монографиялары – Рахманқұл Бердібайдың терең білімін, жүйелі ғылыми көзқарасын дәлелдейтін еңбектер.

Ғалымның эпостану саласындағы ең ірі еңбектерінің бірі – «Эпос мұраты» (1997). Бұл зерттеуінде ол көне, қаһармандық, ғашықтық және тарихи эпостардың табиғатын жан-жақты талдап, эпос жанрының шығу тегі мен көркемдік ерекшеліктерін, жыршы-жыраулардың орындаушылық дәстүрін ғылыми тұрғыдан саралады. Сондай-ақ қазақ эпосының өзге елдердің эпикалық мұраларымен, әсіресе шығыс поэзиясымен байланысын салыстыра зерттеп, терең эрудициясын көрсетті.

Рахманқұл Бердібайдың еңбегі қазақ эпосымен шектелмейді. Ол қырғыз халқының әлемге әйгілі ұлы мұрасы – «Манас» жыры мен қазақ эпикалық дәстүрінің сабақтастығын арнайы зерттеп, «Адамзаттың Манасы» атты еңбегін жазды. Бұл зерттеу Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан секілді ғұламалардың «Манас» жайлы ізденістерінің заңды жалғасы болды. Ал осы еңбегі үшін ғалым қырғыз мемлекетінің ең жоғары марапаты – «Даңқ» орденімен марапатталды.

Рахманқұл Бердібайдың мұрасы – қазақ руханиятының баға жетпес қазынасы. Оның ғылыми табандылығы мен ұлттық көзқарасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар биік өнеге болып қала бермек.

Ұ. Бір аяғың Түркістанда, бір аяғың Ташкентте. Докторлық қорғау жолында азып-тозып жүрсің. Сүйенерің де жоқ. Жалғызілікті азаматсың. Кезінде әділет жолында басшылықпен бітіспес майдан ашып, басыңды құрбандыққа да тіктің. Жаныңдағылар басшылықтың қысымынан қорқып, сатып кетсе де қайыспадың, сынбадың, әділ сотта жеңіп шықтың. ... Алланың мейірімі түскен болар, бес-алты ай қуғын көріп, әйтеуір аман қалдың. Аққа құдай да жақ қой. ...Мынаны алмасаң, мен ренжимін! Айтарға уәж қалмады. Пендешілік қой, бір жағынан шүкіршілік те еттім. Сыртқа шыққан соң қарасам, елу мың теңге! Бұл дегеніңіз тарығып жүрген мен үшін үлкен дүние болатын. ... Сонымен, араға алты жыл салып, он екінші жылдың жиырма тоғызыншы наурызында Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің филология факультеті жанындағы докторлық диссертациялық кеңесінде 10.01.10 – журналистика саласы бойынша жұмысымды сәтті қорғадым. 

Диссертациялық құжаттарды дайындау оңай шаруа емес екен. Оншақты күнде ретке келтіріп, елге жеттім. Рухани ұстазым, ғұлама көкенің шаңырағына қадам бастым. – Көкеңнен айырылып қалдық қой, сақтай алмадым ғой, – деген Бибізада жеңгеміз мені құшақтап, ұзақ егілді. Не дейін. Егіліп отырмыз. – Бір күн бұрын сенің авторефератың қолынан түскен жоқ, – деді Зада ана сырын ақтарып. – Соңғы кезде дәл соншалықты қуанғанын көрген емеспін. Сені аузынан тастамай қайта-қайта айтумен болды. Соңғы демін алғанда сенің авторефератың жанында жатты... Ғұлама көкем-ай! Қуанышпен көз жұмған екенсің-ау! Өзіңді ақырет сапары алдында осыншалықты шаттыққа бөлеген мен сірә да бақытты шығармын!... 

Сейдулла Садықов,

ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының кеңесшісі, профессор