ЖЕР ҮШІН БӘЙГЕГЕ БАС ТІККЕН
2024 ж. 31 қазан
1007
0
Нұртас Оңдасынов – 120
Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары
ЖЕР ҮШІН БӘЙГЕГЕ БАС ТІККЕН
Ата-бабаларымыздың Қазақтың ұлан-ғайыр даласын ғасырлар бойы ақ найзаның ұшымен, ақ белектің ұшымен қорғап, қаншама қан төккені тарихтан мәлім. Біршама бейбіт заманалардың өзінде озбыр күштердің небір лаңды салып, шапса құлан тұяғы тозатын, ұшса қыран қанаты талатын осынау шетсіз-шексіз сахараны қалайда иемденіп қалуға ұмтылып баққаны да аян. Бірақ халық бағына туған аймаңдай ұлдар осы қастерлі, қасиетті жерді жан сала сақтап қалып отырған екен. Мұндайда сонау 1920 жылы «революция көсемі» Лениннің өзімен тайталасып, еліміздің 3 млн. 390 мың шақырымдық аумағын қорғап, картаға түсірткен Алаш серкелерінің бірі Әлімхан Ермеков әкеміз еске түседі.
Ұлт мүддесі жолында жанқиярлық ерлік көрсетіп өткен осындай арда перзенттердің және бірі Нұртас Оңдасынов еді.
1961 жылдың наурызында Никита Хрущевтің Дінмұхамед Қонаевқа: «Тың игеру ісіне кеш кіріскеніміз үлкен қателігіміз болды. Бұған бәрінен бұрын Скворцов пен Шаяхметов, Оңдасыновтар кінәлі!» деуі тегін емес-тін. Өйткені, ол мақталы өлкемізді Өзбекстанға, мұнайлы аймақты түркімендерге, ал астықты бес облысымызды «Целинный край» деп, тұтасымен ашықтан-ашық Ресей құрамына қосуды діттеген еді.
Міне, солақай саясат сайын сахараны тізеге салып тартып алуға қайта-қайта әрекет жасағанда бұ кісілер үнемі қасқайып қарсы шыққан. Әсіресе, Нұртас Оңдасынов Қазақ жерін бөлшектеуге көнбей, отаршылдыққа төзбей, Отанды қорғауды ғұмырлық мұрат тұтқан. Қазақша айтсақ, басын бәйгеге тіккен. Алайда әділетсіз билік оны ақыры қызметтен кетіріп тынады.
Ендеше туған халқының да бүкіл өмірін ел мүддесі жолына салған осындай айтөбел ұлдарын бір сәт те ұмытпай ұрпаққа үлгі қылатыны сол себептен де шығар.
Асылы ОСМАН,
ғалым, қоғам қайраткері
АДАЛДЫҚТЫҢ ҮЛГІСІНДЕЙ АРДА АЗАМАТ
Түріктің еңкеймей кірер еңселі ордасы болған, қазақтың қорғаны болған, құт дарыған киелі де, қасиетті Түркістан өңірінде Нұртас Оңдасынов келген өмірге. Адалдықтың ақ жалауын желбіреткен, ұлы сөзін ұлтына, жылы сөзін жұртына айтқан антына адал, сөзіне берік айтулы біртуар тұлғаның туғанына 120 жыл толуына орай өткізіліп отырған мерейтой құтты болсын. Бұл қазақ елінің ортақ қуанышы.
Нұртас Оңдасынов – ұлтының мақтанышы. Бұл ретте алқалы жиынға қсатысуға бастамашы болған Нұртас Оңдасынов әлеміне терең зерттеу жүргізіп, еңбегін өндіре жазып, қаншама оқылымды, танымдық маңызы, тәлімді мәні бар кітаптармен көпке таныта білген белгілі қазақтың қайсар да қайырымды қызы, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қаламгер, оңдасыновтанушы Гүлсім Оразалықызына алғысым шексіз.
«Шөптің жақсысы – селеу, көптің жақсысы – елеу дегендей, елеп ескеріп, осынау алқалы жиынға шақырғаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың біртуар тұлға Нұртас Оңдпасыновтың мерейтойын туған елінде жоғары деңгейде атап өтуіне мұрындық болғаны үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Мемлекет басшысының сарабдал саясатын жүзеге асырып отырған Түркістан облысының басшысына да қосшысына да жұмыстарыңыз жемісті болсын деп рахмет айтамын. Қасиетті Түркістанның тізгінін ұстаған Дархан Сатыбалдыдай іскер адам, жақсы бастық, еліне құт болып тұр деп білемін. Топырағына табаным тиген, сүйем жері сүйкімді, қадам жері қасиетті бір уыс топырағы киелі, Түркістанның сұлулығына тамсанып, сұлулығына бас иемін. Не құдірет екені қайдам, Түркістан туралы есте қалған есті сөз жадымда жатталып қалыпты. Сонау, 1959 жылы Сырбай Мәуленов: «Түркістанды Гүлстан демей немене?» деген болатын. Гүлстанға айналған Түркістан гүлденіп, түрлене берсін! Түріктің бағына, қазақтың ниетіне Құдай тіл көзден сақтасын! Әумин!
Әркімде бір жүрек бар. Бірақ әр жүректің жылуы әртүрлі. Ал бүкіл саналы ғұмырын, халқына адал қызмет етуге арнаған Нұртас Оңдасыновтың жүрек жылуы төңірегіне нұрлы шапағатты шуағын шашқан, мейрімді де қайрымды, таза кеңдігі мен кемелдігі бірдей жүрек. Ол халқын ардақтап, достықты дәріптейтін, жөні бөлек, өзі дара, тұла бойы сұлулыққа, жан дүниесі жылулыққа толы жаратылысы бөлек жан. Жасандылығы жоқ, адалдықтан аспайтын, кісілігі мол, кішілігі зор, болмысы бөлек, шыбықтан шынар, шынардан мұнар болған тумысынан таза, арамдықтан ада, тиянақты, нағыз жаны да қаны да, ары да, таза жүректің иесі. Дархандығы даласынан дарыған тектілікке бабасынан жарыған, есімі үлкен әріппен жпзылатын қасиетті жанның жан Нұртас Дәндібайұлының жаны жәннатта болсын.
Қазақтың байтақ даласының самалы маңдайынан сүйген Нұртас Оңдасынов дегенде, елең етпейтін қазақ жоқ. Өйткені, ол халқына етене жақын болды. Елім деген презенттерді тамыршыдай дөп басып танып, олардың өсуіне тікелей ықпал етті. Қиын кезеңнің қиуын тауып, бастарына бақ қондырып, астарына тақ орнатқан тұңғыш үкімет басшысы. Ол туған елі үшін күш-жігерін аямаған, қоғамды дамытуға еңсесін тіктеуге өлшеусіз үлес қосқан жан. Айрықша есте қалған, қайтпас қайраттылық, таймас табандылық, айнымас адалдық, саналы сергектік, оқшау өмір иесі, осындай таңдаулы тұлғаларымыздың тағылымды өмірінен бүгінгі өскелең ұрпақ өнеге алары сөзсіз.
Нұртас Оңдасынов көреген көшбасшысы болды. Ол өміріндегі қателігін де, жақсы қасиеттерін де жұрттан жасырмады. Тұңғыш дарынды мемлекет басшысы Нұртас Дәндібайұлы: «Үш нәрседен тазамын дейді. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып, біреуге нақақтан нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін. Пара алған да, берген де емеспін қолым таза деген. 1937-1938 жылдары қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойып, арыз жазған емеспін, арым таза. Үшіншіден адамдарды руға, жүзге бөлген емеспін, жүзім таза деген болатын. Тазалығын ғана айтып қоймай, өзінің үш қателігін де Гүлсім Оразалықызына айтып кетіпті. Біріншісі, Гурьев облысынан зейнеткерлікке шығып, Мәскеуге көштім. Ел-жұртымды сағынып жүрмін. Қателігім – Алматыға көшпегендігім. Екінші қателігім – сөздіктерімді жалғастыратын өзіме шәкірт дайындамағаным. Үшінші қателігім –балаларымның қазақ тілін білмеуінде. Бұл үлкен қателік екенін де білемін. Әйелім орыс болды да, балалар анасының ықпалында кетті. Ұлттық дәстүр, салт-сананы бойлпарына сіңіре алмады. Ол үшін халқымның алдында кінәлімін. Кешірім сұраймын» деген болатын
Баласының ана тілін білмегені үшін халықтан кешірім сұраған бірінші қазақ, тұңғыш басшы Нұртас Оңдасынов. Бұдан артық ерлік, бұдан артық көрегенділік, бұдан артық адами асыл қасиет бола ма? Өйткені, ар өлшемі –тіл. Соны ұға білген жан. Нұртас Оңдасынов ұлт үшін қазаққа ой салып кеткен, тазалықтың этолоны бола білген арда азамат еді. Ұлт мәдениеті мен салт-дәстүріне сіңірген ұшан теңіз еңбегін бағалау, оның өмір жолын насихаттау – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Тұғырлы тұлғаның өнегелі өмірі жас ұрпаққа үлгі екені сөзсіз. Сондықтан да, Оңдасыновтың үлкенге де, кішіге де ойсалар сөздерін жоғары оқу орындарына, колледждерге, орта мектептерге жазып қою қажет.
Нұртас Оңдасыновтың есімі еліміздегі жоғары оқу орындарының біріне және Алматы қаласындағы мектептерге берілсе деген ұсынысымды айтқым келеді.
Оразкүл АСАНҒАЗЫҚЫЗЫ,
қоғам қайраткері
ӨМІРІНІҢ ӨЗІ – ӨНЕГЕ
Қазақтың біртуар тұлғасы бейнесін жас ұрпақ санасына сіңіру үшін мектеп бағдарламасына Тұлғатану пәнін қоссақ та артықтық етпейді. Тіпті, керемет болады. Рас, бізде кезінде Өзін-өзі тану деген пән болды. Өкінішке қарай, ол бағдарлама біздің ұлттық ұстанымыға сәйкеспейтін Порфирий Иванов әдісі бойынша жүргізілді. Сол себептен, Тұлғатану сабағын Әдебиет, Тарих пәндерімен ұштастыра жүргізу қажет деген ой туады. Осы жәйт бүгінгі дүбірлі іс-шара барысында Оқу-ағарту министрлігіне ұсынылуы қажет деп санаймын. Нұртас Дәндібайұлының өзі жазып қалдырған өмірбаянынан білетініміздей, болашақ мемлекет қайраткері өз анасынан үш жасында жетім қалыпты. Дегенмен, болғалы тұрған алғыр ұланды мәпелеп бағып-қаққан екінші шешесі «мынау кімнің баласы» дегенде, менікі демей, Нұртастың марқұм өз анасының атын атайды екен. Себебі, о кісі халық арасында өте сыйлы, беделді жан болса керек. Жазушы Советхан Ғаббасовтың айтатынындай, перзент ана құрсағына біткенде тәннің он екі мүшесімен бірге жанның он екі арнасы қалыптасатын көрінеді. Ал «жанның он екі арнасы» дегеніміз – түйсік, ар, ұят, сүю, мінез, қабылет, зерде және есту, көру, сезу болса, осының бәрі ана құрсағында түзілмекші. Сондықтан да, біз жоғары сыныптағы, колледж, институт, университетте оқитын қыздар өзінің кәсіби білімін игеруімен қатар Ана болу ілімін де осында жүріп меңгере бастауы керек деген пікірдеміз. Дана Мәшһүр-Жүсіп бабамыз «Зәру білім алу керек» дейді екен. Бұл – адамның қанын сақтау, арын сақтау, малын сақтау, ұрпағын сақтауға қатысты айтылатын сөз көрінеді. Міне, осыларға баулитын ілімді мектепте оқыту керек емес пе. Яғни, бұлар арнайы пән ретінде болмаса да, факультатив сабақ ретінде оқытылуы тиіс деп санаймыз.
Жарылқасын Әзіретбергенов,
Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы
АТАҚТЫ АҒАМЫЗДЫҢ ШАПАҒАТЫ
Нұрекең зейнеткерлікке шыққанға дейін өзінің туған ауылына, жерлестеріне аса қарайласа қоймаған жан екен. Барлық күш-жігерін жалпы Қазақ елінің игілігі жолына сарп еткен адам. Дегенмен, ылғи назардан қағажу қала беретін алақандай елдімекеннің мұң-мұқтажы жанына батып жүретін болса керек, бірде Алматыға жолы түскенде сол кездегі Қазақ ССР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағидолла Құбашевке кіріпті. Сөйтіп, ел тұтқасын ұстап ат үстінде жүргенде кіндік қаны тамған «Амангелді» колхозына зәредей көмегі болмағанын баяндайды. Ұзақ жылдар ауқымды, маңызды шаруадан қолы тимеуімен қатар, «жершіл» деген атқа қалудан сақтанса да керек. Жасы ұлғайған шақта осы жәйтті кейбір жерлес ақсақалдар өзіне өкпе-наз ретінде сездірген де сияқты. Нұрағаң Үкімет төрағасы орынбасарына бұл жағдайды сыр қылып ашып, лауазым иесіне бұйымтай айтады. Сағидолла Құбашұлы көп ұзамай төрт министрмен аталған колхоз жағдайын өркендетуге қатысты ақылдасады. Нәтижеде арнайы бағдарлама құрылады. Өзім дәл осы тұста партия комитетінің хатшысы едім, осынау жаңалықты жеткізіп, Нұртас Дәндібайұлын қуантқаным есімде. Қысқасы, колхоз аумағынан 1700-2000 метр көлеміндегі екі ұңғыма қазылып, жабдықталды. Су құбыры салынды. Үш қабатты, 646 орындық жаңа типті мектеп құрылысы бой көтерді. Он екі шақырымдық асфальт жол төселді. Екі көшеге қоса бір мың гектар инженерлік жүйедегі егістік жер дайындалып, магистралды суландыру каналына қосылды. Шаруашылықтың төрт бүйірінен төрт құдық қазылып, ауыл ауыз суға қарық болумен бірге ыстық сумен де қамтылды. Түркістан шаһары мен екі аралыққа даңғыл жол төселді. Мақта егуге де мың гектардай алқап дайындалады. Осылайша, төрт-бес жыл айналасында шағын ауыл жайнап шыға келген жайы бар.
Сонау 1990 жылдың желтоқсанында сол кездегі Орталық партия комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке Нұртас ағамыздың туған жері «Амангелді» колхозының атын «Нұртас ауылы» деп өзгертсек қайтеді деген ұсынысымды айттым. Бұл ой Өзекеңнің көкейіне қонды, тек мұны жергілікті тұрғындардың атынан хатқа түсіру қажеттігін ескертті. Мен дереу сол жерде-ақ Нұрекеңнің қысқаша өмірбаянын түзіп, хат соңына «бір топ колхозшы атынан» деп қол қойдым. Арада жарты жылдай уақыт өткенде телефон арқылы Өзекең хабарласып:
– Сіздің ұсыныңыз қабылданды. «Амангелді» колхозының аты «Нұртас ауылы» болып өзгертілді. Баяғыда Қазақ елінің түкпір-түкпіріндегі барлық дерлік елді-мекен «колхоз», «совхоз», «поселок», «село» деп аталып кеткен еді, енді жер-жердің бәрінде бұрынғыша ауылдар пайда болады, – деді.
Сөйтіп мен шаһардағы автобус паркіне жетіп, ауылымызға қатынайтын көлік жүргізушісіне:
– Маңдайшаңдағы «Амангелді» колхозы дегенді өшіріп, «Нұртас ауылы» деп жаз, – дедім.
Осыдан соң-ақ ауылымыз ресми «Нұртас ауылы» деп аталатын болды.
Бүгінде мұндағы ағайындар өздерінің әйгілі жерлестерінің арқасында шағын қоныстарының аты бүкіл Қазақ еліне танылып, еңбектерінің рахатын көріп, бұйырған нәсібінің жемісін теріп жеп отыр.