Заңғар заңгер Салық Зиманов
2024 ж. 19 мамыр
3267
0
Бұл кісіні көрген сайын төбеміз көкке бір елі жетпей қалатын. Бұл кісіні көрген сайын салтанатты, көркем күй кешетінбіз. Ол кісі баратын, қатысатын жердің бәрінен қалмауға тырысатынбыз. Тіпті, елден бұрын барып отырған күндеріміз көп.
Біздің қазақта шын ғалым, шын зиялы аса аз да емес, аса көп те емес. Сол зиялының бірегейі де Салық Зиманов еді десек, қателесе қоймаймыз.
Таяуда «Қазақстан» ұлттық арнасынан Қаныш Сәтбаев туралы деректі фильмді орта тұсынан көріп қалдым.
Мені ең алдымен қызықтырғаны – ұлы адамның тірі бейнесі. Дананың дидары. Неткен биік адам. Әр қимылы, қозғалысы тектілікке тұнып тұр. Әсіресе, айнала қоршаған балалармен отырған қалпы қандай керемет! Осы кісінің алдын көрген, қолын алған адамдар қандай бақытты еді деп ойладым. Салық Зиманов та дана адамның талай қолын алған болар-ау. Қолын алғаныңыз былай тұрсын, ұлы адам: «Салық Зиманов Қазақстанда заң ғылымдарының негізін қалаушы» деп баға берген ғой.
Демек, біз де бақыттымыз. Атақты академик баға берген адамның анда-санда мүбәрак қолын алдық.
«Бір сөзбен айтқанда, Салық Зиманұлы жетекші ғалымдардың бірі ретінде өзінің іздену жұмысында ұлы Сократтың «Өз-өзіңді таны, сонда әлемді де танисың» деген ойын алға тартып келеді. Өткен ғасырдың ұлы ғұламаларының ой-пікірлері әлем халықтарының ұлы ойларының алтын қазынасы екенін ұмытпауымыз керек. Ол біздің дәуірімізге дейін VI ғасырда өмір сүрген қытай ойшылы Конфуцийдің «Қырық жылдан кейін өзімді таныған соң, мен аспан құпиясын да тани бастадым» деген сөзін алға тартқан Қазақстандағы ізденушінің бірі. Бәлкім, кез келген ізденушіге Конфуцийдің осы бір ұлағатты ойын жетекшілікке алғаны жөн шығар. Академик Салық Зиманов біздің заң ғылымының патриархы екенін ойланбастан айта аламын.
Академик Зиманов әрқашан халық назарында, қай жерлерде болсын ол өзінің тік жүрісімен ғана емес, ұлы Сократтың бейнесіндей сенімді тұлғасымен де көзге түседі».
Бұл – қазақ заң ғылымының бір биігі, академик Сұлтан Сартаевтың пікірі.
«...Ұлы Сократтың бейнесіндей сенімді тұлғасымен де көзге түседі» дейді.
Көрдіңіз бе, әр сөзін екшеп, саралап сөйлейтін тұлға әріптес ағасына келгенде ақиқатын айтып салған.
Бұрын кеңестен қалған дағдымен өзіміздің белгілі адамдар туралы жазсақ, өзгенің белгілі адамына теңеп жататынбыз. Мәселен, «Қазақтың Островскийі», «Қазақтың Паганиниі» деген тәрізді. Бұл әлгінде Салық Зимановты Сократқа теңеген Сұлтан Сартаевтың теңеуіне әсте қарсылық емес. Зимановтың әлеміне ден қойған адам оның ғылымға тек ұлттық мүдде, ұлттық ғұрып, дәстүр, тарих, салт-сана тұрғысынан келіп тұжырым жасағанын байқар еді. Ол қашанда, қай кезде де болсын қазақ мүддесін алға қойды. Қазақтың би-шешендеріне, дала демократиясының қағидаттарына арқа сүйеп, әріптестерінің, шәкірттерінің бойында елжандылық, отаншылдық сезімнің қалыптасуына көл-көсір еңбек сіңірді. Ең алдымеи, өз ұлтын, елін, өз тарихын, мәдениетін сүймеген адамнан ғалым ғана емес, жай азаматтың да шықпайтынын дәлелдеп, бабалар салған сара соқпақпен жүрді. Сондықтан оны қазақтың Төле биі, Қазыбегі, Әйтекесіндей дала даналарының рухындағы дана десек, біз ақиқатқа анағұрлым жақындай түскен болар едік. Өзгеге емес, өзіңді өзіңе телу арқылы өзіңе жақындай түсесің. Өйткені біз көп жылдар бойы өзімізден алыстап кеткенбіз, дұрысы алыстатып жіберген. Мәселен, Асанәлі Әшімұлын «Қазақтың Жан Габені» дегеннен гөрі, Алаштың Асанәлісі десек, сіздің жаныңызға қайсысы жақын?! Ал Бекболат Тілеуханды «қазақ өнерінің қарға бойлы Қазтуғаны» деп атау қандай тартымды естіледі.
Әрине, мақтан тұтар тұстарын ешкім де жоққа шығара қоймас, алайда кісінің ой-пікіріне тұсау салған Кеңес Одағы кезінде сол тас қамалды бұзып-жарып, отыз жасында заң институтының директоры болу дегеніңіз де екінің бірінің маңдайына жазылмас еді. Қазір ғой таяқ лақтырсаң не академиктің, не қисапсыз директордың басына тиеді.
Қазіргі заманда бәрі батыр. Ал кешегі дүние қиянаттан қайысып тұрған Желтоқсан көтерілісі кезінде ше? Ол кезде ақиқатты айту өзіңді арыстанның аузына апарып салумен бірдей еді. Ақиқатты айдаладан іздеп жүргендер соның өз қасымызда екенін білсе де білмеген кезі болды ғой. Бірлі-жарым «ой батырлары» (М.Әуезов) болды. Бірақ, олар кухняда күңкілдеп, алқалы аудиторияларда ауыз ашпайтын еді. Ал Зиманов сол көтеріліске қатысқандардың жынын қағып аламын деп келгендердің жағасын ұстатқан жоқ па? Әрине, ол көбімізге тән бір сәттік айқай, қызба мінезбен шектелген жоқ. Мәселеге егжей-тегжей лі үңіліп, асты-үстін төңкеріп айтып, ғылыми дәлдікпен, дәйекпен сөйлеп, Соломенцевтің де, Колбиннің де көкесін көзіне көрсеткен жоқ па? Қашаннан асып-таспайтын, сабырлы Салық Зиманов сол бір найзағайдай жарқылдаған күнін әлдекімдердей, әлденеше рет күні кешеге дейін мінберден түспей, міндетсіп, жер тепсініп айтқан емес. Өтті, кетті іске балады да қойды. Әлгі біз жиі айтатын, бірақ керек кезінде өзіміз соның биігінен көріне бермейтін намыс дегеннің қандай болатынын ел есіне тағы бір сала кетуді мақсат етіп, 1986 жылдың 29 желтоқсанында Ұлттық Ғылым академиясына сұрланып келген Соломенцев пен кесір Колбиннің алдында айтқан академиктің сұрапыл сөзінен үзінді жариялағанды жөн көрдік.
«.. .Орын алған оқиғаның басты себептерінің бірі – идеологиялық жұмысымыздың дәрменсіздігі. Мысал ретінде ұлт тілінің тәрбиелік күші туралы мәселені алайық. Біз, қоғамтанушы ғалымдар, өзіміздің қазақ тілінде жазбаймыз, жастардың алдында қазақ тілінде сөйлемейміз, дәріс оқымаймыз. Ал мұның өзі – біз олардың ақыл-ойы мен көңіл-күйіне ықпал ете алмаймыз деген сөз. Өйткені, біздің орыс тілінде айтқан сөздеріміз олардың жүрегіне әрдайым жол таба бермейді. Мұның өзі нені көрсетеді? Біздің барлық деңгейдегі қызметкерлеріміздің бойындағы қырсық шалған шарасыздықты көрсетеді. Мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бюро мүшелерінің бірде-біреуінің қазақ жастары арасында қазақша сөз сөйлегенін көрген де, естіген де емеспін. Мәселе мынадай масқара жағдайдың орын алуына дейін жетті. Қой бағатын шопандардың, басқа да түлік өсіруші малшылардың ауылдық жерлердегі аудандық, облыстық және осы астанадағы республикалық кеңестеріне, слеттеріне жиналғандардың 80-90 пайызы қазақтар бола тұрса да, оларда баяндама да, жарыссөздер де бір ғана тілде – орыс тілінде болады. Қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізілмейді. Соның салдарынан олардың ілуде бір бас қосатын жиындары көздеген мақсатына жете бермейді. Ауылдық жерлердан келген малшылар ондай жиындардан өздерінің күнделікті ісіне пайдалы ақыл-кеңес, озық тәжірибе, нақты нұсқау алып қайтудың орнына өздері үшін уақытша арнайы ұйымдастырылған дүкендерден әртүрлі зат арқалап қайтады. Ұлт тілінің қолданылу аясы тарылып, қауқары қашып, жыл өткен сайын елеулі түрде әлсіреп барады.
Ұлт мәселесі жөніндегі проблематика назардан мүлде тыс қалып келеді. Ұлттық қатынастар тақырыбына еңбек жазу қашан болса да қауіпті, ол тәуекелге бел байлап қана баруға болатын іс саналып келді. Мұның өзі, шын мәнінде алғанда, жоғары жақтан үн-түнсіз қолдау тауып отырды. Соның салдарынан да ұлт мәселесі, ұлтаралық қатынастар зерттелмей, танылмай қала берді. Бұл салада нақты әлеуметтік зерттеулер жүргізілген емес. Осында СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі М.С.Соломенцев жолдастың қатысып отырғанын пайдаланып, менің ойымша, ұлт мәселесі жөнінде жалпы одақтық еңбектерде елеулі кемшіліктер кездесетінін айтқым келеді. Оның кейбіреулері мынадай: а) бізде ұлт мәселесі жоқ, оның кейбір проблемалары мен көріністері ғана бар-мыс; ә) ұлттардың бір-бірімен жақындасуы этностардың арасындағы айырмашылықтардың жойылуы ретінде ғана қарастырылды. Ал ондай жақындасу бізде іс жүзінде бар. Ол ең бірінші кезекте ұлттардың идеялық негізде жақындаса түсуі, идеялық бірлігі түрінде көрінді; б) ұлт республикаларындағы ұлт мәселесі жоққа тән саналады, ол бірте-бірте жойылып, ұлттық мемлекеттіліктің оты өшіп, шоғы сөніп бара жатыр-мыс. Онда ұлттық белгілер қалмауға айналыпты-мыс деген сияқты басқа да тұрпайы, теріс пайымдаулар бар. Мұның бәрі ұлт қатынастары тұрғысынан алып қарағанда, ұлттық нигилизмге душар етеді, солай етіп те отыр. Ал нақты қалыптасып отырған ұлт қатынастары тұрғысынан алып қарасақ, мұндай тезистерді қабылдауға әлі ерте әрі қате екені айтпасақ та түсінікті.
17-18 желтоқсандағы оқиғаларға кінәлі адамдар тиісті жазасын алды. Бұл іспен құқық қорғау органдары айналысуда. Мен заңгер ретінде мынаны айтқым келеді: осы органдарды өздерінің табиғатына тән бас салып айыптай беруге бейім әрекеттерінен тартынатындай етіп сақтандыру керек. Жаппай қуғын-сүргінді бастап, оны ерекше құштарлықпен жүргізіп отырған тап солар...».
«Біздің бүгінгі конференциямызға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбин бастаған бюро мүшелерінің толық құрамында қатысып отырғанын және кейбір ресми емес деректерге қарағанда, Г.В.Колбин жолдастың қорытынды сөз сөйлейтінін пайдаланып, мен өзімнің бүгінгі таңда теориялық, ең бастысы, практикалық маңызы бар кейбір мәселелерді қалай түсінетінімді баяндап беруіме рұқсат етілуін және сол мәселелер бойынша Геннадий Васильевичтің неғұрлым тереңірек түсінік беруін өтінген болар едім. Осында сөз сөйлеуге тиістілердің тізімінде болмағанмен, сөз сөйлеу ниетім бүгінгі баяндаманы және алғашқы сөйленген жарыссөздерді тыңдағаннан кейін ғана пайда болғанын ескере отырып, менің сөзім бәлендей рет-ретімен айтылып жатпаса, бұл үшін азын-аулақ жеңілдік беріп, кешірім жасауларыңызды өтінемін.
Алматы қаласындағы мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері туралы мәселе, оны шешу және оған қай тұрғыдан келу тәсілдері менің ойымша, қала аумағының шеңберінен асып кететін және белгілі бір мөлшерде неғұрлым кең көлемде маңыз алатын сияқты болып көрінеді. Мәселе мынада. Не болса да турасын айту керек: кей бір басшыларда ұлттық балалар бақшасына деген мүлде теріс көзқарас қалыптасқан. Оны кейбір жолдастардың интернационалдық тәрбие мүддесі тұрғысынан түсіндірмек болғанына, сөйтіп өздерін-өздері ақтап алуға тырысып бағуына жол беруге болмайды. Мысалы, 1987 жылдың бас кезінде Алматы қаласында 372 мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі болған еді. Соның небәрі алтауында ғана қазақ тілінде балалар тәрбиеленді. Көптеген ата-ана астанамызда қазақ балаларына арнап қосымша балабақшалар ашуды сұрап, бірнеше жылдан бері талай мекеменің табалдырығын тоздырумен келеді. Өйткені, мұның өзін қазіргі жағдайда балалардың ерте жасынан бастап қос тілді меңгеруінің неғұрлым тиімді жолы деп есептейді. Ал Алматының тап қазіргі ерекше қалыптасқан демографиялық және басқа да жағдайларында ұлты қазақ жасөспірім ұрпақтың (жасы 1-ден 15 жасқа дейінгісі) 80 пайыздан астамы дерлік өз ана тілінде еркін сөйлей алмайды (бұл ресми дерек көздерінен емес, қазіргі қалыптасып отырған нақты жағдайдан алынған цифрлар). Ең масқара нәрсе – қаладағы әлгі қыруар көп ата-аналардың өтініші бойынша әр жылы бір немесе екі ұлттық балалар бақшасының ашылуына басшылар тарапынан күні бүгінге дейін толып жатқан негізсіз тосқауыл-кедергілер қойылумен келеді.
Осы жерде бұл мәселенің о баста қойылу тарихына қайта оралу қажет. Алматыда ата-аналардың қазақ балалар бақшаларын ашу туралы табандарынан тозып, талай мекеменің есігін ашқан алғашқы «азапты сапарлары» сонау 60-жылдарда басталған еді. Ондағы мақсат – қазақ балаларын өзгелерден бөліп тастап, томаға-тұйық оңаша жағдайда ұстауда емес, қайта олар өздерінің ана тілін біліп өссе екен деген арман болатын. Алайда оларға облыстық партия комитетінде де, Орталық Комитетте де қайтарылған жауап біреу-ақ болды: «мұндай өтініштерің қабылданбайды – өйткені, әр ұлттың балалары бір-бірінен бөлініп қалады, ал бұл интернационализм қағидаттарына қайшы келеді десті...».
