ЕЛІН ШЕКСІЗ СҮЙГЕН ҰЛ

ЕЛІН ШЕКСІЗ СҮЙГЕН ҰЛ

Бауыржан Момышұлы шерткен сыр

Баукең жастықтан басын көтеріп, түзеле отырып: 

– Сұрағың болса, сұра, – деді көңілдене үн қатып.

Өткен жолы Ермұхан туралы айтып беремін деп едіңіз. 

– Е, дұрыс, – біраз ойға батып, үнсіз қалды. Әлден соң: – Ермұхан жөнінде айтпас бұрын, оның ұстазы Анна Михайловна Панкратованы еске алмай болмайды. Ол кісінің тарих алдында сіңірген еңбегі өлшеусіз. КПСС Орталық Комитетінің, КСРО Жоғарғы Советі Президиумының мүшесі болған. Соғыс кезінде Алматыға көшіп келіп, «Қазақ ССР тарихының» жазылуына басшылық жасаған.

...1943 жыл. Полк командирі кезім. Анна Михайловна таныс, біліс емес маган хат жазып, «Қазақ ССР тарихының» бірінші томын салып жіберіпті. Оқып шықтым. Жетістігі мен кемшілігін, яғни алған әсерімді жазып жібердім. Жауабымды алып, қатты риза болыпты.

Сол жылдың 9 декабрь күні Москвадағы «Әдебиетшілер үйінде» менімен кездесу болды. Оны генерал-лейтенант А.А. Игнатьев басқарды. Мен жазбасыз қырық бес минуттей сөйледім. Сұрақтарға жауап бердім. Менен кейін Шкловский, Лавренев, Стасова, Панкратова, біздің Қазақстаннан И.Тәжиев, Ә.Шәріпов, С.Аманжолов сөйледі.

Кеш аяқталысымен, қасыма жастары ұлғайған екі апай келді. Олардың бірі – Анна Михайловна Панкратова, екіншісі – В.И.Лениннің тұсында Орталық партия Комитетінің секретары болған Елена Дмитриевна Стасова екен. Біраз әңгімелесіп, тарқай бастадық. Шашы аппақ, ап-арық Анна Михайловна қолдары дір-дір етіп, тілдей қағазды қалтама салды. Былай шыға «Бауыржан, уақытың болса, жолығып әңгімелесейік. А.М.Панкратова» деген жазуды оқыдым. Соңына адресін жазыпты.

Арада алты ай өткенде мен Анна Михайловнаның үйінде болдым. Қызы бар екен. Шай іштім. Әңгімеміз «Қазақ ССР тарихының» төңірегінде болды. Оны зерттеуге қалай кіріскенін айтты. Әйтеуір, Қазақстан туралы жақсы әсерде екен. Сөзін тыңдай отырып, терең ұғымды тарихшыларымыздың алдыңғы легіндеп кісілердің бірі-ау деп ойладым. Мені де зейін қойып, тыңдай білді. 

– Алматыда кездесіп, азды-көпті әңгімелескен адамдарымның ішіндегі ерекше әсер қалдырған әрі үміт күттірген Ермұхан Бекмаханов болды. Сіз оны танитын ба едіңіз?

– Жоқ. 

– Бұл көрікті жас жігіттің (менің шамалауымша жуық арада) нағыз ғалым, тарихшы болатынына әбден көзім жетті, – деп өз сөзін дәлелдеп, көп сыр шертті.

Анна Михайловна мені Ермұханның докторлық диссертациясын қорғау процесіне шақырды. Вера Павловна екеуміз трамваймен (ол кезде Москвада такси жоқ еді) кешігіңкіреп бардық. Барсақ, жап-жас (кейін білдім, сонда Ермұхан отыз бір жаста екен), сұлу қазақ жігіті мінбеде докторлық диссертациясын қорғап, сөйлеп тұр екен. Бұл менің мұндай жиынға тұңғыш қатысуым.

Анна Михайловна ымдап, бізді қасына шақырып, отырғызды.

– Ермұхан Бекмаханов – осы жігіт. Ол бәрін дұрыс айтып тұр, бірақ байқаған боларсыз, аздап толқу үстінде, – деді сыбырлап.

 – Меніңше, Анна Михайловна, сіз одан да гөрі толқу үстіндесіз, –дегенімде ол шынтағымды қысып, жымиып күліп қойды. Сол сәт Қаныш Имантайұлының Ермұхан туралы: «Ол жігіт талапты, білімді жастарымыздың бірі. Болашақта одан күрделі еңбек күтуге болады» – деген сөзі есіме түсті. 

– Жақсы қорғады. Сөз жоқ, тақырыбын ұлғайтып үлгергенін оппоненттері де, басқа сөйлеушілер де мойындай бағалады, – деді жолда академик Кәрім Мыңбаев. 

– Мүдіріп қалар ма екен деп қорқып едім. Оңай дейсіз бе, москвалық өңкей азулы, ірі ғалымдардың алдында, – деді химия ғылымдарының докторы Ерден Әзірбаев. 

– Ол мүлде қағазға қарамай сөйледі, шешен екен, – деді РСФСР-дің еңбек сіңірген өнер қайраткері Вера Павловна.

Ертесіне Анна Михайловна мені «Гранд Отель» мейманханасына ертіп барды. Ермұхан шаршап отыр екен. Әңгіме онша үйлесіңкіремеді.

Ол кезде карточка жүйесі. Менің карточкам полковниктікі. Елу процент жеңілдігі бар және ол бойынша азық-түлік кезектен тыс беріледі. 

– Анна Михайловна, Ермұхан Бекмаханұлы қорғауын атап өтпек пе?

– Сіз естіпсіз ғой. 

– Менің қосқаным, – деп үш мың сомдық карточкамды және бір жарым мың сом ақша бердім. Анна Михайловна қатты қуанды.

Біраз отырғаннан кейін желеу тауып, орнымнан тұрдым. 

– Бауыржан, маған «Кавказ жазбалары» блокнотыңды қалдырып кетші. Ертең қайтарамын, – деді Анна Михайловна. Мен ол кісіге әскери командирлік дәптерімді тапсырып, қош айтыстым.

Ертеңіне мені Бас штаб Подольскіге жұмсады. Ермұханның тойында бола алмадым. Үш күннен кейін Анна Михайловна ЦДСА-дағы бөлмеме келді. 

– Мен сіздің жазбаларыңызбен толық танысып шықтым. Ермұханға да оқып бердім. Оған сіздің рұқсатыңызсыз оқығаныма кешірім өтінем. Ол арғы күні сіздің тез кетіп қалғаныңызға қатты өкінді... Мен Тәуке хан, Бірінші Петр, Цеван Рабтан, Галдан Церен, Абылай хан туралы екеуіміздің арамызда болған әңгімені айтқанымда әлгіні тыңдап, таңғалды.

– Анна Михайловна, мен Ермұханның ХҮІІ-ХҮШ ғасырлардағы қазақ халқының тарихы жөніндегі біліміне таңғаламын, – дедім.

– Мұның дұрыс. Ол өте адал, білуге құмар... материалдарды өте мұқият, тиянақты зерттейді... Өкінетініміз, архивтік документтердің бәрі қолымызға тие бермейді, – деп күрсінді.

Қысқасы, Анна Михайловнаның бізге жәрдемі көп тиді. Өте ақылды кісі еді. Ермұхан қаралы азапқа душар болып, қамалғанда, ол кісі қатты қайғырды, қолынан келген көмегін аяған жоқ. Тиісті орындарға барып, оны ақтап, түрмеден босатты. Мұны мен ұстаз бен шәкірттің арасындағы ғана қарым-қатынас деп емес, ерлік деп білемін...

Ғалымның «халық жауы» атануы

– Қиянаттың үлкені – халықтың өз тарихын өзінен жасыру екен, Бауке, – деді бірде Ермұхан ашына сөйлеп. – Бұл – ұлттық сананы жоюдың төте жолы ғой. Ал ұлттық санадан айырылған ел ұлт болудан қалады. Осыны біздің көп тарихшыларымыз түсінсе де, түсінбеген түр танытып жүр.

Өткенімізді зерделеуде мен ұстазым Анна Михайловна Панкратоваға шексіз ризамын. Ол кісі: «Патша үкіметінің отаршылдық саясатын, басқа ұлттардың Россияға қосылу процесін сол кезең шындығына сай әділ бағалау керек» – деп кеңес берген еді. Содан мен шамам жеткенше ізденіп, патшалы Ресейдің отарлау саясатының қанқұйлы, зұлым саясат екеніне көзім әбден жетті. Оны әшкерелеу үшін отаршылдыққа қарсы шынайы бұқаралық сипат алып, ұзаққа созылған тегеурінді қозғалыстың бірі – Кенесары көтерілісіне ерекше көңіл бөлгенім рас. Шындыққа жүгінсек, Кенесары көтерілісінің басты қозғаушы күші – халқымыздың ар-намысын отаршылдар табанына таптатпау үшін ерікті ел болу идеясы ғой. Осы идеяны ашып көрсеткенім үшін «халық жауы» атанып, жазықсыздан жиырма бес жылға сотталып кете бардым. 

– Ашынып сөйлегеніңе, ашынып тер төккеніңе мың алғыс, інім, – дедім қолын құшарлана қысып. – Онсыз сені ертеңгі ұрпақ есіне алмас та еді...


Еркін отырдық 


– Оңғарбек Бердібаев соғыс кезінде менің қарамағымда полк дәрігері болған кісі. «Москва» қонақүйінде докторлық диссертация қорғағанына байланысты той істеді. Дастарқанды Сәбит Мұқанов басқарды.

Той енді қыза бергенде Ермұхан төбе көрсетті. Отырғандардың біразы: «Әй, сен мынаны неге шақырдың?!» – дегендей сұрланып, тыжырына қалды. Төрге шық деген ешкім жоқ. Қасымда Тілеш Шойынбаев отыр еді. 

– Тілеш, қарағым, орныңнан тұр, – деп Ермұханды қасыма отырғыздым. Бұл қылығым тыжырынғандарға ұнаған жоқ. Намысым, ашуым қызып, рұқсатсыз сөз сөйледім. 

– Қарағым, профессор, – дедім орнымнан тұрып, Ермұханға қарап. – Мен Тынық мұхитынан Балтық теңізіне, Солтүстік Мұзды мұхитынан Кавказ тауларына дейінгі аралықты шарлап шыққандардың біреуімін. Ойлы-қырлы, тау-тассыз, жыра-жылғасыз жерді мен көргенім жоқ. Бұл айтылғанның астарын түсінерсің, шырағым. Сен – тарихшысың. Қазақ халқының өз заманында өзіне жарасты қару-жарағы, қолбасшылары болғаны рас. Ол өткен заманды сен менен гөрі жақсы білесің.

Кейінгілерін алсақ, Абылайдың жөні бөлек. Ал біздің заманда Әліби Жангелдин деген кісі болған. Оның ықпалымен Амангелді Иманов қол бастап, майданға шыққан. 

– Әй, Бауыржан, сен бізге лекция оқып тұрсың ба-ей? – деді Сәбит жақтырмай. 

– Сәбе, кешіріңіз, лекцияны сізге оқып тұрғам жоқ, профессорға оқып тұрмын. Мен атаған кісілер туралы сіздің пікіріңіз елдің бәріне мәлім ғой. Оны профессор да оқып шыққан. Ал менің пікіріммен ол таныс емес. Естісін деп әдейі айтып тұрмын.

Оңғарбектің өңі қашып кетті. Көзімді аларта қарап: 

– Ей, шырағым доктор, Ермұханды мына тойыңа мен шақырғам жоқ, сен шақырғансың. Бұл жігіт жаламен жабылған қара жаулығынан құтылдым ба, құтылмадым ба деп арамызға жаңа қосылып отыр. Түсінсең, бұл жалғыз саған емес, маған да келіп отыр. Тойымды бұздың деп ойласаң, рұқсат бер, біз Ермұхан екеуміз кетейік.

Оңғарбек орнынан ұшып тұрды. 

