АҚ ЖАУЫНДА... АППАҚ ҚЫЗ...

Нұрғали ИБРАИЫМ.

 КӨРКЕМ ЖЫРДЫҢ КӨШЕСІН КӨП АЙНАЛАМ...

 Оңтүстік көктемі

 Оңтүстікке оралды және көктем, Барабанын биіктен қағады өктем. Айналаның барлығы жасыл дүние, Бояу шашып жатқандай самолетпен.   Қара аязға қайысқан мұнша шыдап, Жер анаға жайылды нұр шашырап. Асқар -асқар белдер де шаттанады, Иығына күн менен күлкі асып ап.   Ескен жел жоқ ақпанда екіленіп, Тоба қылды тойған мал мекіреніп. Қайтқан құстың дауысы селт еткізді, Көптен бері ұмытып кетіп едік.   Ала бұлттар ауысып ары-бері, Құбылады айдынның бар реңі. Ақ тамшылар жаңасып жас бүршікке, Тәтті қылық тәнті етті тағы мені.   Сан алуан сәулеге, сәнге малып Бізде көктем басталды. (Әмбеге анық), Шаршаған жан болса егер, ағайындар, Оңтүстікке қайтсыншы, сәл демалып!    

Шағыл құмда туылдым шалғайдағы

 Балалық шақты бірге өткізген Есенбек Қахановқа

 

Шағыл құмда туылдым шалғайдағы, Ауасы мен суының балдай дәмі. Есіме түсіп отыр қай-қайдағы, Әжемнің күлге жапқан күлше наны, Ыстығын таратып тұр таңдайға әлі. Сәби болып кетер ем баяғыда-ақ, Оған жетер қайрат пен айлам қані. Бақытты жылдарыма баптаған шақ, Көз алдыма келеді, Айнам, бәрі!   Шоғыр-шоғыр сексеуіл шоқтанатын, Қандымы мен жүзген де көп болатын. Ұя салып түрлі құс топтанатын, Мама ағашқа әкем кеп байлаушы еді, Суытып, тері қатқан көкпар атын. Қансонарда қалыңға аңдар шар сап, Шілде түссе – аспаннан от таматын. Сол шағылда естідім алғаш рет, Сүйікті мұғалім мектеп атын.   Жалдардың көз жетпейтін аумағына, Мал қайырып жататын қауданына. Ебелектер ұшатын аударыла. Үлкендерге сүйеу боп, қой түнетіп, Түйе мініп, тартыстым қауғаны да. Сыйлыққа алған қалақтай транзистор, Арқаның басатұғын «Хау-лауына!» Қара жолда жабылып қақ кешуші ек, Қарамай толассыз күн жауғанына.   Бояу салып шабырға, шатқалына, Құрсан болдық құмда күн батқанына. Қызық еді құмда таң атқаны да. Түңлікті түрген шақта мың сан сәуле, Шаңырақтан құлайтын ақтарыла, Мизам келсе, үлбіреп мизам гүлі, Көз байлайтын тербелген бақбағы да. Қара үлектей қараушы ек үрейлене, Жарқылдаған найзағай шақпағына.   Төгілген төбесіне, төсіне күн, Құм десе - әлі күнге көсілемін. Білмеймін мін тағады несіне кім, Туған жерге махаббат шығар, мүмкін, Мың қарайлап жүргенім – осы менің!        

Ақ жауында... Аппақ қыз....

Қарайды үнсіз дала сұлық, Бұлт кеткен жоқ әлі ашылып, Жас толқындар қарт жағаны, Жағалайды аласұрып.   Қалған талай тарап аңыз, Қайсар, аппақ шағаламыз, Толқындармен алысады, Қызықтаймыз жағада біз.   Етпейсің ғой мүмкін елең, Сүйсінемін күлкіңе мен. Қалың жауын құйды-ай келіп, Алғаш сәл-пәл сіркіреген.   Мойыныңа, шашыңа әрі, Суық тамшы шашырады, Көңіл байғұс именгенмен, Тазалауға асығады.   Көрмеген ем бұл түріңді, Көрінбесін күлкі мұңды... Қақтың жиі кірпігіңді, Қызыл ерін қымқырылды...   Кемпірқосақ қырға асылып, Ала бұлттар құмға асығып, Сенің аппақ жүрегіңдей, Арайлап күн күлді ашылып...

Көктем

Армысың, көктем, нұрлы әсем, Мың сәлем саған, дулы кеш! Қырларға шығып мұнда сен, Таласып аққан суды кеш!   Көшені түгел арала, Сәбидің дауысы әндеткен. Балапан ұшқан жағаға, Сағынып жетсін әр көктем!   Таулардан асып туған ай, Сәулесін жайды бір сәтте-ақ. Тұра ма жүрек туламай, Жырларым жатыр бұршақтап!   Шашыңды желмен тараған, Табиғат деген бір епті. Көктемгі кештей бар адам Болса ғой жылы жүректі!   *** Салтанатын тасытып, сауығын да, Көке, көктем басталды ауылымда. Ақша бұлттар ойнайды көгімде емес, Шалғынды шағылдардың бауырында.   Айдын көлге оралып балапаны, Қанатынан сағыныш таратады. Қазығұрттың иығынан түскен нұрмен, Қасы күліп әдемі таң атады.   Асығып ашылуға сиренім де, Бұрқырайды жусан мен жиде мүлде. Ерке самал бойымды елжіретіп, Ән салғым да келеді, билегім де!   Нені іздедім білмеймін, нені ойланам, Көркем жырдың көшесін көп айналам. Жалғыз минут қызықтап қайтыңызшы, Қыратымды, қырымды төлі ойнаған.   Оралғыңыз келмейді онда қайтып, Торғын түнде төгеді толған ай құт. Туған жердің көктемін, ағатай -ау, Толтыра алмай келемін толғана айтып!

Туған жер таңы

Тағы да таң атты, Таң атты тағы да. Шуағын таратты, Жайдары жаныма.   Шағылдар алыстан, Алыстан қарайды. Ақ самал жарысқан, Шашымды тарайды.   Айдынның ажары, Ажары – шағала. Басталып базары, Шулайды жағада.   Шегіртке қалыңнан, Қалыңнан ыршиды. Гүлдерін сағынған, Көбелек шымшиды.   Таңғы шық моншағын, Моншағын шашады. Буындай моншаның, Көк мұнар қашады.   Топ бала барады, Барады мәз болып. Төл ойнақ салады, Төскейге жаз қонып.   Танаптар таранды, Таранды егінді. Сүйемін даламды, Анамдай көңілді!      

Қуаныштардың бесігі  Қуаңқұдық

Баптаған қыздай бұрымын, Сақтаған судай тұнығын. Тұлғалым сенсің әлемде, Туған жер – Қуанқұдығым!   Шалғайың шалғын, жотаң бай, Бұйдаңда өстім ботаңдай. Бұлғайды қолын бұйраттан, Кіндігім түскен Қоқанбай.   Ер салып көңіл дөненге, Қозы-лақ бақтым төбеңде. Қарға сирақ балалық, Айналды қазір өлеңге.   Сайыңда қуып сағымды, Шаң қылдым ыстық шағылды. Шыңдады ма екен сол құмдар, Шынайы арман- бағымды?!.   Бауырына тартып баурайың, Бала боп қайта аунайын. От берші маған, туған жер, «Шабыттың шоғын шайнайын».   Еңбегін сауған елден ем, Сақтасын сұқтан көлденең. Гүлденген өлке – бұл өлке, Төгілген маңдай терменен!   Көркіңді көзбен байлап ап, Құлайды түнде ай қарап. Сыр суы жатыр шағылды, Күндіз- түн тынбай аймалап!.   Жауқазын жауып жағаңды, Жаңбырмен далам жаңарды. Ақының білмей, кім білсін, Байтағым, сенің бағаңды?!   Сиясын жайып сыршыл үн, Сия алмай ішке тұр – шыным. Көңілімде түйір мұздақ  жоқ, Көктеммін жайған бүршігін.   Ұзаған жоқпын төсіңнен, Бөлінген емес еш іргем. Ақ жүрек ауыл -  бұл  ауыл, Алтын күректей есілген!   Құладай озып құлының, Алысқа салды дүбірін. Қуаныштардың бесігі, Гүлдей бер Қуанқұдығым!        

Ақадыр

Арасынан бұлттардың қарақұрым, Жарқ етті сәулең сенің, Ақадырым! Сағымдармен таласып қарайлады, Сағынтқан мынау- қырат, ана – қырың. Осылай ана ғана алабұртып, Алыстан келген қарсы алады ұлын.   Жаңбыр жуған аңсадым, келбетіңді, Сүйейін анашымдай бер бетіңді, Суығыңды бөтенсіп қалыппын ғой, Үйретіп алайыншы желге етімді. Құбылып күрең беткей, құба белдер, Тебіреністен жүрегім тербетілді.   Бәрі ыстық тартады екен аңсағанға, Составтар зіркілдейді. Шаршаған ба? Сарыарқа, сағынышымды жинасам мен, Жүк болады, білмеймін, қанша нарға! «Ақсудағы» түгел ме, аппақ гүлдер, «Аюлыда» жайқалған арша аман ба?   «Қарасаздан» қаз ұшты назы мұңды, Қимайды ма айдынды, жазығыңды? Қарағандар қаптайды қара ормандай, Күтетіндей күлкімді, әзілімді. Алқынып өз үйірін тапқан аттай, Сүйретіп жеттім қазір қазығымды.   «Тағылы тау» алыстан мұнартады, «Бұғылы» қолын бұлғап тұрар тағы. Құмартады көңілім «Тәбияға», Сезімнің ызың қағып қыл арқаны. Тәттімбет күйге бөлеп, әнге ораған, Ақсұңқар ақын Сәкен бұл ортаны!   Қиядан «Ақ биікке» қарашы алып, Басқа биік қалғандай аласарып. Асау Нұра алқынып асығады, Ұшқан қыздай алқасын таға салып. «Үкілі шат» сияқты үлбірейді, «Қайрақтыдан» бас алған бала шабыт.   «Ақсеңгірдің» иығынан қарады күн, «Итазудан»  «Ортауға» тарады үнім. Әннің майын ағызып келгенімде, Арайлашы алдымнан, Ақадырым! Сағыныштың жатсыншы сазы тербеп, Сыр бойы мен Арқаның аралығын!.      

Сұлулықтың баяны

  Алатау мен Қаратауым баяғы, Қауышқан жер қуанышын жаяды. Аяғына тіптен тимей аяғы, Ақсу күліп түнде Арысқа таяды, Осы емес пе сұлулықтың баяны!   Түлкі басым - түп тарихтың жарқылы Алқынады әнмен бүгін алқымы, Тыныштықтың аман тасы, әр қылы, Бабалардың қасиетін сездім мен, Кең даланың кереметі арқылы!   Шілдеңіздің тарс жарылып талағы, Күрт бұзылды күрең тартып қабағы. (Ыстығыңыз сап басылды жаңағы) Екі ғашық жүз жайысып қалғандай, Төбемізде тарсылдайды табағы. Ала бұлттар ақ тер болған көк аспан, Аумай қалған суретшінің қанары. Жауын жауып мәз болады «Жас кешу» Балапан мен балық толы балағы.   « Өгем » жақтың бөкен билеп бөктерін, Бөктерінен көрдің бе нұр төккенін. Көңіліме тек қуаныш ұя сап, Оралғандай үркіп ұшқан кептерім, Ағыл-тегіл жыр тасыды қанымда, Тамырымды басып көрші ох, менің!   Алатау мен Қаратаудың сәні, айым, Ақ биікке шықтың лаулап арайың. Ақ гүлдерден төсіңе алқа тағайын, Қызылқұмның момындау бір ұлы едім, Жігерімді жаным отпен алайын, Шардараға шалқып-тасып барайын.  

