Берік БЕЙСЕНҰЛЫ: Өмірдегі ұстазым – әкем...
2024 ж. 05 ақпан
1505
0
Журналистика – қызықты да, қиын мамандық. Ол өмірдің барлық саласымен біте қайнасып жатыр. Содан да болар, оның көпке белгілі тағы бір атауы – әмбебап кәсіп. Жасыратыны жоқ, аталмыш сала өз иесінен табиғи жазу қабілет пен бірге үлкен білімді, тынымсыз ізденісті, өмірлік тәжірибені талап етеді. Сайып келгенде, осы үдеден шығып, төл кәсібіне адалдық таныта алғандар ғана оның жемісін жеп, абырой биігінен көріне алмақ. Сондай өмір бойы журналистиканың жалынан айрылмай келе жатқан майталман көсемсөзшінің бірі, есімі елімізге танымал журналист – публицист, Қазақстан Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты, «Ақпарат саласының үздігі», Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Берік Бейсенұлы. Алғашқы еңбек жолын қалалық «Алматы Ақшамы» газетінен бастаған ол «Жас Алаш», «Қазақ үні», «Айқын» газеттерінде қызмет етіп, «Қамшы», «Қазақ газеттері» сайттарының бас редакторы болса, қазіргі уақытта төл руханиятымыздың алтын діңгегі – «Ана тілі» газетінде еңбек етуде. Қай басылымда да өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген Бекең бүгінде ақжелкенді алпысқа аяқ басты. Біз қаламы қарымды жорналшыны осы мерейтойы қарсаңында сұхбатқа шақырған едік.
– Беке, өзіңіз де білесіз, қазақ әуелден пенденің ғұмыр-жасына немқұрайлы қарамаған. Әсіресе, бұл тұрғыда мүшел жас пен мерейтойдың орны бөлек. Біреулер алпыс жасты «мынау жалғандағы алты-ақ қадам» десе, енді біреулер «алпыс – тал түс» дейді. Сіз осы айдарлы алпысыңызды қалай сипаттар едіңіз?
– Шындығында, алпыс деген жұмыр басты пенденің өміріндегі үлкен бір асу. Жалпы адам баласы өз мамандығына деген талпынысы мен үлкен өмірге деген мақсат-жоспарын жиырма үш-жиырма төт жасынан бастайды. Ал одан кейінгі ғұмыр игі мұратқа жету мен бала-шағаңды өсіру жолындағы ерен еңбекке негізделеді. Дәлірек айтсам, алпыс – бала-шағаң ержетіп, өмірден өз орындарын тапқан, немеренің былдырлаған тілі мен тәтті қылығы көңілді толқытатын, соның бәрін көргенде кеудеңді шаттық кернеп, төрт құбылаң тең болып, ақыл тоқтатып, өз-өзіңе риза болып, тірлік кешіп жүрген уақыттың бір кезеңі деп білемін.
– Ашығын айтыңызшы, бүгінде осы бір асқаралы асуда тұрып артыңызға бір бұрылып қарасаңыз, көз алдыңызға қандай суреттер келеді?
– Таза журналистік өмір. Бұл біріншіден, мамандыққа адалдық. Аллаға шүкір, жақсы адамдардың жанында жүрдім, екіншіден, ол – ата-анамның арқасында бала кезімнен бойыма сіңірген еңбекқорлығым шығар. Жалпы, қай салада да адам баласына тиесілі абырой-несібе адал еңбек арқылы келеді деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, осы журналистика саласындағы отыз бес жылда жеңіс те, кедергілер де көп болды. Бірақ оның бәрін қорытындылай қарағанда, қазір бір нәтижелі шаққа жеттім-ау деп ойлаймын. Ең бастысы, бұл жолда небір ғажап адамдармен кездестік, жора-жолдастар да көбейді, шетелге бардық, іссапарлармен республиканың түкпір-түкпірін араладық. Біздің мамандықтың артықшылығы да – ел көру, жер көру, түрлі тағдырлы адамдармен кездесу және олардың түйткілді мәселелерін шешу, билікке жеткізу болса, біз де сол билік пен қарапайым халық арасындағы алтын көпірге шын мәнінде айнала алдық-ау деп ойлаймын.
Мен Қали Сәрсенбай, Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омарұлы, Серғазы Мұхтарбеков, Қазыбек Иса сынды қазақтың мықты арда азаматтарымен бірге істедім, олардың орынбасары болдым. Ал қазір интеллектуал ақын, адамдығы биік азамат Ерлан Жүніспен газеттің ыстық-суығын бірге көріп жүрген жайымыз бар. Осы жағынан қарағанда, менің журналистік ғұмырымның жиырма бес жылы басқарушылық, менеджерлік, ұйымдастырушылық бағытта келе жатыр екен. Әсілі, бұл да төл кәсібіме адалдығым десем, мақтанғандық болмас. Қалай болғанда да, еңбек еткен адамды кез-келген көкірек көзі ояу адам көреді. Бағалайды. Оның қабілет көкжиегінің кеңеюіне мүмкіндік береді. Құдайға шүкір, мені де әріптес ағаларым көрді, бағалады, жанына қызметке алды, бірлесіп әлі де жұмыс істеп келеміз. Студенттік кезде «Алматы ақшамы» газетінен, одан кейін алғашқы кәсіби еңбек жолым басталған «Жас Алаштан» және «Айқыннан» бастау алған ғұмыр бүгін міне «Ана тілінде» жалғасып жатыр. Таза газет саласында жұмыс істедім. Дегенмен, озық жаңашылдықтан да құр қалған жоқпын. «Қамшы», «Қазақ газеттері» сайттарын да басқардым. Бірақ, айналып келгенде менің өмірім баспасөзбен тікелей байланысты. Кейде, біреулер жұмыс іздеп сабылады ғой, шүкіршілігімді айтайын, жұмыс мені іздеді. Түптеп келгенде, мұның ең бірінші шегінде жұмысқа адалдық, еңбекқорлығым, мамандығыма деген сүйіспеншілігім мен адамдарды алаламайтын, жанашырлық көзқарасым жатқан секілді.
– Жұмыр басты пенденің бүкіл ғұмыры «өткен шақ, бүгін һәм болашақ» атты белестен тұрады. Сіз де Сыр өңірі Жаңақорған ауданындағы Төменарықтың топырағында доп ойнап, балалық пен бозбалалық кезеңді бастан өткердіңіз. Бір сәт сол кездерді еске түсіріңізші? Бүгінгі дана Берікке қарағанда кешегі бала Берік қандай еді?
– Сырттан қараған адамға ойлы, өз-өзімен ғана жүретін адам сияқты көрінуім мүмкін. Ал шын мәнінде олай емес. Жалпы адамның ішкі жанартауы қашан да бұлқынып тұрады, ішкі мазасыздық адамды отырғызбайды. Дәл осы қасиет өз басымда бар-ау деп ойлаймын. Мен, тіпті, ешнәрсе жазбағанның өзінде үйде бос отыра алмаймын. Әйтеуір, тырбыңдап, есіктің алдында тіршілік істеп жүремін. Біз көп балалы отбасында өстік. Көп көрмесін, тоғыз бауырым бар, жеті ұл, екі қыз. Мен – үйдің екіншісімін. Қарапайым адамдар болса да, ата-анам бізді мақсатты жұмыс істеуге үйретті. Біреулер сөз, ақыл айту арқылы баласын ержеткізетін болса, біздің әкеміз еңбек арқылы тәрбиеледі. Қай істе де түпкі нәтижеге алып келген осы еңбек деп ойлаймын. Кейбір көп балалы жанұялар болады, әке-шешесі тапқан-таянғанын жеткізе алмайды, ал біздің ата-анамыз қарапайым тірлік кешсе де, тоғызымыз да ешнәрседен тапшылық көрген жоқпыз. Мал да, жан да болды. Сол малмен өстік. Кеңшілік кезең еді. Бүкіл мал – сиыр, ешкі, жылқыға дейін ауылдың ортасында жататын. Осының бәрін қазір сағынышпен еске аласың. Мектепте 6-сыныпқа дейін «Құрмет тақтасынан» суретім түскен жоқ. Үздік оқушы болдым. Бірақ, сөздің шыны керек, 7-сыныптан бастап, бірыңғай әдеби-рухани салаға бет бұрдым да, математика, алгебра, химия, физика пәндерін оқуға басты назар аудармадым. Сол кезде әуелден жазу-сызуға үйір мен үшін ең сүйікті пән – қазақ тілі мен әдебиеті болды.
– Демек, студенттік жылдарда тәп-тәуір ақын ретінде танылып, жылдар өте өлең өлкесінен алыстап кеткен Берік Бейсенұлын әу баста жыр әлеміне жетелегенде осы пәннің ұстаздары болғаны ғой?...
– Мен негізі 5-6-сыныптан бастап өлең жаза бастадым. Бірақ, оны ешкімге көрсетпейтінмін. Өлең жазуды бастауым да қызық. Ұмытпасам, 5-сыныпта ма, кластағы екі оқушыны бір-бірімен айтыстырып, бес шумақ өлең жаздым. Бәрі осыдан басталып кетті. Сол кезде болашақ журналистер Ж.Дуанабай, С.Ұлықбеков, М.Жаманқұловтар «Қазақстан пионерінің» бетін бермейтін. Мен өлеңдерімді тек жоғарғы сыныпта ғана редакцияға жолдай бастадым. 9-сыныпта оқып жүргенде «Ленин – ғасырлардың үні», «Ән салшы, аға» деген екі өлең жаздым да, біреуін аудандық «Коммунизм жолы», екіншісін облыстық «Ленин жолы» газетіне жібердім. Бір аптадан кейін екеуі де жарияланды. Қуанышымда шек болмады. Екіншіден, менің сөз өнеріне бет бұруыма ауданға танымал, жыршы-термеші, сазгер Аманбай Өтебаев ағаның да ықпалы мол болды. Аманбай ағай «Өлеңді тастама, әдебиетке жақын бол», – деп, үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын. Мектеп бітіргеннен кейін КазГУ-дің филология факультетіне қатарынан төрт рет құжат тапсырдым. Сол жылы күзде КазГУ-дің дайындық факультетіне оқуға түсіп, бесінші жылы журналистика факультетіне қабылдандым. Бақытыма журналист болу бұйырып тұр екен. Оған еш өкінбеймін. Студенттік кезде 3-4 -курсқа дейін поэзиядан алыстағам жоқ, жазып жүрдім. 1989 жылы «Лениншіл жас» газетіне белгілі ақын Өтеген Оралбаевтың алғысөзімен бір топ ақындармен бірге топтама өлеңдерім де жарық көрді. Қайта құру жылдары, нарық басталған 91 -жылдар, қысқасы, 2000 жылға дейін адам, қоғам үшін де қиын кезең болды ғой. Сан тараулы тіршіліктің тауқыметі басталып кетті. Соның бәрі әсер етті ме, әлде журналистикаға деген адалдық басым түсіп кетті ме, өлең жазбай кеттім. Бірақ Аллаға шүкір, поэзия әлемінен алыс кеткенім жоқ, жақсы өлеңді жаным сүйеді, үнемі үзбей оқимын. Алдағы уақытта өзім үшін жазып жүрген өлеңдерімнің бір шоғыры кітап болып жарық көрмек.
– Ал, мынау күнгейі мен көлеңкесі астасып жатқан дүние-жалғанның сан түрлі сабағынан «екі» алмауға үйреткен өмірдегі ұстазыңыз кім?
– Өмірдегі ұстазым – әкем. Әкеміз көп сөйлемейтін, салмақты адам еді. Бір жағынан қаталдығы да бар және қандай істе де бүкіл тірлікті қас-қабағымен-ақ жүргізіп отыратын. Әкемнен кейін мені шалыс баспауға, сүрініп кетпеуге өмірдің өзі үйретті. Бұл өмір тақтайдай теп-тегіс емес қой. Жолыңда адал адамдар да, бақталастық та, кедергілер де кездесті. Оларды «Алла кешірсін» деймін де, жүре беремін. Кек сақтамайтын адаммын. Содан шығар, журналистикада жолымның ашық болғаны.
– Білуімше, сіз студент кезден бастап, еңбекке араласып, мерзімді басылымда қызмет еттіңіз. Және де сонау 1989 жылғы Чернобыль апатын жоюға қатысқан ардагерсіз. Сіздің апатты аймаққа өз еркіңізбен баруыңызға не себеп болды және оның қазіргі кезде пайдалануға тұрарлық қандай да бір жеңілдіктері бар ма?
– Еңбек арқылы есейдік. 1, 2-курста оқып жүргенде бірнеше курстасымызбен бірге Алматыдағы Манас пен Жандосов көшесінің қиылысындағы дүкенде жүк тасушы болып жұмыс істедім. Үшінші курстан бастап, тілші ретінде редакцияларда еңбектене бастадық. Былтыр 35 жылдығын тойлаған «Алматы ақшамы» газеті – менің өмірлік кәсібімдегі алғашқы баспалдағым. Ал, «Чернобыль ардагері» атануыма келсек, ол да сол студент кезде еңбекке ерте араласуымнан басталды. Ол кезде жоғары оқу орындарында төртінші еңбек тоқсаны бар, мен де соның аясында екі жыл студенттік құрылыс отрядында болдым. Алғашқы жылы Шонжыда екі айда екі үй салсақ, 1989 жылы тарих, филология, журналистика студенттерінен құрылған елу студент Белоруссияның Могилев облысының Краснопольский ауданындағы Козелье поселкесінде құрылысы басталғанымен, аяқталмай қалған мектеп ғимаратын екі айдың ішінде толықтай тұрғызып, бітіріп беріп кеттік. Чернобыль апаты негізі Украинада болғанымен, біз барған Краснопольский ауданы Чернобыль апат аймағына кіреді екен. Жұмысымызға қомақты ақша төледі, артынан «Чернобыль апатын ликвидациялауға қатысты» деген анықтама-қағаз берді. Жас кезде ештеңеге мән бермейсің ғой, сол анықтаманы отыз жылдан кейін архивті қопарып жүріп тауып алып, былтырдан бері белгілі бір дәрежеде жеңілдігін пайдаланып жүрмін.
– Сіз университетті бітіргеннен кейін қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Жас Алаш» газетінде қызмет еттіңіз. Талай журналистика корифейлерімен әріптес болдыңыз. Ұмытпасам, ақпараттан бастап, саясат, экономика, спорт бөлімдерінде еңбек еттіңіз-ау деймін?!...
– Аталмыш басылымға 1991 жылдың тамыз айында жұмысқа кірдім. Алғашқы жұмысым секретариаттан басталды. Бірер жылдан соң бөлімге, тілшілікке ауыстым. Менің газет бетінде түрлі тақырыпта қалам тербеуіме белгілі бір адамдар себепкер болып, сенген шығар. Өзімнің де бейімділігімді ескерген болар, жаспын, қай салаға бұрса да, қайда жұмсаса да, барынша тапсырманы тиянақты әрі жедел орындауға тырысатынмын. Содан да шығар, уақыт өте келе бөлім басшылары экономика, саясат, спорт бөліміне қарай бағыттады. Негізі, өзім экономикалық тақырыптарды сүйсініп оқимын. Мысалы, Айбар Олжай секілді саяси сарапшылардың мақалалары қандай керемет! Қазіргі жас журналистер де сондай болуы керек. Жалпы, салалық журналистикада биікке жеткен журналисті кез-келген адам бағалайды.
– Жаңа сөз арасында салалық журналистика жайлы айтып өттіңіз. Десек те, сіздер де, сіздерге дейінгі аға-апаларымыз да арнайы бейімделмей-ақ, саясат, өндіріс, экономика, спорт тақырыбында өндіре жаздыңыздар. Сайып келгенде, «салалық журналистиканы» табиғи білім-қабілетпен-ақ дамытуға болмай ма?!...
– Айтқаныңызға қосыламын. Неге дейсіз ғой?! Мысалы, мен жоғарыда айтып өткенімдей, жұмысымды секретариаттан бастадым. Секретариат деген не? Ол – газеттің бас штабы. Әр бөлімнен бүкіл мақала, ақпараттар алдыңа келіп түседі. Сондықтан оның мазмұн-тақырыбынан бөлек газетке көркемдік тұрғыдан беру тәсілін ойластырасың. Осы әдет менде қазірге дейін қалып қойған секілді. Қазір мақала жазып отырғанда, ойлайтыным ең алдымен – сурет, екінші – дизайн, сосын оны тартымды етіп безендіру жолы. Оған қоса мақалаға шақырып тұратын тақырыптар керек. Ал егер тақырып мықты болып, мақаланың ішкі мазмұны ашылмай қалса, ол да журналистің олқылығы. Бір жағынан қазіргі жаһандану дәуірінде салалық журналистика керек. Мен өзімді салалық журналистиканың маманымын деп есептемеймін. Дегенмен, өзіме ең жақыны – экономика мен саясат тақырыбы. Соңғы үш-төрт жылда мақалаларымды әртүрлі лақап аттармен басқа газеттерге де жариялап жүрмін. Сөйтіп, кейбір тақырыптарды терең және өткір әрі ашық жазу үшін белгілі бір саяси-экономикалық басылымдарды пайдалануыма да тура келді.
Қазіргі заманда журналист әмбебап болуы керек. Бүгінгідей журналистиканың технологиясы, материалды беру тәртібі заманауи әрі жедел, озық болған шақта универсалдық өте қажет. Күнделікті материалды бұрынғыдай редакцияға бармай-ақ, жолда келе жатып, өңдеп, қысқартып, сайтқа жедел сала білудің өзі әбжілдік, әмбебаптық дер едім. Бірақ әңгіме дұрыс ақпарат немесе салмақты сараптамалық мақала беруге келіп тіреледі.
– Соңғы жылдары «қазіргі жорналшылардың тілі қасаң, классикалық журналистика құрдымға кетіп барады» дегенді жиі естиміз. Сіздіңше, бүгінгі буынның тіл қасаңдығы, журналистиканың түрлі жанрында көсіле жаза алмауының басты себебі неде?
