ӘН ӘЛЕМІНІҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ ЕДІ!..

ӘН ӘЛЕМІНІҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ ЕДІ!..

Қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы Ақжол Мейірбеков те өмірден өтіпті!

Ағамыз сап-сау жүрген секілді еді…

Сондықтан суық хабар төбемізден жай түскендей әсер етті…

Ақжол ел ішіндегі танымалдығы мен абырой-беделі аспандап тұрса да, өте қарапайым, ақкөңіл, абзал ағамыз еді.

Соңғы рет биыл Халық Қаһарманы Мұхтар Әлиевтің 90 жылдығына арналған аста көріп едім. Әдеттегідей жарқын жүзді, жарқырап жүрген еді. Әуелетіп ән салды. Елдің бәрімен емен-жарқын қауышып, әңгімелесіп жүрді. Ағамыз әрқашан ауылы Арысты аузынан тастамайтын. Арыста өтетін шаралардан қалмауға тырысатын.

Ақжол ағамыздың өнерінің жарқын беттері Өзбекстаннан елге келгесін, әйгілі “Дос-Мұқасан” ансамбліне әнші болып қосылғаннан басталды. Ақжол “Дос-Мұқасанға” тың серпін берді, ал аңызға айналған ансамбль Ақжолдың алдынан Ақ жол ашты!

Ол халық әндері мен халық композиторлары әндерін эстрада да әсем нақышына келтіріп, әдемі шырқады. “Айгөлек”, “Назқоңыр” Ахау, бикем”, “Сұлу қыз”, “Ауылың сенің Іргелі” тб әндер эстадалық әуенде жаңа қырынан жарқырады.

Қазақ халық әндерін Кеңес Одағы кезінде бүкіл одаққа танытты.

1972 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық «Алло, біз таланттарды іздейміз» атты ән байқауында халық әні "Айгөлек" әнімен Гран-при жүлдесін жеңіп алды. 

Ол шетелдер мен Қазақстанның барлық қалалары мен аудандарында, әр ауылында гастрольдік сапарлармен болды.


Кеше қаралы хабарды естігесін, Ақжол ағасы туралы жазған белгілі ақын бауырымыз Аманғазы Кәріпжан: “Жақында "Дос-Мұқасан" ансамблінің 55 жылдық тойында және Республика күніне арналып, Н.Сац атындағы театрда өткен концертте көрген едім. Соңғы концертте ел бір-бір ән айтқанда, ағамыз екі-үш ән айтып, соның өзінде сахнадан кетпей, елге қарап тұрып қалды. Бейне бір халқын да, сахнасын да қимағандай ұзақ кідірді. Әйтсе де қатал тағдыр қимасына қоя ма? Жаны жәннатта болсын!”-деп, көңіл толқынын жеткізіпті. 

Иә, Ақжол ағамыз жарты ғасырдан астам сахнадан түспеген күйі өмірден өтті. Ол “Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі, “Құрмет” ордені, “Ерен еңбегі үшін” медалының иегері.

Ең бастысы, Ақжол ел ықыласына бөленген нағыз халық әншісі еді!

Ақжол ағамыздың отбасына, туған-туыстарына, қалың қазаққа көңіл айтамыз.

Халық жүрегін әсем әндерімен жаулаған Ақжол Мейірбековті халық мәңгі ұмытпайды.

Пейіште рухы шалқи бергей!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні