СІЗ МЕНІҢ ЖҮРЕГІМДЕСІЗ
2024 ж. 08 сәуір
3138
0
Белгілі бауыржантанушы, жазушы Мамытбек Қалдыбайұлы – елуден астам кітаптың авторы. Соның ішінде он томы әлемдік деңгейдегі тұлға, халық қаһарманы, Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналған.
Бүгінде сексен бес жасқа толған Мамытбек аға бұл жолы өзінің ұстазы, профессор Әбіш Байтанаев пен заңғар қаламгер Мұхтар Әуезов және басқалар жайында сыр шертеді.
Бір жарым жыл құштарлықпен көз майын тауысып игерген кәсіптік-техникалық училище мамандығын місе тұтпай, Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық иниституттың филология факультетіне оқуға түстім. Бір әріп танымай өмірден ерте озған марқұм әкемнің «баламды басым жерге тигенше оқытамын» деген арманын орындау жолында құтты қадам жасағаныма төбем көкке жеткендей қуандым.
Ойлы жанарлары жалынға, мейірімге толы оқытушылар бірінен кейін бірі дәріс оқуын бастап, бізді білім шыңына жетелей түсті. Балалық, шалалық жайына қалып, өзімізді ертегінің ерлеріндей сезіндік.
Институтта әдебиет бірлестігі жұмыс істейді екен. Оған профессор Әбіш Байтанаев ағай жетекшілік ететін көрінді. Жүзі жылы, орта бойлы, қыр мұрын, кең маңдайлы, қырау шала бастаған қою қоңыр түсті шашын шалқайта кейін қайырған, қимыл-қозғалысы, сөз сөйлесі салмақты ол кісі сәлемімізді ылғи күлімсірей алып, бұрыннан таныс-біліс дос-жар, қамқоршы туысымыздай болып кетті. Содан ба, жасқанып-жатырқау дегенді білмей өзімсініп, көкейімізде сарытап боп жүрген сұрақтарымызды еш қысылмай қойып, қанағаттанарлықтай жауап алатынбыз.
Әбіш ағай бізге әдебиет теориясынан дәріс оқыды. «Суреткер қиялы қандай болу керек?» деген сұрағымызға қазақ ертегісіндегі кейіпкердің «тауды арқалап келіп, жаңбыр жаудырғанына, ел-жұртын мол астыққа кенелткеніне тоқталып: «Сендер ол қаһарманға риза көңілден алғыс айтасыңдар ма?» дегенде, бәріміз бір дауыстан «алғыс айтамыз» дестік.
– Бұл ертегідегі халықтың суреткерлік қиялы. Енді «Абай жолы» эпопеясындағы бас қаһармандар Құнанбай, Бөжей іс-әрекеттеріне зер салыңдар. Оларды жазушы Мұхтар Әуезов көрген де, ешқайсысымен тілдескен де жоқ. Суреткерлік қиялына ерік беріп, кез келген кейіпкеріне жан бітіріп, қимыл-қозғалысқа енгізгені керемет дерліктей. Ендеше суреткер қиялынсыз бірде-бір шығарма дүниеге келмек емес, – деген тәрізді тұжырымдары көңілімізге қонып, ойымызды тербей түсетін.
Әдебиет бірлестігінде студенттердің шығармалары талқыланады екен. Алғашқы бас қосуымыз талас-тартысқа толы өреде өтті. Ешқайсымыз аянып қалғанымыз жоқ, әрқайсымыз әлжуаз өлең, әңгімелерімізді тартынбай сынап, үлкен белсенділік таныттық. Қазір ойласам, біздің аса белсенді болуымызға Әбіш ағайымыздың өзі кең өріс ашқан тәрізді.
Ол кісі басын бір жағына қисайтып, рахаттана тыңдап, қайсымыздың қабілетіміз қандай екенін бақылайтын. Қорытынды сөзінде жетістік, кемшілігімізді тамыршыдай тап басып, шығарманы ғылыми талдаудың әдіс-тәсіліне, оның қандай өреде жүзеге асырылатынына, асырылуы керек екеніне тоқталатын.
– Мысал келтіріңізші? – деген өтінішімізге:
– Қасым Аманжоловтың: «Өмірге ендім еңбектеп, шалқалап әкем шықты үйден» деген екі жол өлеңінде қойнау-қойнау сыр жатыр. Айтыңдаршы, үйінен қандай адам шалқалап шығады?
Бізде үн жоқ. Мұндай сұрақ қойылар деп ешқайсымыз күтпеген едік.
– Балалар, ойланыңдар. Үйінен қайтыс болған адам ғана шалқалап шығады. Қасым ақын осы екі жол өлеңі арқылы өзінің еңбектеп ес жия бастаған уағында әкесінен айырылып қалғанын поэзия тілімен шебер бейнелеген. Сондықтан ол ұмытылмастай әсерлі әрі мұңды.
Зер салып, ой бөлсеңдер, балаға жанашыр, қамқор адамы – әкесінен айырылудан асқан ауыр қайғы жоқ. Ақын Қасым жоғарыдағы екі жол өлеңімен-ақ , біріншіден, өмірдің қатал мінезін, екіншіден бала мен әкенің аянышты халін суреттеп, үлкен шеберлік танытқан. Ең басты ескерер мәселе, поэзия – тың бейне жасаудан, терең философиялық ой мен нәзік сезімнен, сұлу суреттен тұратынын Қасым ақын білген. Абай аталарыңның «Өлең – сөздің патшасы» дегені де осындай ерекшелікті ескергенінен туған.
Әдеби бірлестігімізде жоғары курс студенттері Құрал Тұңғышбаев, Сұлтан Сәметов, Тұрсынбек Ешенқұлов, Қатира, Аманкүл, тағы басқалары сөйлеп, бізге өнеге танытқандары да есімізде.
Шығармаларымызды талқылау барысында Әбіш ағай:
– Сәбит Мұқановтың өлеңдерін, «Сұлушаш» поэмасын оқыған шығарсыңдар? – деді.
– Оқыдық.
– «Сұлушаш» Сәбиттікі емес, ол халықтық туынды. Мен Сәбеңді ақын деп мойындамаймын. Филология жағынан атақты академик Марр дейтін болған. Ол кісі көп тілді білген. Еңбектерінде Әлихан Бөкейхановқа, Ахмет Байтұрсыновқа, Жүсіпбек Аймауытовқа, Міржақыпқа, Мағжанға сілтемелер жасаған. Міржақыпты Мирякуб деп жазған. Сендер арабша оқи алмайсыңдар ғой?
– Оқи алмаймыз.
– Жоғарыда аты аталған нарқасқалардың шығармалары араб әрпінде жазылған...
Біз ол кезде әлгі кісілердің аттарын атауға қатаң тиым салынғанынан мүлде бейхабар едік. Кейін біліп, «ұстазымыз қандай жүрекжұтқан адам» деп таңғалғанымыз бар.
Көп ұзамай Әбіш ағай әдеби бірлестігімізге жетекшілік етуді студенттер атынан маған тапсырды. Бауыржан Момышұлы ағамен кездесуде құттықтау сөз сөйлеуіме, ол кісімен мәңгілік табысуыма дәнекер болды. «Абай жолы» эпопеясы бойынша ғылыми конференция өткізуге де бастама көтерген өзі. Ол конференцияға Мұхтар Омарханұлы Әуезов, облыстық, қалалық партия комитетінің хатшылары қатысты. Мен «Абай образының кейбір жасалу ерекшеліктері» деген тақырыпта баяндама жасадым. Баяндамамда «Шыңғыс хан», «Пушкин», «Уәзір Мұхтардың өлімі», «Науаи», «Тоқай» романдары бас кейіпкерлерінің бейнелері мен Абайдың бейнесін салыстыра зерттеп, аталған кейіпкерлердің бәрінен Абай бейнесінің озық, жан сүйсінерлік өреде жасалғанын әртүрлі мысалдармен дәлелдеуге талпындым.
Конференция аяқталды. Аты аңызға айналған жазушыға жақындауға жасқанып, жұртпен бірге аялдамаға қарай бет алып бара жатқанымызда, орта жастағы кісі ізімізден қуып жетіп: «Баяндама жасаған студенттер кері қайтыңыздар! Мұхтар Әуезов ағаларың суретке түсеміз деп сендерді іздеп жатыр», – деді. Біз кері оралдық.
Атақты жазушы бәріміздің қолымызды алып, ризалығын білдіріп, алғыс айтты.
– Абай бейнесі туралы бандама жасаған қайсың? – Қасында тұрған ректорым Байзақ Ермекбаев мені көрсетті.
– Талабың жансын, айналайын, – деді де ректорыма қарап, «бұл жігітті иниститутты бітірген соң маған жіберіңіз. Аспирантураға түсуіне, тақырып таңдауына көмектесем» дегенді айтты.
– Аға, қолтаңбаңызды қалдырыңызшы? – дедім өзіммен алып барған «Абай жолының» алғашқы томын ұсындым. Ол кісі кітаптыың бірінші бетіне «естегі болсын, тілектеспін» деп жазды.
Суретке түскенімізде мені оң жағына алып отырды. Оңаша қалғанда Әбіш ағайдан «естегі болсын» деген сөзді қалай түсінем» дегенімде, ол кісі «есімде болсын дегені-ау» деді. Күні бүгінге дейін өкінетінім, ол кітапты үйім-күйім болмағандықтан сақтай алмадым. Иниститутты бітірер жылы Мұхаңның қайтыс болғанын естігенімде, жүрегім сыздап, жанарым жасқа толып кетті.
***
Бірде Әбіш ағайым өмірбаянымды сұрады. Өгей шешемді төркіні «жассың, ұрпақ сүйесің, басқа күйеуге береміз» деп қояр да қоймай алып кеткенін, үйде жалғыз қалғанымды, әкемнің Отан соғысына қатысқанын, екінші топтағы мүгедек екенін, әріп танымайтынын, салық жинаушы ақшасын екі рет алдап алғанын көрші жігіт арқылы кеш білгеніне намыстанып, «баламды басым жерге тигенше оқытамын» деген сөзді жиі айтатынын, әкем арманын қалай орындасам деп ойланып жүргенімде ауылымнан жиырма шақырым шалғай ауылда тұратын сыныптас досым Мүслім іздеп келіп, құжаттарымды Шымкент қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге тапсырғанын әңгімеледім.
...Мезгіл түс қайтып қалған кез еді. Әбіш ағай иниституттың екінші қабатында жолығып:
– Бос уақытың бар ма? – деді.
– Бар.
– Онда менімен бірге жүр. Үйге барамыз. Саған Қасым Аманжоловтың өлеңдер жинағын беремін. Оқып шығысымен өзіме қайтарасың. Ескертемін, жоғалтып алма, кірлетпе.
Қатарласа жүріп келеміз, үйі иниститутымыздан онша алыс емес, шатырлы жер үй екен. Ағайдың жұбайы Мырзай апай да бізге әдебиеттен дәріс оқитын. Ол кісі сәлемімді ықыластана алып, дастарқан жайып, шай берді. Төрде отырған етті-жеңді кейуана Әбіш ағайдың анасы екен. Сөзге шешен, ойға көсем кісі көрінді. Жиренше шешен туралы былай дегені есімде қалыпты. Әбіш аға басын бір жағына қисайтып, сөзін бөлмей тыңдап отырды.
Жәнібек хан:
– О, Жиреке, осы заманда сенен білгір, сенен шешен адам жоқ. Саған бірер сұрақ қояйын, жауап бер, – дейді.
– Қойыңыз.
– Әкесі өлген қандайды?
– Алатауы құлағанмен тең.
– Анасы өлген қандайды?
– Ағып жатқан бұлағы суалғанмен тең.
– Ағасы өлген қандайды?
– Оң қанаты сынғанмен тең.
– Інісі өлген қандайды?
– Сол қанаты сынғанмен тең.
– Баласы өлген қандайды?
– Жанып тұрған шырағы сөнгенмен тең.
– Қызы өлген қандайды?
– Гүлдеп тұрған гүлі солғанмен тең.
– Қатыны өлген қандайды?
– Қарашашым опат болған екен-ау, – деп Жиренше шешен өксіп жылап, тобылғы сапты қамшысына сүйеніп, орнынан тұра бермек болғанда, қамшысының сабы шорт сынған екен. «Қатын өлді қамшының сабы сынды» деген сөз содан қалған көрінеді, – десетін көнекөз қариялар, – деп кейуана сөзін жалғады.
– Қаракөз о дүниелік болған соң, Жиренше шешен байы өлген қатынға үйленеді. Бірде қап арқалап, қара малдың тезегін теріп жүрген Жиреншенің қарсы алдынан Жәнібек хан ұшырасады.
– О, Жиренше, мұның қалай? О заман, бұ заманда еркек тезек теруші ме еді? – дейді Жәнібек хан таңғалып. Жиренше іркілмей:
– Қаракөзайымды ойлаймын,
Ойлаймын да болам мен екеу.
Ол өлген байын ойлайды,
Боламыз сонда біз төртеу.
Таң жарылып атқан соң,
Боламыз-ау тағы екеу.
Қыздай алмай қатын болмас,
Қанша жақсы десек те.
Арқамдағы қу тезек,
Саған да келер бір кезек, –
деген көрінеді. Олай деуінің мәнісі «қатының өлсе, қазіргі менің халімді айтқызбай білер едің» дегені ғой. Айналайын қарақтарым, әмісе екеу болып, жұптарыңды жазбай өмір сүріңдер, – деп кейуана тағы біраз ескінің сөздерін есімізге салды.
Мырзай апайдың туыс сіңлісі курстасым еді. Біртоға, әдепті қыз болатын. Мені Әбіш ағайдың жақсы көретінін, анда-санда үйіне барып тұратынымды білетін. Қандай түлен түрткені белгісіз, үзіліс уақытында сөзге келіп қалдық.
Қасым ақынның дауылды, отты жырларымен танысқалы өмірге, адамдарға деген көзқарасымның өзгергені сондай, басымнан сөз асырмайтын халге жеткенімді байқамаппын. Сондай қызуқандылыққа беріліп, Мырзай апайдың туыс сіңлісіне: «Сорлының аузы асқа тисе, мұрны қанайды» дегеннің керін келтірмеші деп-ақ қалғаным.
– Әуелі қайсымыздың сорлы екенімізді біліп ал, – деді ол бұрылып, көзімнен тез таса болып.
Жатақханадағы бөлмемізде тамақтанып, енді демалуға кіріскенімізде өң-түсі жауар бұлттай түнерген Әбіш ағай ішке кіріп келді. Сәлемімізді алысымен мені сыртқа ертіп шықты. Ішімнен: «Мырзай апайдың сіңлісінің көңілін неге қалдырдың? Сені шәкіртім деп өзіме жақын тартып жүр едім. Мұның қалай?» – дей ме деп қатты қысыла түстім. Өзім құлай жақсы көрген адамымның көңіліне жел боп тием деген ой менде болмағаны белгілі.
– Қарағым, – деді Әбіш ағай оңаша шығысымен байсалды тіл қатып. – Сенің мінезіңе күрделі жөндеу жүргізу керек. Ең қиыны – оны тек өзің ғана жүзеге асыра аласың, ол басқа ешкімнің қолынан келмейді. Саған осы жағдайды ескертейін дедім. Ойлан. Енді бөлмеңе бар, – деді қоштасып.
Құлай жаздап бөлмеме жеттім-ау. Жапан түзде жалғыз қалған жандай қалың ой құшағына ендім. Сол сәттен бастап асау мінезімді қайтіп, қалай жүгендеймін деген уайым құшағында өзіммен өзім арпаласумен болдым. Әбіш ағайдың осы ұстаздық, жанашыр ескертпесі тұңғиық шыңырау түбінен мені суырып алып, жасыл жайлау төрінен бір-ақ шығарғандай болды.
***
Институтты бітірген соң, өзім оқып, білім алған мектебіме мұғалім болып бардым. Директорым басқа жақтан келген жасы зейнеткерлікке шығуға таяп қалған кісі екен. Ә дегеннен байқағаным сөзі майда, ішкілікке құмар жан көрінді. Маған қоғамдық тапсырма ретінде оқушылардың көркемөнерпаздар үйірмесіне жетекшілік етуді жүктеді. Шағын домбыра оркестрін құрып, әншілерді, бишілерді іріктеп, концертке дайындық жұмысын бастап кеттім. Қабілетті балалардың көптігіне көңілім шалқи қуандым. Директорым, оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары, мұғалімдер дайындығымыздың барысын көріп, ризашылықтарын білдірді.
Балапан кезіміз. Бойжеткен қызының күйеуге қашып кеткенін естіген қарт әке үйінің көшеге қараған бұрышында қайғырып, ботадай боздап жылап отырғанын көріп, біз, бір топ бала мәз-мәйрам боп күлген едік. Сол оқиға негізінде «Тентек болма, балақай» деген шағын комедия жазып, оны да әзірлеп, орталық клуб сахнасынан көрермен назарына ұсындық. Кейіпкерлердің, әсіресе, қарт әкенің ролін ойнаған оқушыларым жұртты қыран-топан күлкіге көміп, алғысқа бөленгендері аздай, мектебіміздің абырой-беделін аспандатып жіберді.
Алғашқы ұстаздық еңбегім осылай сәтті басталды. Балаларға бауыр басып, оларға деген сүйіспеншілігім күннен-күнге ояна түскенде бір бүйірден күтпеген пасық іс көлденеңдей килігіп, директорым екеуіміздің арамызда келіспеушілік орнады. «Қатты қиналып тұрмын. Маған қарызға бере тұр» деп алпыс сом ақшамды алып, «әні қайтарам, міне қайтарам» деумен бір жыл өтті. Оның қайтарар ойы жоғына көзім жетті. Ол кісі оны қарыз емес, пара ретінде алған екен. Шегінер жер қалмай, бір жағы «ақылгөйлерімнің ынжықсың» деп қайрауының әсерімен аудандық партия комитетіне шағым жаздым.
Түс мезгілі еді. Мұғалімдер бөлмесінде жалғыз өзім оқушылардың дәптерін тексеріп отырғанмын, телофон соғылды. Тұтқаны көтердім.
– Мамытбек! – Әбіш ағайдың даусын бірден таныдым.
– Ағай, ассалаумағалейкум! – дедім таңғалып. Таңғалғанымның себебі, ұстазымның мұғалімдер бөлмесінде отырғанымды, әрі мұндағы телефон нөмерін қалай білген деген ой еді.
– Балам, халің қалай?
– Рақмет, халім жақсы, аға.
– Маған келіп кете аласың ба?
– Сіз кел десеңіз, барайын.
– Онда кел, күтем.
Арада үш сағат өткенде Әбіш ағайдың алдынан табылдым. Ол кісі:
– Айналайын, хабарыңды естіп қуанудамын. Абырой-беделің жақсы. Осы бағытыңнан айныма, – деді тілеулестігін білдіріп. – Директорыңның халі қалай?
– Жақсы.
– Оның үстінен аудандық партия комитетіне шағым жазғаның рас па?
– Рас.
– Араларыңда қандай келіспеушілік болды?
Мен қарызға алған алпыс сом тарихын айтып бердім.
– Ол біздің ескі достарымыздың бірі еді.
– Кешіріңіз, оны мен білген жоқпын.
– Ол кісінің үстінен шағым жазбас бұрын неге маған келмедің?
– Сіздердің дос екендеріңізді білмедім ғой.
– Балам, саған ескертем. Бұдан былай ешкімнің үстінен шағым жазба. Біреу жазса, ол екеуіңе де жетеді. Директорың бұрын жақсы-ақ еді. «Қартайғанда кәрібоз жорға ашыпты» дегендей ол соңғы кезде ішкілікке бауыр басқан көрінеді. Бізден көмек сұрайды. Қарт ағаңды аяп, аудандық партия комитетіне берген шағымыңды кері қайтарып аласың ба?
– Аға, мені қинамаңызшы! «Жігіттің екі сөйлегені өлгені» деген бар ғой. Институтты бітірген қоштасу кешімізде:
– Аса қадірлі ағайлар, апайлар! Сіздердің жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз, – деп сөйлегенімізде, сіз орныңыздан асықпай түрегеліп:
– Әй, айналайын балаларым, сендердің біздің жақсылығымызды ұмытпағандарың сол болсын, әйтеуір, барған жерлеріңе өздеріңмен ілестіріп жамандық ала бармаңдаршы! – деген аталық тілегіңізді біз әлі ұмытқан жоқпыз, ұмытуымыз мүмкін де емес.
Сізден тағы өтінем, айтқанымды орындамады деп көңіліңізге ала көрмеңізші! Бұдан басқа кез келген мәселеде тау қопар десеңіз тау қопаруға дайынмын. Шағымымды қайтып алсам ұжымыма қарабет болмаймын ба?
– Оның беті аулақ, қарағым. «Олай тартсаң – өгіз өледі, былай тартсаң – арба сынадының» керіне кез келіппін. Өзің қалай шешсең, солай шеш.
Әбіш ағайға қазір де, алда да риза болатыным, ескі досының сөзін сөйлеп, маған салмақ салмады.
***
Ерекше таңғалатыным, Әбіш ағайдың қолынан кітап түспейтін, аялдамада да, автобус ішінде де кітап оқып отыратын.
– Астарлап сөйлеу – сөздің әрін кіргізіп, ойыңды дамытып, жұрт жүрегіне ұмытылмас рухани ләззат сыйлайды, – дегені де есімде дәріс оқып тұрған сәтінде негізгі тақырыбына тұздық ете сөйлеп. – Дәлел келтірейін. Шыңғыс хан ақылшыларының біріне:
– Сен қалай ойлайсың, тарихта менің атым қала ма, қалмай ма? – дегенде ол:
– Әскеріңіз жаулап алған ауылдардың жас-кәрісіне дейін қырып, жойып жатыр. Егер олардан тірі адам қалса, сөз жоқ, сіздің атыңыз тарихтан өз орнын ойып тұрып алады, – дейді. Қалай айтқан, ә? Оның сөзінің астарында: «Сен жауызсың! Елді қашанғы қыра бересің? Ойлан», – деген атан түйеге жүк болар сыр жатыр.
Біздің қазақ халқы да астарлап сөйлеуге шебер. Жас ақынымыз Төлеген Айбергенов «Адырлардың бар анау, адыр-адыр мінезі» деу арқылы тәрбиесіз өскен содыр адамның болмыс-бітімін шебер көз алдымызға елестетеді...
Тәжірибемнің аздығынан, қолымның қысқалығынан Әбіш ағайды шаңырағыма арнайы шақырып, сый-құрмет көрсете алмағаныма бүгінде өкінем. Кейде: «Аса қадірлі, әкемдей қымбат асыл ұстазым, Әбіш аға, сізге деген шәкірттік алғысым шексіз. Сіз менің жүрегімдесіз, адастырмас бағдаршамымсыз», – деп өзіммен өзім кейде сөйлесетінім де бар.
Ұлықтап сіз ғой маған үміт артқан,
Қуанып деуші ем іштей сізге тартқам.
Көргенде тұлғаңызды сезінемін,
Тұрғандай қарсы алдымда күліп ақ таң.
Қамқоршы сіздей асыл табылар ма?
Жайдан-жай сізді жүрек сағынар ма?
Жанымды жылытпасаң күн көзіндей,
Алғысым бұлақ болып ағылар ма?
Ұқсатам сізді, аға, алып тауға,
Үйреттің тер төгуден жалықпауға.
Ақтайын үмітіңді деген оймен,
Қиялым көкті кезіп қалықтауда...
Суретте: Мұхтар Әуезовтің оң жағында отырған ақ жейделі жігіт –
2-ші курс студенті Мамытбек Қалдыбайұлы.
Мамытбек Қалдыбайұлы,
«Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлғының иегері, бауыржантанушы