«ЖАРҚ ЕТПЕС ҚАРА КӨҢІЛІМ НЕҒЫЛСА ДА»
2024 ж. 23 қыркүйек
3700
0
1945 жыл. Алматы. Қақаған қыстың милықтыра басқан тұнжыр түні.
Киноактер мектебінің жатақханасы. «Біз артиспіз!» деп еліріп жүрген жастар: «Бүгін драма театрында Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов және Камал Қармысов ойнайды» деп дүрліге шуылдасып, театрға кеткен-ді.
Сыдық Мұқамеджанов сол күні өз бөлмесінде кезекші еді. Тындыратын жұмысы – бөлменің тазалығы... еденін жуып, пешке от жағу. Театрға еліккен жоқ. Қолында Абайдың өлеңдер жинағы. Оны қайта-қайта беттеп, әр өлеңге ойлана үңіліп, бірде-біріне тоқтай алмай, дел-сал күйге түсті. Қай бетті ашса да «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы»... осы өлең жарқырап шыға келеді. Оған жүрегі сәл-сәл елжірейді, бірақ, көңіл түйткілі зейінін басқа жаққа аударады да жібереді. Кітапты қайта жабады. Сыдық ән жаза бастағалы бері дәл мынадай әлденеге елегізіген тылсым сәтті еш уақытта бастан кешіп көрген жоқ-ты. Неге екені белгісіз, ол осы жолы алғаш рет мүлгіген тыныштықты, жалғыздықты тіледі. Ол меңірейген күйі кереуетінің үстінде жатқан қоңыр домбыраға сүзіле қарады. Осыдан екі-үш күн бұрын Қалибек... Қаллеки (бұл кісіні дүйім жұрт еркелетіп осылай атап кеткен-ді. Оны шығарған артистердің өзі. Мұхтар Әуезов те оны өстіп, емірене атайтын-ды. – И.Ж.). Қасында: «Тірі Тәттімбет» атанған атақты домбырашы, актер Әбікен Хасенов бар, екеуін Шәкен Айманов арнайы шақырып әкеліп, осында
оқитын болашақ артистермен кездестірген-ді. Қалибек Абайдың ойлы-күйлі, шуақты да сәулелі лирикасын бабына келтіріп толғағанда Әбікен оны бос бұралған қоңыр үнді домбырасымен балбырата қоштап, әр өлеңнің құдіретін күймен ашып, тұңғиық сырына терең бойлатты. Арман қуып, романтикалық сезім құшағында бұлғақтап жүрген албырт жастар мұндай музыкалы поэзия кешін, иә, естен кетпес тебіреністі сұхбатты ешуақытта көрген жоқ-ты. Бәрі мәз. Кеш соңында олар Қалибек пен Шәкенді ортаға алып, нешетүрлі сұрақ беріп, гуілдесіп кетті.
Ал, Әбікен Сыдықты іштарта баурап, екеуі бір жақындық сезіммен өзді-өзі шүйіркелесті.
Сонда Әбікен: ән салғаныңды да байқап жүрмін. Әнді түптен тартып қозғайды екенсің. Ол – тереңдігің. Көп ақынды жақтырмайсың. Ол мінезіңді де білем. Бағана кездесу үстінде Шәкен Айманов жастарға күлімсіреген күйі саған ойлана қарап: «мына бір түксиген пошым... қабағы... тесірейген көзі... отырысын қара, зілбатпан қара жартас. Бетховендей сіресуін!» дегенде жолдастарың: «Шәкен аға, дұрыс айттыңыз, біз Сыдықты «Бетховен» дей бастадық» деп, шулап қоя берді. Әзілі болса да осы сөзге мен кәдімгідей масаттанып қалдым. Сені музыканың қай құдіретіне теңеді, а? Абай ағам айтпап па еді: «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз!» деп. Ұқсасаң Бетховенге ұқсай бер. Одан осал соққан күннің өзінде «Қаракесекті» күндей күркіреткен Мәдидей-ақ бол. Біздің тілек осы, Сыдықжан. Абай өлеңіне бейім екенсің. Өзгелерден өзге қасиетің де осы. Абай өлеңі... қоңыр домбыра... осы екеуі саған екі жақтап дем береді. Домбырамен шыққан әнге не жетсін! Кейбір композиторлардың әндері домбыра әуезіне келе бермейді. Сол себепті жүрекке жетпей де жатады. Ал... ал, мына домбыраны. Өзіме қажет болған кезде айтармын»...
Сыдық осының бәрін еске алып, домбыраға ойлана қол соза беріп еді, бір ғажайып елес жалт етіп, соған ұмсына қадалып, қатты да қалды. Бір сәт солай селтиіп тұрды да, домбыраны алып, жайлап қана шерте бастады.
Ол қиял әлеміне енді. Көзінің оты жасындай жарқылдаған жайсаң жігіт үнсіз мөлдіреген арудың алдында жүрегін жалындай лаулатып, өзін қоярға жер таппай, қобалжулы құштар көңілмен бір сөзі бір сөзіне үйлеспей, үздіге толқып, сөйлеп тұр: «Міне, ал... ал, жаным. Сен үшін жаралған, бұл жүрек! Саған жүрек түгіл жан құрбан! Міне, менің беймаза жүрегім! Ұстап көрші, тыңдап көрші, қалай соғады екен? Жібіші. Қалай ғана салқындап қалғансың? Үндемейсің. Қасыңда кім тұр... кім? Абайың емес пе едім? Екі көзің шексіздікке жұтылып жатқан бұлдыр сағым. Қайда қарап тұрсың, о, Тоғжан? Есіңде ме, Тоғжан, Баршатастағы тып-тынық желсіз түнде қорғалаған жарық ай? Иә... иә, сол айлы түндер қазір де көз алдымда. Әсіресе, соңғы түні... су бетінде лыпылдаған ерке самал желпіп өтсе, бала толқын дір-дір ете қалады. Ай нұрына шағылысқан ақ сәуленің жылт-жылт етіп ойнағанын көрсең, сонда! Сенің қайырылмайтын бетіңді көрдім бе, құдай-ау, әлсіз соққан жүрегімде:
«Жарқ етпес қара көңілім неғылса да,
Аспанда Ай менен Күн шағылса да», –
деген сөз өлі жыланды тірілтетін сұңғыла тіліме қалай ғана орала берді? Үш ұйықтасам түсіме кірді ме, сол жолы сенімен соңғы рет «қоштасам» деген қара күн.
Енді, міне, «көрер қызығым» – мазағың мен қорлығың! Кесіліп қалғыр қу тілім:
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да! –
деп көлгірсиді. Олай деуге қалай ғана дәтім барды, қалай, о, Тоғжан? Бір тіл қатшы, не десең де. Үндемейсің. Сен де бір, Шыңғыстың етегіндегі меңірейген балбал тас та бір. Осылай болары бар, неге ғана кез болып ең, есіл Тоғжан?!».
Сыдық бір шексіз шертіске түсіп алып, осы суретті көрді де отырды: «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да...». «Хорлан» секілді бір әуез жүрек сыздатып барады.
Осы сәтте дәлізде біреулердің дабыр-дүбір сөзі естілді.
Сыдық домбыраны кереуеттің басына сүйеп қоя салды да, ой мыжып меңірейген күйі қолын артына ұстап, ескі еденді сықырлатып, әрлі-берлі жүріп алды. Сонан соң дәлізге шықты. Азынап тұр. Қалтырап кетті. Ешкім жоқ. Іле ішке қайта кірді. Іші алау-жалау. Алабұрта бүлініп, тап осы сәтте біреу кіріп келсе: «Тыныштық берші!» деп бұрқ ете түсетін ессіз адамдай, ай-шай жоқ, бас салып, бүріп тастайтындай долы сезім булықтырды.
Бұл не, өң бе, түс пе? Әлде ертегі. Көзін уқалап жіберіп еді, тағы бір елес... Үстінде салбыраған ұзын қара шекпені бар, Ромео! Бұл не ғып жатыр, қанды жасқа булығып? Джульеттасынан айырылды де! Сыдық көзін жұмып, күрсінді. Киноактер мектебінің сахнасында өзі енді-енді ойнай бастаған Ақан сері, Ромео... осы екі рөлді өзіне бар жанын сала танытып, білгізіп жүрген ұстазы – Шәкен Айманов! Бұл екі кейіпкер неге елестей қалды? Олардың бұл романсқа қандай қатысы бар? Әлде Абай мен Тоғжанды солардың қатарынан көргісі келе ме? Ұйып кетті жүрегі...
Ән шығара бастағаннан бері дәл осылай мың құбылтып, мың толқытқан мазасыз сезімнің әлегін көрмеген еді. Дел-сал. Қабағы ашылар емес. Сұлық. Сыдық орнынан жайлап түрегелді. Кереуеттің тұсында скрипкасы ілулі тұр. Оны алды да жайлап қана құлақ күйін келтірді. Тұнжыратып қойған әлгі романсты екі-үш рет сызылтып қана қайталады. Жүректі тіліп бара жатты скрипка үні...
Осы кезде дәлізден тағы да дабыр-дүбір сөз естілді. Іле-шала өзінің жолдастары гулесе сөйлесіп, кіріп келді. Сыдықты дәйім қағытып жүретін даңғой Серік:
– Ей, Бетховен, от жақпағансың ба? Мынау не? Ат қора ма? Азынап тұр ғой, азынап! – деп дүр ете қалды.
Өзгелері үндеген жоқ. Сыдық әлгі сөзді естіді-естімеді, жауапсыз қалдырды. Ана жігіт:
– Осылай боларын бағана-ақ білген едім, бұл Бетховен өзге түгіл өзін ұмытып, жүрегін ән қысып, иіс тиген адамдай мәңгіріп жүрді. Қой, шеткі бөлмедегі бөспелерге барайық. Олар ылғи сүр ет асады. Иісін сезіп тұрмын, Арқаның соғымы. Кеттік, – деді ыржалақтап.
Осы сөзден кейін бәрі үн-түнсіз шыға жөнелді. Сыдық былқ еткен жоқ. Ол бір бұлыңғыр түс көріп, оянып кеткендей. Ешнәрсеге зауқы жоқ, теріс қарап, бүркеніп жатып қалды. Түс көрді. Түсінде әкесі иығында сырнайы, оң қолында қобызы... өзі өскен Меркеде, иә... иә, Аспараның көк шалғынды даласы... шөпшілердің арасында отыр. Ендігі бір сәтге әкесі екеуі Шу станциясындағы теміржолшылардың алдында кезек-кезек ән салып тұр. «Әке» дей беріп еді, оянып кетті. Манаурап, маужыраған күйі кірпігі-кірпігіне жабысып, қайта қалғыды. Енді ол Тоғжанды көрді. Абайды көрді. Баршатастың ақ айдынына: тұнжыраған көлеңкесі түсіп, ләм-мим деспей, екеуі екі жаққа айырылып кетіп барады. Сыдық булығып, бастығырылып жатып оянды. Жүрегінде:
«Жарқ етпес қара көңілім неғылса да,
Аспанда Ай менен Күн шағылса да!
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да!» –
деген сөз. Бұл сөзді скрипканың жүректі тілген шерлі үнімен Тоғжан айтты, мұң торлаған көзінен ыстық жасы сорғалап. Бұл сөзді «Зарқосбасарды» уһілеткен домбыраның мұң толғаған қоңыр сазымен түнеріп отырып Абай айтты, мәңгі-бақи арманда боп! Одан кейін не болды? Одан кейін... алапат бір тасқын... көк теңізде көк толқындар төңкеріліп, аспанда Ай мен Күн тұтылып, шатырлап найзағай сынды...
***
Сыдық сырға тұйық бекем жан. Іштей түйілгенде тас боп қатады да қалады. Жаңа романсын өз жүрегінде өбектеп, біраз уақыт құпия сақтады.
Сонау бір балалық шағы... ол кезде Сыдықтың үйі Балқашта болатын. Сыдық төртінші класта оқиды. Бір жолы әкесі үйге бір қоржын кітап әкелді, Қарағандыдан. Сол кітаптардың ішінде «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан» жырлары, Абайдың өлең жинағы бар еді. Әкесі аз уақыт ішінде осы үш жырды жаттап алып, ел арасында бірде сырнаймен, бірде қобызбен айтып жүрді. Жұрт күпілдесе мақтап: «Біздің өз Шашубайымыз ғой, Шашубайымыз!» деп, сый-сияпатқа қарқ қылды. Ал, Сыдық болса үлкендер жатқа айтатын Абай өлеңіне бар жанымен ден қойды. Бір күні: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да», «Өзгеге көңілім тоярсың» дейтін өлеңдерін жаттап алып, осының ішінде: «Жарқ етпес қара көңілім...» өлеңін өзінше толғап, о, тоба, өлең жазды... өлең. Кейін өсе келе қайта-қайта өңдеп, жөндеп, осы киноактер мектебіне түскенде сол өлеңін жатқа оқыды. Оқуға қабылдайтын комиссияның мүшесі Шәкен Айманов Сыдыққа ерекше кызығып: «Пах! Пах! Абайша толғауын!» деп сүйініп еді. Келе-келе ол өлеңі Абай өлеңінің көлеңкесінде қалып қойды.
***
Алтын кездік қын түбінде жатпайды. Бір күні «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да» Алматы жұртшылығына аян болды. Тіпті, оны Жамбыл, Мерке, Луговой, Шудағы, Балқаш бойындағы, Шет ауданының төңірегіндегі ел: «О, бұл – біздің жас композитор Сыдық Мұхамеджановтың романсы!» деп, мақтанышты сезіммен гуілдеге сөз қылып, ауылдағы дауысы зор әншілер кәдімгі артистер секілді көкірек керіп, айта бастады.
Жиырмаға енді ғана толған (Сыдық 1924 жылы тамыздың бесінші жұлдызында Қарағанды облысының Шет ауданы Үлкенбұлақ ауылында дүниеге келген-ді. – И.Ж.) жап-жас жігіт осы романсымен жай ғана жұртшылық емес, белгілі композиторлардың өзін елең еткізіп, ойландырып тастады. Терең сезімді, кең тынысты романс Абайдың: «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Сұрғылт тұман дым бүркіп» әндеріндегі толғаныспен үйлесе кетті. Көп композиторлардың ішінде ең алдымен Евгений Григорьевич Брусиловский «Бұл Мұхамеджанов деген кім?!» деп таңғалды да жүрді. Алматыда музыкантгар мен артистер қауымы, жастар ортасы бұл романсты «Жарқ етпес...» деп атайтынды шығарды.
***
1948 жылы Сыдық киноактер мектебін бітірді. Жамбыл облыстық филармониясында концерттік эстрада бюросының жетекшісі әрі әншісі боп шыға келді. Осында Сыдықтың әкесі қобызшы боп қызмет ететін-ді. Енді әкелі-балалы өнерпаздар (Сыдықтың әке-шешесі сонау Шеттен отыз екінші жылдың нәубеті-ашаршылықта Жамбыл облысы, Мерке жағына қоныс аударған-ды. – И.Ж.) ауыл-ауыл, қалаларды аралап, концерттер бере бастады. Сыдық осы қызметінің әуеніне көнгенімен Алматы жаққа елеңдей берді. Әке-шешесі мұны сезді де. Сыдық: «Алматыға қайтам. Оқимын. Композитор болам!» дей берді. Оның бұл дітінен қайтару еш мүмкін емес. Әкесі іштей қиналып, «өзі әлі үйленген де жоқ» деп, не дерін білмеді. Алматыда қалып қоя ма деп қиналды. Онда оған ақыл айтып, қол ұшын беріп, сүйеу болар жақын, туыс және жоқ. Өзінің де жалғыздығы, тұрмыстың мешеулігі қабырғасын қайыстырды. Қысқа жібі күрмеуге келмейді. Әйтеуір, көппен көрген күйбең тірлік, әншейін. Ал, Сыдық болса алған бетінен қайтар емес. Әкесі амалсыздан келісті.
***
Сыдық Алматыға қайта оралды. Бұл – 1949 жылдың тамылжыған жазы. Алматы алқызыл гүлге оранып, терек, қайыңдары жасыл желегін шолпыдай сылдыратып, көкірек ашқан жұпар самалы желпіп тұрған рахат кез.
Сыдық келісімен өзінің достарын тауып алды. Күні кеше ғана өзі оқыған киноактер мектебінің ескі жатақханасы көзіне сондай ыстық... сол жылдардың әр сағаты, әр күні, әр оқиғасы, түп-түгел есінде. Бірге оқыған Қуат Әбусейітов пен Ораз Әбішев Сыдықпен сыралғы дос, көңілі жақын жайсаң жігіттер еді. Үшеуі сағыныса шүйіркелесті.
– Қане, композиторым, қоржыныңды аш, көрейік. Ауылдан ән әкелдің бе, әлде құрт-ірімшік әкелдің бе? – деп Ораз да киліге кетті.
Сыдық еріксіз күліп жіберді.
– Жиырма сегіз ән, – деді жаймен ғана.
– Ә-ә, қоржынның бір басында он төрт, екінші басында он төрт ән. Мұның бәрін қашан, қай жерде, қайтіп жаздың? Өзіміз осыншама ән жазсақ, ханға сәлем бермес ек, ал, сен болсаң... ел көшсе де қозғала қоймайтын Бетховенім, баяғы нып-нығыз қалпың. Еш өзгеріс жоқ. «Ішімдегіні тап» дейсің де тымырайып тұрасың. Қане, сөйле! Айт бәрін!
Әр әнде Сыдық әр түрлі хал кешіпті. Бір әні бір әніне ұқсамайды. Жеке-жеке мүсінделіп, құйылып түскен бір образ. Кезек өздеріне таныс «Жарқ етпеске» келгенде Сыдықты тұнжыр ой басты. Қуат пен Оразда үн жоқ. Күрсініс лебі сезілді. Әлден соң Сыдық: «Ал, не дейсіңдер?» дегендей Қуат пен Оразға үнсіз ғана бұрылды...
Сыдық екі досының желеп-жебеген қолпашына кәдімгідей желпініп, жүзі алабұртып:
– Кеттік! – деді Қуат пен Оразды көзімен үйіріп.
– Қайда? – деді, жымың еткен Қуат.
– Ресторанға! – деді Сыдық.
***
Сыдық ертеңінде әп-әдемі киініп алып, өнер жөніндегі комитетке келді. Төрағасы Мәскеуге сессияға кетіпті. Орынбасары Айташ Жұбанышәлиевтің кабинетіне кірді. Қасында бір кісі отыр. Сыдық шырамытты. Ақын Нығмет Баймұхамедов! Жұбанышәлиев Сыдықты жылы ілтипатпен баурай сөйледі:
– Иә, інішек, не шаруамен келдің?
– Әндерім бар еді.
– Әндер?
Жұбанышәлиев ойланып қалды. Сыдыққа сүзіле қараған күйі:
– Композиторлар одағын білесің бе? – деді селқос қана.
– Білем.
– Сонда барғаның...
Осы кезде телефон шылдыр ете қалды. Жұбанышәлиев тұтқаны көтерді де:
– Мен қазір... министр шақырып жатыр деп, шыға жөнелді.
Сыдық сәл қобалжығандай боп қипақтап еді, бірақ сөз ақырын күтті. Екі көзі Баймұхамедовте. Ол алдындағы қағазға шүйіліп, басын көтерер емес. Сыдық анық таныды. Өзі сүйетін кейбір әндердің сөзін осы Баймұхамедов жазған еді. Сергек ойы әп-сәтте бәр-бәрін көз алдына әкелді. Баймұхамедов сол кездерде басқа ақындардан гөрі композиторлар қауымына әбден етене боп кеткен еді. «Менмін» деген ақындар Баймұхамедовті менсінбейтін-ді. Оны ақындар санатына қоспайтын да. Ал, композиторлардың ән-романстарына сол «мықтымыз» дейтін ақындардың көбі сөз жаза алмайтын-ды. Олар сол мінін ешуақытта мойындамайтын-ды. Ақындық эгоизм! Өзімшіл ақындардың айықпайтын ескі дерті! Баймұхамедовтің олардан ақындық болмысы мүлде бөлек. Сырлы сезімді, сынық мінезді, жұмсақ жан.
Сыдық өзі құралпы талапты жастармен сол жиналыстарға қызығып баратын еді. Нығмет Баймұхамедовті содан біледі. Енді, міне, бұл кісі осы комитетте әдеби қызметкер екен. Оның ибалы жүзіне жүрегі жылып қоя берді.
Өстіп отырғанда Жұбанышәлиев келе қалды. Ол Сыдыққа қараған да жоқ, алдындағы қағаздарын аударыстырып, өзімен-өзі боп кетті. Сыдық іштей тыпыршыды.
– Мен сізді күтіп отырмын, ағай.
Жұбанышәлиев пен Баймұхамедов Сыдыққа жалт қарады. Сөйтті де: «не деуіміз керек?» дегендей екеуі бір-біріне үнсіз тесіліп, көздерімен ұғысты.
– Қай жерден келдің? – деді Жұбанышәлиев Сыдықтың бас-аяғына көз жүгіртіп.
– Жамбылдан, – деді Сыдық ақырын ғана.
– Қайда оқыдың?
– Киноактер мектебін бітірдім.
– Әне, пианино... әндеріңді ептеп айтып көрші, шырағым, – деді, Жұбанышәлиев үнінен жылы лебіз сезіліп.
Сыдық орнынан лып тұрып, есік жақ бұрыштағы қара пианиноға отырды да ә дегеннен «Жарқ етпестің» баяу сыздаған аккордтарын ала бастады. Еш қысылмай, ойлы сезіммен мамырлата үн қосты. Бір шумағы біте бергенде:
– Енді басқа бір әнді, – деді Баймұхамедов.
Сыдық іркілген жоқ, «Сағындым-ау» деген әнін ашық үнмен сызылтты.
«Тағы біреуін,.. тағы... тағы біреуін...». Сыдық ең соңын «Өзгеге көңілім тоярсыңмен бітірді.
Жұбанышәлиев пен Баймұхамедов Сыдықка аялы көзбен күлімсірей қарады.
– Шырағым, қабылдау бөлмесіне шыға тұршы, қазір шақырамыз... кетіп қалма, – деді Жұбанышәлиев.
Бір кезде Нығмет есікті ашып, Сыдыққа ым қақты.
Сыдық кабинетке қайта кіргенде Жұбанышәлиев:
– Шырағым, ертең сағат үш кезінде әндеріңді Көркемдік кеңестің мәжілісіне көрсететін болдық. Орындайтын әншілерің болса, оларды да ала кел. Болмаса өзің-ақ айтып бересің. Дауысың да жақсы екен. Ертең мәжіліс кезінде өзіңе кезек келгенде еш қысылма. Сен бізге жап-жақсы ән әкелдің. Әндеріңді «Жарқ етпестен» баста. Осыны ұмытпа, шырағым, – деп ол соңғы сөзін шегелеп айтты.
Сыдық жүрегі лүп-лүп етіп, ізетпен қоштасып шығып кетті. Көңілі көл-дария. Асқақтаған Алатаудан ескен жұпар самалға көкірегін тосып, Алматының алуан гүлі аяғына оралып жатқандай көшеде көңілі тасып, шалқып келе жатты.
***
Ертеңінде Көркемдік кеңестің мәжілісі комитетгің кең залында басталды. Сыдық залдың соңғы қатарында жеке отырды. Мәжіліске он бес-он алты адам қатысты, Солардың ішінен Сыдық Күләш Байсейітова, Евгений Брусиловский, Бақытжан Байқадамовты ғана таныды. Біраз шығарма талқыланып болған соң ең соңында Жұбанышәлиев:
– Жолдастар, кеше... міне, орталарыңызда отыр, Сыдық Мұхамеджанов есімді мелодист жігіт біраз ән-романстарын көрсетіп еді, бізге жап-жақсы тың дүние боп көрінді. Міне, ноталары. Әндерін өзі орындап береді. Қане, Сыдық шырағым, – деді.
Отырған жандар: «Бұл кім еді?» дегендей қозғалақтап қалды. Сыдық қипақтап, өзін қайда қоярын білмеді. Орнынан қымсына тұрып, тұла бойында діріл бар, пианиноға жүрексініп кеп отырды.
– Молодой человек, вы откуда приехали? – деді Брусиловский. Сыдыққа ойлана қарап.
Сыдық:
– Из Джамбула, – деді.
– Хорошо. Послушаем, – деп, Брусиловский ноталарға қайта үңілді.
Сыдық «Жарқ етпестен» бастады. Алғашқы бес такты – «Жарқ етпес қара көңілім...» бейнебір операдағы ауыр сазды ария секілді жүрек сыздатып, тым тереңнен... көз жетпес шыңыраудан тартылғандай мығым күш, зор қуатпен қапалы жүректің лебін сездірді. Сыдық пианино клавишына төне түсіп, бейопа махаббаттың құсалы зарын шым-шымдап шымырлатты.
Жұбанышәлиев отырған жандарға қыдырта көз салып еді, бәр-бәрі тым-тырыс, тұнжырап ойға шомған. Біреу күрсінді. Біреулері ойларына не түскенін кім білсін, көңілдері құлазып, терезеден бұлтсыз көк аспанға телміре қадалды. «Жарқ етпес...» қайырмада жүрек наласын биіктете көтеріп, шексіздікке шарықтата жұтылдырып қанаты талған қырандай, талмаусырап барып бітті.
Брусиловский алдында жатқан «Жарқ етпестің» нотасына «Байғали Досымжановқа!» деп жазды.
Одан соң «Жан сәулем», «Ақмаңдай», «Сағындым-ау» деген әндерін айтып еді, олардың нотасын Күләш іріктеп алды. «Өзгеге көңілім тоярсыңды» Жүсіпбек Елебеков пен Бекен Жылысбаевқа, тағы бір ойлы әндерін Ришат Абдулинге, қалғанын басқа да әншілерге бөліп, нота қағазының шекесіне олардың аты-жөнін жазып отырған Брусиловский:
– Удивительно... все на месте. Все логично! Какая своеобразная мелодия! Самый главный народный колорит... колорит! Гайдн не зря писал, что вся прелесть музыки заключаются в мелодии... простая мелодия! Например, когда я в опере «Ертаргын» использовал песню «Елим-ай»... всего две строки мелодии, а какая мощь, дух, сила этой простой песни. Что хорошо, песни и романсы этого молодого человека, еще раз говорю, очень, даже очень мелодичны! Что интересно, как-будто сам Абай сочинил этот волнующий романс! Замечательно! – деген сөзді ағыл-тегіл ақындық сезіммен тебіреніп айтты.
Кей шығармаға бірден беріле бермейтін тәкаппар сезімді Брусиловскийдің толғанысты ойы енді-енді айтылатын пікірлердің тиегін ағытты:
– Сезімге бай әндер. Ойы жинақы, әрі терең. Евгений Григорьевич айтқандай, ағылып жатқан мелодия. «Хорланға» қалай ұйысақ, «Жарқ етпесте» дәл сондай хал кешесің. «Абай жолы» романындағы Абай мен Тоғжанның сол бір соңғы жүздесуі көз алдымызға келгенін қараңыз. Біздің Тобықты елінде Абайдың өз «Жарқ етпесі» айтылатын-ды. Келе-келе ол мүлде ұмытылды. Оны білетін жандар бүгінде о дүниелік. Ал, мына «Жарқ етпес» сол «Жарқ етпесті» тірілткендей болды. Жап-жас жігіттің толғанысы – Абайдың өз толғанысы! – деді Күләш Байсейітова.
