ҚҰСТЫҢ АТЫ – ҚҰДІРЕТ
2024 ж. 18 маусым
3502
0
Журналист Қали Сәрсенбайдың «Тазалық пен тартымдылық тәңіриясы. Құстан асқан әнші жоқ» деген мақаласына үн қосқымыз келді.
Мне кажется, порою, что солдаты,
С кровавых не пришедшие полей,
Не в землю нашу полегли когда-то,
А превратились в белых журавлей...
Расул Гамзатов
– Құлқынның құлы екен ғой, құдай-ау!
– Сойталдай болғанша соны сезбей жүрмісің?!.
***
Керегі болар деп, қапелімде ойға оралған осынау сөйлемдерді қойын дәптерге түртіп қойып, кейінірек энциклопедия мен фразеологиялық сөздіктен әдейілеп қарасам, мұндағы «құлқынға» да, «сойталға» да анықтама берілмепті.
Қазақ, әсілі, «құлқын» деп тырнаның өңешін атайды екен. Ал, сойтал – байталдың еркегі болса керек. Осы сөздерді күнделікті көп қолданғанмен, түпкі мағынасына үңіле бермейтініміз рас.
Бұл ойларға Қали Сарсенбайдың жоғарыда аталған мақаласы түрткі болып еді. Негізінен әнші құстар сыры туралы қозғалған әңгіме «құдірет» ұғымы төңірегінде де бірталай толғандырған.
Мұны айтсақ, санадан тыс ерекше бір ересен күш елестейді. Энциклопедияда да бұған: «Құдірет – адам өмірі, бүкіл дүние жүзіндегі оқиға құдайдың құдіретіне байланысты деген кертартпа ұғым» деп түсініктеме беріліпті.
– О, құдірет! – деп жатамыз бірдеңеге таңырқасақ.
– Оған құдіретім жетпейді, – дейміз немесе...
Анығында, құдірет – көзге көрінбейтін кертартпа ұғым емес, кәдімгі құстың аты көрінеді.
Сыңарынан айрылған аққудың көп ұзамай соғылып мерт болатынын әркім білетін шығар. Ал, көпшілігіміздің тура аққу іспеттес осы құдірет құстың тірлігінен бейхабар болуымыз заңды. Құдірет атының арабша аталуына қарағанда, бұл құс анау Арабия жақта мекендесе керек. Ерекшелігі – Алла-тағала бір қанатын кем қылып жарататындықтан өздігінен жеке-дара ұша алмайды. Бірақ бірі ұрғашы, бірі еркек екі құс шолақ қанаттарымен сүйемелдесе жұптасып, еркін самғай береді. Яғни, екі жарты бір бүтін, қанаттаса ғұмыр кешіп, соңдарына дәл өздеріндей ұрпақ қалдыратын бұл құстардың ғаріптігі еш байқалмайды. Ендеше:
– О, құдірет! – деуіміздің түп-төркіні сол ғаламатқа таңданудан басталады. Расында да, ғажап емес пе?!
***
Қарап отырсақ, сол құдіреттің тіршілігі өз өмірімізде де жиі көрініс береді екен. Автордың тапқырлығы да сонда шығар – ол табиғаттың бір бөлшегі – адам өнерін құстар жаратылысымен сәтті салғастырады.
«Тентегің өледі пышаққа құлшынып, сұлуың өледі құшаққа тұншығып. Арғымақ өледі артында шаң қалып, ал, ақын өледі бәріне таң қалып» – деп Қадыр ақын жырлайтындай, тірліктің терең иірімдерінен сыр аулап, тылсым құбылыстарға аң-таң болады.
Өз басым Адам баласы шалқып, теңізі тулап, жанартаулары атқылап, метеорлары ағып жататын Әлемнің шағын макеті, оның денесіндегі талшық нүктелерінің орналасуы да жұлдыздардың айна-қатесіз көшірмесі деген жорамалға сонша сенемін. Сондықтан автордың тіршілік иелерінің өміріндегі тығыз байланыс туралы тосын тұжырымдары көкейге қона кетіп, елеңдей бастаймын.
Мақала, әсіресе, қазіргі кейбір әншілер жайындағы ойларға қозғау салады. «Ұялмағанның бәрі әнші» дегендей, бүгінде «бұлбұлдар» мен «жұлдыздардың» көбейіп тұрғаны белгілі. Телерадионы босатпай күні-түні ышқына «шырқап» жататыны әркімге мәлім.
Әрине, мұның заңды процесс екеніне дау жоқ, өнерге әркімнің таласы бар, шын өнерпаз осынау көп талапкердің арасынан дараланады. Алайда кейбір «әншінің» көңілшек көрерменнің қол соққанына елігіп, «е-е, өнер деген осы екен ғой!» деп екілене түсетін түйсіксіздігі қынжылтады. Қали Сәрсенбай айтып отырған тазалық пен тартымдылық мәнін түсінбейтіні ренжітеді. Ең жаманы, бұлардың тым етек жайып бара жатқан арзан даңғазалары жұрт талабын төмендетіп, асыл мен жастықты айыра алмайтындай халге жеткізе ме деп қауіптенесің.
Осындай дәлдүріштерге Бауыржан Момышұлы атамыз бұдан тура қырық жыл бұрын:
...Барлығы әйел заттың үйші емес,
Сарнатқан домбыраны күйші емес.
Тырбаңдап аяқ-қолын сілтегенмен,
Барлығы «жорғалардың» биші емес.
Алдымен ән салуға ақыл керек
Ырғақтың мағынасына болар тірек.
Ой бар ма, жүрек бар ма, лебіз бар ма –
Көрермен, тыңдарманға солар керек!
– деп баға беріпті.
Өкінішке орай, әлі күнге дейін кейбір танымалмыз деп ойлайтын базбір сахнагер, сазгерлердің өздері әннің құр айғай емес, нұрлы жүрек сыры, сәулелі ақыл көрінісі екенін ескере бермейді-ау. Сөйтіп, шеберлікті шыңдап, талмай ізденудің орнына теледидардан: «Азды-көпті өнерім халқыма қызмет етіп жатса арманым жоқ» деп көлгірсіп, кісімсіп отырады.
Ал, алдымен табиғат жөнінде, тәңір хақында, өзің туралы сауатыңды ашып алмай тұрып өзеуреп, «өмір-р... өнер-р-р...» деп кісімсу – әдеттің сорақысы шығар.
Әйтеуір, маңдай терді төгіп, белгілі бір табысқа жетпей жатып тоқмейілсудің жақсылыққа апара қоймайтыны түсінікті болар. Қайта, кері кетпейсің бе...
***
Әдетте, ән-күй авторларын композитор дейміз. Демек, бұл – композиция, үйлесім, ырғақ деген ұғымнан негіз алады.
Тегіне, композиция өнер атаулының бәріне тән. Мәселен, сәулетті ғимараттарды, әсем құрылыс ансамбльдерін ұйып қалған әуенге теңеп жүреміз. Әрі-беріден кейін журналистикада да музыка бар. Мысалы, талғампаз оқырман замандастарын сұлулыққа үндеп, құстар әні туралы тебіреніп отырған Қали Сәрсенбайдың осы мақаласынан оның жүрек лүпілін, көңіл толқынын, үн дірілін аңғарар еді.
***
Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде газетте басты орынды сенсация алмайды. Сенсация – кездейсоқ табыс. Оқиғаның үстіне түсе қалдық. Елді бір мезет шу еткізе жаздық. Бітті. Оның ұзамай ескіре бастайды. Күрделі нәрсе «Міне!» әркім білетін, бірақ көре қоймайтын, мән бермейтін құбылыстар сырын ашып беруде болса керек қой. Қали қолтаңбасы да осыны байқатады.
Автор сыйлаған тағы бір ой – ұрпақ тәрбиесі туралы еді. Осы, талай жылдар өтті, тәрбие-білім саласында небір реформалар жасалды, бірақ көркемсурет, ән-күй сабақтарына лайықты маңыз берілмей қойды. Әрбір баланың тілі шыға уілдеп ән құрастырып, сурет сала бастайтын талабын кейін ысырып, оның қоршаған орта сырларын өзі бейнелегісі келетін балаң құлшынысын, дербес еңбекке деген сәби ынтасын ерте тұншықтарамыз. Оны бірден ғалым етіп шығарғымыз келгендей, алғашқы таным іргетасы міндетін атқара бастаған қарапайым да маңызды құралдарын көзден таса етіп, алған беттен күштегендей, түсінікке ауыр, күрделі сабақтарды оқытуға кірісеміз. Алдымен бейнелі, көрнекі құралдар көмегімен баланың белгілі пәнге деген құлқын оятуға, мақсат сәулесін ашуға жете көңіл бөлінбейді, тақырыпты ұқсын, ұқпасын, қасаңдата береміз. Сөйтіп, ол өз ықтияр-ықыласымен кіріспеген соң тығыз уақытқа лайықталған бағдарламаны игере алмай құлазып, кейде қиқарланып, топастана түседі.
Сабақ дегеннің өзі – қисынды жүйе, жеңілдеп басталып бірте-бірте сабақтаса дамитын үйлесімді білім кеңістігі. Ендеше оқыту әдістемесі де жансыз, жасанды емес, өмірге мейлінше орайлас, терең де ұғынықты болуға тиісті.
Біз болсақ, кейінірек, шәкіртіміз неге дөрекі, қарақшылар қайдан шығады, қоғамда қатыгез адамдар неліктен көп деп таңырқаймыз. «Не ексең – соны орасың», келеңсіздіктің көбі тиімсіз, тіпті, теріс ықпал ететін, өзімізге байланысты болады.
Ендеше тәрбие бағытында өнер сабақтары артта емес, үнемі ең алдыңғы қатарда тұруы керек. Ал, жанарын жасынан сұлулыққа суғарып өскен адамның жан дүниесі лас, кеудесі тас қараңғы қуыс келеді дегенге қалай сенесіз?!.
***
Автор мақаласының соңында: «Әнебір жылдарға қарағанда қазір ауылдарға құс жиі келе бастады. Бұл – жақсылықтың нышаны шығар. Құсы бар елден кие кетпейді, базар тарқамайды деседі» – депті.
Осы жолдарды оқығанда, неге екенін, әлдебір өксігі басылған қамкөңіл баланың өмірге деген ғажап ынтызарлығын аңғарғандай күйге бөлендім.
Жараланып жатып мұң-зарын аспандағы алты қазға айтатын Төлегендей бозторғай шырылымен оянатын қазаққа құс бөтен емес. Жорыққа шыққандағы жебеуші әруағы қыран болған батырлар тарихтан белгілі.
Маған да кейде ұрпақ келешегі үшін қан майданда қаза тапқан бабаларымыз бен аталарымыздың асқақ рухтары ақ қанат құсқа айналып ұшып жүргендей көрінеді. Солар құдірет құстай келіп қала ма деп көзімді көк жүзіне көп тігемін.
Құлтөлеу МҰҚАШ,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты