ҚОҢЫР КҮЙМЕН ҚАТПАР БҰЛТТЫ АУНАТҚАН
2024 ж. 03 сәуір
3067
0
Әбікен Хасенов туралы сыр
Мәдениетті дамыту жайы сөз болса бір сәт кезінде елдің төл өнерінің іргетасын қалап, негіз салған алып тұлғалардың тасада қалып жататыны туралы ойлайсың. Мәселен, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекова шерте күй әулиесі атанған композитор Әбікен Хасеновке қатысты қиянатқа күйінумен дүниеден баз кешті.
– Әбікеннің қазаққа шертпе күй мектебін жеткізуі өз алдына, ол театрда Құнанбайды, Қодарды қандай ойнап еді! Осындай адамдардың еңбегін ұмытуға бола ма! Бірақ, амал не, ақыр аяғы оныңң атына бір кішкене көше де тимеді. Артында жоқтаушысы жоқ адамдарға ештеңе бұйырмайды екен. Әбекеңнің сүйіншісіне келмейтін адамдар көше алып жатыр. Айтпасқа амалым жоқ. Тіпті, оны бүгінде ешкім ойламайды да. Кісі мұндайды жаны қиналғаннан айтады екен. Не деген қиғаштық! Неге олай? Неге?! «Неге?» деген сұрақ менің алдымда тұрады да қояды. Неге? Еңбегі таудай адамдар неге елеусіз қала береді? Енді осы «негемен» өтетін шығармыз. «Неге?» деген сұрақ қашан құриды осы?!. – деп күйінетін еді Хабиба апай.
Дегенмен, сең қозғалды. Жуырда М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Әбікен Хасеновтің 130 жылдығына арналған «Күйші құдыреті» атты еске алу кеші болды. Өнерпаз өмірінен сыр шертетін «Қоңыр» кітабының тұсаукесері жасалды, Әбікеннің жарияланбаған суреттерінің көрмесі тамашаланды.
Сондай-ақ кешелері ғана Астанада, Еуразия Ұлттық Университетінде «Әбікен Хасенов және қазақтың күйшілік әлемі» атты алқалы жиын өткізілді. Оған белгілі ғылым және мәдениет қайраткерлері және театр тарландары мен дәулескер күйшілер қатысты. Біздің де авторымыз осынау заңғар өнер иесі туралы толғанып, көпшілікке тың деректер ұсынады.
Белгілі ән-күй зертеушісі «Қазақстан» арнасындағы «Қазақтың 100 күйі», «Күй тартыс» хабарларының ұйытқысы болған, Саян Ақмолда мұрындық болып өткізілген күйшілердің республикалық «Күй-Керуен» бағдарламасы Алматы мен Астанадан кейін, үшінші рет 2007 жылдың маусымының 20-21 күндері Әбікен Хасеновтің туғанына 110 жылдығына және Шет ауданының құрылғанына 80 жылдық мерей-тойларына арналып, сол кездегі Шет ауданының әкімі Рысқали Әбдікеровтің ұйымдастыруымен, осы жолдардың авторының және шертпе күйдің ежелгі орындаушылық тәсілдерін өз қолына сақтап келген, ұмытылуға арналған көне күйлерді қайта түлетіп, өз заманынынң қуанышы мен арманын, зары мен мұңын күй арқылы сөйлеткен шертпе күйшілердің заңды мұрагері – марқұм Дәулетбек Садуақасұлының ұйтқы болуымен, Қарағанды облысының Ақсу-Аюлы елді-мекенінде күй мерекесі өте жоғары деңгейде өтіп еді.
Жас болса да, бас болып осы күй мерекесін Саян Ақмолданың өзі басқарып, Қазақстанға белгілі дауылпаз күйші Мұхаметжан Тілеухан бастаған елімізге белгілі күйшілер: Жетісудан Базаралы Мүптекеев, Қаратау өңірінен Сәрсенғали Жүзбаев, Қарағандыдан Жаңқаш Ықыласұлы, Қарқаралыдан Тұрысбек Түсіпбеков, Жаңаарқадан Фазыл Тұтқабек, Ақтоғайдан Болат Тәкішев, Қалкен Қасымов, Шет өңірінен Дәулетбек Сәдуақасовтың өзі және оның күйші баласы Хайролла Сәдуақасов, Зәрубай Сүйіндікұлы және Манарбек Сағымбеков сынды күйшілердің бәрі жиналып, байырғы шертпе шеберлерінің күйлері тартылып, Әбікен Хасеновке арнап жылы лебіздерін білдірген-ді.
Соңында, күйшілер аудан әкіміне осы «Күй-Керуен» бағдарламасын қолдап, басынан бастап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, ауданның өнерді құрметтейтін азаматтарының көмегімен, өзі бас болып екі күн бойы барлық жұмысын тастап, күй мерекесін жоғарғы деңгейде өткізгеніне алғыс білдірген болатын.
Кеңес кезіндегі энциклопедиялық, википедиялық анықтамаларда, өлкетану әдебиеттерінде Әбікеннің туған жылы 1897 жыл деп көрсетілген.
Ал Алматыдағы зиратындағы құлпытаста 1892 жыл деп көрсетілген. Әбікеннің туған жылына қатысты екіұдайлықтың себебі, ол 1934 жылы театрға жұмысқа тұрғанда, өршіп тұрған саяси мәселердің әсерінен, жаңа төлқұжат алғанда туған жылын, өмірбаянын Кеңес үкіметінің талабына сай өзгерткен.
Әбікен Хасенұлы (1892-1958) Қарағанды облысы, қазіргі Шет ауданының Бұғылы-Тағылы, Ортау-Қызылтаумен жапсарлас Жалпақ тауының етегіндегі Қаратал өзенінің бойында дүниеге келген біртуар саңлақ күйші. Атасы Көпбай (1817 жылдары туған) 13 жасынан бастап атқа қонып, басында Кәрсөн-Керней елінің алғашқы болыстары: Есберген Садырбаев (1800 жылдары туған) пен Бегалы Жәутіковке (1780 жылдары туған) хатшы болып, көп тәлім-тәрбие алып, жиырма жасынан бастап, ұзақ уақыт ел басқарған, ақыл-ойы атқарған ісіне сай, халық қамын, ел тағдырын шеше алатын өрелі жан екен. Өз әкесі Хасен де ата жолын қуып, мірдің оғындай қылып сөз саптайтын іскер адам болған. Жастық шағын алаңсыз, еркін өткізген Әбікен сол өңірге кең тараған Тәттімбет, Тоқа, Қыздарбек бастаған ерең тұлғалы күйшілердің кербез күйлерін көкірегіне құйып, жадына сақтап өседі.
Әбікеннің ата-бабаларының шежіресі: Арғын-Қаракесек (Болатқожа) – Ақша – Бошан – Машай – Кәрсөн – Бекназар – Таңыбай – Тайна – Есет –Көпбай – Хасен – Әбікен.
Алты алашқа белгілі болған қол бастаған батырлары да, ел басқарған би-болыстары болған Кәрсөн елінен жеті бірдей күйші шыққан, олар: Мақаш Садуақасұлы (1875-1929), Қыздарбек Төребайұлы (1850-1922), Әбді Рысбекұлы (1868-1931), Сембек Айдосұлы (1864-1931), Бегімсал Орынбеков (1911-1985) және шертпе күйдің шебері Дәулетбек Сәдуақасұлы. Белгілі композитор Сыдық Мұхамеджанов пен жазушы Софы Сматаев та Әбікенмен аталас туыс болып келеді. Ал, Бұхар жырау: «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас тегіне»,- деп айтқанындай, жоғарыда айтып кеткен Бегалы бидің бір ұрпағы, біртуар азамат, Қарағанды Экономикалық Университетінің ректоры, академик Ерқара Аймағанбетов, ал Есбергеннің бір ұрпағы елімізге белгілі күйші Дәулетбек Сәдуақасұлы.
ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ даласына белгілі болған Әбікеннің атасы Көпбай қазы да ісләм дінінің тазалығына көп еңбек сіңірген, дінге салғырт адамдарды жазалап отырған, өзі ислам дінінің құқық-қағидаларын, шариат заңдылықтарын жете меңгерген өз заманының алдыңғы қатарлы білімді адамы болған. Мәселен, аулына түскен қонақты дәрежесіне, шен-шекпеніне қарамай, алдымен қымызға тойғызып: «Ал, енді ісләм діні туралы әңгімелесейік, бата беріп, Құранның бір сүресін оқып жіберіңіз»,-дейді екен. Егер келген қонақтың Құран туралы ілімі терең болса, ол қонақты жақсы күтіп, ат мінгізіп, шапан жауып шығарып салады екен. Ал, ісләм дініне салғырт қарап, құранның бірде-бір сүресін білмейтін, сәждеге бас ұрмаған кісіні лауазымына қарамай дүрелетіп отырған. Содан сескенген жұрт Көпбай қазы келе жатыр дегенде шидің, шөптің үстіне құлап, жерге басын иіп, маңдайын жерге ұра береді екен. Сол кезден бастап қазақ қауымында: «Көпбайдан қорқамыз деп, жерді басымызбен ұрып, көзіміз шығатын болды-ау!» – деген сөз қалған, Көпбай қазы атануы 1853 жылы халық сайлауында Қарқаралы дуаны аға сұлтанының билер мен діни мәселелер бойынша орынбасары болған, сол қызметтегі адамды халық «қазы» деп атаған.
Көпбайдың ең үлкен мектебі өз ауылы, от басы, әке-бабасының, ел үлкендерінің, ақсақалдарының үлгісі болатын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»,-дегендей, Көпбайды әулие қылған алдымен сол ұядан алған тәлім-тәрбие болса керек. Көшпелі қазақ тұрмысы адамды ерте есейтеді, әрі әлеумет өміріне ерте араластырады.
Бес Мейрам балалары қашанда бір-бірімен көршілес, қатар қоныстанған, Көпбай шыққан Қаракесек руы да, Орта жүз Арғын тобының үлкен бұтағы Мейрамға жатады. Абылай хан екі сөзінің бірінде айтып отырады екен: «Осы «Бес Мейрамның баласы» деген ел пайғамбар мен шадияр тумады демесеңдер, адамның бұлбұлы мен дүлділі түгел туған ел. Батыры көп жаудан қорықпайтын,шетінен шешен туады да, даудан да қорықпайтын қара құрттай құжынаған Қаракесегі бар. «Ә» десе «мә» деп едірейе туған Қуандығы бар, оның өміріншеүзілмейтін жуандығы бар. Жылым құртша жегенін білдірмей жеп қоятын Сүйіндігі бар» деген екен дейді. Және Абылай айтқан екен: «Бес мейрамның баласына қамшы бер де дауға қой» депті. /Көпейұлы М.Ж. Абылай хан дәуірі // Абылай хан. – Алматы, 1993. - 322 б./
Көпбай қазы тек ісләм дінінің тазалығы емес, сол кездегі отарлау саясатына қарамай, ағартушылық қызметтер де атқарған, балаларын, немерелерін орысша оқытып, соңына ерген ел-жұртын өнерге, Есберген ұстазының жолын қуып елді егіншілікке баулыған. Көпбай ел басқарған жылы Кәрсөн елінде білім, өнер тез дамып, өз қаражатына балалар оқитын медресе-мектептер салғызған. Соның бір дәлелі, немересі Мақашты өзінің замандасы, сол кездегі қазақ қауымының көсемдерінің бірі Тәттімбет Қазанғаповқа күй өнерінің қыр-сырымен оқып үйренуге,Тәттімбеттің ақ батасын алу үшін арнайы жіберуі. Сол уақытта, Көпбай Кәрсөн елінен шыққан төрт бірдей күйшілерге (Мақаш, Қыздарбек, Әбді, Сембі) қамқор болып, өзі қаражат бөліп, оларға үй-тұрмыстық жағдайдың бәрін жасаған.
Көпбай өте әділ, қара қылды қақ жаратын турашылдығымен Үш жүзге атағы жайылған. Өзі ұзын бойлы, аппақ манардай келбетті кісі болыпты. Замандастары «Сұлу Көпбай» деп атаған екен. Өте ауқатты тұрып, өзіне өңшең жүйрік, әдемі боз шұбар бес мың жылқы біткен екен. Сол Көпбайдың жүйрік жылқыларына қызығып, әрі сынамақ болып, Үйсін еліндегі атақты өзі батыр, өзі би Бөлтірік шешен Көпбайдан ат сұратып жібергенде, былай:
Көпбай мырзаға сәлем де,
Маған бір ат берсін!
Үш жыл мінілмеген құр ат берсін,
Ақтығы Самарқанның бөзіндей болсын,
Жорғасы Жанқұтының сөзіндей болсын,
Сұлулығы (жуандығы) Көпбайдың өзіндей болсын! –
деп сәлем айтқан екен.
Бөлтірік шешен жуан, зор деп Көпбайдың сол кездегі қазақ қауымындағы беделін, салмағын пайымдап айтқан екен. Көпбай да бұл сөздің төркінін аңғарып, сөзге келместен біреу емес, екі бірдей боз жорға сәйгүліктерді Бөлтіріктен келген кісіге жетектетіп жіберіпті.
Көпбай қазының қазақ тарихында өзіндік орны бар, өткен ғасырдың ықпалды тұлғаларының бір екендігі мына бір мұрағат құжаты ақиқатпен дәлелдейді.
Белгілі шертпе күйдің шебері, Көпбай қазының ұрпағы Әбікен Хасенов Кеңес империясының саясаты бойынша «шертпе күй би-болыстардың сарқыншағы» деген қысымшылық уақыттың өзінде де, Тәттімбет пен бірнеше Арқа күйшілерінің шертпе күйлерін нотаға түсіріп, көп мағлұмат беріп кеткен бірден бір адам. Осы шынайы азаматтық, ұлттық, патриоттық еңбегі үшін өзі көп қуғын-сүргінге түсіп, бас сауғалап Қазақ елін тастап кеткен жылдары да болған. Тек, Қаныш Сәтбаевтың Қазақстан Ғылым Академиясының Президенті болған уақытта ғана қолдау тауып, өле-өлгенше бар күшін салып шертпе күйді ұрпақтарға үйретіп, уағыздаумен өткен.
Әбікенді күй тарту өнеріне алғаш баулыған, әрі өзі ел басқарған, Кәрсөн-Керней елінде көп жыл бойы болыс болған, өзінің немере ағасы Мақаш Сәдуақасұлы екен. Мақаштың «Зар қосбасар» және «Майда қосбасар» деген күйлері елге танымал. Сол кездің өзінде бірнеше күй шығарып, төңірегіне танымал болған Мақаш күйші жас талант Әбікенді аталас туыстары: Қыздарбек, Сембек және Әбді сынды аты әйгілі күйшілермен жолықтырады. Әбікеннің бойындағы бұла талантты ерте байқаған Қыздарбек жас талапқа әсіресе Тәттімбеттің тәтті күйлерін ерінбей, жалықпай мұқият үйретеді. Қазіргі бізге жетіп отырған Тәттімбет күйлерінің басым көпшілігі осы Қыздарбек арқылы келген нұсқалар болып табылады.
ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ жұрты аса қиын әлеуметтік-саяси кезеңді басынан өткізді. Айрандай ұйып отырған ел тапқа бөлініп, колхоздастандыру деген науқанға кезікті, сөйтіп ежелден келе жатқан дәстүрлі тірлігінен айырылды, әлеуметтік құрылымы бұзылды, одан кейін келген «ашаршылық» қазақ жұртын ойсырата жусатып кетті, мұнан кейін қазақ даласын репрессия өрті шарпыды. Міне, осындай аласапыран кезеңде Әбікеннің басына да көп қасірет төнеді.
1920 жылдан бастап, он жылдай Қарқаралы аудандық атқару комитетінде жауапты қызмет атқарып жүрген уақытында, алдымен, байдың баласы, «ескіні көксеп күй тартты» деген желеумен «Алаш» партиясының мүшесі ретінде 1931 жылы Ақмола түрмесіне қамалады, бір жылдан кейін одан босап шыққанда ашаршылықтан қырылған елді көреді. Ауылына келіп әйелі мен төрт баласының аштан қайтқанын естиді. Елімізге белгілі «Қоңыр» күйі сол зобалаң заманда туған. Сөйтіп, бір атақты әулеттен қарындасы екеуі ғана қалған Әбікен тағы да қудалаудан қорқып, тірі қалған аталас туыстарымен бірге Қырғызстанға кетіп қалады. Сол Әбікенің жақын туыстары осы күнге дейін Қырғыз елінде тұрып жатыр. Бірер жылдан кейін, тай-құлындай бірге өскен жақын досы, Әбікеннің күйшілік өнеріне шексіз ризалық білдірген, Қазақстанның Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметіндегі болған Сәкен Сейфуллин әдейілеп іздестіріп, Қырғыз еліне арнайы кісі жіберіп Алматыға алдырады. Сәкен Сейфуллин Әбікенді бір-екі жеті әбден тынықтырып, үлкен құрметпен күтіп-баптап, Алматыдағы сол кездегі қазақ зиялыларын: «Елге досым оралды», – деп үйіне қонаққа шақырады. Тамақ ішіліп біткеннен кейін, Сәкен: «Ал, Әбікен қонақтарға күй тартып бер», – деп қолқа салады. Әбікен күйді асықпай, баппен ойнайды екен және күй тартқан сайын бәйге аттар сияқты, тартуын үдетіп, шабыттанып кетеді. Әбден қызғанда саусақтарының, білегінің тамырлар шодырайып сыртқа шығып кетеді екен. Басында күйлерді баяу бастағанда: «Е, мына күйші де домбыраны өзіміз сияқты ойнайды ғой», – дегендер де, үй ішінде отырған Сәкеннен бастап, барлық қонақтар бірі қалмай, біраз уақыттан кейін жылап отырады, бұл орындаған күйі өзінің әйгілі «Қоңыры» еді. Сол қонақта болған, белгілі ақын «Күйші» жырын жазған Ілияс Жансүгіров: «Мен Әбікендей күйші көргем жоқ», – деп өзінің әділ бағасын берген.
Сәкен Сейфуллинге байланысты мынадай мағұлмат бар: 1920 жылдары Әбікен досының ауылына қонақ болып келген Сәкен, Әбікеннің немере ағасы Мұстафаның қызы Гүлбәхрам сұлу деген қызына ғашық болып «Лашын әңгімесі» деген өлеңді оған арнап шығарады, бірақ белгілі- белгісіз себептермен олар қосыла алмайды. Сол өлеңнен үзінді келтірейік:
Ұйықтап жатып түсімде,
Сарыарқа сары бел көрдім.
Белден бел жағалап,
Бір үлкен шалқар көл көрдім.
Сол үлкен көл шалқыған,
Түпсіз терең су екен.
Тағы жыртқыш құсы көп,
Тәртібі жоқ шу екен.
Ортасында шалқардың,
Бар екен үлкен аралы.
Сол аралға кеп қонды,
Бір лашын құс жаралы.
Бұл лашын құс жер көкті,
Серік іздеп келіпті.
Бөтен текті құстарды,
Қыла алмай серік безіпті.
Көп болғанмен дүниеде,
Лашындай талай асыл құс.
Іздегені лашынның,
Өзімен текті лашын құс.
Мына өлеңдегі шалқар көл – Балқаш көлі, үлкен арал сол көлдегі ең үлкен арал – Тасарал аралы, яғни Әбікен елінің ата-қонысы суреттелген.
Әбікендей біртуар күйшіні құшақ жая қарсы алған Сәкен және де сол кездегі қазақ зиялылары, оның ішінде Мұхтар Әуезовтің өзі қолдап, көрнекті өнер иелері Қалибек Қуанышбаев пен Серке Қожамқұловқа айтып, Әбікенді Қазақтың драмалық театрына жұмысқа орналастырады. Міне, Әбікеннің ғұмырының соңына дейін жұмыс атқарған жері осы театр.
Табиғатынан өнерге бейім Әбікен сахналық шеберлікті де жетік меңгереді. Әбікен Хасенов бірнше басты рольдегі сомдаған бейнелер шынайылығымен, табиғи жарасымдығымен көрермендер ықыласына бөленеді. «Казахфильм» киностудиясында да бірнеше көркемфильмде негізгі рөлдерді орындап, кино әлеміне де өз үлесін қосқан тұлға.
Ерең еңбегі бағаланып, 1945 жылы «Қазақ ҚСР-нің еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріліп, «Құрмет» орденімен, тағы басқа да бірнеше медаль дармен марапатталады.
Елуінші жылдардың орта шенінде Сәкен Сейфуллин кінәсіз екені анықталып, ақталғаннан кейін ғана Әбікен Тәттімбет, Тоқа, Қыздарбек, Әбді, Сембек, Әшімтай және Ахметжан сынды күйшілердің туындыларын кеңінен насихаттап, орындай бастайды. Домбырасын қолынан тастамайтын Әбікен Арқа күйлерінің үздік шебері атанып, күй мұраға қайталанбас қолтаңбасы бар, қоңыр сазды елуден астам күйлерді, композитор Латиф Хамидидің көмегімен жаздырып кетеді. Әсіресе, Тәттімбеттің, Мақаш, Қыздарбек, Әбди мен Сембектердің күйлерін бірінші рет нотаға түсіріп алтын қорға өткізген, өзі де қуғында жүрсе де, басын өлімге тігіп, қазіргі ұрпаққа жеткізген де осы дарабоз күйші Әбікен болатын. Тіпті, Тәттімбеттің қырықтан аса күйі Әбікеннің «Алтын қорға» жазып кеткен жерінен бізге жеткен.
***
Әбікен қайтыс болғаннан кейін, қазақ зиялылары оның тендессіз күй мұрасын жинастыруға қолға алды. Әбікеннің күйлерін Мәскеудегі архивтен алып, күйтабаққа жазылуына тікелей ықпал еткен белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібаев мен фольклортанушы Жарқын Шәкәрім болды. Осыдан кейін, қазақ мәдениетіне жаңа серпіліс, тіпті шертпе күйдің еңсесі көтеріліп, Әбікеннің таспалары киноқұжаттарға, көркем және деректі фильмдерге пайдалана бастайды.
Әбікен күйшіні көп насихаттап жүрген – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Ермұрат Үсенов ағамыз. Тіпті ағамыз, студент кезінде, жас күйші ретінде Әбікеннің Романенко шебер жасаған домбырасымен, алғаш рет сахнаға шығып, Әбікен мәнерінде күй шертіп елді дүр сілкіндірген. Осы Әбікен күйшінің күй өнеріне арнап ғылыми диссертация қорғап шығып, әрі Әбікеннің қолтаңбасын нота жүйесіне алғаш түсірген күйші ретінде елге танымал.
Ермұрат сазгер «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің концертмейстері болып қызмет атқарған жылдары, Әбікеннің орындаушылық дәстүрін белсенді түрде насихаттады. «Қоңыр» күйін үлкен сахналарға шығуы, халқымен қайта табысуы да Ермұрат сазгердің көп жылдық еңбегінің жемісі болатын.
«Қоңырды» аудиотаспадан алғаш нотаға жазған, әрі Әбікеннің орындаған бірнеше күйлерін өндеп, күй жинақ қылып нотаға түсірген, белгілі өнертанушы ғалым – Мұрат Әбуғазы және ол Әбікен репертуарын толық игерген орындаушы ретінде де, аты елімізге танымал талантты, әрі үлкен өнер иесі.
Әбікен туралы еңбек жазып, Арқа елінің шертпе күйлерін елімізге насихаттап жүрген «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» өнертанушы, күйші Жанғали Жүзбаев.
