Адамгершілік асыл қасиеттердің абыз жыршысы
2024 ж. 10 қазан
5523
1
Биыл 2024 жылы 27 қыркүйекте Ақтау қаласында қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған қаламгерлер мен қайраткерлер, ғалымдар, ұлт зиялылары қатысты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып беріп, Әбіш Кекілбайұлы туралы кеңінен толғады.
Бұған дейін ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма хатшысы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның "АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АБЫЗ" атты мақаласын жариялаған болатынбыз.
Енді оқырман назарына М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, Филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Матыжановтың мақаласын ұсынамыз.
***
«Әбіш Кекілбаев – біздің халқымыздың рухани әлеуетін әлем алдында айқара ашуға мүмкіндік беретін алып тұлғаларымыздың бірі де бірегейі. Заңғар қаламгердің шығармашылығы – қазақ рухының асқақ көрінісі. Жазушы кітаптарын оқыған адам халқымыздың жан дүниесін, ойлау жүйесін, әсемдік әлемін тереңірек тани түседі, ұлтымыздың ұлылығын ұғынады. Әбіш әлемі мұхиттай терең, оның сан-салалы мұрасы аса ауқымды, көп қырлы, мол мағыналы».
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті
Шынында да, Әбіш Кекілбайұлы – көп қырлы талант иесі. Ол – драматург, ол – ақын, ол – аудармашы, ол – сыншы, ол – көсемсөзші. Проза, поэзия, аударма, драматургия, сын, көсемсөз, шешенсөз жанрларының өз заманындағы жел жетпес жүйрігі. Бұл санатқа Әбіш Кекілбайұлының саясаткерлігін қосыңыз. Мұның бәрі тұтаса келіп, аңыз Әбіштің, абыз Әбіштің бүтін бітімін, тау тұлғасын кескіндейді.
Әбіш туралы сөз қозғау әрі оңай, әрі қиын. Оңай болатыны, оның шығармашылық әлемі кең де, сан қырлы. Қай қырынан бастасаңыз да жайылып сала береді. Әбіштің қаламының ұшы тимеген тақырып аз. Тарихтың терең қатпарларынан тартып заманымыздың іргелі һәм күрделі мәселелеріне дейін қаузай білген қарымды қаламгер.
Қиын болатыны, Әбіштің қай жазбасының да ойшылдықпен, ділмарлықпен суарылған теңіздей тереңдігі, тау жықпылындай күрделілігі. Оның мәнін ашып, табиғатын тану үшін де, таныту үшін де адамға шалқар білім, қажырлы еңбек пен ұшқыр байқампаздық керек. Әбіш Кекілбайұлының көпқырлылығы туралы сөз еткенде, оның Мұхтар Әуезовтің шәкірті болғанын айтпай кетпеуге болмайды. Кемеңгер ағасының тәлімін алып, тағылымын түйді. Ұстазы жүрген жолмен жүрді. Ол құлаш сермеген биіктерге ұмтылды. Сөйтіп, ұстазы секілді бар қазақтың қазыналы қайраткеріне айналды. Әуезов «жыл келгендей жаңалық сеземіз» дегенде Әбіштей шәкірттерінен мол үміт күткендіктен айтқанын да білеміз. Жә, заңғар Әуезов «Абай жолында» Құнанбай бейнесін Қаратай, Бөжей, Байсалдардың аузына сөз сала отырып ашатыны бар емес пе?! Олар не деп еді? «Өзіміз көргенде мырза кім, шешен кім, жақсы кім?» – деп, “шешен де, мырза да, жақсы да Құнанбай” деген тоқтамға келмеп пе еді?.. Сол сияқты, Тәуелсіз Қазақстанның рухани-мәдени өмірінде мырза да, жақсы да, шешен де, көсем де – Әбіш Кекілбайұлы бола білді. Ол мұны зерлі сөзімен де, өнегелі ісімен де дәлелдеді. Әрқашан пәтуалы сөздің, нәтижелі істің басында жүрді. Қолындағы қару-қаламы да бір тыным тапқан жоқ: ел мен жердің түйткілді мәселелерін жеріне жеткізіп жазып, жетесіне жеткізе отырып шешуге атсалысты. Әбіштің ең үлкен ерлігі – осындай сан түрлі соқпақта «мыңмен жалғыз алыса» жүріп азаматтық арына, халқының алдындағы қаламгерлік парызына шіркеу түсірмеуі. Қашанда адамгершілік асыл қасиеттерді ту етіп көтеріп, кісілік келбетін жоғалтпауында.
Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығы ар алдындағы адалдық, ештеңеге де, ешкімге де тәуелсіз ой мен сөз еркіндігі, әділеттілік, адамды сүю, мейірім мен жанашырлық, өз халқыңның тілі мен ділін, мәдениеті мен өнерін шексіз сүю сынды құндылықтардың аясында қарағанда ғана құлашы ашылады деп ойлаймыз. Себебі, ол саналы ғұмыры мен бүкіл шығармашылығына аталмыш құндылықтарды арқау етті. Ұлт рухымен тұтасып, ұлт жазушысы, ұлт қайраткері болу құндылықтардан бастау алып, өркен жаяды. Ол өз ұлтының ұпайы түгел, терезесі тең, еңсесі биік, болашағы жарқын, өркениетті елдердің алдыңғы легінде мен болуы жолында аянбай қызмет етті.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастау алатын Әбіш қаламынан туған тарихи шығармалардың түп-өзегінде елдің бостандыққа деген арман-аңсары жатса, еліміз егемен ел болған тұста ол қаламымен жазғанды қолымен істеу үшін үлкен саясатқа араласты. Тіл үшін тіресті, ұлт рухы үшін күресті. Қай кезде де тәуелсіздігімізді баянды ету жолында алдыңғы шепте аянбай еңбек етті. Елде тарихи әділеттілік орнамай ынтымақ болмайтынын, ынтымақ болмай жұрт берекесінен айырылатынын, береке-бірлік жоқ жерде мәдениет те, әдебиет те, шын өнер де тұрақ таппайтынын терең түйсінген Әбіш жас тәуелсіз мемлекеттің ынтымағының артып, береке-бірлігінің күшейіп, әлемдік өркениеттің даңғыл жолына түсуіне қаламымен де, қайратымен де өлшеусіз үлес қосты, талмай күресті.
Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық әлемі – оның адами болмысының, қайраткерлік келбетінің, азаматтық бейнесінің, ішкі рухани тереңінің өз сөзімен салынған сұлу суреті іспеттес. Сондықтан, Әбіш әлеміне тереңірек бойлағысы келген адам оның шығармашылығына, оның ішінде, ең алдымен, көркем прозасын ой көзімен түсіне, түйсіне оқуы керек деп ойлаймыз.
ХХ ғасырды қазақ әдебиетінің алтын дәуірі десек, сол алтын дәуірде Әбіш Кекілбайұлының орны алабөтен. Өйткені, ол – қазақтың қара сөзінің қасиетін терең ұғынған, бойына сіңірген жазушы. Ол сөзбен тарихтың тамырын бүлкілдетіп, бүгіннің жүрегін шымырлатып, болашақтың бейнесін көз алдыңа алып келетін шашасына шаң жуытпайтын шешен, сөз зергері бола білді. Оның ауызша сөйлеген сөздерінің өзі ақ өлең үлгісінде ағылған сөз маржаны болатын. Қазақтың ескі сөзін тірілтіп, бар сөзіне жан бітіріп, қара сөздің өзін асыл сөзге айналдырып, қазақтың қоңыр домбырасындай күмбірлетіп, тыңдарманның құлағының құрышын қандаратын. Академик С. Қирабаевтың қаламгердің азалау жиынында тебіреніп тұрып: «Әбіш – қазақтың ұлы билерінің сарқыты еді” деп күңіренуі де сондықтан болар.
1962 жылы жарық көрген «Алтын шуақ» өлеңдер жинағынан басталған ұзақ та берекелі шығармашылық сапарда қарымды қаламгер «Бір шөкім бұлт» (1965), «Дала балладалары» (1967), «Дәуірмен бетпе-бет» (1972), «Тырау-тырау тырналар» (1974), «Бір уыс топырақ» (1974), «Құс қанаты» (1978), «Ұйқыдан оянған ару» (1979), «Үркер» (1981), «Шыңырау» (1982), «Елең-алаң» (1984), «Заманмен сұхбат» (1994), «Дүние-ғапыл» (1999), «Үш белес» (2001) сынды кітаптарымен қазақтың әдебиетінің қазынасын байыта түсті. 1999 жылы жарық көрген он екі томдық шығармалар жинағы мен 2013 жылы жарыққа шыққан жиырма томдық шығармалар жинағын қалың оқырман ыстық ықыласпен қабылдады. Шығармашылық ғұмырында сөз зергерінің жалпы саны 40-тан астам кітабы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлы өзінің тарихи тақырыптағы көркем шығармаларымен қазақтың тарихи жадын жаңғыртты. Ұлттың рухын көтерді. Халықты шабыттандырды, өзін-өзі тереңірек тануына жол ашты. Әлеуметтік тақырыптарды қаузай отырып қоғамның көкейкесті мәселелеріне психологиялық һәм философиялық тұрғыдан талдау жасады. Оның шығармашылығында қазақ өмірінің тұтас галериясы жатыр. Өткен тарих та, бүгінгі тұрмыс та, ауыл жайы да, қала мәселесі де – бәрі де бар. Содан да болар, көрнекті әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев жазушының шығармашылығы туралы айтқанда: «Біз аталмыш дүниелерді жазылуына қарап емес, жаңа қордалы да қолатты ойлар құшағына бөлегені үшін ұмыта алмаймыз. Әбіштің әр сөйлемін, әрбір суреттеуі мен баяндауын қалт жібермей қадалып, қадағалап оқумыз керек», – деген болатын. Сыншының осы пікірі әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Себебі, Әбішті оқи отырып оқырман өзін танып, сөзін түзейді; ойын ұштап, бойын дұрыстайды. Ұстазы М.Әуезовтің «Кітапты сынайтын оқырман болатыны сияқты, оқырманды да сынайтын кітаптар болады» деген қанатты сөзін еске алсақ, Әбіштің қаламынан туған туындылар да оқырманын сынайды, интеллектуалдық деңгейін өлшейді. Ардың, адамшылықтың таразысы іспеттес. Ондай шығарманы оқу да адамнан үлкен ыждағаттылықты, жан-жақты дайындықты талап ететіні анық.
Жазушының шығармашылық мұрасы алыс-жақын шетелдерде де жақсы қабылданды. Оның шығармалары ағылшын, орыс, неміс, француз, грек, испан, италиян, моңғол, парсы, серб, хорват, түрік, украин, мажар, болгар, чех, эстон, қырғыз, өзбек, башқұрт, татар тілдеріне аударылды. Әсіресе, әр ісіне ұқыпты алман жұртының әр сөзіне ұқыпты қазақ жазушысының шығармаларына деген қызығушылығы бәсеңсіген емес. Оның себебі де жоқ емес. Әбіш Кекілбайұлының 1975 жылы орыс тілінде Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан шыққан «Дала балладалары» атты кітабы жыл өтпей Берлин қаласында неміс тілінде жарық көріп, оған Клаус Шнайдер, Герберд Кремпиен, Леонард Кошут, Зигфрид Клейнмихель, Рольф Шредер, Леонора Вайст, Вольгард Бодэ, Гельмут Земке сынды сыншылары жоғары бағалаған болатын. Германияның кітап баспасы неміс қоғамында сауалнама жүргізіп, ХХ ғасырдың үздік жазушыларын анықтайды. Аталмыш тізімге Әбіш Кекілбайұлы есімінің кіруі сөзіміздің айғағы болса керек. Сонымен қатар, Еуропа ұйымдары жасаған «Соңғы 100 жылдағы әлемнің ең үздік 100 жазушысы» деген тізімде Толстой, Достоевский, Чехов, Маркес, Хэмиңуэй сынды кіл классиктің қатарында Әбіштің де есімі тұрғаны исі қазаққа мақтаныш емес пе!?. Осылайша, Әбіш шығармалары қазақ ұлтының паспорты секілді, халқымыздың қазыналы салтын, терең тарихын, нәзік өнерін әлем жұртшылығына паш етті.
