ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРЖАУБАЙ АҒАМЕН БІРГЕ ТҮРКІТАНУДЫҢ БІР ДӘУІРІ КЕТІП БАРАДЫ – Қазыбек Иса
2024 ж. 06 қыркүйек
4388
0
Ардақты ағайын, қадірлі жамағат! Қазақтың үлкен ғалымы, түгел түрік жұрты мойындаған, Тұранға тұлға болған ғұлама ғалым Қаржаубай ағаның да бақиға бағыт алғанына бүгін қырық күн толыпты. Алла алдынан жарылқасын асыл ағамыздың!
Ағамызбен ағалы-інідей сыйласып жүруші едік. «Шардарада Ораз деген досым бар, Моңғолияда әскерде болғанда танысқанбыз. Елге келген соң тауып алып, ауылдарыңа барғанмын.»-деп, кездескен сайын досына сәлем айтуды ұмытпайтын... Қайтыс боларынан екі ай бұрын ғана, биыл мамыр айының аяғында Түркістандық ағайындардың Наурыз тойында бірге болып едік. Төрімізде отырып еді, төгіліп тұрып сөйлеп еді. Әдеттегідей әдемі қалпында, жылы жымиып қойып, сап-сау жүрген болатын…
Тәуелсіздік алған соң, Қазақ Еліне Күлтегін тасымен бірге күллі түркінің рухы келді! Қазақтың Ұлттық рухы биіктеді! Ал Күлтегіннің келуіне себепкер болған, ең үлкен үлес қосқан Қаржаубай ағамыз еді...
«Көк түріктің көк тіреген рухын Арқа даласына әкеп қоныстандырдым! Өкінбен!» деп тура жазған ағамыз. Тасқа қашалған тарихымызды танытқан тарланның елімен қоштасқандай көк тасына қашап жазылар сөз екен!..
Бітік тастармен біте қайнасып, балбал тастардың баянын тыңдап өскен ғұлама Қаржаубай ағамыз сөйлегенде Күлтегіннің күмбірін тыңдағандай болатын едік...
Бабалардың тасқа жазған тарихын тастан аршып алып, ұрпағына табыстаудан асқан ұлтқа қызмет бола ма?!.
Көкірегі көмбе Қаржекеңнің қазағына сыйлаған қазынасын ешқандай байлықпен салыстыруға келмейді. Атасының атын ана тілінде жаза алмағасын, бабасының тасқа жазған тарихы түгіл, қазақ әліппесін түгел білмейтін отансыз олигархтардың отыз жыл халықтан ұрлаған миллиардтарының Қаржекеңдей ғалымдардың қазынасының қасында ешқандай құны жоқ!.
Қаржекеңмен бірге түркітанудың бір дәуірі кетіп барады…
Әйгілі ғұлама Әлкей Марғұланның өзінен бата алған Қаржаубай Сартқожаұлы ағамыздың басқа құнды еңбектерін айтпағанда, үш томдық «Орхон ескерткіштерінің атласы» атты орасан зор еңбегі халқына қалдырып кеткен асыл мұрасы. Бұл қандай жоғары марапатқа да лайықты еңбек еді...
Қаржекеңнің қазағына, бүкіл түрік әлеміне сіңірген осындай алапат еңбегі көзі тірісінде бағаланбады. Енді екінші өмірінде осы олқылықтың орны толады деп білеміз. Оған сенетініміз, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен Қаржекеңнің халыққа еңбегі сіңген тұлғаларға арналған Ұлттық пантеонға мәңгілік жайғасуы! Халық қатты риза болған бұл ғаділетті де, иманды іске мұрындық болған Ақордадағы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, президенттің идеология саласы бойынша көмекшісі Руслан Желдібай, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли бауырларымызға, Қаржекең талай жыл талмай тер төккен Еуразия ұлттық университеті ректоры Ерлан Сыдық ағаларымызға алғысымызды білдіреміз.
Осы жерде айта кететін тағы бір мәселе бар. Қаржаубай ағамыз биыл «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ұсынылған екен. «Сонда осындай ғұлама ғалым әлі «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» емес пе?» деп таңғалған сұрағымызға, «Кезінде осы атаққа екі рет ұсынылып, кейбіреулердің кедергі жасауымен ала алмаған» дегенді естігенде, не айтарымызды білмей қалдық... Иә, екі ән айтса, есіріп, төрт ән айтса, төбеңе шығатын жеңілтек әншілер отызға жетпей, жаппай алып алған бұл атақты өзіміз де алпыстан асқанда, былтыр ғана алғанымызда да, «сіз әлі алмағансыз ба?» дегенді естіген едік...
Енді осы үшінші рет ұсынылып отырған, тірісінде ала алмай кеткен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы Қаржаубай ағамыздың артынан өзі іздеп баруы керек, шаңырағында тұруы керек деп білеміз...
Кезінде мұзбалақтарымыз Мұқағали мен Жұмекен, Асқар Сүлеймендерге тірісінде бұйырмаған мемлекеттік сыйлық қайтыс болғасын берілген...
Қаржекең қайтқанда Астанада емес едім, қоштасуда бола алмай, топырақ сала алмадым...
Жаңа кіріп келгенде жоқтау айтып қарсы алған Жәлей жеңгемізге, ұл-қыздарына, туған-туыстарына көңіл айтамын. Бүкіл қазаққа, түгел түрік жұртына көңіл айтамыз!
Қаржаубай ағамыздың асыл мұралары Алашымен бірге жасай береді!
Алды пейіш, арты кеніш болып, жәннатта рухы шалқи бергей!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні