Қазақ мүддесін қорғаған қайсар қаламгер еді…
2024 ж. 03 наурыз
2347
0
Қуатты қаламгер Қуанбек Боқаев ағамыз да өмірден өтіпті… Алла алдынан жарылқасын! Шындықты жазған, айтарын ашып айтқан ақиқатшыл қаламгер еді!.. Қоғамдық-саяси өмір тынысын дәл басып, қаламын тура сілтейтін!
Біз таяуда ғана 20 жылдан соң қайта жариялаған, 2004 жылғы 20 ақпанда парламенттегі қазақ тіліне қарсы шыққан депутаттарды әшкерелеп, тізімін жариялаған “ҚАЗАҚ ҮНІ”, (сол кездегі “Жас Қазақ үні”) газетіндегі елді дүр сілкіндіріп, сең бұзған сенсацияға айналған «Мемлекеттік тілді таптаған Парламент таратылуы тиіс» мақаласы туралы сөз болғанда үнемі қос қаламгер Шерхан Мұртаза мен Қуанбек Боқаевтың сөздерін тілге тиек етіп келеміз.
Әйгілі тарланымыз Шерхан Мұртаза елдің бас газеті «Егемен Қазақстанда»: «Кімнің кім екенін білгің келсе, кімнің қазақ тіліне қарсы, кімнің жақ екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетінен оқи аламыз.» десе, қазақ руханиятының бас басылымы «Қазақ әдебиеті» газетінде қазақ тілінің ауыр ахуалы жайлы өткір де, салмақты сараптаған қуатты қаламгер Қуанбек Боқаев: «Жас қазақ үні» газеті Қазыбек Исаның бір-ақ мақаласымен ұйқыдағы жұртты оятты» - деп, тура бағалаған еді. Иә, елдің бүкіл зиялысы Қазақстан Жазушылар одағына жиналып, Сенат пен Мәжіліске ашулы Ашық хат жолдаған сол бір дүбірлі кезде Қуанбек ағамыз қаламын қаруға айналдырып, қатты қайрат көрсеткен болатын. Айтары бар ағамыз ретінде алдымызда жүрді.
Ғұлама ғалым Рахманқұл Бердібай айналымға енгізген “көзқаман” атауын дамыта талдады. “Көзқамандар мәңгүрттерден де қауіпті” деген “Ақиқат” журналындағы ақиқатты айтқан мақаласы ел көңілін аударды. “Қазақ балалары неге орыс мектебіне барады?”, “Тіл және демография” атты осыдан оншақты жыл бұрын жазған өткір мақалалары әлі де өзекті!
Қуанбек ағамыз қанша маңызды мақалаларды майын тамызып, терең зерделеп жазып жатса да, омыраулап ортаға ұмтылып, екпіндеп ел алдына шығып көрген жоқ, сол бірбеткейлігінен таймаған біртоға, қарапайым қалпынан тайған жоқ. Жылы жымиып қана, сыпайы да, сыйлы күйінде жүретін. Бірақ, қанша қарапайым болса да, қайсарлығынан қайтпай, ұлт мүддесі үшін күресте шындықты ғана жазды. Атасын сөздің өлтірмей, атына бір сөз келтірмей кетті өмірден.
Алла алдынан жарылқасын! Пейіште рухы шалқи бергей!
Отбасы мен туған-туыстарына, қазақ көсемсөзіне көңіл айтамыз.
Алды пейіш, арты кеніш болғай!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні