«Елім деп күй төгемін» — Елордада Нұрлан Бекеновтің шығармашылық кеші өтті
2023 ж. 12 қараша
2838
0
3 қараша күні сағат 19:00-де Астанадағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында күйші, композитор, дирижер, мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновтің «Елім деп күй төгемін» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Kazinform.
«Биыл Астана қаласының 25 жылдығы аталып өтті. Менің де елордаға келіп, сол кездегі музыка академиясына түсіп, өнер жолымды бастағаныма 25 жыл толды. Соған орай халқымыздың рухани байлығы – күй өнерін құрметтеп, тебірене тыңдайтын жұртшылыққа жаңа туындыларымды тарту еттім», - дейді Нұрлан Бекенов.
Концерттің жаңалықтары өте мол болды. Жетісудан шыққан атақты аға сұлтан Тезек төренің «Абылайдың ақ иығы» атты күйі алғаш рет орындалды.
Нұрлан Бекеновтің «Таубай толғауы немесе Ақын арманы» атты күйін қазақ оркестрі орындады. Бұл күй Атырау өңірінде құрылыс саласында еңбек етіп жүрсе де, өмірін өнермен байланыстырып, ақын ретінде аты шыққан Таубай Сақтағанұлына арналған. Сондай-ақ осы кеште Т.Сақтағанұлының сөзіне жазылған Н.Бекеновтің «Жастық шақ қайтып келмейді» әнін Светлана Айтбаева алғаш рет көрермен назарына ұсынды.
Нұрлан Бекеновтің Қаблиса жырауға, Орақты батырға және Шыңғыс ханның оң қолы болған Мұқали батырға арналған күй дастандары орындалды.
Н.Бекеновтің «Алты Алаштың баласы» атты жаңа әнін «Балдәурен» балалар хоры шырқады. Сөзін жазған Айбатыр Сейтақ.
Өнер ұжымын сахнаға аталған қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов бастап шықты.
Композитордың шығармашылық кешінде Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, күйші Секен Тұрысбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Еркімбеков, Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Ерлан Бақтыгерей, әншілер Зағипа Иманғазиева мен Гүлмира Сарина, «Гүлмаржан» дуэті және басқа да дарын иелері өнер көрсетті.