ЕКІ ҒАСЫРДАН КЕЙІНГІ ЖАҢҒЫРЫҚ
2023 ж. 28 тамыз
1945
0
Қазақтың күйшілік-домырашылық мектебіне тағы бір күйшінің есімі қосылды. Ол Жетісу өңіріні дүлдүл күйшісі, әрі батыры Қожеке Назарұлы. Биылғы жылы атақты күйшінің туғанына 200 жыл толуына орай Алматы қаласында бастау алған шара, Алматы облысы мен оның орталығы Қонаев қаласында жалғасын тапты.
Сондай игілікті іс Райымбек ауданы Нарынқол ауылындағы Баққожа Мұқай атындағы Мәдениет үйінде Алматы облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастырумен күйші-композитор Қожеке Назарұлының туғанына 200 жылдық мерейтойына арнап, «Күйші- композитор Қожеке Назарұлы: тарих, дәстүр және сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференция және де Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен атақты күйшінің өмірі мен шығармашылығы туралы «Тағдыры күйге арналған Қожеке», «Қожеке» күйлер жинағы атты екі кітаптың және Жұлдыз Түлкібаеваның «Қожеке Назарұлының күйлері» деген домбырашыларға арналған күйлері жинағының да тұсаукесері өтті.
Екі күнге созылған шараға Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, көрнекті ақын, мемелекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин, Парламент депутаты Жанарбек Әшімжан, атақты күйшілер Ермұрат Үсенов, Біләл Ысқақов, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық конерватория мен М. Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институты, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институы және Жүргенов атындағы қазақ ұлттық академияның өнер саласындағы ғалымдары мен мамандары қатысып баяндамалар жасады.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырумен атақты күйшінің 200 жылдық мерейтойының құттықтау хатын оқыды. Құттықтау хатта Қожеке Назарұлы – ұлттық өнерімізді өрге шығарып, Жетісу күй мектебін қалыптастырған көрнекті тұлғаның бірі екенін айтылған. Құттықтау хатты Мәлік Отарбаев Қожекенің немересі Зияхан Рақышқызына табыстап, иығына шапан жапты. Ғылыми-тәжірбиелік конференцияда Нұрлан Оразалин күйшінің тағдыры патшалық Ресейдің Жетісу жерін отаралау кезеңімен тұста-тұс келгендігін тілге тиек етсе, елдің тәуелсіздігі үшін күрескен күрескер отаршылыққа мойынсынбай, өзі туып өскен Кегеннің Қарқарасын тастап, Қытай жеріне қоныс аударған. Елдің бірлігі мен ынтымағын және теңдігін сақтап қалу үшін ол жақта да күрескен. Бірақ Қожеке жалған жаламен қытай түрмесіне түсіп, тағдыры қиындықпен өткен. Сонда да қолынан домбырасын тастамаған. Неше бір керемет күй шығарып, артына мол мұра қалдырған. Ұлы күйші тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін аты ардақталып, насихаттала бастады. Мемлекет басшысы Қожеке Назарұлының 200 жылдық мерейтойын құттықтап, хатын жіберуі осының айғағы.
Қожеке Назарұлы 100-ден аса күйді дүниеге әкелгеніайтылады, ол күйлер күні бүгінге дейін халықпен бірге жасап келеді. Нарынқолда тойланып отырған той ұлы күйшінің бірінші тойы. Жанарбек Әшімжан Қожеке Назарұлының есімі енді Құрманғазы, Дәуелеткерей, Тәттімбет, Дина сияқты атақты күйшілермен қатар аталатын болады деді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым Қонаев қаласында мерейтойдың иесіне арнап, «Тарту» атты республикалық күйшілер байқауы өтіп, оған республиканың әр түкпірінен 17 күйші қатысып, шеберліктерін танытқанын жеткізді. Нарынқолда өтіп отырған республикалық-тәжірбилік ғылыми конференция соның жалғасы. Алдағы уақытта мұндай іс-шара облыста жалғасын табады. Ұлы күйшінің есімі көп жылдан кейін жаңғыруы зор мәртебе екенін айтты. Бұдан кейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясың ғалымдары күйшінің күйлері туралы кең көлемде баяндама жасады. Қожеке туралы алғаш зерттеуші Базарәлі Мүптекеевтың еңбегі ерекше аталып өтті. Сондай-ақ Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми аға қызметкері Рашид Оразовтың баяндамасы Қожеке Назарұлының өмірбаянына қатысты архивтен табылған құнды деректер де көптің назарын аударды.
Екі күндегі ұлы күйшіге арналған шарада «Қожекенің күй дәстүрі» атты концерті көпшіліктің көңілінен шықты. Концертті Нарынқолдың Текес ауылында ұйымдастырған «Ақтолқын» ансамблі Қожекенің «Ақтолқын» күйімен ашса, Алматы қаласының №174 мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы, күйшінің туажаты Азамат Бағдатұлы атасының «Сарбарпы бұлбұлынын», Жамбыл Жабаев атындағы №161 мектеп-лицейдің 7 сынып оқушысы, шөпшегі Бейбарыс Дәулетұлы «Күйбастар», Шамұғын Жүсіпбекұлы «Көрікті Құштай», Талғар ауданынан келген шөпшегі Мәлік Тілеубердіұлы «Қоштасу», шөбересі Дәулет Әділханұлы «Сағыныш», күйшінің жиеншары Рысбүбі Әмзебекқызы «Қайран анам» деген күйлерін орындады. Бұдан кейін Қожеке күйшінің ел арасында күні бүгінге дейін тартылып, насихаттап жүрген Нарынқол, Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр ауданынан және Алматы қаласынан келген домбырашы-күйшілер: Қарыбай Иманбайұлы Қожекенің «Арман» күйін орындаса, Әмзебек Жұмайбекұлы өзі шығарған «Шалкөдесін», Сауқынбек Шаханұлы «Мұқағали» және «Ақтолқын» ансамблінің негізін қалаушы Бексейіт Нүсіпбек Қожекенің «Зарын», Бақытжан Жұмақадырұлы «Үш Құштайын", Құрманғали Тілеміс «Раушанын», Мақсат Сатыпалдыұлы «Шалқаймасын», Тасқын Әлімбай «Түрмедегі қинауын», Талап Қараш «Тас көмірдің шоғына қару», Ержан Жәмеңкев «Қоштасу» күйін орындап, көрермендерді риза етті. Сахнаға атақты күйші Біләл Ысқақов Тәтімбеттің күйлерін тамылжатып тартса, республикалық «Тарту» байқауында бірінші орын алған Бекболат Әбдіберікұлы да өнерін көрсетіп, үлкен қошаметке ие болды. Концертте ұлы күйшінің төкпе күйі төгіліп, шертпе күйлері де шертілді.
Екі күндік іс-шараны Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтыны директоры Кенжехан Матыжанов пен қазақтың әнімен күйін зерттеп жүрген ғалым Сағатбек Медеубек жүргізіп отырды. Біз осы игілікті шараның бас қасында жүрген Сағатбек Медеубекті сөзге тартқан едік.
– Қожеке Назарұлы 200 жылдан кейін жаңарып жатыр. Кеңестік жүйе атақты күйшіні елге танытуға мүмкіндік ашпады. Оның өмірі Қытай жерінде өтіп, сол жақта қайтыс болғандықтан зерттелмеді. Алайда Қожекенің кіндік қаны тамған жері Алматы облысы Кеген ауданы Қарқара жайлауы. Жастық шағы, өмірге араласуы осы жақтан басталды. Ел тізгін ұстаған уақытта патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты Қожекеге ұнамады. Отаршылдардың үстемдігі мен зорлығы, қанаушылығына шыдамай рулы елді бастап, Қытай жеріне көшті. Сөзге шешен, елге қамқор бола білген Қожеке ол жақта да үлкен беделге ие болады. Төңірегіне ел жинап, жақсы өмірдің сән салтанатын көреді. Алайда жалған жаламен қытай түрмесіне қамалып, өмірі аяныш тағдырмен аяқталады. Күйші өмірін қолынан домбырасын тастамай, ақты демі біткенше күй тартумен өтті. Қиналса да, соңғы демі біткенше күй тартып өткен. Артында мол мұра қалдырды. Биылғы жылдың басынан ұлы күйшіні тануда Алматыда, Алматы облысы мен Қонаев қаласында тоғыз іс-шара өткіздік. Нарынқолда екі шара өткізіп жатырмыз.Мұның бәрі Қожекенің туғанына 200 жыл толу құрметіне арналып отыр. Бір айта кетерлік нәрсе, қанша жыл өтсе де ел ішінде күйшінің күйін құрметтейтін домбырашы-күйшілердің бары қуантады. Олар Нарынқол төрінде мерейтойдың ұрпақтарымен бірге өнерлерін көрсетуі де бізді де қуанты. Бұл күйшінің құдіреті, күйдің құдіреті деп білемін. Күйшіге арналған игілікті іс өз мәресіне жеткен жоқ. Әлі де жалғасатын болады,-деді ғалым. Ұлы бабасының үлкен тойында жүрген Қожекенің шөбересі Тілеуберді Шұғайұлы да өз қуанышын жасырмады.
– Шынын айтайын мен толқып тұрмын. Бабамыздың тойы мұндай дәрежеде өтеді деп ойламағанмын. Алматы мен Қонаев қаласындағы домбырашы- күйшілердің республикалық байқауы ерекше жағдайда өтті. Нарынқолдағы атамыздың күй концерті де керемет болды. Бабамыздың ұрпақтары аталарының дәстүрін жалғастырып, ел ішіндегі өнерлі жандар да Қожеке күйлерін тартуы – бабамызға бен күйге деген құрмет екенін көрсетті. Бұл іс-шараны ұйымдастырған Алматы облысына алғысым шексіз. Екі ғасырдан кейін бабамыздың жаңғыруы біз үшін ғана емес, еліміз үшін мақтаныш,-деді Тілеуберді Шұғайұлы.
Жексен АЛПАРТЕГІ,
Қазақ үні