– Журналистика заманның ағымына сай өзгеріп отыруы керек екенін ескерсек, бұған бірден байбалам салып қарауға да болмайды. Рас, қазіргі жас журналистерде тіл қасаң, материалды, ақпаратты беру жағынан келгенде олқылық бар. Өз басым жазған мақаласы өмір бойы күзеліп, түзеліп, өңделіп барып зейнетке шыққан адамды да көрдім. Ондай адамды кәсіби журналист дей алмаймын. Тілдің қасаңдығы неден? Ол біріншіден, мектептегі, мидағы базаға байланысты. Жас журналистерде тиянақсыздық көп, тілге деген бейімділік аз. Құнар неде? Құнар – ізденісте, әдеби кітапта. Ал соны күнделікті сөз қолданысына пайдалану жағына келгенде тілдің қасаңдығы орын алады. Калька аудармалар тілді құртып барады. Екіншіден, мәселе ақпараттық қауіпсіздікке байланысты. Қалай айтқанда да, ақпарат, идеология саласында көрші ел тілінің ықпалы күшті. Әрине, қазір мемлекет оған ұлттық иммунитет қорғанын жасау үшін белгілі бір шаралар істеп жатыр. Үшіншіден, Конституциядағы «орыс тілі белгілі бір дәрежеде қазақ тілімен қатар қолданылады» деген арнайы тармақ та қатты әсерін тигізіп тұр. Бұл тармақ алынып тастала ма, жоқ па, ол болашақтың еншісінде. Бірақ, негізі, кез-келген нәрсе адамның өзіне тікелей байланысты. Қандай ортада болсын, кез-келген азамат сөздік қорын байытып, қазақ тілінің ақпараттық кеңістігін кеңейту тұрғысында талап етіп, қажеттілік туындатуы керек. Өкінішке қарай, бізде бейқамсыздық бар. Кез-келген адамды дамытпайтын осы – бейқамсыздық. Оның соңы немқұрайлылыққа алып барады. Біз осыдан арылуымыз керек.
– Бүгінгі жастар ғаламторға бейім. Қалай ойлайсыз, бара-бара бұның арты кітап оқымайтын дүбара ұрпақ қатарының көбеюіне әкеліп, соқпай ма?
– Бұл шын мәнінде алаңдайтын мәселе. Меніңше, бұл жерде билік келешек ұрпақ үшін рухани қорғаныш бекінісін тұрғызуы керек. Бұл да отыз жылғы саясаттың «жемісі» шығар, бірақ, біз артқа қарамауымыз керек. Жаһандану дәуірінде адамды қорғайтын – ұлттық иммунитет, салт-дәстүр, руханият және тіл. Осы тұрғыдан алғанда, бәрі отбасындағы тәрбие мен адамның рухани тұрғыда алған терең біліміне, ізденісіне байланысты. Яғни, кітап оқуды бала жастан үйрету керек. Мысалы, оқушы кезімізде үш ай демалыста мұғалімдер кітап оқуға дағдыландырып, үйге үйіп тапсырма беретін. Қазіргі мектепте дәл осылай талап ету мен соның нәтижесін көру бар ма? Университеттен келген жас журналистерді де бүгін кінәлай алмайсың. Негіз – мектептен ғой. Оқу мен қатесіз жазудың іргетасы мектептен басталады.
– Бүгінгі жеткен жетістігіңіз үшін кімге қарыздармын деп ойлайсыз?
– Ең алдымен әрине ата-анама. Одан кейін мені үнемі алға жетелеген білімге деген құштарлық. КазГУ-ге төрт рет емтихан тапсырып, «құлап» қайтқан қара бала әскерден соң бесінші рет келгенде журналистиканың дайындық бөліміне түсіп кетті. Кешкі дайындық бөлімінде оқып, сөйтіп барып бірінші курсқа қабылдандым. Сосын «Адам мамандық пен жар таңдауда қателеспеуі керек» деген тәмсіл бар. Мен жар таңдауда парасатты адамға жолықтым деп ойлаймын. «Жас Алаш» пен «Айқын» газеттерінің аптасына бес рет шығатын кезеңін де бастан өткердік. Түнгі екі-үшке дейін редакцияда жұмыс істеп, газет шығарып, ертеңінде таңғы сегізде қайтадан жұмысқа баратын кездер де болды. Сол шақта маған түсіністікпен қарап, алаңсыз еңбектенуіме, белгілі бір дәрежеде танылуыма жан-жарым Ағима Әбілқызының қолдауы да себеп болды ғой деп ойлаймын.
– Сіз үшін журналистикадағы ең үлкен нәрсе...
– Жұмысқа адалдық. Абырой. Ал еңбекпен келген абырой ешқашан аласармайды. Ал журналистикадағы – «Құрмет» ордені және «Ақпарат саласының үздігі» марапаты еңбегімнің ақталғанын көрсетеді деп ойлаймын.
– Сіз өзіңізді «ұлдарыммен жақын доспын» деп айта аласыз ба?
– Иә, әркез ашық сөйлесе аламын. Дұрыс әңгіме айту парыз. Ал оны олар қалай қабылдайды, сараптайды, ол өздеріне байланысты. Бірақ, менің қуанатыным – әйелім екеуміз ұлдарға өміріне азық болатын жақсы мамандық бердік деп ойлаймын. Шетелде оқыды, бірнеше оқу орнын бітірді. Қазір Аллаға шүкір, екеуі де үлкен халықаралық компанияда жұмыс істейді. Бірнеше тілде еркін сөйлейді. Аман-есен немерем де өсіп келеді. Бәріне шүкіршілік айтамын.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Арай САХАРИЕВА,
журналист
Жаңа кітап
Ой. Өлең. Өмір
Қазақ журналистикасында есімі елге белгілі Берік Бейсенұлының бұл шығармасында не туралы айтылған?
Ақындық – Алланың берген сыйы. Сондықтан өлең өлкесіне келген адамды ләззатты шақтан ешкім ажырата алмайды. Өмір-өлең, өлең-өмір. Екеуі егіз ұғым. Берік Бейсенұлының аталған кітабында өмір, қоғам, ата-ана, туған жер туралы толғаныстары өлең жолдары арқылы тебіреніспен берілген.
Ал жас кезінен өнер мен руханият саласына құлшынысы артқан журналист бұл салаға қалай келді?
Балалық шақ. Мектеп. Арман қуып, Алматыға келген сәт. Бұл да тарих, бір адамның өмір жолы. Қаламгер сонау балалық шақтан басталған сөз өнеріне құмарлықтан бастауында білім мен рухани қайнардың жатқанын сөз етеді.
Өмірде жақсы адамдар көп. Олар – сенің сенімің, сүйенішің. Ал адал еңбек абыройға жетелейді. Қиындықты қайсарлық пен табандылық қана жеңеді.
Жақсы адамдардың жанында жүрген жақсы. Өйткені ол қамқоршың, сенімің. Ал сенімнен шыға білу де абырой.
Берік Бейсенұлы қазақ журналистикасының сайыпқыран тұлғалары, бірқатар басылымда бас редактор болған Қали Сәрсенбай, Нұртөре Жүсіп, Қазыбек Иса, Бауыржан Омарұлы, Серғазы Мұхтарбеков сынды азаматтардың орынбасары болып жұмыс істеді. Жаңа кітабында Берік осы тұлғалар туралы толғана ой толғайды. Қазір ол «Ана тілі» газетінде адал азамат, ақын Ерлан Жүністің орынбасары.
Көкейге келген үзік-үзік ойларды қағазға түсіру – азаматтық қоғамның үні. Жаңалығы көп қым-қуыт заманда ешкім де үнсіз отыра алмайды. Қаламгер «Ой. Өлең. Өмір» атты кітабында журналистиканың қазіргі проблемалары, қоғамға көзқарас, адамдар арасындағы қарым-қатынас, жас ұрпақ жайлы өз ойларын айтады.
Сондай-ақ аталған кітапта «Ұлттың ұяты санда ма, сапада ма?», «Біз қазақтана алдық па?», «Ел боламын десең, есіміңді түзе!», «Ұлтты сүю». Бұл мәселе көкірегі ояу кез келген қазақты алаңдатып отырған сауал екенін де айтып өтеді.
Қысқасы қаламгер Берік Бейсенұлының «Ой. Өлең. Өмір» атты жеті бөлімнен тұратын кітабында адамзатты толғандыратын осындай ойлар өріледі.