ДАУЫСЫ ЖАН ТЕБІРЕНТКЕН

ДАУЫСЫ ЖАН ТЕБІРЕНТКЕН

Қазақстанның Халық артисі Нариман Қаражігіт туралы сыр

Нәкеңді алғаш жақыннан Опера және балет театрының құрылуына 75 жыл толған мерейтойға арналған концерттің үзіліс сәтінде көріппін. Әнші өте тың, ширақ байқалды...

***

«Соңғы қайта өрлеу» дәуірі деп аталынған XVI ғасырдың 80- жылдарында Италияда музыканың өнер шарығында жаңа жанр – опера қойылымдары сахнаға шығарыла бастады. Осы тұрғыда 1637 жылы ең алғашқы болып есептелінген «Сан-Кассиана» айдарымен Венецияда опера театры қақпасын ашты. Оның сахнасына шығарылған операларда тарихи уақиғалар, драмалық пен батырлық, комедиялық және қым-қиғашты тақырыптар орын алды. Бұларға ілесе Рим қаласында комедиялық маңыздағы опера үлгілері, һәм вокалдық түрдегі опералар бой түзеді, ал XVII ғасырдың соңғы жылдарында опералардың даму тізгіні Неаполь қаласына ауысты. Осы дәуірдегі италияндық композиторлар мен әншілердің арқасында Франция мемлекетінің астанасы Парижде Э.Жаке де Ли Гренің «Махаббат триумфы» атпен ұлттық операны жарыққа шығарды. Бұл операның авторы – композитор Р.Камдер болса, сөзін ақын П.Перрен жазды.

Опералық өнердің әрі қарай мықты дамуына ұлы композиторлар – Бах, Гендель, Глюк және Моцарт сындылар асқан дарындылықтарымен опералық туындыларды дамыта түсті. Осы кезеңде ірі-ірі опералар қойылымдары Германия, Франция және Италия елдерінде биік тұрғыда дами түсті. Италияның Милан қаласы опералық өнердің көрнекті ордасына айналды. Оның сахнасында тек қана опералардың ең үздіктері ғана қойылуы үлгілі дәстүрге бет алды. Әсіресе Италияда Дж.Россини, Дж.Верди, Дж.Пуччини сынды сарабдал сазгерлер сахна төріне тамаша желілі, әуенді, сырлы-сынды операларды шығарды.

XIX ғасырда опералық шығармаларды дамытуды дереу қолдарына іліп алып Ресей композиторлары мықтылық, шеберлік танытты. М.И.Глинка өзінің «Иван Сусанин» операсы мен бұл бағыттың бетін ажарлы ашты. Одан кейін П.И.Чайковский, А.С.Даргомыжский, М.Н.Мусоргский және Н.А.Римский-Корсаков, кеңес дәуірінде Р.Щадрин мен өзге композиторлар опера мен балеттің керемет үлгілерін өмірге әкелді. Осылардың өнері арқасында тартымды тақырыптағы тамаша опера мән балет халықтың сүйіктісіне айналды. Солардың қатарында «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», «Иоланта», «Князь Игорь» сынды шығармалар қалың көрермендердің ықыласына бөленді.

Кеңестік мезгілдің 30-жылдарында «Айман-Шолпан» атты драмалық-музыкалық сол сәттегі Қазақ елінің орталығы Қызылорда қаласында қойылды. Осы бағыттағы алғашқы опералық туындылар музыкалық пьеса және драма күйінде халыққа ұсынылды.

Әдетте, қазақтың ең алғашқы операсы деп Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегі» аталады (либреттосы Ғабит Мүсіреповтікі). Бұл операда композитор қазақ халқының өткен замандарда әуелеген халық композиторларының әндерін кеңінен пайдаланды. Осының қатарында Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» атайық. 

Бұдан әрі опералық туындылардың дамуы қазақтың алғашқы кәсіби композиторлары – Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, Базарбай Жұманиязов, Еркеғали Рахмадиев, Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Кенжебек Күмісбеков шығармашылығымен дамып, жалғаса түсті. Өмірге «Абай», Біржан-Сара», «Айсұлу», «Қамар сұлу», «Абылай хан», «Еңлік-Кебек» келді.

Қазақ халқының ортасынан алғашқы опера саңлақтары – Әміре Қашаубаев пен Күләш Байсейітова осы шақта жарқ етті. Біріншісі – бұрын-соңды не көрмеген, не естімеген Париж тұрғындарын таң қалдырса, екіншісі – жиырма төрт жасында СССР Халық әртісі атанды. Бұл атақ асқақ солистке орыс халқының музыка өнеріндегі биік шыңдары – Демирович-Данченко және Станиславский сынды ересен өнерпаздармен қатар берілді.

Әрі қарай қазақтың опералық өнерінің тарих бетіне Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Байғали Досымжанов, Бекен Жылысбаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов, Әнуарбек Үмбетбаев, Мұрат Мұсабаев, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев және Бибігүл Төлегенова шықты. Бұлардың соңғы үшеуі СССР Халық әртісі атанды. Бұл тізімді ең соңында Әлібек Дінішев жалғастырды.

Осындай дарынды опера саңлақтарының қатарына ҚР Халық әртісі Нариман Қаражігітті еш талассыз қосуға болады.

Иә, Нәкеңді театрдың құрылуына 75 жыл толған мерейтойына арналған концерттің антракт кезінде көрдім. Сырт көзге ол әрі тың, ширақ. Оған 75 жасқа толуға аз-ақ уақыт қалды деп ойлауға тіптен болмайтын-ды.

Нариманның әкесі Нұрмағамед Оразғалиұлы Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданынан, мамандығы – мұғалім екен. Ол халық ағартушылық жолында белсенді қызметкер болады. Нариманның анасы Тыныштық ән айтуды ұнататын, даусы да әдемі еді. Әкесі Алматы облысының «Еңбекші қазақ» ауданына жұмысқа ауысып, сонда Рабфакты құрды. Осы ауданның Қаракемер атты мекенінде Нариман 1934 жылдың мамыр айының 20-шы жұлдызында өмірге келеді.

Ол 1-сыныпта оқып жүргенінде ән айта бастайды, Алматының Жамбыл атындағы №17 мектебінің 5 класында болғанында белгілі композитор Бақытжан Байқадамов оны әнге баули бастайды. Ол Нариманға: «Келешекте сенің тағдырың ән өнерімен байланысты болады» – деп болжайды. Алайда бозбала 1955 жылы Алматы малдәрігерлік институтына қабылданып, өмірі басқа арнаға бағыт алды.

Нариман 1957 жылы жастардың Алматыда ұйымдастырылған Республикалық фестивалінде бірінші орынды жеңіп алып, жүлдегер атанады. Қазақстан Ленин комсомолының бірінші хатшысы қолынан диплом алды. 

Фестиваль барысында оның әншілікке деген дарынын таныған Байғали Досымжанов және Бекен Жылысбаев Нариманға консерваторияға түсуге ақыл береді. Ол ақыры консерваторияға 1957 жылы қабылданып, Бекен Жылысбаевтың шәкіртіне айналды, ал опералық класс өнері бойынша тәлім-сабақты Құрманбек Жандарбековтен алды. 

Қос ұстаз Нариманның әншілік канатын бес жыл бойы жалықпай баптады. Ол консерваториядағы студенттік шағынан бастап Алматы опера және балет театрының басшыларына дауысы қатты ұнағасын сондағы қойылымдарға қатыса бастайды, ал 1963 жылы консерваториядағы оқу жылдарын тәмәмдап, Опера жоне балет театрында әнші-солист қызметін атқаруға кіріседі. Театр табалдырығын аттағаннан бастап-ақ өзін қалың қауым алдында дарынды кәсіби әнші екенін бірден байқатады. Театр басшылары оның күрделі вокалдық дәрежеге жететініне толық сенеді.

Нариман Қаражігіт операның бір партиясынан соң екіншісін игеріп шеберлігі арта берді. Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абайындағы» Айдар, Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сарасындағы» – Біржан, Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғынындағы» – Балпан, «Жалбырында» – Елемес, «Қыз Жібегіндегі» – Төлеген, Моцарттың «Дон Жуанындағы» Дон Оттави, Мусоргскийдің «Борис Годуновындағы» – Сұрқия, Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамысындағы» – Қараман, Рубинштейннін, «Демонындағы» – Синодал рөлдері тамаша орындады. Әсіресе, Ғазиза Жұбанованың «Еңлік-Кебек» операсында бас партияны игеруде өзінің айырықша қолтаңбасын айқын танытты. 

Ол классикалық басқа партияларда өзінің алдындағы опера өнерінің майталмандарының сара жолына еліктесе, ал «Еңлік-Кебекте» дара әншілік шеберлігін таңба басқандай айқындады, өзінің даңғыл жолын танытты. Бас кейіпкердің мінез-құлқын, іс-әрекетін көрсетуде өзіндік суреттеу, әншілігінде шарықтау процесіне бой ұрды. Кебек партиясын орындауда айта қалғандай вокалдық тосқауылды, шатқалды, техникалық қиындықты жеңе алды. Кейіпкерді ерлік тұлғада мейлінше өктем көрсетті, оның жау жүректілігі, кең пейілділігі айқын бейнеленді. Кебектің айтқан сөзге беріктігі, шынайылығы көрермендерді айрықша тартты.

Нариман Қаражігіт шебер әншілігімен қайсар, батыл, серттен қайтпас адал жан қалпында халық жүрегінен мәңгі орын алады. Сахнаға алғаш шығарған рөлі Сыдық Мұхамеджановтың комедиялың «Айсұлу» операсындағы – Әубәкір образы. Бұл әртістің репертуарындағы алғаш орындалған кейіпкер. 

Ол партияны да өнерге деген жан-жақтылықты серпілісте, шебер түрлендіре орындады. Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегі» қазақ операсының ұлттың мәдениеті тарихындағы түндікті алғаш ашты. Театрдың опералық койылымының тұсаукесері, біссімілласы содан басталды, қанатын толғай қағуға кірісті. Мұнда махаббаттың, пәк сүйіепеншіліктің асқақ шыңы сипатталып, жырланды. Опера желісінде Төлеген жауыздықтан мерт болғасын, Қыз Жібек мұндай орны толмас қайғыны көтере алмай өзін-өзі пида қылады, өмірімен қоштасады. 

Төлеген рөлін өткен мезгілдерде Қанабек Байсейітов және Байғали Досымжанов орындаған-ды. Әрі қарай тізгін Нариман Қаражігітовтің қолына тапсырылды.

Нариман Нұрмағамедұлы былай дейді: 

– Ол кезде опера және балет театрында менің бес жылдай әншілік өмірім өтіп жатты. Мен Төлегенді әсерлі, танымал орындаған әнші деп ең алдымен Байғали Досымжановты айтар едім. Оның әртістігі, тартымдылығы, жарқындығы, әсем дауысы дарын иесін сөзсіз танытатын, еріксіз мойындататын. Операның корифейі – Байғали ағадан әншілік шеберлікті үйрене бастадым, – деп ыстық ілтипатын білдірді.

1968 жылы бұл операның мыңыншы рет қойылуы өтті. Алматы көрермендері оны театрдың ең бір қымбат сыйлығы ретінде қабылдады.

Нариман Қаражігіт өзі атқарған партиялардағы рөлдерді әрдайым жаңашылдықпен ашуға тырысты, үздіксіз ізденіс жолына түсті. Әсіресе, лирикалық рөлдерді жаны сүйді. Нариманның орындауындағы лирикалық кейіпкер – аса ынтызарлыққа, өмірлік құштарлыққа ұмтылды. Әртістің осындай сапалық рөлі Біржанды орындауда айшықталды. Халықтың өжет қамқоршысы, теңдесі жоқ әнші-сазгері Біржан – Нариман лапылдап, құлай сүйген жігіт сипатында байқалды, романтикалық сарында сезілді, кейіпкер ылғи даму үстінде көрсетілді. Ол: 

– Мен бұл партияны рахаттанған, шаттанған күйімде әндеттім, орындадым. Мұқан Төлебаевтың музыкасы мені желпіндірді, қанаттандырды. Мен бұл рөлді атқарғанымда барша тосқауылды, қиыншылықты ұмытатынмын, – дейді.

Нариман Қаражігіт үшін бұл партия шығармашылық өнерінің елеулі белесі. Біржан рөлімен бірге ол сахналық ұзақ жылдарын табысты өткізді. Әрбір қойылымда ол келесі рөлде терең сыр, оңтайлы кілт тауып, оларды жаңа көз тартарлың бояуымен суреттеді. 

Ол СССР Халық әртісі Роза Жаманованы осы операдағы жағымды серіктесі деп біледі.

Абай, Мұхтар, Шәкәрімдердің туған елі Семейде қойылған Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсы Роза Жаманова мен Нариман Қаражігіттің басты рөлдерді орындауының арқасында жемісті өтті. Бұл поэманың авторы Сұлтанмахмұт Торайғыров:

Жіңішке сымға тартқан

әні қандай,

Балауса балбыраған

тәні қандай,

Ақыл ой, мінез көрік

түгел келіп,

Толықсып толып тұрған

сәні қандай!

Талайы бозбаланың

болған ғашық

Уай, Шіркін! Болсайшы деп

бізге нәсіп.

Егерде Қамарменен

тіл қатысса,

Құдай ұрып, жым болар

қара басып», –

деп жырлады.

Осылай бір операдан екінші опера баспалдағы арқылы, бір рөлден келесі рөлге ауыса отырып Нариман Қаражігіттің әншілік дарыны өрлей берді. Оны орыстың, Еуропаның классикалық опералары өзіне құшақ жая тартты. Пучинидің «Чио-Чио-Санында» Пинкертон, Джузеппе Вердидің «Риголетасындағы» – Герцог партиялары оның атқаруында көрермендерді мейлінше эстетика қырына жетеледі.

1968 жылы Нариман Нұрмағамедұлы Канаданың Монреаль қаласында өткен дүниежүзілік көрмеге қазақстандықтарды Байкен Әшімов, Сабыр Ниязбеков, Саттар Имашев бастап келген делегация құрамында болды. Ол сонда Нұрғиса Тілендиевтің «Жан сәуле» және халық әні «Ақбақайды» үлкен шабытпен орындады. Канадалықтарға өнері қатты ұнады, газет басылымдары оған арнап мақалалар жариялады. 

1969 жылы Үндістанға концерттік сапармен барғанында Раджи Капурмен болған кездесуі оған ұмытылмас әсер етті. 

Нариман Нұрмағамедұлы өзінің солистік еңбегіне көз жүгіртіп: 

– Бір әнге, не бір романс, арияға көп күндер, көп айлар, керек десеңіз, жылдарың кетеді. Өзіңнен бұрынғы әншілер салған сүрлеуден шықпай, соның көлеңкесінде қала берсең тек қайталаушы болғаның, ізденбесең өз соқпағыңның, өз мәнеріңнің жоқтығы. Атақ деген қасиетті нәрсені арзан өнермен алғың келсе, өзіңді-өзің саудаға салғаның, өзіңді-өзің сатқаның. Абай ариясын Рашит Абдуллин отыз жыл бойы орындаған-ды, – деп ойға шоматын.

Жазушы, сазгер, музыка зерттеушісі Илья Жақанов: «Өнерде сайрап жатқан жолды ешкім көрген жоқ. Өнер жолының шырғалаңы шаштан асады. Нариман осы қиын да қызықты жолда жүрді. Абай операсына бара қалсаңыз, Айдардың армандай мөлдір үмітке ынтық сезімін сізге Нариманның ашық тенор дауысы кең толғаныспен жеткізер еді. Айдар Нариманмен күндіз де, түнде де бірге болды. Олар бір-бірімен сырласумен келді. Нариман Айдардың әр әрекетін, жүрек лүпілін, бар ойын, мінезін, мақсатын, ашуын, налуын – бәрін қалт жібермеуге тырысты. Нариманның мәнері өзінше қалыптасқан. Сезім, уыт, жігер, батылдық, ой осының бәрі-бәрі Нариманды алғырлыққа, албырттыққа жетеледі, – деп әнші өнерін лайықты сипаттағаны бар.

Кезінде «Жұмбақ қыз» операсын сахнаға дайындау барысында Ардақ партиясын ойнауға үш әншінің есімі аталған-ды, дегенмен, бұл рөлге Сыдық Мұхамеджановтың өзі Нариман Қаражігітті таңдап алады. Сонда солист кейіпкерін жақсы түсініп, әнші дауысы кейіпкерге өте лайықты келді.

Илья Жақанов тағыда: «Тенор дауысы мөлтілдеген таңғы шықтай өте нәзік нәрсе ғой. Үнемі бап тілейді. Табиғат Нариманға әдемі үн берді. Оның жалындаған, дауылдаған шағын көрдік», – еп әншінің дарынын жоғары бағалады.

Нариман Қаражігіт театрдағы опера әншілігімен қатар елді мекендерде концерттер беруге жиі аттанып жүретін-ді. Сол кездерде ол «Ақбақай», «Жиырма бес», «Назқоңыр», «Айнамкөз», «Дудар-ай» әндерін шырқады. Оларға Абай, Біржан, Ақан сері, А.Жұбанов, Л.Хамиди, М.Төлебаев, С.Мұхамеджановтың ән романстары қосылды. Оның орындауында бұл әндер, романстар жарқырай түсті. 

Батыс Еуропа композиторларының шығармалары оның репертуарында орнықты орын тапқан-ды. Аттары аталғандардан өзге кеңестік композиторлар – Блантер, Гейльфус, Брусиловский, Жұманиязов, Долуханян, Дунаевский, Қожамияров, Күмісбеков, Рахмадиевтің әндері де Нариманның қалаулылары. Ол әндерді орындау кезінде бірде сырлы, бірде асқақ, бірде құмарлыққа толы жүрек қағысында болды. Әсіресе, қазақ композиторларын ұдайы уағыздады. Ол: «Әндерді жан-тәнімен беріле қалаймын», – дейтін-ді.

Нөкең әншілігімен ңатар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттың консерваторияда біраз жылдар ұстаздық қызмет атқарды. Ол 1967 жылы жеке классикалық әндерден сабақ берді, дәріс оқыды. Оның шәкірттері қатарында белгілі әншілер – Ғафиз Есімов, Болатбек Бөкенов, Мұрат Құсайыновтың есімі аталады. Сондай-ақ Нәкең Қыздар педагогикалың университетінің профессоры да болды.

Нариман 1961 жылы Қазақ педагогикалық институтында оқып жүрген Галина Кұсайыноваға үйленеді. 1962 жылы Шолпан, 1964 жылы Нұрлан өмірге келеді. Бұлардың екеуі де консерваторияда білім алды. Кейін Шолпан Күләш Байсейітова атындағы дарынды балалар музыка мектебінде фортепионодан сабақ берді. Нұрлан дыбыс жазу студиясын басқарды, кезінде «Суперстар» жарысы соның қолынан шыққан-ды. Оның зайыбы Сұлтана (Сұлушаш) да консерваторияны бітірген. Олардың қызы Әлия Жұмақова экономика саласы бойынша ҚазМУ-ды тәмамдаған. 

Бохай ҚОЖЫРҰЛЬІ, 

журналист 

Сөзсырға

Әрбір партияны ыждаһаттана орындаған 

▲ Атақты артист бүлдіршін шақтан өнерге бейім екен. Өзі әнді бала жасынан сала бастағанын әңгімелейтін. 

Айтуынша, Нәкеңе өнер көбінесе анасы Тыныштықтан дарығандай. О кісі халық әндерін тамылжыта шырқапты. Әсіресе, «Айнамкөзді» тамаша орындаған көрінеді. Мамандығы мұғалім әкесі Нұрмағамед те музыкаға бейім адам сияқтанады. 

▲ Жас Нариман мектепке барғаннан-ақ ондағы мерекелік іс-шараларда сахнадан түспепті. Кішкентайын-ақ домбыра, гитара, баян тартатын адамдарға үйір болып өседі. 

Он төрт жасында Алматыдағы Жамбыл атындағы №18 қазақ орта мектебіне ауысады. Қағылез жеткіншек мұнда да өнерге жуық болып, түрлі сайыстарға қатыса бастайды. Сол білім шаңырағында өткен олимпиадада «Дорожная» деген әнді орындап, алғаш рет жүлдегер атанады. Одан мектептегі хор үйірмесіне қатыса бастайды. Сонда хордың жетекшісі, атақты әнші Бақытжан Байқадамовтың көзіне түседі. Бәкең сол кезеңде-ақ Нариманнан келешекте тамаша әнші шы,атынын болжаған екен. 

▲Алайда орта мектепті тәмәмдаған Нариман Алматының Зооветеринарлық институтына оқуға түседі. Мұның сырын өзі титтейінен жан-жануарларды айрықша жақсы көргендігімен түсіндіреді. 

Дегенмен ол, мұнда да жоғары оқу орны қабырғасындағы көркемөнерпаздар маңайынан табылады. Сөйтіп жүріп Бүкілодақтық Жастар фестиваліне қатысады. Одан Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет Театры сахнасында «Абай» ариясын орындап, бірінші орын иеленеді. 

▲ Ондағы өнер қайраткерлері менің жеңімпаз жігітке консерваторияға ауысуға ақыл қосады. Бұл кеңес өнерлі жастың көкейіне қонып, 1958 жылы консерваторияға оқуға түседі. Бірақ зооветеринарлық институтты да тастамайды. Екі оқу орнын қатар алып жүреді. 

Құрманғазы атындағы консерваторияның алғашқы курстарында оқып жүргенде-ақ Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет Театры Нариманды жұмысқа алады. Оның дауысы өзгелерден ерекше лирика-драмалық тенор болатын. 

▲ Нариман Нұрмағамедұлы 1967 жылы Мәскеу қаласындағы есеп беру концертінде халық әні «Назқоңырды» орындайды. Осы концерттен соң оған Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген артисі атағы беріледі. 

Әнші театрда тенорлық партияларды орындайды. Шетелдерге көптеп шыға бастайды. 

1978 жылы Мәскеу қаласының Үлкен театрында, 1981 жылы Ленинград Кіші театрында, 1987 жылы Германияның Лейпциг опера театрында опера партияларын орындайды. 

▲ Өзі ғұмыры ұмытпай, мақтан тұтатын сәті ретінде сахнаға жезтаңдай әнші Бибігүл Төлегеновамен бірге шығуым деп санайды. 

Бибігүл Ахметқызы Опера және балет театрына 1971 жылы келген екен. Есімі сол кездің өзінде халық арасында кең танылған әнші осы сәт өзі бұрыннан орындап жүрген Қыз Жібек партиясын шырқаса, Нариман Төлгеген партиясын айтқан еді. 

Бибігүл Ахметқызы да өз естелігінде: «Мені алдымен опера сахнасына Нариман алып шыққан еді» деп отыруды ұмытпайды.

Марапат

Бұл да бір белгі...

■ 1967 жылы (Қазақ КСР) «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағы;

■ 1976 жылы (Қазақ ССР) «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағы;

■ СССР-дің «Еңбек ардагері» медалінің иегері.

■ 2014 жылы «Парасат ордені» мен марапатталған. 

■ Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педогогикалық университетінің профессоры.

Суретте: «Еңлік-Кебек» операсынан көрініс. Еңлік рөлінде – Б.Төлегенова, Кебек партиясын орындаған Н.Қаражігіт. 1978 жыл.