ДҮЛДІЛ КОМПОЗИТОР

ДҮЛДІЛ КОМПОЗИТОР

Илья Жақанов! Бұл есімді қай қазақ баласы білмейді? Ән деп жүрегі соққан, жастық арман жылуында мажыраған, туған жерге деген асыл сезім құшағында тербелген, достыққа деген пәктікті жүрегінде әлдилеген қазақ елінің әрбір перзенті Илья әндерінің жаныңды баураған сазының ғажайып лиризмге бөккен мелодиясымен сусындап өсті. Елдегі салтанатты сәттерден бастап, адамның өмір жолдарындағы әрбір белесі қазақ музыкасымен ғана өріс тауып, қуаныштың биіктеген шыңдарына өрлесе, оның ішінде Илья әндерінің жүрек қылын әуелетіп, әр саналы адамның ішкі үндеріне үлес берген мелодиясы жүреді.

Өзін теледидардан көріп, өнерге деген іңкәрлік сезімді барынша айтумен ғана «сап-сап» дегізіп жүрген аймақтың әнқұмарлары сол адамның өз құшақтарына келіп, ерекше ілтипаттарына бөленіп жүретіндігін қандай сөзбен жеткізуге болады.

Илья дүниеге келгенде табиғат та, адамдар да бір сілкініпті. Жас Илья сәби кезінен халықтың ән бұлағына әннің нөсер жауынына шомыла қызықтап шапқан, кең даланың мөлдір ауасын әсем дауысымен алғаш дірілдеткен жасөспірім мектепте оқып жүргенде-ақ өнерпаздығымен; әнге әуестігімен жырға елтуімен, мектептегі шәкірттік өмірі әнді жүрек бөлшегі етуімен өтіпті.

Орта мектептен соң, Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіпті. Бұл 1954 жыл еді. Әнге, жырға әуестігі толастамады. 1956 жылы, студент кезінде тұңғыш сыймаған сезім дүмпуімен лықсып алғашқы ән туыпты. Ол «Түн ортасы болғанда» деп аталыпты. Илья жастайынан поэзия пірі Қасым Аманжолов жырына сүйсінген. Өзі әнге сұранып тұрған ақын өлеңі Ильяның мөлдіреген нәзік сазына оранып шыға келіпті. Оған Қадыр Мырза Әли сөзіне шығарылған «Салтанат» әні жалғасыпты. Әндер легі бір-біріне ұласып, композитордың шын шабытты, жұлдызды шағы жарқырап, тума талант тиегі ағытылыпты. Студенттер бұл кезде Әбілахат Еспаев бастаған сазгерлер әндерімен шалқып жүрген шағында Илья әндері де салтанатты көшке ілесіп, жастардың рухани нәріне айналыпты.

Таланттарды табиғат үндестіреді. Сол шақтарда туған әндерінің бірі –

«Ақ қайың». Осы әнге байланысты Илья бір тебіреністі кезінде былайша сыр шертіп еді. Радиода істеп жүргенінде кезінде тұңғыш рет Мұқағали Мақатаевпен танысыпты. Бұрын Ильяны сыртынан білетін ақын «Ақ қайың» әнін радиодан тыңдап жүреді екен. Кездескенде Ильяны қасына шақырып алып, былай депті: 

– Илья, сенің «Ақ қайың» әнің ғажайып шығарма. Бұл әнді тыңдағанда көзіме жас келеді. Бойлай керемет тебіренемін. Мұнда бір тылсым сыр бар. Адамның ішкі тіндерін қозғайды. Мен бұл әнге ғашықпын. Бұл ән мені толғантуда.

Содан біраз уақыт өткеннен кейін әдейі өзі іздеп келіп: 

– Илья, жүрші бір демалайық, – деп үйіне ертіп әкеледі. Ерекше толғанып отырып былай депті:

– Сенің әнің маған дастан тудырды. Сол дастанды қазір оқып беремін. Сен тыңда. Дастан аты: «Ақ қайың әні» деп аталады.

Илья бұл кездесуді былай баяндады: «Дастанды ерекше елтіп отырып тыңдадым. Мұқағали поэтикалық толғаныстарын мәнеріне келтіріп оқып отыр. Дауыс қандай! Диапозон қандай! Әбден оқып болып, бір күрсінді. Мен де бір құпия сазға бөлендім. Тамаша дастан дүниеге келіпті. Бұл дастанның тууына менің әнім себепкер болыпты. Мұқағали бұл дастанды маған арнағанын айтты. Мен ғажайып ақынның маған жасаған соншама ілтипатты сезіміне езіліп кеткендей күй кештім. Кейін тағы бір кездескенде, «Ақ қайың әні» дастанын «Лениншіл жас» газетіне ұсынғандығын айтты. Шығарманың басында «Илья Жақановқа арнаймын» деген сөз жазылыпты. Редактор: «Жақанов деген кім? Бұл атақты адам болса екен, ала-бөле сол кісіге арнайтынын айтып бадырайтып жазып қою жараспайды. Алып тастау керек те, дастанның өзін жариялау керек», – деген екен. Мұқағали бұған көнбепті. «Олай болса, дастан газетке жарияланбайды», – деп шығармасын алып кетіпті. Осы кездесуде соны баяндап: «Бұл дастан жинаққа кіреді, оның басында саған арналғаны міндетті түрде жазылады», – депті.

Ұлы ақынның Илья әніне деген құштарлығы тегін емес екені бірден белгілі. Бұл – ұлының ұлыны танығандығы.

И.Жақановтың студент кезінен қолынан қаламы түспеген жазушы екендігін оның прозалық шығармалары дәлелдейді. «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс» повестері, «Аққулар қонған айдын көл», «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Махаббат вальсі» атты деректі әңгімелері мен эсселері, «Ықылас» атты романы бұған дәлел. 

Ильяның бір ерекшелігін айта кеткен жөн. Талант иесінің жар қосағы Тиышкүлдің ұлттық тілі – қырғыз тілін өте терең меңгергендігі сондай, «Қайта оралған ән» және «Қош бол, вальс» повестері, «Ықылас» романы алғаш рет қырғыз тілінде жарық көрді. Сонымен бірге қырғыз жазушысы Т.Қасымбековтің «Сынған қылыш» атты тарихы тақырыпқа жазылған роман-дилогиясын қазақ тіліне аударған.

Филология факультетін 1959 жылы бітірісімен 1959-1963 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, 1963-1984 жылдары Қазақ ҚСР телевизия және радиохабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеттің редакторы, аға редакторы, Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы қызметін арқарғандығы жазушы қаламы төселіп, шеберлене түсуіне үлкен себепкер болғандығы даусыз. Әдеби көркем шығармаларында жазушы музыканың адам өмірімен байланысы, адам болмысында музыканың алатын орны, оның адамды тәрбиелейтін, адамды адам ететін қасиеті, адамның сазсыз өмір сүру мәнінің жоқтығы шынайы суреттеледі де, өнер қайраткерлерінің естен кетпес бейнелері жасалады. 

Ильяның 2006 жылы жарық көрген «Бұлбұл әуені» атты жинағындағы «Қазақ вальсі», «Бұлбұл», «Өр Алтай, асқан Алтай, асқар Алтай», «Айгөлек», «Түнек сәулесі», «Жас қазақ», «Жүрек сыры», «Қаракөз», «Қайықта» атты шығармаларын жазушы «көркем эсселер» деп атаған екен, оған қоса біз бұларға өнер тақырыбындағы көркем повестер мен әңгімелер деп айдар тағар едік. Мұндай шығармаларды кез келген музыка өнерінен алыс жазушы жаза алмайды. Бұл шығармаларды тек қана өз жүрегінен нәзік үн саулатқан жазушы ғана жаза алады. Сондықтан да Илья бейнелеген Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Күләш Байсейітова, Евгений Брусиловский, Жамал Омарова, Бақытжан Байқадамов, Садық Кәрімбаев, Рамазан Елебаев, Жүсіпбек Елібеков, Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Есбаев, Махсұтбек Майшекин сияқты әншілер мен композиторлардың сомдалған бейнелерін жасаумен бірге, тарихта болған өнер адамдарының өшпес шығармашылық балқыма шабытты шақтарын, олардың тылсым өнерпаздық құпияларын шеберлікпен көрсеткен.

Міне, Ильяның осылайша жазушы екенін білсек, тек соңғы жылдары ғана дүниеге келген «Аққу әні», «Еділ – Жайық», «Сирек жүрек пернесі» атты кітаптары арқылы оның музыка зерттеушісі екендігіне көзімізді жеткіземіз. Илья Алматы, Астана, Атырау теледидарынан төгіліп сөйлеп отырғанында арғы-бергі замандардағы композиторлардың, әсіресе, әнші сал-серілердің әрбіреуінің сазгерлік табиғағын тарата, ашып айтқанда көрермендердің өздерін ұмытып тыңдайтындарын қайтерсіз. Не деген жанкештілік, не деген тереңдік десеңізші. Мұның бәрін ол қайдан білді? Ильядан бұрын да атақты халық әншілері туралы зерттеу еңбек жазылыпты. Ол біреу ғана. Ол – Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары». Бірақ Ильяның зерттеулері ондағы зерттеулерге ұқсамайды. Себебі, Илья өзінің пікірлері мен тұжырымдарын, деректерін Ахметтен алған жоқ, әлгі белгісіз жайларды халық аузынан жазып алды. Ол ел аралады. Зәредей де болса деректің түбін қазды, соның шындығына жетуге тырысты, әндердің табиғатын ашты, қалай пайда болған тарихын зерттеді, іздеді, табаны тозды, жүрді, тау, дала, орман, тоғай, құмды жолдарды кезді. Әнші-сазгерлердің өмірлеріне, ән тағдырына, әндердің туу тарихына байланысты бұлдыр жайларды нақтылады, шындықты ашты, қолға ұстатқандай айқындады. Сөйтіп халық алдына көп құпияларды жайып салды.

Ильяның әрі эссе, әрі зерттеу, әрі теориялық талдаулар беретін очерктері көп екенін айтар болсақ, олар мыналар: «Үшқара», «Топайкөк», «Иман Жүсіп әндерінің тағдыры», «Ақшашақ», «Есіл өзен», «Жиырма бес», «Жүрек пернесінде», «Дударай», «Тәңірберген Молдабай», «Мен өзім Аманғали атанамын», «Таңжарбайдың әні», «Махамбеттің отты әуені», «Қызыл әнші», «Мәриям туралы ән», «Қойыстың әні», «Балқадиша», «Жалмұқан – Ақтоқты» және тағы басқалар. Осы шығармаларын оқығанымызда, алуан әсерге кенелеміз. Біріншіден, қызығамыз, екіншіден, жаңа деректерге тәнті боламыз, үшіншіден, сезімнің мол құшағында қалып, тебіренеміз, осынша тірнектеп жинап жазған авторды жанымызбен аялайсыз. Бұлардың бәрі қазақ өнеріндегі құбылыстарды өнерсүйер халық жүрегінің түкпікіріне жеткізуге қызметтену үшін, шабыттың қайнар бұлағында отырып жазған дүниелер деп білеміз. Қазақ өнерінің тарихына, қазақ музыкасының тарихына қосылған үлес деп бағалаймыз. Ән шежіресіндегі кейбір халық санасында ұялаған ағат орныққан деректерден тазартып, дүние бағытқа сілтейтін соншама таңғаларлық мәнді және ғұламалық дәріс екендігіне шәк келтірмейміз. Осы айтылғандарды біраз мысалдармен дәлелдеп өтейік. Әр өнерсүйер қауым күні бүгінге дейін «Дударай» әнінің авторы Мария Жагорқызы Рекина деп келді. Мұның өзі халық арасында лақаппен тараған қате дерек екенін Илья тайға таңба басқандай етіп, елді ұйқыдан оятқандай селт еткізді. Бұл әнді Мария шығарды дегенге Марияның өзі таң-тамаша қалған көрінеді. Тіпті, оған Қазақ ҚСР-нің еңбегі сіңген артисі деп атақ бергеніне де таңданған. Ал, шынында, бұл әннің сөзін де, музыкасын да шығарған өнерімен бір аймаққа ғана белгілі болған, бірақ барша халыққа аты таралмаған Үлебай деген адам екенін зерттеуші дәлелдегі берді. Немесе «Балқадиша» әнінің шығу тарихын да халық теріс түсінгенін, Балқадиша өмірде болған адам екенін, фотосуретіне дейін баспасөзде жариялаған Илья оның Ақан серінің ешқандай ғашығы болмағанын, тек оның әні қыздың сұлулығына, өнеріне сүйсінгендіктен туған туынды екенін дәлелдеді. Сонымен бірге ән тексі кеңестік дәуірге лайықталып бұрмалағанын да анық айтты.