 Тұманбай ағаны еске алу

Үріп тұр ғой, Ұрып тұр ғой жел өктем, Маза кетіп теңселеді теректен. Сенбей, көнбей сізді «кетті» дегенге, Кештеу іздеп отырмын ғой кенет мен.   Айналаңыз толып туыс-достарға, Сыйлап сізді салатұғын қос қолға. Сіз кеткелі ақ тілектер азайып, Көтерілмей қалғандай ғой тостар да.   Күлкіге емес көп түсемін күйбеңге, Кеңседен де кетті маза үйден де. Сіз кеткелі тәтті күйлер тартылмай, Тәтті хаттар жазылмай жүр сүйгенге.   Енді кімге жайылады жан сырым, Аға, мұным- ақиқатым, бар шыным. Сыбырласпай екі жұлдыз көктегі, Шаршау есіп жатыр әні Шәмшінің!   Құлындар да іздейтіндей емгенде, Бұрынғыдай жүгірмейді белдерде. Қуанып ем, білесіз бе, ауылда, Қыз ұсынған гүлді маған бергенде.   Шарбағымды таптағандай бар шаңдақ, Ары-бері жол таба алмай сарсаңбақ -Ақынсың! деп қақтыңыз сіз арқамнан, Қасыма кеп хан сияқты алшаңдап.   Тағы есімде Жүрсін ағам, Қал-ағам, Түгел маған қызығумен қараған. -Жүрсе,-дедім,сонда сізді қуанып, -Сүрсе,-дедім-ұзақ өмір әрі ағам.   Сәуірдегі жас алып тұр жас сирень, Қалай енді арыламын пәс күйден. Бір түтіннің сияқты еңіз перзенті, Болсаңыз да сонау алыс Ақшиден!   Ақ бұлақтай ағатұғын сылдыр сап, Маған берген қанаты ұяң гүлге ұқсап. Қайтсаңызшы Сыр бойына жыр оқып, Қоңыр үнді даусыңызбен жұп-жұмсақ.  

 Жүйріктей ең жүлделерге ұмтылған...

Бейсенбек Байбосыновқа

Азаңа жұрт жиналғанда алаңға, Жабырқаудан жас тығылды жанарға Ей, Бейсенбек, қайда беттеп барасың, Тастап елді кетесің бе табанда?   Ей, Бейсенбек, күміс көмей бауырым, Қалай сенің сап тиылды сауығың? Адам түгіл табиғат та қия алмай, Түні бойы жауып тұрды жауынын.   Тамырымды қайтып басам тулаған, Құлағымды қайтып жабам шулаған. Азия мен, Европа да ғана емес, Әнге бөлеп қайтып едің Кубадан.   Көрген көзді тартатұғын түр-тұлғаң, Жүйріктей ең жүлделерге ұмтылған. Патшалар да әніңді естіп сүйсініп, Айналатын сені туған ұлтыңнан.   Көкірегіңе тұнық сырды көгендеп, Өксігіңді баса алмадың өнер деп. Қайда кетіп бара жатсың мерзімсіз, Жұмабекті жоқтап жүрсек елеңдеп?   Өмірді сен сүрмейсің ғой күйкі енді. Біреу өксіп,біреулердің ішінде рас ит өлді. Қайран дүние жалған қана жымиып, Тоз-тоз қылып кеміреді жүйкеңді.   Жалғыз қалып жабығады Сырымбет, Сабыр сақта, деп жұбаттым, інім! деп. Сахнада емес... енді баурым, тү-үу көкте, Ән салатын сияқтысың күлімдеп!  

Аялаңдар ақынды

Талмай іздеп асыл сөзді татымды, Ала таңды шала ұйқымен атырдым. Ұрпағына өлеңімен хат жазған, Қадірлеңдер, ағайындар, ақында!   -Әнім бе?-деп әр әуенді ақырғы, Барқыт түнді алғзумен батырды. Жаны жұмсақ өзгелерден, туғандар, Түсінуге тырысыңдар ақынды!   Көзін сатып сұрамайтын сатыңды, Шаршамайтын артық айтып ақылды. Жүрегімен сүйетұғын, сүйсе егер, Жүдетпеші кім болсаң да ақынды,   Жүзден озып келсе дейтін атыңды, Көп сұрайтын қуанышты сәтіңді. Тірі жанның барлығына тілеулес, Алақанға салыңдаршы ақынды.   Қалтасында қалған жалғыз бақырды, Сыйлайтұғын жемейін деп ақыңды. Жан адамға жасамайтын жамандық, Жай адам деп ойламаңдар ақынды.   Жақтырмайтын жат көзқарас, жат үнді, Аттан салса Алпамыстай ақырды. Абдолладай айналатын аңызға, Батырым деп бағалаңдар ақынды!   Бауырына тартып алыс-жақынды, Бірлік туын бір ұстауға шақырды. Маңдайыңа сыймай ерте кететін, Тірісіне аялаңдар ақынды!  

 Талау

Президент, басқарма, Көп болып тұр шаштан да. Екі езуі құлақта, Екі көзі аспанда.   Бәрі мырза, бәрі бек, Табиғатқа әлі кеп. Қалам жатыр жағасын, Дәретімен дәрілеп.   Суық бейне кеткен бұл, Судың беті көк теңбіл. Алқынады балықтар, Қос жанары мөп-мөлдір.   Күресетін күш бар ма, У жұтады құстар да. Жылап кетіп барады, Жылы жаққа ұшқанда.   Пана тұтқан бәріміз, Тазға айналды талымыз. Кімге айтамыз арызды, Азайған соң арымыз.   Өкін мейлі, өкінбе, Не дейсің бұл нөпірге. Өтіп кетті көмейден, Темір жол да, көпір де.   Кемсең қағып иегі, Қарттың іші күйеді. Қолмен салған заводтың Қалды жалғыз сүйегі.   Айран қылып ақылын, Өлең жазды пақырың. Тұрған не бар адамда, Алла берсін ақырын!  

 Желбіресін айдарың

Немерем Айсұлтанға

 

Айналамыз қуанышқа тұнып тұр, Айналайын құшағыма күліп кір. Айсұлтаным, езу тартқан күлкіңмен, Өткен күннің өкінішін ұмыттыр!   Күн жадырап адырымда, қырқамда, Қарашаңыз бусанып тұр бұл таңда. Жүректерге ай бейнеңді түсіріп, Атқа мініп, айналшы ертең Сұлтанға!   Тебіренбей қалай үнсіз жатамын, Қылығыңа қызықсыншы қатарың. Пайда ойламай, арыңды ойлап, қашанда, Айтқанын қыл Ұлы Абай атаның!   Құздарымнан құлап жатыр қайнарым, Тұмар қылып өлеңімді байладым. Жеңістермен желбіресін айдарың. Адалдықтың жібін үзбе әрдайым, Сыртынан жүр аты құрғыр айланың!   Тазалықтан өзге нәрсе таңдама, Ақылыңды жамандыққа арнама, Айдындарға жету үшін аңсаған Өз кемеңді түзу түсір арнаңа. Қолдан келсе – жақсылық қыл, бөпешім, Атаң үшін еш пендені алдама!   Қазақпын деп баяғыдан мақтандым, Тұяғысың Алпамыстың, Саттардың... Тарауын  тап, ұмыт қалған күй болса, Жалғасын жаз – атаң жазған хаттардың. Қарқаралы боранындай өжет бол, Арасында ұйытқитұғын ақпанның. Сыр бойының мамырындай жұмсақ бол, Қайырмасы секілденген тәтті әннің! Ей, шақалақ болашағым сен ғой деп, Ағыл-тегіл тілегімді ақтардым.  

 Егінді дала

Ю.В.Жадовскаядан

 

Егінді далам, бағалым, Жарығын күннің сүйесін. Нәр алып жерден табаның, Басыңды күнге иесің.   Телегей теңіз сарынды, Толқынмен бірге тербелем. Шалқыған осы шағыңды. Балаймын асау желге мен.   Қараторғайлар ән салып, Жағаңа сенің байланды. Адасқан бұлттар тамсанып, Қараңа сенің айналды.   Ақ самалдармен тарандың, Күн сайын өсіп, көктедің. Есіңде сақта,адамның, Маңдайдың терін төккенін!   Қатулы бұлтты түнерген, Әкетші, самал, алысқа, Келемін, Тәңірім, тілеумен, Жетсін-деп,дихан табысқа! Шардара қаласы Оңтүстік Қазақстан облысы www.qazaquni.kz