Маңғаз Маңғыстаудың әр тасының астында таудай тарих тұнып тұр. Әбіш Кекілбайұлы сол қасиетті тарихты көркем де кестелі тілмен «шекпен жауып», қарға тамырлы қазаққа қайта ұсынды. Тарихта өткен ұлы тұлғалардың көркем бейнесін жасай жүріп, өзі де ұлылардың қатарына қосылып үлгергенін байқамай қалған болар-ау. «Үркер», «Елең-алаң», «Ханша дария хикаясы», «Аңыздың ақыры» секілді шығармалары жекелеген тарихи тұлғалардың ғана емес, мына сайын сахараның, маңғаз даланың көркем шежіресі деуге тұрарлық дүниелер.
«Үркер» мен «Елең-алаңда» жазушы қазақ тарихындағы қиын-қыстау кезеңдер Әбілқайыр ханның бейнесі арқылы танылады. Оқиғалар Әбілқайырдың толғаныстарымен байланыстырыла өрбиді. Романнан біз сол дәуірдегі геосаяси жағдайды танимыз. Елімізге ішкі және сыртқы жаулар анталап тұрған кез-тін. Бір жағынан, рубасылардың алауыздығы, бір жағынан, жоңғар, қалмақ, казак, түрікмен, Хиуа шапқыншылығынан көз ашпай жатқан тұста Әбілқайыр Ресейдің қанатының астына кіруге мәжбүр болды. Бірақ елшіге тапсырылған хатта «бодандық» деген сөз жоқ болатын. Жалпы, Әбілқайыр – өте күрделі тұлға. Себебі, ол – осындай күрделі кезеңнің тумасы. Әбіш Кекілбайұлы осындай күрделі тұлғаны бар болмысымен танытуды көздеді. Әйтпесе, Әбілқайыр ханға қатысты әртүрлі пікірлердің айтылып жүргені де жасырын емес. Осы орайда, Шәкәрімнің мына өлеңін қайта оқыған пайдалы болады-ау деп ойлаймыз:
Сынау қиын біреудің сырын білмей,
Кетпе өмірін, ортасын көзіне ілмей.
Ауыр жүк арқалаған жолаушыға
Жағада жүксіз тұрған жанша күлмей.
Қайықпен кездім теңіз ауыр күнде,
Қанды оқпын, қатты толқын, қара түнде.
Заманым заманыңа сәйкес келмес,
Сынап көр сол қайыққа сен де мін де.
Иесіз өзім кестім кіндігімді,
Зорға аштым тар үңгірде түндігімді.
Өткен өмір жайымды түгел ұқсаң, –
Сонда анық білерсің кімдігімді.
Әбіш Кекілбайұлының «Үркер», «Елең-алаң» шығармалары – Әбілқайыр тұлғасының «сырын білуге», «өмірін, ортасын көзге ілуге», «өткен өмір жайын» ескере отырып «кімдігін» тануға, ең бастысы, қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың өмір жолын зерделегенде оған бір жақты қарамай, салқын оймен, сауатты да салмақты методологиямен қарауға, ең бастысы, бүгініміз бен болашағымызға Темірқазық болатын тағылым түюге жетелейді. Шежіре тарихтан бүгінге жеткен ақиқат та, аңыз да аз емес. Жазушы солардың бәрін сыдырта саралай отырып, оқырманға шынайы тарихтың көркем суретін беруге ұмтылады. Ең бастысы, жазушы тарихтан сабақ алуға шақырады. Ессіздік пен есерсоқтықтан, қамсыздық пен қатыгездіктен, жалқаулық пен жалбағайлықтан жирендіріп, ар мен абыройды, ынтымақ пен бауырмалдықты, қанағат пен қайырымдылықты ту етіп күн кешу керегін кейде ашық, кейде астармен жеткізеді.
Оның кейіпкерлері – дала адамдары. Жай адамдар емес, намысты, арды, адамшылықты биік ұстайтын кісілікті жандар. Тұрмыстың тауқыметі мойнына небір ауыр жүк салса да мойымайтын кеңпейіл Тілеу де («Бір шоқ жиде»), жалғыз ұлды қайсарлықпен қатарға қосқан кемпір де («Құс қанаты»), қызық қуа жүріп таудай қиындыққа тап болған Зупра да («Шеткері үй») оқырманын ойландырады, асыл қасиеттерді аялап ұлықтауға үйретеді. Ал «Бәйгеторысы» – қазақ әдебиетіндегі анималистік әдебиеттің үздік туындыларының бірі. Бұл шығарма бір кездегі сәйгүліктің бүгінгі бейшара халіне үңілдіре отырып қоғамның небір келеңсіз қырларын аша білген. Осылайша, автор сұңқарлардың кейде қарғалардың талауына түсіп, құрбан болатынын әдемі әрі әсерлі жеткізеді. Әлсіздік пен әділетсіздікті, бақ пен сорды, жағымпаздық пен жақсылықты, күні түскенде күйбең қағып, сүрінгенде тұншықтыруға бар пенделердің психологиясын жылқының көзімен баяндап береді. Жазушы атағына қарай араласатын, шекпеніне қарай сыр шертісетін, қызметіне қарай бағалайтын адамдардың екіжүзділігін жеріне жеткізе сынайды.
Ал «Шыңырау» повесінің идеялық жүгі аса ауыр. Асылы, жазушының не айтқанынан не айтқысы келгені маңызды болса керек. Еңсеп бейнесі бізге құдық қазушы пенденің шаруақор тірлігіне араластыра отырып, сол бейнеті көп кәсіптің терең астарында жатқан адамзаттық мәселелердің шыңырауына жетелейді. Құдық – фон, жалпы қазақ әдебиеті үшін таңсық тақырып, былайша айтқанда ой суыртпақтаудың өзегі. Автор құдықты философиялық-символдық фон ретінде ала отырып, адамдардың өзегін өртеген қызғаныш пен бақастықтың, дүниеқоңыздық пен көрсеқызарлықтың зардабы мен зауалын тамаша суреттейді. Еңсеп бейнесі ар мен нысаптың ала жібін аттап, кәсібі мен өнері өз басына сор болған талай тұлғаның тауқыметке толы тағдырының жиынтығы іспетті. Еңсептің өмірі мен өлімі оқырманды осы секілді сан-салалы ойларға жетелейді. Жазушының шеберлігі де осында, туындыдағы тағдырлар тоғысынан бір жақты шешім, үзілді-кесілді ой түю мүмкін емес. Ол оқырман ойын сан- саққа жүгіртеді. Шығармадағы уақыт пен кеңістіктің де орны ерек. Жазушы Еңсептің бейнесін тар, шектеулі, тұйық кеңістікте мейлінше терең ашады. Осылайша, кейіпкер жанының психологиялық иірімдерін көрсетеді. Адамдар жанын жайлап алған даңғазалық пен даңғойлықты, мақтангершілік пен іштарлықты, бәсекелестік пен берекесіз, дүниеқоңыз бәкене тірлікті сынайды.
Ал «Күй» повесі – әлем әдебиетіне мәңгүрттік мәселесін алғаш әкелген классикалық баян екені белгілі. Шығармада қазақтың қастерлі күйшілік өнері мен адам баласын орға жығатын қайырымсыздық, қатыгездік сынды кесірлі ғадеттер қарсы қойылады. Күйшіні тірідей жерге көмген Жөнейт те жалған тірліктен береке тапқан жоқ. Өз шаңырағында, өз табалдырығынан аттай алмай ажал құшты. Азапты өлім бұйырды. Өнер мен саясат бәсекеге түсе алмақ емес. Саясаттың ғұмыры қысқа, ал өнер мәңгілік деген идея бар. Оның үстіне, бұл – авторитар саясаткерлердің ақыр-аяғы не болатынын көркем тілмен кестелеп берген туынды. Әбіш Кекілбайұлы шығармаларындағы Жөнейт те, Алмас та, Шыңғыс та – осының мысалдары. Екіншіден, жазушы мәңгүрттіктің трагедиясын тұңғыш рет үлкен проблема етіп көтерді. Рухынан айырылған, болмысы бұзылған, өз тегінен ажыраған адамдардың ұлт үшін қаншалықты қауіпті екендігін біз «Күй» повесінен анық көреміз. Жазушы ашық айтпаса да, советтік жүйенің мәңгүрт ұрпақты шығарып жатқанын, бұның түбінде қазақ үшін қасіретті мәселеге айналатынын алдын ала ескерткен сыңайлы. Ал дүниенің тұтқасы – мейірімде. Жөнейтке жетпегені осы қасиет еді. Жалған намысқа салмай, күйшіге рақымшылық жасағанында, өзгенің ғана емес, өзінің де тағдырын сақтаған болар еді. Бірақ ол адамшылыққа – ынтымақ пен бірлікке тоқтаған жоқ.
Әбіш әлемі – шексіз шалқар, Әбіш шығармашылығы – түпсіз тұңғиық. Ол көркем прозада қарға тамырлы қазақтың талайлы тағдырын, бүгінгі арман-аңсарын, болашаққа деген үкілі үмітін түгел қамтып суреттей алды. Ал көсемсөз жанрындағы жазбалары – жеке-дара зерттеуді қажет ететін іргелі тақырып. «Дәуірмен бетпе-бет» (1972), «Заманмен сұхбат» (1996), «Азаттықтың ақ таңы» (1998), «Тіл және Тәуелсіздік» (2007) кітаптары кейіннен «Сыр десте» (2009) атты бес томдықпен толықты. Мұның бәрі де тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдей түсуге сеп болған дүниелер. Әбіш көсемсөзі мен тәуелсіздік дәуірі мәндес ұғымдарға айналған десек, әсте қателесе қоймаймыз. Тәуелсіздік бәрінен қымбат, бәрінен ұлы деп өткен абыз Әбіштің: «Барша тығырықтан шығаратын бір-ақ жол – тәуелсіздігімізге тәу етіп, тәуекелімізге бекем болу. Мен басқа мақсаттың бәрін олқылық, басқа уайымның бәрін күйкілік деп санаймын», – деген сөзінен-ақ оның азаматтық ұстанымын айқын танимыз. «Жарқыраған туың жығылса, бұрқыраған буыңның кімге қажеті бар?» – дейді тағы бірде көсемсөздің көсемі. Ол публицистикалық жазбаларымен елдің елдігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты.
Әбіш Кекілбайұлы туралы – жаны даладай кең, баладай нәзік, не айтса да ой-қиялыңды қозғайтын, не жазса да тамсандырмай қоймайтын алып адам туралы аз айтылған жоқ. Бірақ болашақта айтылатын сөзбен салыстырғанда әлі ештеңе айтылмағандай. Себебі, Әбіштану ғылымы енді қалыптасып, қанат жайып келеді. Қазірдің өзінде Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығы туралы 20-дан астам ғылыми диссертация қорғалыпты. Бұл әлі үздіксіз жалғасады. «Әр дәуірдің өз Абайы болатыны» секілді, әр дәуірдің өз Әбіші де болатыны да анық.
Біздің бағамдағанымыз - бүгінгінің Әбіші. Ертеңнің Әбіші - жас ұрпақтың жүрегінде.
Әбіш әлемі жасай берсін, ағайын!
Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, Филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі
Қазақ үні