– Бауке, бұл не дегеніңіз, өзім шақырғаным рас, – деді сасқалақтап. – Ең құрметті қонақтарым – сіздерсіздер. 

– Айтқаның рас болса, сөзімді аяқтауға мұрсат бер. 

– Ерік өзіңізде, Бауке. 

– Біздің Жуалыда Қосал, Қосмұрат деген ағайынды екі кісі өткен екен. Қосмұрат он бес жасынан өле-өлгенінше би болыпты.

Атын ағасы Қосал ерттеп беретін көрінеді. Бірде ауыл қариялары жиналып: 

– Байқаймыз, күнде Қосмұраттың атын ерттеп, жолға әзірлейсің. Онымен де қоймай, қолтығынан сүйеп, атқа мінгізесің. Мұның не? Сен үлкенсің ғой. Мұның кейінгі жастарға жаман үлгі болмай ма? – депті. Сонда Қосал былай деген екен: 

– Ағайындар, Қосмұрат билікте жүрсе, шаруаға кім қарайды? Шаруасыз тіршілік жоқ. Сондықтан шаруаны мен басқарып жүрмін. Атын ерттесем, аттың жай-күйін білем. Оны өзімнің көңіл-күйіме сыйғандай етіп ерттеймін. Басқаларға тапсырсам, ойым алаң болады. Ал үлгі дейсіздер. Қосмұраттай іні туса, сіздердің де оның атын ерттеуге қарсылығым жоқ...

Сол дана Қосал қария айтқандай, осы отырған бәріміз, бүкіл ел-жұртымыз бір бүгін ғана емес, барлық уақытта Ермұханның қадір-қасиетін түсініп, қастерлей білуіміз керек.

Қара жер қарыз арқаламайды деген бар емес пе?

Менің сөзімнен кейін тыжырынған-мыжырынғандардың үні өшті. Еркін отырдық.

Ананың ақ сүтін ембегендер


– Ермұхан Бекмаханов заңды түрде ақталды. Соның өзін көре алмай, астыртын жау боп жүргендер арамызда әлі бар. Олар Ермұхан туралы күні бүгінге дейін бір жылы сөз айтқан, не қателесіппіз деп кешірім сұраған жоқ.

Не деген қаныпезерлік?!

Баукең кеуде кере күрсінді. 

– Ал, құрығанда оларға келер пайда бар ма? Қайта зиян емес пе? Түсінсем бұйырмасын.

Баукең көзін бақшитып, иығын қозғады. 

– Біле білсе, Ерекең олар үшін де тер төгіп, азап шекті ғой. Естуімше, ананың ақ сүтін ембегендер қатыгез болатын көрінеді. Меніңше, Ермұханға астыртын жау боп жүргендер ананың ақ сүтін ембегендер...

 

Ермұхан сыйлаған журнал


– Е, ұмытып барады екем, есіме түскені жақсы болды, – деп Баукең орнынан тұрып, терезе алдындағы сары шкафының үстіңгі тартпасын ашып, мұқабасы тозыңқырап, қағазы сарғайыңқыраған, қалыңдау бір журналды тауып ап, орнына отырған соң: 

– Бұл журналды маған Ерекең сыйлап еді, енді мұны мен саған сыйлаймын, – деді тұнжырай қабақ түйген күйі. – Мұнда Кенесары өлімі туралы көлемді материал бар.

Мен шапшаң қимылдап, журналды қолыма алдым. Мұқабасынан «Исторический вестник», «Историко-литературный журнал», «Год двадцать пятый», «Август 1904 г.» деген жазуды көзім шалды. 

– Мұны үйіңе апарып, асықпай оқырсың. Тек жоғалтып алма.

– Мақұл.

Қызық мінез


– Бірде Ермұхан түн жарымында телефон соқты. Даусы жарқын.

– Ассалаумағалейкүм, Бауке! Беймезгіл мазалағаным үшін кешірім өтінем.

– Е, оқасы жоқ, жай ма?

– Жай емес, Бауке. 

Оның мына жауабынан «басына тағы бар зобалаң туды ма?» деп шошып қалдым. Бірақ даусы көңілді.

– Бауке, Емельян Пугачевтің әйелі қазақ екен. Соны тарих оқулығына енгізбекпін.

– Оған дәлел-дерегің бар ма?

– Бар, Бауке. Мәскеудің архивінен таптым. Самолеттен жаңа түстім. Аэропорттан үйге келген бойда сізге телефон соғып отырмын.

Баукең көңілдене әндетіп, орнынан тұрды.

– Бұл – халқын қалтқысыз сүйген кісінің мінезі ғой... Түсінемісің?

Бөлме ішінде ары-бері жүре бастады. 

– Бұл – өте қызық мінез...


Тарихшының өкініші

– 1966 жылдың көктемі. Ермұхан екеуміз Қазақ КСР Министрлер Советінің ауруханасында қатар палатада жаттық. Көңілін сұрамақ болғанымда, дәрігер Анна Павловна (фамилиясын ұмыттым):

– Ол кісіге үстіне кіруге жұбайынан басқа ешкімге рұқсат жоқ. Сіз дұрыс түсініңіз, жағдай осыған мәжбүр етті, – деді. Арада біраз күн өткенде:

– Бауке, ініңізге жолығып шықсаңызшы. Мен дәрігерден рұқсат алдым, – деп әйелі палатама еніп, қинала үн қатты. Ішімнен: «Келін күдерін үзген халде екен ғой», – деп шошып қалдым.

Ақ халат киіп, Ермұханның палатасына ендім. Енсем, ет пен сүйегі қалған (бірақ сыры кетсе де, сыны кетпеген), жатыр екен.

Бауке, дәрігер сізге ғана рұқсат беріпті ғой. Ассалаумаға-лейкүм, – деп зорлана жымиып, қолын созды. – Елу жас не, Бауке? Көп ой қап барады... Үлгере алмай кетіп барам, кешіріңіз, – деді.

Бұл маған тарихшының тарих алдындағы өкінішіндей сезілді...


Өмірде де сұлу еді


– Сағат күндізгі екі. Үйде жазу жазып отыр едім, дәрігер Анна Павловна телефон соқты.

– Бауыржан, Ермұхан Бекмаханович...

– Түсінікті. Ол бізге ұзақ жасауға әмір етеді, – дегенімде, дәрігердің даусы дірілдеп:

– Иә, солай, Бауыржан, – деді.

Баспаға телефон соғып, кәдімгі мүшел той иесіне сыйлайтын мұқабасы қалың, астары жібек папкі болады ғой. Соның бірін сатып алдырып, былай деп жаздым: «Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде» деп боздар сорлы қазақ мен өлгенде». Осы сөзімді Кәрімге, Қанышқа, Мұхтарға, Ахаңа (Ахмет Жұбановқа), т.б. арнап жазып едім...

Інім едің. Сенімен қоштасып, азалы сөзімді басыңа гүл шоғымен бірге қойып тұрмын. Жатқан жерің торқа болсын. Әрқашан да есімдесің, бауырым.

Жылаушы Б.Момышұлы. 7.05.1966 ж. Алматы».

Марқұмды жерлеп қайтып келеміз. Жолда:

– Байқадыңыз ба, табытта ол тірі адамдай, сұлу күйінде жатты, – деді Анна Павловна.

– Түсінгеніңізге рақмет. Ол өмірде де сұлу еді, – дедім мен...


Лайықты ұл

– Ермұханды «не үшін жақсы көрдіңіз жэне не үшін жақсы көресіз?» – деп маған сұрақ берсеңші? Мен қартайған, ауру кісімін. Қисая кетсем, сен үшін қайта тірілмеймін. Әлде тірілем бе?

– Тірілмейсіз.

– Онда сұрағыңды қой.

– Ермұханды не үшін жақсы көрдіңіз және не үшін жақсы көресіз?

– Оның бірінші себебі: ол Абай айтқан ақыл, қайрат, жүрек үшеуін бірдей ұстап, халқымызды шын сүйе білді, оның отына күйе білді. Сүю аз, қарағым, оны әркім-ақ бастан кешіреді. Ең қиыны – халық қайғысының отына күюді білу. Мүмкін, оның көзқарастарында қарама-қайшылық бар шығар? Ол кімде жоқ?

Екінші жақсы көрген және жақсы көретін себебім: Москваның атақты үлкен тарихшы ғалымдары оны шын пейілімен құрметтеп, сыйлайтын, онымен ашық пікірлесіп, сырласатын, санасатын. Бұл – үлкен жеңіс! Мен оның сыртынан да жылы лебіз білдірген туысқан республикалас тарихшыларын талай кездестірдім.

Ермұханды үшінші жақсы көрген және жақсы көретін себебім: басына мәңгі ашылмас қайғының қара бұлты төнгенде де халқымыздың болашағынан үміт үзген жоқ. Оған үлкен дәлел, қаралы жаладан құтылып, Алматыға қайта оралды ғой. Сонда Абайдың «Қасиетсіз туған – ол да жат» дегеніндей, оған алғаш жұмыс берген жоқпыз. Бұған ол ренжіп, өкпелеген жоқ. Қайта бір минөтін де бос жібермей, архивке барып, халқымыздың тарихына байланысты материалдарға іздеу салды...

Бір сөзбен айтқанда, қарағым, Ермұхан, менің ойымша, (сенің ойыңның, көзқарасыңның қалай екенін білмеймін) халқымыздың жүрегінің төрінде мәңгі орын алуға лайықты ұл.

Тарихшының жары


– Әнеугүні көшеде бір әйел: «Бауке!» – деді. Мойнымды бұрсам, Халима Бекмаханова келін екен. Таныдым. Бір қолында ет, бір қолында сүт толы тор дорба. Өзі реңді, білімді әйел, тіл ғылымының кандидаты.

– Иә, қарағым, халің қалай?

– Рақмет, жақсы. Бауке, сізді Ермұхан әулие тұтушы еді, ұстаз санаушы еді. Марқұм туралы әркімнің ой-пікірін жинап жүр едім. Мәлік Ғабдуллин, Хамза Есенжанов ағайлар жазып беріп кетті. Басқалардың сөзі таразының бір басы, сіздің сөзіңіз – екінші басы, – деді. Ойланып қалдым.

– Ақылды әйел екен. Ішімнен қатты риза болдым. Ермұхан – өлім түгілі бірауыз қатты сөзге қимайтын азамат еді ғой. Толқып тұрып:

– Келін, қарағым, жарайды, үйге барып ойланайын. Ертең хабарлас, – дедім. – Бұл – Халима келіннің адамгершілігі ғой. Әлдеқашан сүйегі қурап кеткен күйеуінің аруағын сыйлап жүргені маған қатты әсер етті. «Айналайын, әр азаматымыздың жұбайы өзіңдей болса, көсегеміз көгерген үстіне көгере берер еді-ау» – деп қатты тебірендім. Өзі жап-жас, сұлу, табысы бар әйел. Біреудің етегінен ұстап кетсе, қайтер едік? Бұған мың да бір шүкір деп үйіме келген соң өзімді қинап, Ермұхан туралы жеті-сегіз бет естелік жаздым. Е, айтпақшы, оны өзің машинкаға бастырып бердің емес пе?

Ол естелікті жазбас, тіпті, жаза алмас та едім. Ауру, қарт шалмын. Бірақ Халима келіннің сөзі, ниеті қамшы болды...

Тарихшының қызы

Баукең темекісін тарта отырып:

– Ермұханның үлкен қызы әкесінің жолын қуып, тарих ғылымдарының кандидаты болыпты, – деп көңілдене үн қатты. – Жақында: «Сізбен жолығып әңгімелессем. Сіз менің әкемді жақсы біледі екенсіз», – деп телефон соқты. Даусынан әдепті, ақылды қыз екенін сезіп:

– Ертең үйге кел, қарағым, – деп бірден келісіп, жүрегім жарыла қуандым. Неге деп сұрақ қойсаңшы?

– Неге? 

– Біз, қарағым, халқымызды, тарихымызды әкемізді сүйгендей сүюіміз керек...

Әңгімелескен Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