– Мелодист жігіттің дауысы тенор екен. «Жарқ етпес» тенор біткеннің арманы болатын кең тынысты романс, – деді Бақытжан Байқадамов.
– Кейбір әндерінің сөзін өзі жазған екен, көркемдігі солғындау. Жаңа сөз жаздыру керек, – деп Нығмет Баймұхамедов өз ойын келте қайырды.
– Осы пікірді мен де қолдаймын, – деді Айташ Жұбанышәлиев.
Брусиловский:
– Баха, ты еще что-то хочешь сказать? Говори, – деді мырс етіп.
Бұрын мұндай мәжілісте елден ерек әй-шайға қарамай қайта-қайта сілкіне сөйлейтін Байқадамов әлгі бір сөзінен кейін үнсіз отырған-ды. Брусиловскийдің мына сөзі түрткі болды, Байқадамов ұйқысынан оқыс оянған жанша бетін уқалап:
– Менің пікірім – осы ән-романстардың бәрін қабылдауымыз керек. Ән мен өлеңге сынай қарайтын Абай: «Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» демеп пе еді, бұл жігіттің ән-романстары мені еріксіз ойландырып, буып тастады. Мен осы күнге дейін «Жарқ етпестей» бір ойлы дүние жазбаппын. Жер мен көктің арасында желпілдеп жүріп, жеңіл музыкаға беріліппін. Евгений Григорьевичтің бағасынан артық біз не деуіміз керек?! – деді сасқалақтай күлімсіреп.
Күләш:
– Інім, әншінің дауыс аппаратының қандай мүмкіндігі барын жақсы сезінеді екенсің. Яғни, әр жазған әнің адамның жан-жүрегіне ұялай кетеді деген сөз. Үй-тұрмысың, жағдайың үйлесіп жатса оқығаның жөн, – деді, мейірлі жүзбен.
– Оқимын, Күләш, апай! Алматыға сол үшін қайта оралдым, – деп Сыдық елпілдей сөйледі, қобалжуы басылғандай боп.
– Оқытамыз, – деді, Брусиловский, – «Жарқ етпестей» романсты жазған композитордың тағдырына жеңіл-желпі қарау болмас, тегі. Мен өзіме шын ықыласпен шәкірт етуге әзірмін!
Сол күннен бастап, өзге-өзгені былай қойғанда, «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!» деп, бір сүйініп, мың күйінген Абайдың жан дүниесіне еркін енген бір ғана «Жарқ етпесі» Сыдық Мұхамеджановқа өз өмірінің шолпан жұлдызындай жарқырап, алда кездесер сәттілік пен сәтсіздікке нық сеніммен қадам басуға қуат берді.
***
Өмір өз әуенімен өтіп жатты.
Сыдық өз тағдырына ойлы көзбен қарады. «Композитор болам» деген мақсаты оны тұрмыс тауқыметінің бәріне көндірді. Тиянақты білім алу үшін ол Алматының музыка училищесіне түсіп, оны үздік бітірді.
1957 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда профессор Евгений Григорьевич Брусиловскийдің композиторлық класында оқып, оны да үздік бітіріп шықты.
Келе-келе Сыдық Мұхамеджанов көп жанрлы таңғажайып шығармаларымен қазақ музыкасының атақты корифейлерінің бірі ғана емес, бірегейіне айналды. Брусиловский өзінің шәкірттері: Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсына, Бақытжан Байқадамовтың хорға арналған шығармаларына, Қапан Мусиннің «Симфониясына», Нағым Меңдіғалиевтің «Бірінші концертіне», міне, осы туындыларға қалай шаттанса, Сыдық Мұхамеджановтың күллі шығармасына таңғала, табына қарады.
Бір кездерде «Жарқ етпеспен» жарқ ете түскен Сыдық Мұхамеджановтың күндердің-күнінде қазақ музыка тарихында ұлттық мақтанышқа айналып, өзі сияқты ұлы композигор болатынын сәуегейлікпен біліпті ұлы ұстазы Брусиловский!
Илья Жақанов,
жазушы, композитор, Қазақстанның Еңбек ері