СҰЛУЛЫҚТАН СЫР ТАРТҚАН
2025 ж. 01 шілде
142
0

Биыл алпысқа келіп отырған суретші, сазгер Қуандық Мәдірді көптен білемін.
Бойы сыптығырдай, салиқалы, артық сөзге жоқ, биязы жігіттің өміріедегі осынау «тал түс» жасына келгеніне сенбей де отырған сияқтымын. Иә, шындығында да, Қуандыққа алпысты бергіміз де жоқ!
Әлі де кез-келген істі жер кезінде, тез шешіп тастайтын, ұйымдастырушылық қабілеті зор, мұндай жігіттер ілуде бір кездесер. Баяғыда ақын әкелеріміз жырлайтынындай нағыз «самородный сары алтын» біздің осы Қуан бауырымыз десек, қате айтпаспыз.
Өнерпаз ретінде жас шағынан ақ, елге танымал болған Қуандықтың Қуандық болып қалыптасуына, әрине, туған топырағының да атқарар рөлі бар.
Қуандық 1965 жылы шілденің оны күні Атырау облысы Құрманғазы ауданының «Еңбекші» ауылында дүние есігін ашады. Жасынан, өнер атаулыны қанжығасына байлаған, таланты тас жарған, құймақұлақ, естігенін қағып алар, өмірге де, өнерге де бейім, ыждаһатты ұл болып өсіпті.
1983 жылы орта мектепті бітірген ол Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогика институтының Көркемсурет-графика факультетіне оқуға түсіп, оны үздік тәмамдап, осы оқу орнында біраз жыл ұстаздық қызмет атқарады.
Сурет демекші, бұл өнер де Қуандықтың оң жамбасына бірден келе қалмапты. Сурет салуды бес жасынан бастаған Қуандыққа бұл машық өмір бойына жалғастығын тапқандай.
Өзімен тетелес өскен ағасы Сағындық та сурет салумен шұғылданатын. Жалпы бұл әулет әуел бастан өнер атауымен біте қайнасқан әулет болатын.
Әкесі үш ағайынды еді. Әкесінің ағасы Тілеп домбыраны төгілтіп тартатын, шанақта мұңы жараған күйші болатын. Ортаншы ұл Насихат пен әкесі он саусағынан өнер тамған, ағаштан ою ойып, темірден түйін түйетін, аса ісмер жандар екенін жерлестері түгел біледі. Кіші ұл Насихан да үлкен әріппен айтар, мәніскер-домбырашы, бұлбұл көмей, әнші еді.
Әкелерінің шешесі Мәриям әжесі бүткіл Нарынқұм, Дыңғызыл өңіріне атағы жайылған күйші болғанын, кәріқұлақ, көнекөз қариялар аңыз қылып айтып отыратын.
Қуандық та бала жастан тегіне тартып, әулеттің асыл қасиетін, өнері мен киесін бойына сіңірген, бір бойына сазгерлік, суретшілік, ақындықты толықтай қабылдаған, сегіз қырлы, бір сырлы адам боп қалыптасыпты.
Оның қазіргі шақта жазып, сызып жатқан, графикалық туындылары, негізінен, синтезделген, сакралды дүниелер.
Баяғыда тілшілер қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі Әбілхан Қастеевке:
– Сурет салуды қайдан үйрендіңіз?! – деп сұрақ қойғанда:
– Сурет салуды Қазақтың киізінен, қошқардың мүйізінен үйрендім! –деп жауап қатқан екен.
Сол айтқандай, Қуандық та өз топырағынан, құмдағы қиыр-шиыр іздерден, сандаған хайуанаттар мен жәндіктердің құмға шиырлап тастаған, ою-өрнектерімен, Нарынқұмның қарғанын миын қайнатар шіліңгір ыстығы мен желі, сағымға тұнған, мұнартқан беймаза табиғатынан үйренгені қадік.
Нарынқұмның өн бойынан, құдіретті күйшілердің сарнаған, аңыраған, сай-сүйегіңді шымырлатар сері-салдарынан нәр алған Қуандыққа да өнерпаз болудан басқа жол қалмапты.
Қуандық маған бірде ашылып әңгіме айтып, жүрекжарды сыр ағытқаны бар. 1990 жылдары ауылында демалып жатқанында, түсіне композиторлар Шәмші мен Әсет сазгерлер түсіне кіріп: «Сенің музыка жазып жүргеніңді есітіп, арнайы келдік! Кәне әніңді орындап берші!» депті. Сол түсінен соң, іле шала ғайыптың құдыретімен белгілі қазақ ақыны Ғайсағали Сейтақовтың «Жаңбырдан соң» атты өлеңіне ән шығарыпты. Бұл туынды қазір үлкен сахналардан орындалуда.
Қазір Қуандықтың жетпіске таяу әні мен романстары бар. Кезінде сазгер ретінде елге атағы ерте жайылған Қуандықтың ақсамал, жүрекке қуаныш сыйлайтын кең тараған əндерін Батыс Қазақстанға, республикаға танымал əншілер өз репертуарларына алып, үлкен əн байқауларында орындап жүр.
