ӘБДІМӘЛІК ӘЛЕМІ
2025 ж. 17 ақпан
443
0

Жиһанкез жан
Қазақ журналистикасы корифейлерінің бірі Шерхан Мұртаза айтқандай, «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ журналист пен қасқырды аяғы асырайтыны» ақиқат. Бір жағынан ел көріп, жер көріп, көрген-білгенің мен ойға түйгеніңді оқырман қауыммен бөлісудің өзі бақыт емес пе?!.
Осы орайда Әбдімәлік досымыздың жолы болған сыңайлы. Өзге әріптестері есітіп білмеген, барып көрмеген ел мен жер жайлы қызғылықты жолжазбалар жазуымен ерекшеленген жанды қалай мақтасақ та әбден жарасады. Жиһанкез жан ретінде өзі туып-өскен қазіргі Түркістан облысы мен Шымкенттейін мегаполисті былай қойғанда кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірін дерлік түгел шарлап шыққан. Алматыда оқығанын, Астанада өткен ауқымды шараларға қатысқанын жоғарыда айттық. Бұдан бөлек ұлы Абай еліндегі Семей, Бөрілі, Жидебай, Шәкәрімнің саятшылық үйінде болған. Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласы мен Бұқтырма су қоймасына барған. Жер жәннаты – Жетісу облысының орталығы – Талдықорған қаласын тамашалап, Ақсу ауданына қарасты Қапал ауылындағы таңғажайып Тамшыбұлақ шипалы бұлағынан дәм татқан. Қарағанды облысындағы Қарқаралы, Шайтанкөл, Егіндібұлақ, Балқантау, Едірей деген жерлерді көрген. Ұлытау облысындағы Жошы хан, Алаша хан мен Домбауыл кесенелері, Бас Қамыр, Хан ордасы, Ұлытау тарихи орындарына табаны тиген. Қызылордадағы Қорқыт ата, Жент, Сығанақ қала жұрты, Арал қаласы мен Арал теңізін аралаған. Батыс өңіріндегі Ақтөбе, Хромтау, Бейнеу, Жаңаөзен, Бекет ата, Ақтау, Атырау, Сарайшық ескі қала жұрты, Бөкей хан ордасы, Нарынның құмы, Жәңгір хан, Махамбет пен Исатайдың кесенелері, Орал, Батыс Алаш ордасының орталығы Жымпитыға жолы түскен. Егемен еліміздің Батыс өңіріне жасаған сапарына қазақ поэзиясының қара нары, жазушы, аудармашы, жорналшы (журналист емес, ақынның өзі осылай деп айтады) Нармахан Бегалыұлын бірге ертіп баруын – оның аға ұрпақ өкілдеріне деген айрықша сый-құрметі деп білеміз.
Алыс-жақын шетелдерден – Ташкенттегі Төле би кесенесі, Науаи облысының Нұрата өңіріндегі Әйтеке би кесенесі, Самарқан қаласыдағы Әмір Темір және сол маңайдағы Жалаңтөс баһадүр кесенесіне тәу еткен. Ресей Федерациясының біраз өңіріне бару бақыты бұйырған. Беларусь жеріндегі атақты «Беловежская пуща» («Беловежь тоғайы») табиғи қорығында, кезінде Әмір Темірдің жауынгерлік табаны тиген Лида ескі қорғаныда, тағы басқа тарихи орындарда болған. Қытай Халық Республикасындағы қандастарымыз қоныстанған бірнеше жерлерге барған. Біріккен Араб Әмірліктері, Оман сұлтандығы, Парсы шығанағы, Үнді мұхитын өз көзімен көрген.
«Журналист жолы»
Шымкенттегі қалалық жасөспірімдер кітапханасында Арыс қалалық «Арыс ақиқаты» газетінің Бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері, Арыс қаласының Құрметті азаматы Әбдімәлік Ағыбайдың «Журналист жолы» кітабының таныстырылым рәсімі өтті. «Қаламы қарымды журналист» деп аталған әдеби-сазды кешке модераторлық жасаған мәдениет қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұлдыз Өтегенова бұл іс-шараны қызғылықты өткізді. Алдымен көпшілік назарына «Журналист жолы» атты бейнебаян ұсынылды. Автордың сыршыл шығармалары, мақалалары, очерктері, сұхбаттары, сын-сықақ, фельетондары, өз елімізге және шетелдерге жасаған журналистік сапарынан жазған жолжазбалары, тарихи-танымдық мақалалары, түсірген фотосуреттері, бәрі -- ойлы оқырмандардың танымдық көкжиегін кеңейтуге, жаратылыстың құпия сырын түсінуге, сұлулықты түйсінуге жетелейтін ғажап дүниелер. Сөз орайы келгенде бұл көркемсуретті кітаптың Қарағанды қаласындағы «Типография Арко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің баспаханасында аса сапалы ақ қағазға басылғанын да тілге тиек ете кетейік.
Курстас досы, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы және Журналистер конгресі сыйлықтарының лауреаты Ермек Балташұлы: «Жалпы, Әбдімәлік Ағыбай қазақ журналистикасының дамуына, ұлттық өнер мен мәдениеттің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан майталман журналист. Оның «Журналист жолы» кітабы – осы қажырлы еңбегінің нақты дәлелі. «Дерек пен дәйекке көз жеткізу үшін ол түпнұсқа құжатты тапқанша тыным таппайды. Ел мен жерге жанашырлығы, Арысының әрбір жетістігін мақтан етіп, олқылығын жоюға құлшына кірісуге даяр тұратын елгезектігі үшін үлкен-кіші замандастар үлгі тұтатын эталон. Туған жерін жан-тәнімен сүйетін мұндай патриот адамдар қазір өте сирек кездесетінін мойындауымыз керек», – деп ағынан жарылады.
Әбдімәлік Ағыбайдың Батыр Бауыржан Момышұлы тарапынан Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ұсынылып, өкінішке орай, болыстың баласы болғаны үшін ғана оны ала алмаған Мұхамедқұл Исламқұлов, Халық Қаһарманы, Әлемнің ардақты азаматы, академик Мұхтар Әлиев, Арыс қаласының алғашқы басшысы Қаһар Ибрагимов, Ұлы Отан соғысы мен партия қызметінің ардагері Нұртаза Ысмайылов, Қазақстанның Құрметті теміржолшысы, Соцалистік Еңбек Ері Әуесхан Салықбаев, сатира сардары Садықбек Адамбеков, жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков, қазақтың белгілі бұлбұл әншісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова, танымал опера әншісі, Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаева, әнші, сазгер Ержан Серікбаев, тағы басқалар жайлы жазған мақала, очерктері мен сұхбаттарын тебіренбей оқу әсте мүмкін емес. Өз кезегінде ақын, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Сергей Александрович Есенин атындағы Халықаралық сыйлық – «Алтын күз» орденінің иегері Қазыбек Иса, сатирик, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мұхтар Шерім, ақын, жазушы Фатима Жүнісова, журналист, Арыс қаласының Құрметті азаматы Зұпар Мүсілімов, журналист, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ертай Бекқұл, журналистер – Үмітхан Алтаева, Атанбек Наурыз, Оралхан Дәуіт, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай, Ұлытау облыстық телерадио компаниясының директоры, облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі Базаркүл Үмбетова, тағы басқалар Әбдімәлік жайлы жүрекжарды тілектерін жарыса жеткізген.
Аталмыш іс-шараның шымылдығын ашқан педагог, журналист, ақын, аудармашы, Халықаралық «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Константин (Кирилл) Симонов атындағы Халықаралық сыйлығы мен Алтын медалінің иегері Нармахан Бегалыұлы: «Алдымен осы тағылымды кешті ұйымдастырып отырған кітапхана ұжымына алғыс айтамыз. Маған салса барлық кітапхананың төріне қазақтың асыл арда ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың: «Кітапханаға барып, кітап оқу -- мешітке кіріп, тазарып шыққанмен бірдей» деген ұлағатты сөзін жаздырып қояр едім», – дей келе кеш кейіпкері Әбдімәлік Ағыбайдың журналистік шеберлігіне тоқталып, ең басты қасиеті -- адамгершілік пен жүрегінің тазалығын айрықша атап өтті. Пандемия кезінде ұзатылған қызына онлайн той өткізіп, жалпақ жұртты таңқалдырғаны бар. Қазақстаннның Батыс өңірлерін бірге аралаған кезімізде оның өзінің, достарының ыстық ықыласына бөленгенімді ерекше атап өткім келеді, – деді.
Жазушы, тарихшы, өлкетанушы Жақсылық Сыдықбаев та өз сөзінде Әбдімәліктің адамгершілік асыл қасиеттеріне тоқталып өтті. Тағы бір жазушы, драматург, «Құрмет» орденінің иегері, Ғабит Мүсірепов, Қарауылбек Қазиев, Кемел Тоқаев атындағы сыйлықтардың лауреаты Шойбек Орынбай журналистиканың майын ішіп, жілігін шаққан әріптесінің өлең жазатынын бұған дейін білмейтінін тілге тиек етті.
Шымкент қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Бақтияр Спанов пен журналистер – Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Асхан Майлыбаева, Алма Смағұлова, Аман Жайымбетов құттықтау сөз сөйлеп, оның сегіз қырлы, бір сырлы, ізденімпаз жан екенін тілге тиек етті.
Курстасы, Қазығұрт аудандық кітапханалар жүйесінің директоры, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы Райымбек Айтубай досына деген жүрекжарды тілегін айтып, өзі жазған «Қазығұрт ауданының энциклопедиясы» кітабын, қойын дәптер мен қаламсап сыйлады.
Өз кезегінде сөз алған Арыс қаласынан келген қаламдас, замандас достары – Арыс қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Арыс қаласының Құрметті азаматы Маханбет Төлебеков, мүсінші, суретші Мүтәліп Күздеубаев, жазушы, фармацевт, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі Тұйғынбек Әлжігіт, ақын, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Садықбек Адамбеков атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің жетекшісі, Арыс қаласының Құрметті азаматы Темірхан Әбдік, ақындар – Жаңыл Қансейітова, Роза Сұлтанәлиева, Жиделі жалпы орта білім беретін мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Төрегелдиева кеш кейіпкерінің кішіпейіл мінезді, ерен еңбексүйгіш, пейілі таза, кәсіби журналистік әмбебап қырлары жайлы сөз сөйлеп, жүрекжарды ыстық лебіздерін жарыса жеткізді. Достары атынан кеш иесіне арналған «Сыйлы адам» әні шырқалып, жаңа әннің тұсауы кесілді. Бұл әннің сөзін ақын Роза Сұлтанәлиева, әнін сазгер Үсен Абдуллаев жазған. Ал әнді ерлі-зайыпты Үсен және Гүлбаршын Абдуллаевтар орындады.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университеті филология факультеті журналистика бөлімінің студенттері – Ақмарал Бөрікбай, Таңшолпан Рахматулла, Аяжан Әбутәліп, Нұрдәулет Бижанов, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті филология факультетінің студентері – Айжан Омарбекова, Мерей Әбжаппар, Аружан Нәби, кітапханашылар – Нысанкүл Сейдахметова, Нұрай Дастан өздерінің «Журналист жолы» кітабынан алған әсерлерімен бөлісті. Сөз орайы келгенде Әбдімәлік Ағыбайдың бұл кітабы болашақ журналистер мен тіл мамандары үшін шеберлік сабағын жүргізгенмен бірдей дүние екенін баса айтуымыз керек.
Іс-шара барысында ән-күйден шашу шашылды. Шымкент қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері, әнші, сазгер, республикалық термешілер байқауының лауреаты Құнанбай Бәйтенов баянның сүйемелдеуімен тәлімі мол терме орындады. «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің шәкірттері – Құралбай Архат, Арыстанбек Марғұлан орындаған күйлер де көпшіліктің көңілінен шықты. Шымкент саз колледжі «Дәстүрлі ән» бөлімінің студенттері -- Іңкәр Шыныбек, Мүслима Мерей шырқаған халық әндері тыңдармандарды бір серпілтіп тастады. Кітапханашы Талиға Наханованың ана туралы әні жұртшылықтың жүрек төрінен орын алғаны шүбәсіз дер едік.
Соңында кеш кейіпкері өзінің журналистік іс-тәжірибесімен бөлісіп, студенттер тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайырды. Аталмыш іс-шараға белсене қатысқан өнерпаз жастарға Алғыс хат табыс етті. Әсерлі де мазмұнды өткен кеште кітапхана директоры Раушан Бабажанова қорытынды сөз сөйледі. Ол Әбдімәлік Ағыбайға естелік сыйлық пен әлеуметтік желіде жарияланған жазбаларынан құрастырылған кітапшалар тарту етті. Ұзын сөздің қысқасы, қаламы жүйрік журналистің бұл кешін үлкен-кішіге бірдей тағылымы мол шара деп қабылдауымызға әбден болады.
Бәріміз жақсы білетін, сыйлап, құрметтейтін Әбдімәлік Ағыбай –осындай ізгі ниетті ақжарқын жан. Көпшілік қатары біз де оған ұзақ та бақытты ғұмыр, зор денсаулық, шығармашылық шабыт, мол табыс тілеп қаламыз.
Өмірдерек
Әбдімәлік Садықұлы Ағыбай 1960 жылы 11 сәуірде қазіргі Түркістан облысының Арыс қаласына қарасты Шағыр стансасында теміржолшының отбасында дүниеге келген. Анасы – Әлима Зарқынқызы үй шаруасы мен перзенттерінің тәлім-тәрбиесімен айналысқан мейірімді жан еді. Әбдімәліктің оқушы кезінің өзінде-ақ Арыс қалалық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Арыс ақиқаты»), республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде мақалалары мен фотосуреттері жарық көрген. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген.
Шардара аудандық «Өскен өңір», қалалық «Арыс ақиқаты», республикалық «Жұдырақ» сын-сықақ, тәуелсіз «Барыс», қалалық «Шымкент келбеті», облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде қызмет істеген. 2005 жылдың 31 мамырынан бері «Арыс ақиқаты» газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры -- Бас редакторы қызметін атқаруда. Арыс қалалық мәслихаты ІІІ шақырылымының депутаты. VI, VII, IX, XI, XII, XIII Еуразия Медиа форумдарының делегаты. Қазақстаннның Құрметті журналисі. «Құрмет» орденінің, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасының мәслихатына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасының мәслихатына – 25 жыл» мерейтойлық медальдарының, Бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері. Арыс қаласының Құрметті азаматы. Бұдан бөлек бір топ достары аты-жөндерінің бас әрпінен тұратын «ТАЙМА» деп аталатын қоғамдық бірлестік құрып, тәуелсіз газет те шығарған. Олар: Тұйғынбек Әлжігіт, Айдар Биболов, Инаят Төленбаев, Махамбет Төлебеков, Ағыбай Әбдімәлік болатын.
Әбдімәлік Ағыбай – «Арыс – Орталық Азия қақпасы» атты тарихи-танымдық көркемсуретті кітабының; «Арыс» тарихи-танымдық көркемсуретті кітабының; «Арыс» энциклопедиясының; «Жалындап өткен жас ғұмыр», «Жиырма бес жылдың жылнамасы», «Арыс қалалық мәслихатына – 20 жыл»; «Біздер жүрген жолдар», «Журналист жолы», «Ажарланған, абаттанған Арыс» фотоальбомы кітаптарының авторы. Есімі «Оңтүстік Қазақстанның шығармашыл зиялылары» кітабына енген.
Әбдісаттар ӘЛІП,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Шымкент қаласы