«Міне, сондай жағдай 1986 жылы да қайталанды – қалада ашылған алты балабақшаның екеуі ғана қазақ балаларына берілді. Мұның өзі баспасөз бетінде «балаларды бақшадағы жасынан бастап ұлттық оңашалануға тәрбиелеу» болып табылады-мыс деп бағаланды. Менің жеке өз басым мұндай бағаға тіпті де қосылмаймын. Онда тұрған қандай жағымсыз да жексұрын нәрсе бар? Сонда өзге қалаларда, өзге республикаларда ұлттық балалар бақшалары шынымен-ақ жоқ болғаны ма? Бар ғой! Олардағы интернационалдық тәрбие тиімділігі жағынан біздегіден артық болмаса, тіпті де кем емес. Аралас балалар бақшаларын құру керек деушілер де табылады. Бәлкім, бұл дұрыс та шығар. Бірақ оларды ұлттық балалар бақшасына қарсы қою мүлде қисынсыз. Өйткені бұлай ету – жұмсарта айтқанда, ортақ іске жаны ашымайтын формалист біреудің ойдан шығара салған нәрсесі. Бұл жерде әңгіме әрбір нақты жағдайлар туралы емес, сол жағдайларды басшылыққа ала отырып, балалар бақшасының қандай түрін салуды жан-жақты ойластырып шешу туралы емес, қайта қасарысқан қағидатшыл қағида туралы болып отырғанын ескеру керек. Елдің астанасында қазақ балаларына арналған балалар бақшасын ашу жөніндегі мәселенің мән-жайын ұғынбай жатып, оны табалдырықтан аттатпай тұрып, кеудесінен кері итеріп тастайтын кейбір ресми органдардың оспадарсыз қылығын маңызды мәселеге ат үстінен жүрдім-бардым қарайтын жауапсыздық демеске лаж жоқ. Ал олардың мұндай мінез-құлқы жергілікті байырғы ұлт өкілдері тарапынан наразылық тудыруға себеп болатыны белгілі. Сонда бұл іске қалай болса солай қараудың салдарын қалай ақтап алуға болады?
Жоғары және орта арнаулы оқу орындарына студенттер мен оқушылар қабылдау кезінде олардың ұлттық құрамын ретке келтіріп отыру жөніндегі «пайыздық нормалар» орнатудың теріс практикасы нақты сынға алынған сияқты-ақ еді. Бірақ солай бола тұрса да бірқатар жерлер мен облыстарда, кейбір деректерге қарағанда, «пайыздық нормалардың» іс тағдырын шешетін жаны сірі белгі ретінде әлі де қолданылып келе жатқанына сенбей тұра алмайсың. Мысалы, жергілікті басшы органдар Қарағанды медицина институтына 1987-1988 оқу жылына қабылданатын ұлты қазақ студенттердің жалпы саны бұрынғы жылдардағыдай 50 пайыздың орнына 20 пайыздан аспасын деп нақты нұсқау берген. Ал мұндай жағдай тек Қарағандыда ғана орын алып отырған жоқ. Мен осы белгілер бойынша қойылатын мұндай «пайыздық нормалардың» қандай түріне болса да қарсымын. Өйткені ол қаншалықты дәлел келтіргенімен де дұрыс бола алмайды...».
Жігітшілік дәуренді, қыз ауылына ұрын баратын дариға-дәуренді от пен оқтың ортасында өткізіп, жиырмадан енді асқан жасында полк командирі болған Зимановтың бұлайша сөйлеуі ешкімді де таңғалдырмаса керек. Алайда Зимановқа осы сөзді айтқызып тұрған артықшылығы өмірінде біреудің алдында жағымпазданып көрмегенінен болар. Болмашы нәрсеге, қызметке, мансапқа құл болып, ғазиз басын кішірейтіп, төменшіктемегенінен де болар. Сол жолы үндемей қалғанда бір халықтың тарихқа кететін есесін есептеп көріңізші. Ер туғызған ел екенбіз ғой біз деген.
Сұлу тіл, шешен сөз кісіні нұрландырып жібереді. Алла тағала Зимановқа да осындай дарын дарытты. Ол сөйлеп бір кеткенде өлең жазбайтын ақын, жазбайтын жазушы дерсің. Бірде қазақтың үлкен азаматының бір тойында Сәкеңе сөз берілді. Әуелде гуілдесіп отырған жұрт бірден тына қалды. Осының өзі-ақ халықтың шексіз құрметінің бір көрінісі болса керек. Өйткені халық оны абыздай көреді және одан үнемі үлкен сөз күтіп үйренген. Шешеннің аты шешен, кез келген тақырыпта тосылмайды екен ғой. Махаббат туралы төгілсін бір. Ол бар болғаны он бес минут сөйледі. Ел азаматтары, оларды қадірлеу туралы толғанды. Сөйлегенде ауыз емес, жүрек сөйледі. Сол күндері әлдекімдерден құқай көріп жүрген белгілі азаматтың тағдырын да әлгі той салтанатымен әдемі жымдастырып, «аттан түссең, арғымаққа мін» деді.
Бұл академиктің әр кезде нысанаға дөп тиетін шешендік сөзінің бір ұшқыны ғана. Сол ұшқынның өзі от болып лаулауға жетіп жатыр еді.
Академик Төрегелді Шарманов айтпақшы, «Құрметі зор, дәрежесі биік ғалым күнделікті өмірде қарапайым заттарды місе тұтып, ғұмыр кешті. Бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда киім киісі ескі сәнге сай көрінеді: костюм, пальто, кеңес заманының құлақшыны. Үй жабдығы – түстенетін және жазу үстелдерінің, орындықтардың да сәні бұрынғыша. Қос академиктің жалақысына тұрғызылған, еш ерекшеліксіз үй жапсары шағын ғана жерде орналасқан.
Ұзақ уақыт бойы мінген кеңес заманының көнекөз «Волгасын» таяуда ғана шетелдік ортақол көлікке айырбастады. Достарының қонаққа, жиналыстарға апарып салу жайлы лебізін қабыл алғанын көрмеппін».
Соншалықты қарапайым бола тұра, әрбір сәтінен аристократтық мінез жиынтығы да көрініс беріп жататын академиктің тек заңгер ғана емес, өмірдің бар құбылыстарын өте терең топшылайтын, адами құндылықтардың шырқау биігіне әлдеқашан шыққан, абыз деңгейіне көтерілген кемеңгер екенін қазақ қоғамы әлдеқашан-ақ мойындаған.
Атақты француз философы Дидро: «Мен халқымды бақытты ету үшін философ болдым» деген екен. Осы ойды кеңейтіп айтсақ, Зиманов болса тек философ, заңгер емес, ұлан-ғайыр білімімен, қабілетімен, қасиетімен халқының тағдыры сынға түскен талай додадан су төгілмес жорғадай шығып, халқын бақытты еткен тұлға ғой. Бізде-бір жаман әдет бар. Кейбіреулер ұстазды тек өз саласынан ғана іздейді, соны ғана ұстаз тұтады. Меніңше, Зимановтай тұлғаны исі қазақтың бәрі ұстаз тұту керек. Өйткені онда бәрі бар, бәрін біледі. Өйткені тағы да Төрегелді ағамызға арқа сүйеп айтсақ: «Академик Зиманов – Сәтбаевтың көзі тірісінде ұлт ардақтысы ретінде бір қатарға ілінген сирек жандардың бірі». Ал Сәтбаевтың сөзіне анықтаманың керегі жоқ.
***
Ол келеді деген жерге елден бұрын барып отыруға, Сәтбаевтың қолын алған мүбәрак қолын алуға ұмтылатынбыз.
Ол келе жатқанда сол ортаға даналық қоса кіріп келе жатқандай күй кешетінбіз.
Қали Сәрсенбай,
Жазушы