Жастық шағында Алматыда жыл сайын өтіп тұрған «Үкілі үміт» əн-фестивалінің жүлдесін иеленген ол əлі де өз шығармаларын фестивальдерге ұсынып отырады.
Өзі көп жылдар бойына Орал қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы музыка мектебінің директоры ретінде көп жұмыстар атқарды. Шəкірттері көптеген Халықаралық байқаулардың жүлдегері атанды.
Қуандық қазір суретші-график ретінде Орал қаласындағы «Атамекен» Өнер ордасында да ауқымды жұмыстар жүргізуде. Суретші Нұрбек Жəрдемов екеуі Атамекен Өнер ордасындағы көрме залындағы əр ай сайын өтіп тұратын Суретшілер көрмесінің мəдени шараларын ыждағаттылықпен өткізуде. Сол шараларға Қазақстанға танымал ақын апамыз – Ақ Жайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгерева мен Оралдағы Ақсақалымыз, бейнелеу өнерінің шебері Сатыбалды Құлбеков ағаларымыз үнемі атсалысып отырады.
Жас өнерпаздарға баталарын беріп, сəт сапар тілейді. Қуандық Мəдір,
Нұрбек Жəрдемов, Сатыбалды Құлбеков ақсақал болып, қолдары қалт еткенде Жайық жағасынан этюдтер салып, балық аулап,табиғат аясында демалыс жасап тұратыны бар.
Қуандық Мəдірдің бір жақсы қасиеті – оның зор ұйымдастырушылық қабілеті. Ол үнемі адамдарды қуантқысы, жақсылық жасағысы келіп тұрады.
Өте еңбекқор жан. Бір істі бастаса, аяғына дейін бітірмей тынбайды.
Əрі ісінің сапалы болғанын қалайды.
Қуандық болашақта Батыс Қазақстанда дүниеге келген суретшілердің
альбом-катологын шығаруды да қолға алмақ.
Өзі бүгінде суретші-график ретінде республика аумағынан асып бірқатар шет елге танымал тұлға. Ол қазіргі шақта Батыс Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы. Жиырма жылдан бері Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.
Қуандық Мəдір, 1990 жылы Оралдағы А.С.Пушкин атындағы мұғалімдер институтының графика-бейнелеу факультетін үздік тамамдап,
Сұлулық әлеміне адал қызмет атқаруда. Оның еңбектері республикада шығатын əртүрлі альбом-катологтардан орын алған. Өз тарапынан жиырма беске тарта оқу-əдістемелік оқулықтар жазған. Оралдағы əртүрлі мəдени- əдеби шаралардың ұйытқысы болып жүрген ол өлең жазып, поэзия əлеміне де атсалысып тұрады. Əндері, суреттері, өлеңдері – барлығы оның ішкі əлемін байытып, үлкен эстетикалық дəрежеге жетуде. Ол Батыс Қазақстанда биік деңгейге жеткен Өнер тарландарын бейнелеген сериялы жұмыстарын жалғастырып жазуда. Халқымыздың көрнекті композиторы Шəмші Қалдаяқовқа арнаған «Жəмшид шері» ( 1994 ж.), ақын, прозашы Жұмекен Нəжімеденовке арнаған «Терезе. Жұмекен» (1995 ж.), Жайықтың Ақ Шағаласы, көрнекті ақын апамыз Ақұштап Бақтыгерееваға арнаған, ақын Жанғали Нəбиуллинге арнаған «Поэзия пырағы» (2005 ж.), Совет Одағының Батыры Ахмедияр Құсайыновтың рухына ( 2010 ж.) арнаған литографиялары бар. Сондай-ақ ақын Жұбан Молдағалиевке арнаған «Жағаңда тұрмын Жайығым!» ( 2020 ж.), ақын Қадыр Мырза Әлиге арнаған «Абыз», композитор, суретші Илья Жақанов ағамызға арнаған «Аққулары қалқып Еділ мен Жайық» (2013-2015 ж), ақын Ғайсағали Сейтақовқа арнаған «Ару құм перзенті», ақын Сабыр Адайға арнаған «Əр Қазақ менің жалғызым!», марқұм, қазақ халқының елжанды ұлы Аманжол Зайнуллинге, мемлекет қайраткері Бақтықожа Ізмұхаметовке, айтыс ақыны, жыршы, əнші Қатимолла Бердіғалиевке арнаған топтамалары əлі де жалғастығын табуда.
Өзі жан-жақты синкретті өнер түрлерімен айналысатын суретші-сазгер Қуандық Мәдір бергенінен берері көп суреткер.
Қай істі бастаса да жүрдім-бардым қарамай, өте ыждағаттылықпен, аз жазса да саз жазатын, өз ісінің майталман маманы Қуандық қасиетті Өнерге адал қызмет қылуда.
Біз Қуандық Мəдірдің əр ісіне сəттілік тілейміз.
Ерсайын ЖАПАҚ,
суретші