Өлең жолдары: «Дегенде Балқадиша, Балқадиша, күйеуі сексен бесте шал Қадиша» деп бұрмаланғанын көрсетті. Балқадишаның сүйген жары Сүлеймен деген нар тұлғалы, елдің халық құрметтеген ардақты азаматы болғандығын, оның «Балқадиша» әнін өте жақсы көргенін, Балқадишаға арналған әнге сүйсінгеннен, әншілерге, Балқадишаның өзіне үнемі айтқызып, Ақан серінің талантына бас иіп өткен адам екенін жақсы бейнелеп көрсетті.

Тағы бір дерек – Ақан сері мен Ақтоқты мәселесі. Бұл туралы автор мынадай қызық оқиғаны алға тартады. «Қарауылдың Жақсылық атасы күні бүгінге дейін Ақан сері мен Ақтоқты оқиғасын намыс қылады. Бұл елдің адамдарымен бұл жөнінде сөйлесу оңай емес, ол ыңғайға келе бермейді. Ол сырды қозғау қиямет. Ертеде осы Қызылағантта Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы қойылғанда, қариялар өре түрегеліп: «Асылымызды қорламай, тоқтатыңдар, түге! Жалмұқан мен Ақтоқтының сүттей ұйып өткен өміріне дақ салмаңдар бүйтіп! Өніп-өсіп отырған бұл әулеттің бала-шағаларының көңіліне қаяу түсірмеңдер! Осы келген беттеріңмен қайтыңдар, бұл ауылдан тайып тұрыңдар! Бізге жалған сөз керек емес!» деп артистерді қабылдамай, қуып шығыпты.

Иә, шынында да, Ақан сері Ақтоқтыға ғашық болған. Оған арнап бірнеше ән шығарған. Бірақ Ақтоқтының өзі сүйген, баяғыда өзіне атастырып қойған Жалмұқан атты жары бар. Ақтоқты мен Жалмұқанның үйлену тойы үстінде Ақан сері Ақтоқтыны күштеп алып қашады. Бірақ Ақтоқты таңдағаны Жалмұқан екенін айтып, ой бауырымын кеседі. Сөйтіп ел арысы, елдің ардақты азаматына Жалмұқанға Ақтоқты қайтарылыпты. Ал Жалмұқан бұл оқиғаға ешқандай кек сақтамаған, қайта Ақан серіні халықтың әнші еркесі санап, талай кездесіп жүріпті. Ақтоқтыға арналған әндерді сүйсініп тыңдапты.

Ал бұл оқиғаларды бұрын халық білген жоқ. Олар тарихтың қойнауында, заман шаңының астында қалған шындықтар еді. Илья бұл шындықтарды қатпарлы жылдар тереңінен қазып алып, халық санасына дұрыс бағыт сілтеді. Бұл зерттеуші тарапынан жасалған батыл әрекет еді.

Ильяның көркем сөз туындылары ән тудыру, шығармашылық құпиясымен байланысты. Ән қалай туады, сөз қалай туады? Сазгер қалай толғанады? Әуелі ән туа ма, әлде сөз туа ма? Бұрын туған саздың сөзі қалай іздестіріледі? Мұның бәрін жазушы шеберлікпен оқырманды қызықтыра баяндайды. Осы құпияларды суреттеумен композитор оқырманды өзінің шығармашылық лабораториясына енгізіп жібереді. Ол жазбаларды әр оқырман өз фантазиясымен шарықтатып, әннің дүниеге келу сәттерін бастан кешіргендей болады, қызығады. Композитордың өнер туындысын дүниеге әкелгендегі толғанысы оқушыны шығармашылық азапты автормен бірге өткізгендей сезіндіреді. Егер бұл құпияларды жас таланттар оқыса, сөз жоқ, шығармашылықтың сырларына үңілер еді.

Мұндай ғажайыптар Ильяның «Сырлы жүрек пернесі» деген кітабын оқығанда көрінеді. Композитор ақынмен қалай шығармашылық байланыста болуы керек, ақынның ән табиғатына, мінезіне сәйкес келетін қандай сөздер жазуы керек екеніне кеңес беріледі. Ильяның өзі ақын болғандықтан, кей жағдайда әнге лайықтап шығарылған кейбір ақындардың сөздеріне өз бетімен өзгеріс енгізіп, тіпті, ән қайырмасын да өзі жазып жіберетіні шындық. Мысалы, «Еділ – Жайық» әнінің қайырмасын Ильяның өзі шығарған. Ақынмен шығармашылық байланыс қандай болатындығын қолға ұстатқандай етіп жазған эсселері тартымды баяндалады. Аталмыш кітап Ильяның талантты ақын Қасымхан Бегманмен қоян-қолтық отырып шығарған әндерінің тағдырларына арналған. Ақын мен композитор бір-бірімен қалай үндесу керек, қалай байланысу керек деген мәселені үйренгісі келген әрбір композитор не ақын осы кітапты оқыса, ән жазу лабораториясынан нағыз әдістемелік қымбат та қызықты үлгіні тапқандай қуанары қақ.

Илья – лирик ақын. Алғашқы кезде оның бірқатар әндері өзінің сөзімен шықты, ілгеріректе мүмкін композитор әніне лайық сөз таба алмаған болар. Сондықтан өзінің ақындық талантын іске қосқан. Әуелі туған мелодиясының мінезіне сай сөзді өз көкірегінен туындатты. Мысалы, мына әндер Ильяның өз сөзімен үндестік тапты: «Ақ қайың», «Асылым», «Әсел», «Бозкөл», «Бұлбұл еді», «Даниярдың әні», «Жайлаукөл кештері», «Көгілдір көлме», «Қыземшек», «Сырымбет», «Толағай», «Шолпан жұлдыз». Олар мелодияның дәл пернесін басқан поэтикалық жолдармен қиындасса, кейіннен Батыс Қазақстанда туған «Доссор вальсі», «Мақаттың ерке бұлбұлы», «Құлсары», «Ағады Жайық, ағады», «Маңғыстау» әндері де өз жан жүйесін баураған сөздермен дүние есігін ашты.

Илья жасаған фильмдер мен радиоспектакльдер де баршылық. Қазір қазақ теледидарының гауһар қорына айналған «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Муса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ»... және қазақ композиторлары Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов, Қапан Мусин, Бақытжан Байқадамов және басқа көптеген сал-серілер мен музыка шеберлерінің шығармашылық бейнелері; сонымен бірге «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка »атты телесериалдар және «Доссор вальсі» мен «Доссорда шай құяды Гүлжансары» фильмдері; Штраус вальсі мен Бетховен шығармашылығына арналған «Вальспен қоштасу», «Айлы соната» атты музыкалық телеспектакльдер өнер саласындағы үлкен тарихи құндылықтарға айналды.

Ал қазақ радиосындағы Біржан сал, Гете, Лермонтов, Бетховен, Шуберт, Абай жайында қойылған, «Бурабайдың баурайында», «Қараңғы түнде тау қалғып», халық әншісі Тоқбай және Шәкен Айманов жайындағы «Екі жирен», Ақан серіге арналған «Балқадиша» атты радиоспектакльдер эфирден түспейтін інжу-маржандар қатарына қосылып, олардың авторы Ильяның мерейін үстем етумен бірге, халықты сүйіспеншілікке бөлейді. Ал «Ықылас», «Ақан сері әндері», «Аманғали», «Құрманғазы» атты деректі фильмдердің өзі бір төбе.

Бұл айтылғандардың бәрі Ильяға радиожурналист, тележурналист, зипа бойына артистизм қасиеті бек жарасқан режиссер деген шеберлік қырларын да телуге болады деген сөз.

Илья – композитор. Студент кезінен бері екі жүзден астам ән шығарып, жазған екен. Ата-бабалардың керемет қасиеті бойындағы бұла күшпен мәнерлі құйылып, елді саумал сазбен сусындатқан екен.

Илья – дала перзенті. Даланың кеңшілігі, ауасының шалқар мөлдірі, өзен-көлдері мен теңіздерінің ерікті де еркелей жағасына соққан толқыны, кәусардай сыңғырлы желі бір кезде жас композитордың табиғатына пәктік қосып, шексіз шарықтатқан екен. Жас бала кезінде көкірегіне қазақ халқының күміс сылдырлы, қоңыр күмбірлі әндерінің мелодиясы ұялаған болмысы жүрегінен басқаша пішінде төгіліп, кеңшілікте сайран салған.

Илья әндері! Әр қазақ музыкант емес, бірақ әнді түсінерліктей мүмкіндігі зор. Той-томалақтарда әр қазақ «әу» деуден құр емес. Композиторлардың әндерін сүйсіне тыңдап, шырқап айтады да. Солардың ішінде қазақтың жанына, жүрегіне жақын тамаша композиторлардың бірі –Илья Жақановтың әні.

Шіркін, жастық шақ! Әр адам жас шағында Ильяның талай әндерін шырқады-ау тебірентіп... Илья әндерінің бір ғажайыптығы сол – шалқып, кеудені кере айтқанда, қазақтың кең даласының рухы қанат бітіргендей болады.

Самалы жұпар жазғы бір кеште,

Ойласам болды Ыстық көл жақты.

Айтылған сырлар түседі еске,

Оятқан сонда ақ махаббатты.

Осы әнге Ильяның өзі шығарған сөзі қалай қиюласқан десеңізші! Айтушының да, тыңдаушының да бар сезімін баурап алады. Мұнда сағыныш, арман, мөлдір сезім, іңкәрлік бүкіл болмысыңды құндақтап, бесікке бөлеп

тербеткендей. Бұған қайырма жалғаса келіп, жан-жүйені сілкілеп-сілкілеп алады.

Тулайды жүрек, толқындай шалқып,

Аңсайды жүрек өзіне тартып,

Сағынтқан әнім, Әселім жаным,

Сағынтқан әнім, Әселім жаным.

Бұл бір кезде жігіттер мен қыздардың мөлдір сезімдік шақтарының айырылмас мәңгі досы, сүйсіне, мақтана шырқайтын әні болды.

Ильяның музыкалық шығармашылығындағы классикалық туынды – «Еділ – Жайық» әні. Бұл әннің құдіретті сазында қай ұлт өкілінің де жүрегін жаулап алатындай ерекше қасиеті бар.

Не деген алапат кең, не деген дарқан шалқыма дүние десеңізші!

Асылы, Илья таланты қазақтың шетсіз де шексіз даласы мен буырқана толқынымен аспанға шапшыған суларын жырлауға келгенде, қанатын жая жөнелетін қасиетке ие.

Құлпырады дала, гүлдейді орман,

Емізеді егіз Еділ мен Жайық.

Ақ шағала айдын, ақталған арман.

Тербеледі кеме, ойнайды қайық.

Кеудені кере баяу шырқатқаннан кейінгі:

А-а-а ағады шалқып,

Аққулары қалқып,

Еділ мен Жайық, –

дегенде, өзіңнің туған жеріңе деген сүйіспеншілігін арта түскендей болады. Саз бен сөз бір-біріне үйлесіп, қиюласып, бойыңа мақтаныш кернетеді.

Илья әндерінің осы қалайы жоқ. Бәрі жүрегіңді қолыңа ұстатып, бауырыңды елжіретеді, көңіліңді асқақтатады, шалқыған сезімнің ақ жауынына қарсы жүгіргендей боласың. Өзіңді ерекше бақытты сезінесің, дарқан сезінесің, өмірде бар екеніңді әлемге жариялай алатындай күй кешесің. Мұның бәрі композиторға шексіз ризашылыққа әкеліп, оның талантына табындырады.

Ильяның әрбір әні лиризмімен гүлдің хош иісті жұпарындай, жаздың кешкі жылы самалындай, Ақжайықтың толқындарының жүйкені жібітерлік сылдырындай, ғашықтар иіліп кеп, бір-бірінің мойнына жібек дем сыйлағандай, он екі мүшеңді жібітіп, алпыс екі тамырыңды күйге түсіргендей. Қуаныштың да, мақтаныштың да, сүйіспеншіліктің де, ризашылықтың да, бәрі қосылып, балбырай жүйке жібітіп, рахатқа батырып, көзге жас үйіргендей.

Ильяның бұрынғы әндері де, қазіргі Ақжайық өңірінде туған жаңа әндері де, Қасымхан Бегманмен шығармашылық байланыста туған әндері де ерекше жаратылысты, басқа композиторлардың әндерінен табиғаты мүлде бөлек. Әрі көркемдік деңгейі де биік.

Илья – әнші. Оның әншілік өнерін өзіміз тыңдап, көріп, риза боп, рахаттанып жүрміз. Егер ол өз әндерін сахнадан орындауды о бастан дағдыға айналдырып, соның үдесінен шығуға біржолата берілсе, әлбетте, өзіндік мәнері ерекше шебер орындаушы бола алатындай мүмкіндігі сезіледі де тұрады. Себебі, Ильяда баритональді тенор дауыс бар. Оның ән-романстарының мейілінше кең тынысы болуының сыры осында жатыр. Кең диапозонды биік әндерді орындағанда, шексіз кеңістікті жаңғыртқандай, тым алысқа ұзап кете барады. Талай рет сахнада, той-томалақтарда, кездесудің алуан түрлі сәттерінде еш іркілместен шырқай жөнелгенінде, жұрттың өндіршектері үзілердей, ауыздарын ашып таңғалғанын талай рет көзіміз көрді. Ал әншілік жолға түсуге жазушылығы, зерттеу ісіндегі мехнаты зор ауыр еңбегі жібере қоймайды екен. Жұмекеннің:

Тентек үн кетіп еді дауылдап бір,

Аңқиып әр жерде бір ауыз қапты, –

дегеніндей күй пайда болады.

Жалпы, Илья әні мен оның дауысын жақын бір арна десе болады. Екеуіне де композитордың өзінің ішкі адамшылық бүкіл болмысы қосылып, бүкіл организмі шығармашылық фокусқа түсетіндей. Сондықтан да Илья әндері адам сезімінің терең тұңғиығындағы домбырасының пернесі мен шегін дәл басып, алуан түрлі өзіндік күймен тербете алады.

Композитордың алғаш туған әндерінің өзіне мән бере тыңдап, зерттей қараған қазақтың музыка корифейлерінің берген бағалары таңғалдырады.

Қазақ консерваториясының профессоры Василий Васильевич Великанов: «Мен бұл жігіттің біраз әндеріне аккомпономент жаздым. Ағылып жатқан мелодия. Ән формасын, әншінің дауыс мүмкіндігін керемет сезінеді. Әндері халық әндері секілді кең тынысты. Ұлттық колориті сондай жарқын», – депті. Профессор Латиф Хамиди: «Әндерінің біразы вальс. Менің стихиям. Бірақ романсқа, қазақтың дәстүрлі әндеріне бейім. Осы жағы вальстен басымырақ. Бұл жағынан алғанда, Әбілахат Еспаевтың табиғатына жақын. Әндері салмақты. Ойлы. Мелодияға бай», – десе; профессор, қазақтың тұңғыш операларын жазған композитор Евгений Григорьевич Брусиловский: «Бұл жігіт – нағыз халық композиторы. Ешбір консерватория тұла бойы мелодист-композиторды оқытып шығарған жоқ. Әндерін көріп отырмын. Өзінің осы табиғатын бүлдірмейік. Шығаратын әнін сал-серілерше емін-еркін шығарсын», – деген екен.

Нағыз музыка мамандарының, шеберлерінің, білгірлерінің мұншама төгіле айтқан сөздері Илья табиғатын дәл таныған, дәл байқап бағасын берген.

Композитордың тек «Еділ – Жайық» әніне ғана айтылған лебіздерде шек жоқ: «Еділ – Жайық» – әннің төресі «(Роза Бағланова)». Илья Жақанов Еділ мен Жайықты қатар толқытып, қазақ халқының еңсесін көтерді» (Шота Уәлиханов), «Еділ – Жайық» – қазақ халқының гимні» (Асанәлі Әшімов), «Кейінгі кезде шыққан әндердің ішіндегі ең дүлдүлі – Ильяның осы «Еділ мен Жайығы» (Еркеғали Рахмадиев). «Еділ – Жайықты» ел басшысы болған, қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамет Қонаев Гүлмайдан Сүндетованың орындауында бірнеше рет айтқызыпты. 

Илья Жақанов туралы қанша айтса да тауысу қиын. Оның сегіз қырлы феномендігі туралы соз жыраулардың талай толғауларындай, күйшілердің домбыра күмбіріндей төгіле береді.

Бүгінгі күні кең байтақ Республикамыздың о шеті мен бұ шетін бүкіл алты Алашты Илья әндері құшағына алып, бауырына қыса, ғажайып сазымен баурауда. Композитордың өзі елдің қай бұрышына, қай түпкіріне барса да, қай республикаға қадам басса да, оны бауырындай қабылдайды. Қазір Илья әні қазақ даласының мөлдір самалындай есіп тұр... халыққа ән керек, Илья әні-рухани сусындай қажет.

Илья әні – жүректің дүрсілі, қан тамырының бүлк-бүлк соғысы. Илья әні – ішкі сезімнің үні, адамның жүйке жүлгелерінде жүгірген тіні, ми клеткаларының дыбыссыз қозғалысы, түнгі самалдың майда лебі, мөлдір бұлақтың сыңғыр күлкісі. Ильяның әні – даланың кең құшағы, күн шуағының гүлге төккен нұры, мөлдір өзен толқынының сыңғыр күлкісі, үзіле толқыған сыры. Ильяның әні – тылсымның тынысы, Ай мен Күннің бір-біріне құштарлана қарауы. Илья әні – ғашықтардың үнсіз ұғысы. Илья әні – адамдардың сазбен желпіген майда сыры.

Илья Жақанов – халық сүйіспеншілігіне бөленген дүлдүл композитор!

Қадыр ЖҮСІП, 

филология ғылымдарының докторы, X.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры.

_______________________________________

* Автордың «Феномен» эссесінен үзінді.