Ректор ұсынысымен құрылған оркестр

Ректор ұсынысымен құрылған оркестр

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халық аспаптары оркестрі 1975 жылы академик, осы университеттің ректоры Өмірбек Жолдасбековтің тікелей ұсынысы бойынша құрылды. Оркестрге барлық факультеттің студенттері шақырылып, солардың ішінен жүзден жүйрік шыққандары таңдалды. Бұдан өзге, Өмірбек Арысланұлының бастамасымен барлық факультеттерде ұлт аспаптық оркестрлер құрыла бастады. Өнерпаздарға арнайы ұлттық киімдер тігілді, ұлттық аспаптар сатып алынды. Университет ғимаратынан арнайы бөлме жабдықталып, қатысушы студенттерге жағдай жасалды. Оркестр мүшелерінің қатары 50 адамнан асты. Оқу ордасының талантты оқытушылары (А.Жиенбаев, Г.Есбергенова, Қ.Алпысбаев т.б.) да оркестрмен өз өнерлерін көрсетті.  

      Оркестрдің дайындығын ұйымдастыру, аспаптармен қамтамасыз ету, оның мүшелеріне жағдай жасау, сол кездегі оқу ордасының басшысы Ө.Жолдасбеков, проректор С.Савицкий, студенттік профком төрағасы А.Конаваленконың басқаруымен іске асты.

      Оркестрдің бас дирижері ретінде Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның доценті, дарынды музыкант Батыр Әбдіқалықовты, жетекші ретінде Жанас Бекентұровты шақырды. Студент жастарды оркестрге тарту жағына физика факультетінің студенті, дарынды домбырашы, өнерпаз Айтқазы Шарықбаевты жауапты етіп сайлады. Университеттің әр жиналысы ұлт аспаптар оркестрінің концерттік бағдарламасымен өтетін болды. Аз уақыттың ішінде оркестр студент қауым мен оқытушылардың үлкен қошеметіне бөлене бастады. 1976 жылы университеттің қазақ ұлт аспаптары оркестрі Шымкент қаласында өткен Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестивалінің лауреаты атағын жеңіп алды. Бұл оркестрдің ең алғашқы шығармашылық жеңісі еді. 

      Университет ректоры Өмірбек Арысланұлы ағамыз оркестр ұжымына өз ақыл-кеңесін айтып, ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар оркестр мүшелерін жазғы каникул кезінде ақысыз профилакторияда демалуын, студент жастардың стипендияларын үзбей алып тұруын қамтамасыз етті. Белсенділерге қосымша қаржылық көмектер тағайындады.

      1977 жылы 7 қазанда Қазақ мемлекеттік университетінің ұлт аспаптары оркестрі Мәскеу қаласында КСРО-ның жаңа Конституциясын қабылдау кезінде, Кремльдің съездер сарайында Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестивалі лауреаттарының қатысуымен өткен концерт беру құрметіне және съезд депутаттарының алдында қошеметке ие болды. Осы концертке қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков бастап барып, оркестрге Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабеков, Батыр Әбдіқалықов, Рысбай Ғабдиевтер дирижерлік етті. Сол кездегі КСРО-ның білім және оқу министрі Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Ө.Жолдасбековке арнайы Алғыс хат жолдады. Концерт соңында Қазақстан Компартиясының бірінші секретары Дінмұхамед Қонаев оркестр ұжымына рақметін айтып, шығармашылық табыс тіледі. Мәскеуден оралғаннан кейін ректор Ө.Жолдасбеков оркестр ұжымын қабылдап, шынайы тілегін білдірді. Студенттермен әр кездесуінде Өмірбек аға оркестр мүшелерінің оқу барысын, әлеуметтік жағдайларын сұрап тұратын.

      1978 жылы ұлт аспаптар оркестрі КСРО-ның Мәдениет министрлігі жанынан құрылған арнайы мемлекеттік комиссияның шешімімен «Халық аспаптары оркестрі» атағын қорғап шықты. Бұл жетістік оқу орындарының қара шаңырағы – Қазақтың мемлекеттік университетінің абыройын асқақтата түсті. Өнерге, білімге, ғылымға талпынған студент жастарға жасаған қамқорлығы үшін сол кездегі ректорымыз Ө.Жолдасбековтің мәртебесі артты. Осылайша студент жастар қалаған мамандықтарын игерумен қатар, өнерге де бет бұрды. Университет қабырғасында ұйымдастырылған сан алуан үйірмелерге қатысып, таланттарын шыңдады.

      Бұл «Халық аспаптары оркестрі» атағын Қазақ мемлекеттік университеті 1990 жылға дейін, яғни 12 жыл бойы сақтады. 1980 жылдан бастап оркестрге Жамағат Темірғалиев ағамыз жетекшілік етті. Жыл сайын факультет, жоғары оқу орындары арасында сайыстар, «Студенттік көктем» фестивальдері ұйымдастырылып тұрды. Қазақ университетінің халық аспаптар оркестрі В.И.Ленин атындағы Республикалық сарайда үкіметтік концерттерде Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрімен, атақты әншілеріміз Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Әлібек Дінішев, Нұрғали Нүсіпжановпен бірігіп өнер көрсетті. Халық аспаптар оркестрінің репертуарында Чайковский, Моцарт, Глинка, Штраус, Брамс, Құрманғазы, Дина, Түркеш, А.Жұбанов, Дәулеткерей, Тастанов, Қазанғап, Тәттімбет, Сүгір, С.Мұхаметжанов, Н.Тілендиев т.б. күйшілердің шығармаларымен қатар, классикалық және халық әндері болды.

      1979 жылы Қазақ университетінің халық аспаптары оркестрі КСРО-ның Мәдениет министрлігі мен Кәсіподақ комитетінің жоспарлауымен Венгрия Халық Республикасында, 1980 жылы Тәжікстан астанасы Душанбе, Күляб қалаларында, Нүрек ГЭС-і жұмысшыларының алдында өз өнерлерін көрсетті. 1982 жылы КСРО-ның әлеуметтік қамтамасыз ету министрі Д.Абдрахимованың жетекшілігімен Болгария Халық Республикасына барды, 1985 жылы Қазан қаласында өткен фестивальдің лауреаты атанып, үлкен жетістіктерге жетті. Осылайша оркестр кеңес заманында Қазақ университетінің ректоры Өмірбек Арысланұлының қамқорлығының арқасында қазақ халқының өнерін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін КСРО-ның одақтас республикаларынан басқа, Батыс Еуропа халықтарына жеткізуіне өз үлестерін қосты.

      Қазақ университетінің халық аспаптары оркестрінің алғашқы ұйымдастырушылары қазір еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада еңбек етіп келеді. Айта кетсек, Ж.Бекентұров – Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ж.Темірғалиев – ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, А.Шарықбаев ҚР Білім министрлігінде бөлім бастығы қызметінде болып, қазір құрметті демалыста, Қ.Мұсаев, Ж.Жұбатов, Қ.Арынов, А.Белеков, С.Жетпісбаев, М.Рамазанова, С.Бекмолдин, А.Сәрсенбинов, Д.Тастанов, Р.Жалмұрзина, Г.Сапарханова, А.Нүсіпова – ғылым жолында, А.Алдияров – сот, Б.Тәшенов – жеке кәсіпкер. Ал оркестрдің алғашқы мүшелері өз мамандықтарымен қызмет атқарып, бүгінгі таңда құрметті демалысқа шықты, зейнеткер. Оркестрдің біраз мүшелерінің уақыты келіп, бұл дүниеден өтті.

      Қоғам қайраткері, академик Ө.Жолдасбековтің туғанына 80 жыл толуына орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өткен іс-шара кезінде университеттің халық аспаптары оркестрінің алғашқы мүшелері жиналып, ардақты ұстазымызды еске алу құрметіне оның сүйіп тыңдайтын күйлерін орындау біздің той шашуымыз болды.

      Ендігі алға қойған мақсатымыз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойында «Алатау» оркестрінің алғашқы мүшелерінің ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама ұсынсақ деген ойымыз бар. 90 жылдық мерейтойымен ҚазҰУ ұжымын шын жүректен құттықтаймын!

Айша БЕГАЛИЕВА,

аға оқытушы