Одан басқа: І.Жансүгіров, А.Жұбанов, С.Сейфуллин, Л.Хамиди, М.Әуезов, Т.Әлімқұлов, С.Бегалин, Қ.Қуанышбаев, Р.Бердібаев, С.Мұқанов, Ж.Нәжімеденов, А.Сүлейменов, К.Жүністегі, А.Сейдімбек, М. Әлімбаев, Н.Тілендиев, У.Бекенов, Н.Домбай, Х.Елебекова, Ә.Жұмабаев, Ж.Жүзбаев, Б.Қыдырбекұлы, Р.Толыбекова, Р.Мадлыбаева, А.Қалжанов, Н.И.Львов, М.Майшекин, А.Мирас, Т. Жәкітайұлы, Е.Төлеутай, Қ.Айтбаев, Р.Нұрбай тағы басқа да елімізге белгілі ақын-жазушылар тебріне ән-жырға қосып, күйші туралы жарық көрген еңбектерінде жылы лебіздерін білдірген.
1958 жылы Әбікен қайтыс болғанда, оны жерлеуді ұйымдастыру жөніндегі комиссияны Шәкен Аймановтың өзі басқарған. Әбікеннің жора-жолдастары: Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Жүсіпбек пен Хабиба Елекбековтер, Шәкен Айманов сынды таланты тұлғалармен қалыптасқан достық қатынастарының шынайы да мықты болғаны сондай, Әбікен қайтыс болғаннан кейін де, барлығы отбасына жан-жақты қолдау көрсетіп, шамалары келгенше қаржылай көмектесіп тұрған.
Ал Әбікеннің тағы бір қыры, абзал азаматтығы, қолының жомарттығы, әрі дос-жаранға деген адалдығы, туған еліне деген сүйіспеншілігі.
Өзі қылдың үстінде жүрсе де, елден келіп көмек сұраған адамдарға қол ұшын аямаған; Арқадағы аталас ақсақалдар, бір қиын шаруа болса, «Алматыдағы Әбікенге барып ақыл-кеңес сұраңдар» дейді екен.
Алматыға орнығып, көңілі тынышталғаннан кейін Әбікен ел жаққа барып, аман қалған ағайын-туыспен қауышады. Өзінің шәкірті, шертпе күйдің шебері Орынбеков Бегімсал күйшіні Алматыға алып келіп, театрға жұмысқа орналастырып, оған күй өнерімен айналасуына барлық жағдайды жасайды. Бірақ, өкінішке орай Бегімсал күйші отбасылық жағдайына байланысты елге қайтып кетеді.
Белгілі жазушы, Әбікен туралы алғашқы мақала жазған Р.Бердіқұловтың деректері бойынша, Әбікеннің орындауы бойынша күй-таспаға түскен күйлері, оны ауру меңдеп, әлсіреген кезінде ғана жазылып алынған. Ол шындыққа келеді, өйткені «Халық жаулары» атанған күйшілер тек 1956 жылдан бастап ақтала бастап, олардың бай мұралары жарыққа шыға бастағанда Әбікен науқастанып қалған еді.
Әбікен орындауындағы күйтабақтар осы күнге дейін, ел ішінде жиі сұраныста болып келеді. Әбікен күйлерді жай ғана тартып қоймай, оны дамытып, әрлеп отырған. Ол домбыра бетін тырнаңқырап, осы әдісті дыбысты қоюлата-күңірете түсу үшін көп пайдаланған. Бұл әдісті ол: «Қыздарбектен үйрендім» дейді екен.
Белгілі ақын «Қазақтың сары тентегі» атанған Қуаныш Мақсұтовтың айтуы бойынша, 1990 жылдың басында Жезқазғанға іс-сапармен келген Францияның елшісі: «Маған тек, Сәкен Сейфуллин тыңдап отырып жылайтын күйдің, яғни Әбікеннің орындауындағы «Қоңырдың» күй-табағын тауып беріңдер» – деп облыс басшыларын өтінген екен.
Белгілі өлкетанушы, әрі суретші Аманқұл Мұсатаев ақсақалдың айтуы бойынша, көп жыл бойы Ақтоғай өңіріндегі қазіргі қазақ жерінде, тек мал шаруашылығы ғана емес, егіншілік пен қолөнер, метал қорыту, оны өндіру де дамығанын және отырықшыл өмірдің ең бір дамыған, археология ғылымында Адрон мәдениетінің жалғасы ретінде дәлелдеп, Беғазы-Дәндібай тарихи ескерткішін дүние жүзіне паш етіп кеткен белгілі ғалым, академик Әлкей Марғұлан (1904-1985) 1980 жылдардың басында: «Аманқұл, мен халқымның игілігі үшін, көп жыл бойы дала кезіп, зерттеу жүргізідм. Бірақ енді қартайдым, енді бұл жаққа келе алмаймын, сенен бір нәрсе ғана сұраймын, маған Қаракесек (Болатқожа) бабанның суретін (портретін) салып беріп жібер» – деп өтініш жасайды. Бірақ осыдан кейін, Аманқұл ақсақал көп қиналып, ешқандай да сурет сала алмай қалады, өйткені Қаракесек (Болатқожа) бабаның суретін қалай салам деп қиналады, бір жағынан бұрын ол кісінің суреті ешқашан да салынбаған және көрмеген адамның портретін салу мүмкін емес еді; екіншіден, бабаның аруағынан қорқып, жүрексінеді. Көп уақыт өтпей Әлкей Марғұлан қайтыс болады да, Аманқұл ақсақал бабасының суреті туралы ұмытады. Бір күні түсіне Әлкей Марғұлан кіріп: «Аманқұл, сен неге менің өтінішімді орындамадың?!» – деп қабағын түйеді, оған Аманқұл: «Әлеке, мен көрмеген адамның суретін қалай салам?» деп уәж айтады. Сонда Әлекең: «Сен Әбікен Хасеновті көрдің ғой, бабаң Әбікенге ұқсайды, енді Бабаңның суретін қорықпай сала бер» – дейді. Осы Әлкей Марғұланның аянынан кейін ғана, ол Қаракесек (Болатқожа) бабаның суретін салады.
Еліміздің ән ұранының сөзін жазған, әулие ақын Жұмекен Нәжімеденов Әбікен Хасеновке «Күй серісі» деген жыр арнаған екен.
Хас шебердің орындау өнері мен ой өрісі бір жерден шығып тұрған секілді, Әбікеннің «Қоңыр» атты күйі ұлттық-саздық дәстүріндегі баға жетпес ерекше құндылық болып саналады.
2023 жылы «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері», күйші-сазгер, шертпе күйдің шебер орындаушысы, актер Әбікен Хасеновтің 130 жылдығына арнап бірнеше мәдени іс-шаралар өтті. Әсіресе, 2023 жылдың 7 қазанында Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық Драма Театрында өткен «Күйші Құдыреті» атты еске алу кеші өте жоғары деңгейде өтті. Осы кешті ұйымдастырған театрдың директоры Еркін Жуасбек мен театр ұжымына, осы кешке қатысқан өнер саңлақтарына Сарыарқа халқының атынан алғысымызды білдіреміз.
Іс-шарада Әбікен күйшінің өмір тарихы мен творчествосы туралы, күйшінің 130 жылдығына орай жарық көрген Несібелді Жұмабайқызы Әбдірхманованың «Әбікен» деген ғұмырнамалық жинағының тұсаукесері болды. Аса баса айта кететін жайт, Несібелді қарындасымыз, бірнеше жыл бойы тер төгіп, Әбікен атасын насихаттап, осы кештің өтуіне мұрындық болды. Сондықтан қарындасымыздың бастаған ісі абыройлы, бастамалары берекелі, алатын асулары, бағындырар биіктері көп болсын, өзіне зор денсаулық, толайым табыс, отбасыңа амандық пен бақыт тілейміз.
Тағы бір мәселе, облысымыздың бір мәдениет ошағын Әбікен күйшінің атымен атаса, құба-құп болушы еді. Қарағанды облысының басшылары мен зиялы қауымы осы бастаманы қолдайды деп сенеміз.
Халқымыздың дүние жүзі халықтарына паш етелік, бірден-бір қайталанбас, тек қазақ халқына ғана тән үш тарихи құндылық бар олар: қазақтың билері мен күйлері, әрі сурып салма ақындығы, яғни ұлттық алтын қазына – билер соты және күй өнері, әрі суырып салма ақындық құдыреті. Осы құндылықтарды өз елімізде кеңінен насихаттап ғана қоймай, оны біз дүние жүзі халықтарына паш етіп, көрсете білуіміз керек.
Жұмағұл Шөженов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі