МӘДЕНИЕТТІҢ МӘНЕРЛІ ЖЫРШЫСЫ ЕДІ!..
2024 ж. 24 маусым
5948
0
Қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері Зәкір Асабай ағамыз да бақи дүниеге бағыт алыпты…
Алла алдынан жарылқасын!
Жайсаң жан, жақсы жазушы еді.
Мәдениеттің мәнерлі жыршысы, нағыз шежірешісі еді. Әдебиет пен өнер өкілдері туралы сөйлегенде ол кісінің алдына түсер жан жоқ еді. Қазақтың біртуар қайраткері Ілияс Омаровтан бастап талай тарландарымыз туралы талмай қалам тербеді.
Құрдасы, Ташкентте Низами атындағы педагогикалық институтта бірге оқыған, Сарыағашта бірге тұрған қазақтың ұлы ақыны Төлеген Айбергенов туралы толғағанда еріксіз елтіп кетесің…
Сыйласқан сыйлы да, сырбаз ағамыз еді…
Кейде үйіне қонақ болғанда таңға дейін әңгімесі таусылмайтын. Келген қонағын бір қалада тұрса да, қонып кет деп қимайтын… Тәлімі мол тарихы зор әңгімелерін қимай, таңды атырып қайтқан кезіміз де болып еді…
Мені “Шардара ауданы мен Келес ауданы алғашқы кезде бір аудан болған, яғни екеуміз бір жерденбіз” деп, бауырына тартып қоятын…
Зәкір ағамыз 1964 жылы “Мәдениет және тұрмыс” журналының табалдырығынан аттаған екен. Содан 60 жылға жуық осы журналда істеп, “Парасатқа” айналдырды.
Біздің “Қазақ үні” газетімізге де мәдениет жайлы мәнді мақалаларын жариялап тұрды.
Мәдениеттің мәйегін ішкесін, өзі мәдениеттіліктің үздік үлгісін көрсетіп жүрді ағамыз. Бір бекзаттық байқалатын болмысынан. Зәкір ағаның біреумен ұрысып не ерегісіп тұрғанын көрмек түгілі елестете де алмайсың…
Зады зиялы Зәкір ағаның келісті келбетіне қарасаң оны ешкім сексеннің сеңгіріндегі селкілдеген қарт деп ойламайды. Көз алдымызда қыры сынбаған әдемі костюм-шалбары, кір шалмаған ақ көйлегі мен сәнді галстугы тағылған сырбаз күйінде қалып қойды… Әдемі жазды. Әдемі жүрді. Әдемі өмір сүрді.
Зәкір ағаммен соңғы рет бірнеше жыл бұрын кездесіп едік. Белгілі қаламгер-қайраткер Марат Тоқашбай ағамыз басқаратын қоғам бір топ қаламгерлерге, үлкеніміз осы Зәкір Асабай, Ғаббас Қабышұлылар болды, “Қазақ журналистикасының қайраткері” құрметті атағын берген жиында кездесіп қалдық. Зәкір ағам қаусыра құшақтап, өзгелерден бөлек өзімсініп өзіне тартып, үйіне алып кетіп еді…
Кейінірек жолда атүсті жолығып қалдық. Бір қаламгермен бірге тойдан қайтып, көңілді әңгімелесіп тұр екен. Менің бір жиынға асығып бара жатқанымды білген Зәкір ағам әдеттегідей әдемі қалпымен жылы жымиып шығарып салды.
Содан кейін көрмегелі көп болып еді…
Енді міне, қамқор інісі, қазақтың арқалы ақыны, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегман ағамыздың кешелі бері шығып жатқан жазбасынан суық хабарды естіп отырмыз.
Қазақстан Жазушылар одағындағы қоштасу жиынында қазақ әдебиетінің классигі Дулат ағамыз шешіліп сөйлеп, терең толғаған екен… Қайтсін енді, бірге өскен замандасы, қаламдасы ғой… Бақи дүниеге бағыт алғандар кезегінде алдында тұрған ағасы ғой…
Ағасын мәңгілік өмірге аттандырып тұрған Дулат ағаның өмірдің өткелдеріне көз жіберіп айтқан терең ойлы сөздері бұл дүниенің жалғандығын еске түсіріп, еріксіз күрсіндіреді…
Алды пейіш, арты кеніш болғай Зәкір ағамыздың.
Ұлы Әсет бауырымызға, туған-туыстарына, Түркістандықтар мен Келестіктерге, қазақ әдебиетіне, қалың қазаққа көңіл айтамыз.
Иманы саламат болсын!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні