«Адасқан жандарды бауырымызға тартқаннан басқа амал жоқ...»
2023 ж. 10 қазан
2380
0
Абдулла қажы Жолдасовпен әңгіме
– Мен 1966 жылдан бастап діни руханият жолындамын. Жиырма жасымда Бұхарадағы «Мір-Араб» медресесіне түстім. 1971 жылы Ташкентте Имам Бұхари атындағы ислам институты ашылды-дағы, мені соған шақырды. Мені сол жерде екі жыл оқығаннан кейін, Бұхарадағы өзім оқыған медресеге мұғалім етіп жіберді. Кейін сол инситутқа қайта келіп, оқытушылық қызмет істеген кезім де болды. Кеңес кезінде Ташкентте шығып тұрған «Совет Шығысы мұсылмандары» журналының араб тіліндегі жауапты хатшысы болдым. Мен одан бөлек Қазақстандағы Орал, Павлодар облысында, Түркістан қаласында бас имамдық еттім, республикалық діни басқармада, муфтиаттың жанындағы университетте біраз уақыт ректор да болдым. Шымкентте институтқа, университетке айналған медреседе қызмет еттім. Қайда жүрсем де ғылыми жазуымды тастаған жоқпын.
– Сіздің мамандығыңыз араб тілі ғой?
– Маған Имам Бұхари институтын бітіргенде берген дипломда «хатиб имам» деп жазылған. Жай имам «хатиб имам» бола алмайды.
– Кәзір немен айналысып жатырсыз?
– Мен біраз жыл бұрын көлемі отыз пара Құранды тәпсірлеуді бастап едім, алты парасын бітіргенде денсаулығым болмай, тоқтатып қойдым. Сөйтіп жүрсем де Құранның алғашқы екі парасын баспаханаға жіберуге дайын етіп отырмын. Одан басқасы да бар, бірақ, олар дәл кәзір бастыруға дайын емес.
– Сонда тек таза аударма ма, жоқ әлде тәпсірімен бе?
– Тәпсірімен. Әр аятқа, кейде тіпті әр сөзге де. Кейін күнделікті өмірде ең көп қолданылатын отызыншы параны дайын етейінші деген ой келді. Бүгінгі таң да ол да тек баспаны күтіп тұр.
– Қажы аға, сұрағым сәл оғаштау естілсе айып етпеңіз. Осы Құранды тәпсірлеу, яғни, түсіндіру не үшін керек? Құран сауаттысы бар, сауатсызы бар, ғұламасы бар, білімі азы бар, жер бетіндегі жалпы халықтың бәріне түсірілгеннен кейін ол қарапайым көпшілікке ешқандай түсіндірмесіз түсінікті болуға тиіс емес пе?
– Ертеде бір ғұлама тәпсір жазыпты. Хадистерді көп пайдаланған екен, жазбасы үш жүз кітап болыпты. Ғалымдардың өзі: «Азайтып, қайта жазыңыз, тым көп, адам ғұмыры жете ме бұған!» депті. Азайтқаны отыз кітап болыпты. Ғалымдар: «Әлі де көп, азайтыңыз» дейді. Сонда ғұлама: «Е-е, адамдардың құлшылыққа деген ынтасы кетіп қалған екен ғой» депті... Ол кісі Ибн Жәрир Тобари болатын. Тәпсір жұртқа қажеттілік, шариғат бұйрықтарын атқару барысында кездесетін жағдаяттар көп. Мәселен, біз намаз оқимыз, бесіннің парызы төрт бас деген сөз Құранда жоқ. Зекет парыз, ал қойдың қырқынан бір қой ал деген шарғи анықтамаларсыз біз дәнеңе істей алмай қаламыз. Сол айтқандай, ықшамдап жазса артық болмайды деп ойлаймын.
– Ана жылы өзіңіз өлең түрінде аударып бастағаныңыз қайсысы еді?
– Аяттың ыңғайына қарап өлеңмен жазған осы отызыншы пара болатын.
– Халифа Алтай атамыз аударған Құран тілі – өте ауыр тіл. Мен өзім Құраннан бір нәрсе оқып түсінгім келсе, арабша мәтіні, қазақша оқылуы мен мағынасы бірге берілген, діни басқарма шығарған аударма мен Валерия Порохованың орысша нұсқасын қатар қараймын. Себебі, көп сұрақта Порохованікі түсініктілеу, қысқа да нұсқа. Осы тұста жаңағы сіз өлең түрінде еркін аударған нұсқа бәрінен де дұрыс көрінеді маған...
– Құранды сөзбе-сөз аударғаннан көрі, әрине, мағынасын сақтай отырып, хадистерді, сахабалардың, табиғиндердің жекелеген аудармаларын қолдана отырып еркін аударған дұрыстау болады.
– Құранның көп сүресі, «Ыхлас» пен «Фатихадан» бастап, тыңдап отырсаңыз ұйқасқа құралғанын байқайсыз...
– «Мұхаммед» сүресі де сондай. Міне, тыңдаңыз. (Әбекең оқып берді). Көрдіңіз бе, басынан аяғына дейін бір ұйқасқа құралған. Имам Ахмад атты (төрт имамның бірі емес) араб поэзиясын жіктеп, оның жүйесін жасап шыққан ғұлама адам болған. Құран аяттары өлең сияқты естілгенмен, әлгі жүйенің ішіне кірмейді! Олай болатын себебі – біздің тыңдауымызға ыңғайлы, жаттауымызға жеңіл болуы үшін Алла-Тағала оны Өзінің құдыретімен солай етіп түсірген...
Соңғы кезде Мұхаммед (с.ә.с.) пайғамбарымыздың өмір тарихын жазып шықтым. Онымен қатар Пайғамбардан соң билік құрған, оның «төрт шарияры (төрт досы)» аталған жандар» туралы «Әділетті 4 халифа» деген кітабым шықты. Бұл екеуінен бөлек төрт шариярдан соң билікке келген Үмәййә әулеті жайлы кітабым да бітіп, мүфтияттан рұқсатын алып, кезегін күтіп тұр. Үмәйәлер әулетінен кейінгі бес жүз жиырма бес жылдай билік құрған Аббасидтер әулеті жайлы кітабым да дайын.
– Ал, оларға дейін ше?
– Оларға дейін халықққа өте керек кітап қой деп, пайғамбар хадистерінен «Қырық хадис қазақша сөйлейді» деген, «Тауарих хамса» деген, т.б. кітаптарым шыққан болатын.
– Мен өзім пайғамбарымыздың өмірбаянын оқысам жаным рахатқа бөленеді. В.Панованың, Фаткуллах Гуленнің, тағы бір түрік авторы Хайламаздың аудармасының ішінен Вера Панованың «Мұхаммедтің өмірі» деген кітабы ерекше ұнады. Сіз қазақша сол кітаптарды оқып, саралап алдыңыз ба, жоқ, не де болса өзіңіз түйген ойыңыз бойынша жаздыңыз ба?
– Мен жазар ма едім, жазбас па едім, пайғамбарымыз тарихына қатысты студенттер оқитын оқулықтар, көркем кітаптар менің ойымнан шықпады. «Жүйелеп жазу керек екен» деп ой түйдім. Мен сіз айтып отырғандар бар, басқасы бар, аудармаларды емес, тек түпнұсқаларды пайдаландым. Өлеңмен келген аяттарды өлеңмен бердім. Мысалы, Әзіреті Әліге қарсы бір шайқаста яхудилердің батыры майданға өлең айтып шығады. Әзіреті Әлі де оған: «Анам мені «хайдар» (барыс) деп атап еді, орманның барысына тақап еді, сендейлерге мінезім шатақ еді» деп, өлеңмен жауап береді. Атаулардың арабшасының қазаққа әсері болмайды деп, қазақшаға аударған дұрыс деп білдім. Пайғамбарымыз бір сахабасына «Әбул-Яқазан», «Ұйықтамайтын», «Ояу» деп ат қойған екен, мен оны «Таңсәрі» деп аудардым. Және «қайынбике, жезде» деген тәрізді таза қазақы ұғымдарды қолдандым.
– Пайғамбар мен оның төрт досы – Әбубәкір, Омар, Оспан мен Әлі халифалар туралы елге өте керек танымдық дүние жазыпсыз. Рахмет! Ал, Құран сүрелері белгілі оқиғаларға байланысты түсіп тұрғанын білеміз. Солардың бәрі бірдей бүгінгі күнге қажетті ме?
– Әрине, қажетті емесі де бар. Бірақ, кейбір бүгінгі нәрсені түсіндіру үшін Құранға жүгінуге тура келеді.
– Тамаша! Кәзір бар жерде арабша сөздерді тықпалау етек жайып барады. Мысалы, «жұма мүбәрак болсын!» дейді. Мен: «Ей, бауырлар, онсыз да араб сөзі бізде аз емес, жаңасын тықпаламай-ақ, «жұма құтты болсын!» десең ол құтсыз болып қала ма?» деген сөзіме ешқайсысы тоқтамайды. Бір жас бала: «Көке, «Аллаға шүкір» деп айтпаңыз, «Әлхәмду лиллаһ!» деп айтыңыз, шүкіріңіз ана сөздің мағынасын толық дере алмайды» дейді. Осы ата-бабаларымыз «иншалласыз» да, «машаллласыз» да мұсылман болып келіп еді ғой. Арабша сөзді тықпаламасақ болмай ма?
– Оның қажеті шамалы. Мен де оларға бір-біріңе «ақи» деп айтпаңдар, «бауыр» деп айтыңдар деймін.
– Оның үстіне «ақиланып» деген сөз қазақша онша жағымды естілмейтін сөз ғой...
Мемлекетіміз жылына үш жүз отыз баланы Түркияға, Сауд Арабиясына, Мысырға грантпен оқуға жібереді екен. Соларды өзімізде-ақ оқытуға мүмкіндік жоқ па?
– Шымкенттің орталық мешіті «Ордабасы» болып тұрған кезде маған «бата беріңіз, Түркияға барамыз» деп балалар келді. «Бата бермеймін! Не бар сендерге Түркияда? Бүгін барсаңдар, ертең өкінетін боласыңдар!» дедім...
Біраз жылдан соң солар маған тағы келіп, сірә, маңдайлары тасқа тисе керек, бұл жолы алғыс айтып кетті.
Түркия да, араб елдері де беретін білімді біз өзіміз де бере аламыз! Оған шамамыз толық жетеді.
Мен сол «Ордабасы» мешітінде жүрген кезімде Темірланнан біраз кісі келіп, Түркиядан оқып келген бір имамның жамағатты теріс жолға бастап бара жатқанын айтып шағынған-тұғын. Дәл сол уақытта Темірланның Қасқырбай атты елағасы бір азаматпен танысып қалдым да, «тентегіңізді тыйыңыз» дедім.
– Осы жерде еліміз үшін дәл кәзір аса өзекті болып тұрған мәселе бар – қаптап кеткен салафит, уахабит секілді теріс ағымдардан адасқан жастарды қалай қайтарып аламыз? Ал, қайтарудың меніңше жалғыз жолы – оларды адал сайыс, ашық айтыста дәлелмен, дерекпен, уәжбен мойын бұлтартпай отырып жеңіп шығу ғана. Оған жер-жердегі имамдардың шамасы келе ме?
– Имамдардың бәрінің бірдей, әрине, шамасы келе бермейді... Бірақ, әлгілермен байланысқа кіріп, пікірлесіп, бауырға тарта бергеннен басқа амалымыз жоқ.
– Осыдан біраз жыл бұрын сіз Шымкенттегі Жаңа-шаһар мешітінде жұма сайын уағыз жүргізіп тұрдыңыз (сұхбат 2016-жылдың желтоқсанында алынған еді - Ө.А.). Ол күні мешітке адам сыймай кететін. Сол жерде сізге қойылмайтын сұрақ болмайтын. Сіз соның бәріне өте ұғынықты түрде, құлаққа құйып қойғандай етіп жауап беруші едіңіз. Бүгін солай уағыз айтуға, салафит, уахабиттермен апта сайын теледебатта сағаттап айтысуға денсаулығыңыз жарай ма?
– Кәзір – жарайды. Апта сайын ондай уағыз айтуды, дебатты ұйымдастырар, оны дәстүрге айналдырар мекеме, телеарна болса, қанеки! Мен – дайынмын!
– Осыдан екі жыл бұрын маған берген сұхбатында мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Осы мақсатта республика бойынша «мен!» деген мықты теологтарды жиып, ақпараттық-нәсихаттық 30 топ құрдық» дегені бар еді. Ендеше, айтысқа түсуге жарайтын имам, дінтанушылар саны жеткілікті ме? Мысалы, Рәтбек қажы жарай ма?
– Оған көзім жете бермейді... Өйткені, ол кісі кітаппен көп жұмыс істеп жүрген адамның белгісін байқатпайды. Рас, елде сауатты жігіттер жоқ емес, бар деп естимін, бірақ, олардың аты-жөнін, санын айта алмаймын. Бір облыстан бір білімдар адам табылады деген үмітім бар.
– Мүфти Ержан қажы сізді тани ма?
– Таниды. Сарыағаштағы Серік Ораздың, мүфтидің бірінші орынбасарының ауылында өткен үлкен бір жиында қасындағы Серік бастаған қызметкерлеріне: «Мына кісіні пайдаланыңдар!» деп тапсырма да берген болатын.
– Негізі әр адам, сыртқа шығармаса да, өзінің талантының, білімінің, іскерлігінің, т.б. деңгейін өзі біледі. Қалай ойлайсыз, сол Серік Ораздың, Қайрат Жолдыбайдың сізден білімі артық па?
– Олардың менен тек денсаулығы артық...
– Мүфти айтқалы олар хабарласты ма?
– Хабарласқан жоқ.
– Одан бері қанша уақыт өтті?
– Екі жылдан асты-ау деймін...
– Рахмет Сізге! Құдай өзіңізге қуат берсін, аман-сау болыңыз!
Өмірзақ Ақжігіт,
Қазақ үні
Орны толмас өкініш
«Қазақ үні» газетінің кезекті саны қатталып жатқанда еліміздегі араб тілі мен ислам дінінің теңдесі жоқ білгір маманы Абдолла қажы ағамыз бақилық болды деген суық хабар жетті. Алдыңыз - пейіш, артыңыз - кеніш болсын, ұлағатты Ұстаз!