САҒЫНДЫМ САҒЫМ ЖЫЛДАР
2024 ж. 06 тамыз
6811
0
Әнші Мәдина Ералиева туралы сыр-сұхбат
Қазақтың күміс көмей әншісі Мәдина Ералиеваны тыңдармандары ұмыта қойған жоқ. Оның мейірімге, шуаққа толы жүзі, көмейінен тұнық бұлақ суындай сылдырай төгілген мөлдір де әуезді әні өнерсүйер қауымды әлі күнге әдемі бір күйге бөлейді де тұрады. Тіпті, оның сызыла салған әндері мен әдемі жүзі, талдырмаш бейнесі әлі көз алдымызда. Мәдина десе көз алдыма оның сахнадағы құрбысы, талай жыл концертін жүргізіп, ыстық-суығына бірдей төзе білген, сол жылдары бүгінде біз сияқты сағыныш-арманға айналдырған, әншімен өткен әрбір күн-сағаттары санасында үнемі жаңғырып келе жатқан Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, көркемсөз шебері, Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының артисі, концерт жүргізуші Гүлия Байбосынова ханымды сырласуға шақырдық.
– Гүлзия ханым, Жаратушының құдіретінде шек жоқ, сахнада, өнерде ғана емес, өмірде де сырлас-сыйлас құрбыңызға қатты ұқсайсыз. Қазір де сенен әнші-керім Мәдинаны көріп отырғандаймын.
– Мүмкін! Шынында да, осы әңгіме ел арасында жиі сөз болып, тіпті біреулер таң қалып жатады. Бет-келбетіміз ғана емес, мінезімізде де, адами қасиеттерімізде де көп ұқсастық болатын. Жиырма жылдан астам уақыт бірге жүрдік. Бірге жылап, бірге күлдік...
Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,
Және жылап өледі – өзгені де жылатып.
Жылайтыны – туа сап, жамандар бар қинайтын,
Жылайтыны – өлгенде, жақсылар бар қимайтын, –
деп ақын Қадыр Мырза-Әлі қалай дәл айтқан! Адамдардың жанын ақындардан артық бейнелейітін мықты суретші жоқ болар, сірә! Осы бір жан тебірентер шумақ Мәдинаны ойлаған сайын, сағынып еске алған сайын тілімнің ұшында тұрады. Ол бір қимас жылдарым бүгінде сағынышқа айналса да, өмірімнің мәніне-мақсатына айналды. Иә, өзім де қайранмын. Он бес жылға жуық қасынан бір елі қалмай,талай қызық-шыжығымызды бірге көрдік. Бақыттан басы айналған сәттерінен бастап, жаны жабырқаған күндер мен түндері жанынан табылатынмын. Өнер адамы ретінде менің сахнаға бейімделуіме, кәсіби тұрғыдан жетілуіме Мәдина үлгі-өнеге болды. Тіпті, сол кісі сияқты киінуге, боянуға, жүріп-тұруға, адамдармен қарым-қатынас жасауға, әңгімелесу мәдениетіне дейін үйренуге тырысқаным сондай, бүгінде жұрт түр-тұлғамызға, іс-қимылымызға дейін ұқсатып жатады.
Алғаш рет кездескен сәтім, оның әдемі жүзі, мейірімге толы жанары, үзілдіре салған әні құлағымнан бір сәт те кеткен емес.
– Алғашқы кездесу, танысу қалай басталып еді?
– Қазақ өнерінде Өзағаңның (Өзбекәлі Жәнібеков) сіңірген еңбегі ұшан-теңіз ғой. 1985 жылы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияның жанынан «Адырна», «Алтынай», «Арқас» ансамбльдері де сол кісінің бастамасымен, үлкен ұйымдастырушылық һәм өнерге деген жанашырлығының арқасында дүниеге келді. Ал Өзағаңның әртістердің киетін киіміне дейін өзі араласып, ұлттық ою-өрнектермен әшекейленіп, қазақи үрдісте болуына аса мән беретінін бүгінгі көз көргендер аңыз етіп әлі күнге айтып жүреді.
«Бұлақ көрсең көзін аш» дегенді өмірлік маңызды қағидасына ұстанған өнер жанашыры талай таланттардың да бағын ашты. Филармонияның сол кездегі директоры Ғабиден аға марқұм Тұяқаев та аса талғампаз жан еді. Кеңестік дәуірде үш бірдей фольклорлық-этнографиялық ансамбль құру осындай ұлтына, ұлттық өнері мен мәдениетіне шын жаны ауыратындардың ғана қолынан келетінін дәлелдеді. Мәдина Ералиева да сол Жәнібековтің іздеп-тауып, ансамбльге алғаш алған әншілерінің бірі болыпты.
«Қазақтың ұлттық әндерін насихаттап, ұлттық киіммен ән саласың» десе керек Жәнібеков қызметке шақырарда. Өз туған халқының мәдениеті мен өнері үшін туған асыл азамат Мәдинаның репертуарына Күләш Байсейітова мен Жамал Омарованың орындауындағы, бірақ кейінгі кезде көп шырқала бермейтін «Баян-ай», «Толқыма» сынды халық әндерін өз бақылауымен дайындатады ғой. Кейіннен «Қоғалы-ай», «Жылқы ішінде ала жүр» әндері де Мәдинаның жеке ән қорына кіреді. Өнер жолындағы ұстазы Жәнібековтің аса талғампаз ой елегінен өткен әнші үнемі ұлттық әндерімен қоса, қазақтың етек-жеңі кең әшекейлі бүрмелі көйлегімен сахнаның сәніне айналады.
Сол жылдары Ленинград, Мәскеу қалаларында өткен көркемсөз байқауларынан жүлделі орын алып жүрген мен осы ансамбльде концерт жүргізушісіне байқау жарияланып, соған қатыстым. Бағым жанып, 1987 жылдың соңына қарай ансамбльге концерт жүргізуші әртіс болып қабылдандым. Таңертең байқауға қатысып, түстен кейін қорытындысы шықты да, кешке пойызбен Қызылорда облысына гастрольге аттанатын болдық. Байқаудан өткеніме қуанғаным сондай, кімдермен баратынымды, кімнің концертін жүргізетінімді сұрап та жатқан жоқпын. Жолға тез дайындалып, вокзалға келгенімде ғана Мәдина Ералиеваның өнерсапары екенін білдім.
Мәдинаны теледидардан ғана көріп, оның сұлулығына, киім киісіне қарап қызығатынмын. Үнемі қазақша бүрмелі көйлек, сәукелемен көретіндіктен, жасы үлкен көрінуші еді. Вокзал басында ансамбль жетекшісі таныстырғанда таң қалдым. Алдымда еліктің лағындай әдемі, сүйкімді келіншек тұр. Екеуміз бір купеге орналастық.
«Қазақ сахнасында жүргеніме біраз жылдар болса да, әнші болып танылып, қалыптасқан он тоғыз жылдан кейін туған жерге бірінші сапарым, бәрі де дұрыс ұйымдастырылуы қажет», – болды әншінің алғашқы сөзі.
Басымды изей беріппін. Бұрыннан атына қанық осынау әншімен алғашқы өнерсапарымның басталғанын жақсылыққа жорып, іштей қуанып мен отырмын. Дәл сол кездегі қуанышымды тілмен айтып жеткізе алмаймын. Осылай басталған таныстық өмірлік сырлас-қимас достыққа ұласты...
– Тыңдармандары құлақ құрышын қандырған әнші ретінде ғана біледі, жалпы, Мәдина адам ретінде, әйел-ана ретінде қандай еді?
– Бірімізсіз-біріміз ас іше алмайтын қимас та сыйлы ұзақ жылдардан байқағаным, оның шектен шыққан тазалығы. Қазіргідей ылғалданған бет сүрткіштер жоқ кездің өзінде стирильді дәкелерді хош иісті сулармен дымқылдандырып, қабат-қабат салып жүретіні ерекше есте қалыпты. Сосын көпшілік біле бермейтіні – ісмерлігіне қоса суретшілігі. Майлы бояумен кенепке салған талай картиналары кез келген суретшінің еңбегінен кем емес еді. Өнерсапарларына шыққанда өзімен бірге тігін мәшенкесін, үтігі мен кір жуатын шылапшынын да бірге алып жүретін. Алғашында таң қалатынмын, бірақ шалғай ауылдарға барғанда үтік таппай қиналған сәттеріміз де кездесті. Сонда оның сұңғылалығына қайран болмасқа шараң жоқ. Қазіргідей емес, ол жылдары айлап гастрольде жүреміз. Кейде біреудің туған күні болып жатады. Ол отыра қалып сыйлық тігуге кірісетін. Бәрін өзі қолымен жасауға шебер-ақ еді. Қолы қалт етсе ұлы Арсенге жемпір тоқып, көйлек тігіп отыратын. Ұлын өмірінен артық жақсы көрді.
Ұлы демекші, ана мен баланы біраз уақытқа алыстатқан бір гастроль есіме түсіп отырғаны. 1992 жылы Корея мемлекетіне өнерсапары кезінде аяғы сынып, сонау шет елде қозғалуға болмай үш ай төсекке таңылған кезі. Әбден дамып кеткен ел емес пе, жылжымалы сахнасында байқамай аяғы тайып, пәленбай метрге төмен құлап түседі ғой... Қайтуға рұқсат жоқ, оның үстіне жүрмек түгілі аяғынан тұра да алмайды. Не тіл білмейді. Баласына деген сағыныш жанын азапқа салған дерттен де күшті болып, екі көзге ерік бергеннен басқа амалы болмайды. Бүгінгідей кез келген елде байланысқа шыға беретін мүмкіндік те жоқ. Үш айдан соң елге келгендегі түрін көрсеңіз... Үш ай түгілі үш күн көрмей қалсаң жаныңды сыздатып, жүрегіңді тебірентетін ана мен баланың сағыныш көз жасы ұшақ басындағылардың бәрін жылатты. Аяғы дұрыс салынбай, сол жатқаннан екі жыл төсек тартып жатып қалды. Екі жыл, былай қарағанда аса ұзақ уақыт болмаса да, оның қаншама күні мен азапты түндері, кірпік ілмеген сағаттары... «Әудем жер жете алмадым аяғымнан» деп сыңсып әндетіп жатқан сәттерінде үнемі қасында болдым. Оны естіп құлағдар болған еліміздің түкпір-түкпірінен «емдеп берейін, барып көңілін сұрайын» деген өтініш, жанашырлық тілектер сансыз болды. Содан Ынтымақ деген ауылдан сынықшы келіп, жылқының іш майымен қырық күн-түн қасында болып, әншінің сырқаты жазыла бастады. Халықтың ынта-ықыласынан, елдің тілегінен рухы көтерілген әнші өзі де селқостықтан басын көтеріп, оңала бастады.
– Содан әншінің араға екі жыл салып барып, сахнаға оралғанынан хабардармыз.
– Иә, ұзақ уақыт үзілістен кейін сахнасымен, әсіресе, өзінің тыңдармандарымен сағынып көріскені әлі есімде. Қандай шара екені есімде жоқ, Орталық стадионда үлкен концерт өтті. Оған дайындығы керемет болды енді: аппақ сәйгүліктерге жегілген аппақ күйме, қолтығындағы балдағына дейін аппақ матамен оратып, өзі де аппақ үлбіреп ақиық ақын Мұқағалидың сөзіне жазылған Елена Әбдіқалықованың «Есіңе мені алғайсың» әнін шырқады. Алматы аспанында сағынышқа толы өксік аралас әуезді әуен біраз уақытқа дейін сыңғырлап тұрғандай әсерде болдық. Әнші қыздарына деген халықтың сағынышы да сахнадан жібермей, бір-бір ғана ән дайындап келген шектеулі уақытта сазгер Қалдыбек Құрманәлінің «Кірмеші жиі түсіме» әні көпшіліктің сұрауымен шырқалды. Бала жастан арманы болған, әке-шешеден ерте айырылып, жетімдік пен жоқшылықтың азабын қатар татып, өзінің ғана талантымен ел көзіне іліккен жап-жас қыздың тағдыры аса оңай болмаған. Мен де жетім болып өскен сорлымын, екеуміздің түріміз ғана емес, ішкі жан-дүниемізде де осындай жақындық болды, жылаумен өткен талай түндеріміз осылай халықпен қайта қауышып барып, жеңілдегендей болды.
***
Әнші құрбысының сол сәттегі жағдайы көз алдына келген Гүлзия көз жасына ерік берді. Әйел жанының нәзіктігі, сезімталдығы тым-тым ерекше екенін, ақындар айтпақшы, «әйел жанын түсіну үшін әйел болып туу керектігі» тағы бір санамызды шарпып өткендей, екеуміз де үнсіз қалдық...
Содан соң ғана, күле отырып жылайтын, жылай отырып күле салатын өнер адамдарына ғана тән қасиетпен Гүлзия ханым әдемі бір күліп алды. Осы сәтті пайдаланып біз де әңгіме тізгінін басқа арнаға бұрдық.
***
– Қазақтың күміс көмей әншісі Ералиеваның қатты қуанған сәтін еске алсақ?
–1997 жылы сахнада, өнерде жүргеніне жиырма жыл болып, есеп беру дәстүрімен Республика сарайында концерт өтті. Залда ине шаншыр жер жоқ. Бұл – еліміздің ес жиып, экономикамыздың бір жолға ыңғайланып, халықтың да аңсап жеткен Тәуелсіздігіне еті үйрене бастаған, арагідік ел ішінде жеке кәсіпкерлікпен айналысып, табыстың көзін тапқан, баюдың жолына бет түзегендер көші де көбейе бастаған тұс. Өзі сүйіп тыңдайтын әншілеріне қомақты қаржы ұсынып, демеушілік жасаушылар да шығып жатқан кез. Дегенмен, қазақ эстрадасында, қазақ өнерінде осындай мерейтой үстінде көлік мінген де тұңғыш Мәдина болған шығар. Өнерін, өз басын қадірлейтін ақтаулық кәсіпкер құрбысы Ұлбосын Ахметова су жаңа «Мерседес-Бенц» сыйлағанда, зал шу ете түсті. Ду-ду қол шапалақпен қоса әншінің де ақ жүзі алаулап, қап-қара кірпіктеріне мөлдір моншақтар ілініп тұрып қалды... Өте жоғары деңгейде өткен осы концертке, өзінің тума талантын сыйлайтын тыңдармандарына, өмірдің ыстық- суығында бірге келе жатқан құрбысына дән риза болған ол шексіз қуаныш құшағында тұрғанын айтпаса да, көзі қарақты көрермендері құптады. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Бүкіл өмірінің мәніне, мақсатына айналған қасиетті сахнасындағы ғұмыры өте қысқа болды, небәрі жиырма үш жыл! Өзі де небәрі қырық алты жасында қыршын кетті ғой...
***
Әңгімені тағы да көңілсіздеу аяқтамайық деген оймен, әні мен сәні келіскен керім әншінің махаббатқа деген көзқарасын білгіміз келді.
– Мәдинаның сұлулығына, сахнадағы жүріс-тұрысына ғашық азаматтар да көп болған шығар?
– Әрине, сондай сұлулықпен бірге әншілігі келіскен, сылқым да ашық келіншек кімге болса да ұнамауы мүмкін емес. Сызыла салған әнімен баяу тербеліп тұрған талдырмаш мүсін, қиылған қас пен мөлдір жанарлары талайларға үміт отын тұтатып, ішіне шоқ тастағаны сөзсіз. Әйелдің жаратылысы да солай, адамзаттың көзқуанышы болып, тағдыр қосқан қосағымен әулетіне данагөй ана, адал жар болуымен де бақытқа бөленеді емес пе?! Менің ойымша, Мәдина да ондай бақыттың дәмін татып қана қоймай, сол қуаныш шаттықтың бал-шырынынан қанып ішкен асыл жар, әдепті ана! Артында қалған жалғызынан тараған немерелері өсіп жатыр, одан артық әйелдің қандай арман-мақсаты болуы мүмкін. Ал, ғашықтық, сүйіспеншілік дегендеріңіз, тар құрсақты кеңейтіп, тас емшекті жібіткен сәби-бала қуанышының қасында не тәйірі?!
– Солай деп қабылдар болсақ, үйдегі, кішкентай Ақбаян жайлы бірер сөз айтып өтсеңіз?
– Өнердің айналасындағы жүрген көптеген құрбыларым сияқты мен де тұрмысқа тым кеш шықтым. Жолдасым Ерланды кезіктірген сайын тойдың қашан болатынын, қашан үйленетінімізді сұрап, тездетсеңдерші дейтін де, оңаша қалған сәттерімізде: «Сен тұрмысқа шығып кетсең менен алыстап кететін шығарсың» деуші еді мұңайып. Мен де «жоқ-ә» дейтінмін жұлып алғандай, «қайда тұрсам да, қайда жүрсем де сенімен біргемін» дейтінмін. Өйткені, қыз тусам міндетті түрде Ақбаян немесе Ай-Қаракөз деп атайтынымды айтып мәз болушы едік. Мұндай әңгімеден кейін кейде кәдімгідей мұңайып, көңілсіздеу күлетін-ді. Ішкі түйсігі мықты, сезімтал жан, ол күнді көре алмайтынын сезді ме екен?!
Солай болды да, тағдырдан, жазмыштан пендеңіз құтылған ба, егер қашып құтылар болса, жансауға сұрар болса кешегі Қорқыт бабамыз боз інгенімен жер шарын шарламас еді ғой...
Ал біздің отбасындағы қуаныштың бастауы – Ақбаян өнер мектебінің үздік оқушысы болды. Қазақтың көне аспабы сазсырнай мен флейтада шешесі – Мәдинаның орындауындағы әндерді орындап талай байқауларда жүлдегер атанды. Мәдина құрбымның сәнін, әнін, құрмет-қасиетін көремін бойынан. Жан құрбымның рухы риза шығар, Ақбаянның орындауындағы «Ақбаян» әні біздің шаңырақтың мәңгілік гиміне айналған. Аружаным да өнерден құр алақан емес, спорттың көркем гимнастикасымен айналысты.
***
Қырғыз композиторы Бишеке Жандоровтың «Сағынам» әнін сағындырып, талдырып шырқап, қазақтың танымал сазгер қызы Гүлнар Дәукенованың «Күрең күзін» күңірентіп шырқаған, Қазақ елінің ерке қызы Мәдина Ералиеваны жыл емес, ай аралатып еске алсақ та, артықтық етпес еді. Дегенмен, Жер жәннаты Жетісудан осы бір сыр-сұхбат үшін ат арылтып келген Гүлзияға рахметімізді айтып, қоштасуға тура келді...
Әңгімелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ.
Роза БАҒЛАНОВА:
«...Бейішке де бір бұлбұл керек болған ғой...».
Дулат ИСАБЕКОВ:
...«Айқаракөзді» тұңғыш тыңдағанда үш күн, үш түн жастықты құшақтап жыладым...».
Халқының Ақбаяны
Өнер – халқымыздың рухани азығы. Сонау ғасырлардан сал-серілер, бұлбұл құстай сайраған жезтаңдай әншілер халқымыздың даңқын шығарды. Олардың жолын қуып ел сүйіспеншілігіне бөленген, сыңғырлаған әуенімен тамсандырып, таңдай қақтырып өзімен бірге ән салдырған тума талант Мәдина Ералиева еді.
1972 жылы жазда аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Кеңес Асанбаев мені шақырып алып Мәдинамен таныстырды. «Мына бала келешегінен үміт күттіретін талантты әнші. Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педучилищеде оқиды. Жазғы демалыста ауылға келіп тұрады. Концерттік бағдарламаңа қос, көмектес, тиын-тебен тапсын» деді.
Мен мақұл деп, әнін тыңдап көріп едім, өте тамаша, керемет екен. Мәдинаны ортамызға алып, әр жазғы демалысында келген кездерінде ауылдарда көрші Арал, Қармақшы, Төретам, Ақайда өнер сапармен талай рет болдық.
1974 жылы жазда Мәдина келгенде: «Орақ аға, мен училищені бітірдім. Енді Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына оқуға түскім келеді. Осы жазда Шалқар ауданын араласақ» – деді.
Мәдина педучилищеде оқып жүрген кезінде облыстық өнер байқауларында жүлденің алдын берген жоқ. Сол өнер сапарында Шалқар ауданының орталығында, Шет Ырғыз, Тумалы көл, Нұра, Ақсақалтәуіп ауылдарында, Қарабұтақ ауданында өнер көрсетіп, халықтың зор құрметіне бөленіп қайттық. Мәдина баян аспабымен өзін-өзі сүйемелдеп, ән айтады. Арасында мен домбырамен сүйемелдеп әннің шырайын келтіремін.
Ол кезде аздап терме айтатын едім. Әсіресе, «Әупілдек» әуенін орындағанда халық қайта-қайта айтқызып сахнадан жібермейтін.
1974 жылы Мәдина Алматыдағы Қыздар институтына оқуға түсті. Екінші курста оқып жүргенде Қазалыға бір келіп кетті. Онда ауданымыздың Қарақұм бетіндегі «Ақтамшық» деген жайлауда тамыз айының басында ауданымыздың Шопандар слеті жоғары дәрежеде өтті. Ақ шатырдай жиырмашақты үй тігілген. Ортада – өнер, спорт көрсететін сахна. Қазалы ұлт аспаптар оркестрімен Мәдина Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін», Бексұлтан Байкенжеевтің «Ақ баян», қырғыз әні «Сағынамды» тамылжыта орындады. Халық Мәдинаны сахнадан жібермеді. Баянды өзі тартып, екі ән орындады.
Шопандар тойына шақырылған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов Мәдинаға ризашылығын білдіріп болашағына оң талап тілеп, маңдайынан сүйді. Аудан басшысы Қозтай Әбуов Мәдинаға сый-сияпат көрсетті.
Бір аптадан кейін Тереңөзек ауданында облыстық шопандар слеті қайта жалғасты. Оған Әбділда Тәжібаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асанәлі Әшімов, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова бастаған әдебиет пен өнер майталмандары келді. Слетке қатысқан өнер адамдарымен бірге сахнада Мәдина ән шырқап, талайлардың таңдайын қақтырды.
1978 жылы институтты бітіргеннен кейін Ғылым академиясының жанындағы М.Әуезов атындағы өнер институтына Мардан Байділдаев Мәдинаны ғылыми қызметкер етіп жұмысқа орналастырды.
Сол жылы күзде Қызылорда облысының Қарақалпақстанда мәдениет пен өнер апталығы болды. Облыс басшысының шақыруымен Мәдина Нөкіс қаласында ән шырқап, Қарақалпақстанның жетекшісі Камаловтың колынан Құрмет грамотасын алды. Мен Қазалыдан Әуезовтердің семьялық ансамблімен қатысқан болатынмын. Мәдина сегіз жылға дейін елге келген жоқ. 1986 жылы ол Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияға әнші болып орналасады. Келер жылы аудан басшысы Елеу Көшербаев ағамыздың шақыруымен қараша айында Мәдина Қазалыға келіп халқымыздың көңілін көтеріп, қошеметке бөленді. Сол кездегі «ПМК-86» мекемесінің басшысы Самұрат Имандосов әншіні өз мекемесіне шақырып, ұжымның алдында концерт бергізіп, сый-сияпат көрсетті.
1989 жылы сәуір айында аудан басшылығы Алматы қаласына кейбір жетіспейтін концерттік киімдер мен музыкалық аспаптарға тапсырыс беруге жолсапарға жіберді. Ол кезде мен Қазалы қаласындағы аудандық Мәдениет үйінің директоры болатынмын.
Мәдина баласы Арсенмен Алматының шетінде Ақсай 4-те бір бөлмелі үйде тұрады екен. Концерттік киім тігетін «Театралдық қоғам» деген мекемеге барып мені таныстырып, тапсырыс бердік. Сонымен бірге ұлттық музыкалық аспаптар жасайтын цехқа және дүкенге апарды. Көркемсурет училищесінің директоры атақты суретші, мүсінші Дәркенбай Шоқпаровпен мені жете таныстырып, оған да тапсырыс бердім.
Он екі қабат үйдің екінші қабатындағы «Мирас» мекемесінде алты қанат киіз үй тігілген, екі шелек су кететін самаурын екі иығынан демалып қайнап тұр. Ортада түрлі ұлттық тағамдармен жайнаған дастархан. Біз барған кезде төрде Нұрғиса Тілендиев пен Қаршыға Ахмедияров, Илья Жақанов пен Секен Тұрысбеков отыр екен. Жолы болар жігіттің дегендей, олармен кездесу үлкен өнер кешіне ұласты.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда 1992 жылы қазан айының 17-18 күндері Жанқожа батыр бабаға республикалық дәрежеде үлкен ас беру рәсімі өтті. Онда Мәдина «Адырна» ұлттық ансамблімен ауа райының қолайсыздығына қарамастан, халыққа бір сағат концерт берді.
Келер жылы қарашада Алматы каласында Қазалы ауданының мәдениеті мен өнер күндері өтті. Оған мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев бастаған зиялы қауым, мәдениет өкілдері, жерлесіміз Роза Бағланова қатысты. Онда «Қорқыт сазы» ансамблімен Мәдина екі ән шырқады. Содан кейінгі Қызылорда облысының Алматы қаласындағы мәдениеті мен өнері күндерінде де ол біздің басы-қасымызда болып, ансамблімізбен ән айтып, құрмет көрсетті.
2000 жылы қараша айында бауыры Сағирамен Мәдина елге келді. Ондағы мақсаты, дүниеден ерте озып кеткен әкесінің жерленген жерінің басына ескерткіш үй салу еді. Бұдан бұрын Жанқожа батыр ауылында ерте кеткен анасына ескерткіш үй салған болатын. Осы сапардан қайтарында қайғылы қазаға ұшырап, халқының қабырғасы қайысты.
Тағдырға амал қанша?! Дүниеден озғанымен, Мәдинаның қайталанбас әндері халқымыздың жүрегінде мәңгілік сақталады.
Мәдина алғаш училищеде оқып жүргеннің өзінде Қазалыға келген сайын жергілікті өнерпаздар Қонысбек Оразалиев, Нұрмаш Алғашбаев, Роман Әуезов, Амангелді Байекеев, Зейнеп Қалиева, Мәдина Айымбетова, тағы басқалармен бірге жүріп, ел аралап өнер көрсететін еді. Кейін үлкен өнерде жүрсе де елге баласы Арсенді ертіп келіп ағалары, апаларымен талай таныстырды. Онда көбінесе қасында ізбасар әнші сіңілісі Ғалия Оспанова бірге болатын.
Мәдина өзі ақкөңіл, бауырмал, әділдікті сүйетін, жанашырлығы басым нәзік жан еді. Роза апамыздан кейін Қазалының, Сыр өңірінің есімін елімізге танытқан, ұлттық өнеріміздің жарық жұлдызы дүниеден ерте озып кеткен жезтаңдай әнші Мәдина Ералиева бауырымызды ұмытуға бола ма?
Әншінің өнердегі еңбегін жоғары бағалап, мәңгі есте қалдыру үшін Қызылорда қаласының бұрынғы «Бумажник» Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, ол мәдениет ошағына Мәдинаның есімі берілген еді. Қазір бұл Мәдениет үйі халыққа лайықты қызмет жасауда.
Ол өнерден өз бақытын тапқан жан еді.
Орақ БАУБЕКОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері