Қалам қуатын ел мүддесіне жұмсады
2024 ж. 11 қараша
506
0
Газетте жұмыс істейтіндіктен қазақтың әрбір ақын-жазушысының, өзге де зиялы қауым өкілінің өмірі көз алдымызда өтіп жатқандай көрінеді. «Дүние керуен» айдарымен берілетін әрбір қазанаманы оқыған сайын қазақтың жақсысы мен жайсаңы қатарының сиреп бара жатқаны көңіл құлазытатыны жасырын емес. Десе де, дәл осы сәтте жаны жайсаң Зейнолла ағамыз туралы естелік жазамыз деген ой үш ұйқтасақ түсімізге кірмепті.
Бірге жұмыс істейтін әріптесіміз ғана емес, жаны ізгі ағамыз еді Зейнолла ағай. Оқырман қауым хабардар болуы үшін ол кісінің өмір жолына аз-кем үңіле кеткенді жөн санадым.
Зейнолла Абажан 1953 жылы 2 қаңтарда Павлодар облысы Ертіс ауданы Иса Байзақов кеңшарының «Үлгілі» ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Ертіс қазақ орта мектебін бітіріп, 1971-73 жылдар әскер қатарында өзінің азаматтық борышын абыроймен өтеп қайтады.
Қазақ ұлттық университетін бітірген соң «Қазақфильм» киностудясында, «Жетісу», «Алматы ақшамы» «Өркен», «Қазақ әдебиеті», «Заң», «Дала мен қала» газеттерінде қызмет атқарды. Республикаға аты мәлім осынау басылымдарда жұмыс істеген Зейнолла Қабиоллаұлы «Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының бірінші орынбасары болды.
– Біздің газеттің аты – «Қазақ үні» болғандықтан, біздің ең бірінші, әрі ең негізгі міндетіміз – қазақтың үнін, халықтың үнін көпке жеткізу, – дейтін ағайымыз.
Әсіресе, сан түрлі сауалмен редакцияның есігін қағатын оқырмандарымыздың ділгірлігіне бей-жай қарамай, әрқайсысының мұң-мұқтажын тыңдап, оларды толғандырған мәселелердің оң шешімін табуына қалам қуатымен ықпал етіп жататын. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «ҚР ақпарат ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері атанып жүргені де өз ісінің білікті маманы екендігін көрсетсе керек.
Ағамыз зейнетке шықса да қоғамда орын алған келеңсіз құбылыстардың әрбіріне терең үңіліп, қалам тербейтін. Әсіресе, «Құмсағат» айдарымен берілетін сараптамалық мақалалары да ешқашан өзінің құндылығын жоғалтпайтын сүбелі туындылар. Бұлай дейтін себебіміз, Зейнолла ағайдың әрбір мақаласында халықтың талап-тілегін жеткізіп, қоғамның шынайы бет-бейнесін көрсете білетін.
Өзі тұратын Ұлжан ықшамауданының қажетті барлық әлеуметтік инфрақұылыммен қамтамасыз ету жолында өзінің күш-қайраты мен ерік жігерін аямады. Тіпті, аурухана, мектеп сынды ел өміріндегі маңызды нысандардың бой көтеруіне ықпал етіп, табандылық танытты. Ол кісінің көзі тірісінде атқарған осындай ауқымды істерін жыр ғып айтып жүрген ауыл жұртшылығы ағайдың өзі тұрған Ұлжан ықшамауданы Күреңқұлақ көшесіне Зейнолла Абажан көшесі деп атын беруді тиісті орындарға хат жазып, сұрап жатқан жайы бар. Мұның өзі Зейнолла ағайдың қатардағы журналист емес, қаламының қуатты, өзінің қайратты, ерік-жігерінің мықты екендігін көрсетеді.
Қайбір жылы тұңғышымыз Алматыдағы гимназиялардың бірінің табалдырығын аттайтын кезде де тіркеу қажеттілігі туындағанда да, Әділет жеңгеміз екеуі бірге келіп үйлеріне тіркеуге қойып қолдау көрсеткені бар.
Қала берді жаңадан үй салған жылдары жарық, жылу кіргізу жағы да әжептеуір қиындық туғызған-ды. Сондай қысылтаяң шақтарда да Зекеңнің тиісті мекеме қызметкерлерімен қалай сөйлесу керектігіне дейін үйретіп жібергені-ді. «Ұстаздан шәкірт озар» деп оның бәрі де өз нәтижесін берген-ді.
Иә, «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, Зейнолла Абажан есімі өз оқырмандарымен бірге жасай беретіні анық. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торпқа болсын, жан жайсаң жақсы адам!
Гүлмира САДЫҚ,
журналист